Шерханның шытырман жолы
26.09.2022
891
0

«Кітапты сүймеген Құдайды да сүймейді»

Көне Тараз шаhарында Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы шығыс сәулетімен салынған ең жаңа, зерлі ғимаратқа қоныс тепкен. Оны мағыналы ортасына қарап, осы замандағы Әдебиетшілер үйі деуге де болады. Киелі Жамбыл-Әулиеата өңірінде мәдени және рухани тақырыптарға арналған айтулы жиындар мен басқосулар көп жағдайда осы жерде өтеді.
Бұл жұртшылықтың зердесі мен зе­йін-санасына біруақ өткен тарихтан жылылық әкеледі, атақты жазушының рухын әсерлі жаңғыртып тұрады. Жазушы музейінің жәдігер-экспонаттары, асыл кітаптары, алтын түстес әріптермен көмкерілген ұлағатты сөздері екі қабат ғимарат ішінде көз жауын алғандай көрікті көрінеді. Сағындырған, сағынышты көңілден түрлі ойлар туындайды. Қазақтың Шерағасының шығармашылық шарапаты мен қоғамдық-қайраткерлік құрметін еске түсіреді. Қазақстанның халық жазушысы Шераға – Шерхан Мұртазаның артында қалдырған мол әдеби мұрасының құны мен құндылықтары арада жылдар өткен сайын еселеп артпаса, еш кемімейтіні анық.
Қазір қоғамда, өкінішке қарай, әдеби шығармалар мен көркем кітап оқу жағы жан ауыртатындай деңгейге түсіп кетті деп шыр-пыр болып айтқанымызбен, қазақтың сөз өнерінің құдіретін тасқа басып, қағазға түсірген дарынды адамдардың сөнбес, өшпейтін ғажап туындыларын шынайы махаббатпен, ақ дариға жүрекпен сезініп, оқып, ақыл-ойға тұшыну, өмір құбылыстарын тереңінен түйсіну мәселесі уақыт тезіне бәрібір мойынұсынбайды, олардың өміршең екенін дәлелдеп жатудың қажеті де жоқ. Дәл осындай мәдени ұғым басымдыққа ие. Солай болуы керек.
Жақсы кітап, қалай десеңіз де, оқылмай тұрмайды. Соған бір дәлел келтіре кетейік. Тараз қалалық газетінің осыдан бірнеше жыл бұрын атақты «Казфосфат» кәсіпорнының қолдауымен мектеп оқушылары арасында «Кітап оқып, миллионер бол!» деген бір қызықты акция өткізгені бар. Байқаудың шарты бойынша, бір үйде бір кітап емес, жазғы демалыс кезінде бірнеше кітапты ата-анаңмен бірге оқуың керек. Оны әділқазылар таразылайды. Жақсы идеяны жұрт қолдады. Ең таңдаулы көркем шығармалар тізімі алдын ала ұсынылды. Содан жазғы демалыс айларында Тараз қаласындағы елу шақты орта мектепте жоғары сынып оқушыларының және олардың әке-шешелерінің ең көп оқыған кітабының бірі – Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы болып шықты. Сонымен бас жүлдеге 1 млн теңге берілді. Тағы да 1 млн теңгені ерекше көзге түскен кітапсүйер оқушыларға табыс етті.
Әулиеата өңірінде көркем кітаптар оқуды насихаттауға байланысты игі бастама біраздан бері жалғасын тауып келеді. Осында әйгілі екі жоғарғы оқу орнының бірі – Халықаралық Тараз инновация институтының жанынан 2009 жылы ашылған «Шерхантану орталығы» тұрақты жұмыс істейді. Онда әдебиетші оқытушылар, мұғалімдер, қабілетті оқушылар қаламгердің шығармашылығы жайында дәріс береді және әртүрлі әдеби-ғылыми зерттеулер жүргізеді.
Әйгілі қаламгер өзінің соңғы телесұхбатының бірінде жазу столының үстінде тұратын алтын түстес жолбарыс мүсіннің жотасынан аялай сипалап тұрып: «Дүние жинағаным жоқ. Менің бар байлығым – кітап!» – деп еді. Жазушының өмір бойы оқыған және толғанып жазған кітаптары әрдайым руханият қазынасы болды. Кітап туралы жазушы былай: «Темірді тат шірітеді. Тат темірдің өзінен шығады. Адамдарды аздыратын жаман қылықтар да адамның өзінен шығады. Ол да – тат. Оны сабындап жуып кетіре алмайсың.
Адам жанын тат басса, оны тек кітап кетіре алады. Әрине, асыл кітап, адал кітап.
Ең бірінші – Құран!
Екінші – Хадистер!
Ұлы классиктер.
Қазақтың ұлы ақын-жазушылары.
Кітап жем, су сұрамайды. Кітап – ғажайып қазына.
Кітап – өмірсерік.
Кітапты сүймеген Құдайды да сүймейді.
Бір кем дүние», – деп жазды.

Мінез бен талғам

Жазушы қаламдас жолдастары мен ізін қуған жас әріптестерінің жазған дүниелерін үзбей оқудан жалықпай, жақсы шығармаларға сүйініп, өзінің жеке ойларын ашық, жанашырлықпен айтты. Қоғамды алаңдатқан түйткілді мәселелерді дер кезінде көтерген Шерхан Мұртазаның от мінезін, көзқарастарын әдеби-публицистикалық мақалаларынан анық аңғаруға болады. Өмірлік ұстыны берік, шындықтың тізгінін мықтап ұстаған ол жас кезінен-ақ шығармашылық ұжымдарды абыройлы басқарды. Ауыр мінезді, терең ойлы, білімпаз Шерағаның қалам қуаты, жазу стилі, ұстаздық мұраты ерте бастан-ақ қоғам алдында тез танылып, әдеби ортада ерте мойындалған. Әлеуметке кеңінен танымал жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің: «Шәкеңнің менен бір-ақ жас үлкендігі бар. Соған қарамастан ол кісі маған жүріс-тұрысымен, ақыл-ойымен үлкен аға секілді сезіндіреді. Біртүрлі мысы басып тұрады. Мен де етене жақын, дос, сыйлас, ардақты азаматқа деген құрметпен «Шераға» «деп атаймын», – дейді. Әр нәрсеге талғаммен қарайтын Әкім Таразилер әркімді өйтіп өсіріп айта беретіндер санатынан емес.
Өзіне керекті материалдар мен қолжазбаларына өте мұқият Шерағаның архивінде керемет бір сурет бар. Хас талант Әбіш Кекілбайұлы досы екеуі алыптардың алыбы – Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин және Әбділда Тәжібаевтармен әңгімелесіп отырады. Ортада тік тұрып, дуалы ауыз кісілер сөзіне құлақ түріп, бар зейінін салады. Керемет түсірілген, ғажап естелік. Сонда деймін-ау, келешегінен үлкен үміт күттірер екі жас жазушының классик Ғабеңдерге жақын-жуық жүруі де тегін емес қой.
Шерағаң жазушылық өмірінде ұлы суреткер Ғабит Мүсірепов жайында, оның қиын кезеңде атқарған ерлігі мен қайсарлығын мейлінше жоғары бағалаған. 1932 жылдары елді жаппай аштық жайлап, асыра сілтеуге, бұрмалаушылыққа жол беріліп, халық күйзелген уақытта Мәскеуге, Сталинге шындықты жасырмай хат жазған бес қазақ азаматының бірі – негізгі ұйытқысы болған Ғабең жайлы бірнеше тағлымды мақала жазған. Жылымық жылдарында театр сахнасынан түспеген «Бесеудің хаты» пьесасы халық тағдырынан тыс қалмаған арлы жазушы Ғабеңе арналған туынды болатын. Өзінің мәртебелі «Ғабит Мүсірепов – тәлімгер» деген көлемді мақаласында суреткердің зор қарым-қабілеті, жетістіктері, азаматтық белсенділігі туралы айтады.
Туған тіл үшін толассыз күрес, қазақ тілінің тағдыры үшін тайталастың заманы туып, тағы да заң жүзінде таразы басына түскенінде толысқан қайраткер әрі таңдаулы халық қалаулысы Шерағаның пешенесіне жазылды. Сүйсінетін жағдай, әдебиет қауымдастығында, қоғамдық-саяси шоғырда ықпалы күшті жазушы Ш. Мұртазаның нағыз таланттарды тани білетін ерекше аңғарымпаздығы мен тиісті шешімді қабылдай алатын мықтылығы өзінше бір төбе. Жұрт аузында, қазақ журналистері мен жазушыларының қалың ортасында «Біз Шерағаның шекпенінен шыққанбыз!» деген сөз көп айтылады. Бұл да заманалар туғызған тарихи тұлғаның тұтас бір дәуірде ұлттық баспасөзді дәйекті, шығармашылық батылдықпен дамыту мен егемен елдің бұқаралық ақпарат құралдарында ашықтық, еркіндік және демократиялық құндылықтарды сіңіру қызметіндегі айрықша, қайталана бермейтін қолтаңбасы пен өшпес ізін көрсетеді.
Қалай болғанда да аймүйізді алыптардың сарқытындай ардақты жазушы-қайраткердің, салиқалы саясаткердің естелік жазбалары мен эссе мақалаларының өзіндік тарихы бар. Адам тану мен жазу стилі өзіне ғана тән. Қоғамды алаңдатқан өткір мәселелерді кіріктіру, ой толқынынын күшейту, оқиғалар мен эпизодтарды сезімталдықпен суреттеу, образды сомдау секілді тәсілдері де тым ерекше. Осы ыңғайда қымбат та құнды әр сөзінің әр әрпінен Шерағаға тән мінез-құлықты, шеберлікті көріп, қорғасындай салмақты ой-толғаныстарының мағыналы сипаты мен тағлымды сабақтарын сараптаудың жөні бар.

Кебенек ішіндегі кім?

Асыл текті Шераға жалпы жұмбағы көп жан ба? Біз бұл сұрақты сирек болса да естіп жүреміз. Енді есі кірген шақта туған әкесінің солақай саясаттың кесірінен, көпе-көрнеу жаламен «халық жауы» атанып, Сібірге айдалып кетіп, содан қайта оралмаған трагедиясын қалай ұмытуға болады? «Халық жауының баласы» деген таңба маңдайына басылған азапты, қорлықты көрген бала жүрегінде қандай алапат ой болуы мүмкін?! Ол кісі өмір бойы әкесінің иісін аңсап өткенін қалай айтады? Тіпті шындық үшін шер тарқатар Шераға тоқсаныншы жылдардың басында, мемлекетте құпияландырған құжаттарды көруге мүмкіндік ашыла бастағанда әкесінің тағдырлы дерегін мұқият тексеріп, анықтау мақсатымен құзырлы органдарға хат жазып, сұрау салғанын жақсы білеміз. Бірақ баяғы «1937 жылы…» деп келетін жаттанды, сұмырай жауаптан басқа еш жаңа дерегі болмады. Шераға үшін бұл жұмбақ… Жан сыры да жұмбақ.
Сексен жасқа толуына орай түсірілген «Шындықтың жебесі» деген деректі телехабарда абыз жазушы «Ойға алғанымның барлығын кітаптарымда жаздым ба, білмеймін оны. Жиырма бес жылымды Тұрар Рысқұловқа арнап, бес бірдей кітап жаздым. Егер айтылмай қалған дүниелер болса, ол ана жаққа өзіңмен бірге кетеді екен» деген күрсініспен тіл қатады.
Шындықтың құрышынан құйылған Шераға ақылды сызықтар мен адами жолақтардан аттап кетпейді. Әркімнің шама-шарқын біледі. Бұл жалғанда жазушы адамға қымбат, журналистке қажетті дүниелерді тау қопарғандай аршып, замандастары мен үзеңгілес әріптестерінің жаратылысындағы өзі аңғарған ғажайыптарды, асыл мінезі мен сергек ойларын соншалықты қарапайым, ұғынықты, нанымды етіп жазудағы шеберлігіне тең келетіндей ұқсастық табу қиын.
Жоғарыда айттық, Шерағаң кілең талантты, сайдың тасындай сайыпқырандарымен санаға сілкініс, қоғамға зор қозғалыс туғызған басшы-редактор. Жампоз журналистерді тай кезінен жазбай таныған ақылды ұстаздың нақ өзі. Бір ғана мысал. Оралхан! Алтай жақтан жазған сүйекті және көркемдігі мол мақалаларымен ойға қалдырған бейтаныс Оралхан Бөкейді «Лениншіл жас» газетіне шақыртады. Сол толқымалы сәтті… «Әлгі жігіт босаға жақта сазарыңқырап, басын бір кегжең еткізген кезде толқын-толқын болып, иығына дейін төгілген қара шашы желп-желп ете қалды. Көзі аш қасқырдың көзіндей екен. Мен қашан: «Отыр», – дегенше кекірейіп тұрды да қойды» деп жазады. Мінезді сурет емес пе? Атақ, даңқы жер жарған Алтай тауының ғажаптарын бір конверттегі мақаласына сыйдырып жіберетін жас талантты бас редактор бірде алыптардың құт мекені Мойынқұмға арнайы іс-сапарға жібереді. Университеттің сырттай оқу бөлімінде үшінші курста оқып жүріп-ақ жауапты бөлімдерді басқарған Оралхан сол сапардан біраз жылдан кейін «Құм мінезі» деген повесть жазады. «Міне, жазу! Жазсаң, осылай жаз! Әйтпесе, кінәсі жоқ ақ қағазды шимайлап былғама!» деді. Шерағаң: «Оралханның көзімен қарағанда, мен бұл құмды өлкені тұңғыш рет көргендеймін», – деп одан әрі тамсанады. Бұлай деуінде бір мән бар, Шерағаң бұл құмды өлкеде талай рет болады. Шығармашылық ой туындайды. Бірақ жұмысбасты болып, газеттің күнбе-күнгі қиямет тірлігінен қолы тимейді. Сөйтіп жүріп бастап қойған повесін аяқтай алмайды. «Оралханның повесінде құмдағы адамдардың жанын ұғып, білудің жаратылысы, қоғамдағы әділетсіздіктің салдары мен күйзелісі, шындықты айтудың құбылыстары керемет көрініс тапқанына көңілі толды. «Жазушы – халықтың ар-ожданы дегенде, міне, осындай жазушыны айтады», – деді сосын.
Алғаш рет көрген 1967 жылдан бастап «Аға» деп амандасып, туған ағасындай шын көңілмен сыйлап, құрмет тұтқан Орекең ағасы алпысқа толғанда арнап екі-ақ абзац сөз жазады. «Мен Сізді, аға, жаhандағы жалғыз ұстазым деп, жар сала айтудан ұялмас едім әрі осының өзін мақтан тұтар едім» дейді. Соңғы сөйлем… «Мен кейде туған айымыз бен күніміздің де (28 қыркүйек) дәл келуін ырымдап, жақсылықтың нышанына балаймын. Міне, Сіз 60 деген асуға шықтыңыз, төменге қараңызшы, Аға, мен көрінем бе екем?». Қоғам мәдениетінің замануи ой-өрісін қалыптастырып, алға жетелейтін, ілгері апаратын осындай тұлғалардың бір-бірін сүйемелдеп, жеке күрескерлік пен табандылық танытуы, дарынды жастарға тілекші әрі талапшыл болуы нағыз қайраткерлік қасиеттердің жиынтығы. Өзінің қатарластары мен өкшесін басқан ақын-жазушылар айбатты кісінің бір ауыз пікіріне құштар болғаны анық. Алайда ондай жауапты қадамдарға келгенде шорт кесімді Шераға сүт бетіне шыққан қаймақ сияқты ұлттық интеллигенция өкілдерінің қалыптастырып кеткен талғам-таразысынан ауытқымады, ұстанымынан еш таймады. Шын таланттарды сыйлап, олардың бойындағы табиғи артықшылықтары мен қайран қалдырған қарым-қабілеттерін көре білді. Сейдахмет Бердіқұловша сипаттасақ, нобайы былай. «Тұлабойына жазушылық пен журналистика бірдей дарыған әрі қай басылымда болсын редакторлық қызметтің бақ-білігін батыл көтере білген Шәкеңдерде шетсіз-шексіз шеберлік құдіреті бар. Жұртты арбаған бір сиқыр – футбол өнері сияқты…».
Бірде Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы Ш.Мұртаза қасына сөз зергері, сол заманның, сол қоғамның сызып қойған шеңберінен шығып кете беретін, уақыттың тар жүгеніне басы сыймаған А.Сүлейменовты өзі қалап алып, екеуі бір елдің атынан Армения астанасы Ереванға жол тартады. «Әуежайға табанымыз тигеннен-ақ Асқар баяғы-баяғыда, адамзат баласының алакөбен таңы жаңадан атқанда өмір сүрген Урарту дейтін мемлекеттің тарихын, мынау әуежай жанында ескі қаланың орны екенін айтып, сайрап ала жөнелді. Күтіп алушы армян жазушылары бұған таң қалды: «Арменияда бұрын болып па едіңіз?». «Жоқ. Бірінші рет…» деп жазады «Асқар айтқан соң…» эссесінде. Білімді, орысша таза сөйлейтін Асқар армяндарды тәнті қылғаны соншама тойы тойланып жатқан Налбандянның арғы-бергі өмірбаянын, философиялық туындыларын теріп айтып, оған өз көзқарасын, өз бағасын бере отырып талдағанына тіптен есінен таңғандай болады. Бір ғана жарқ еткен сәттің жүректерде шоқ боп жанатынын эсседен оқудың өзі әсерлі. Талғампаз жазушы өзінің «Сталинге хат» пьесасын (алғашқы драматургиялық шығармасы) осы ойшыл қаламгердің түрткі болуымен жазған екен. Өткір тақырыпты: «Пьеса жазып көрген емеспін» дегеніне қарамай Асекең: «Шындасаң, жазасың. Дәл қазір кезі келді. Әйтпесе кеш болады», – депті. Шерағаң таудай сенім артқан қаламгердің ұсынысына орай шапшаң, өте қысқа мерзімде осы дүниені жазғанын екінің бірі біле бермейді.
Қазақ театрының сахнасынан біраз жыл түспеген, атауының өзі үрейіңді ұшыратын, көрермен көңілінен шыққан осы спектакльге Асекең түрткі болмағанда, Шерағаның басқа да айтулы драматургиялық туындалары жазылар ма еді, жазылмас па еді?! Талантты режиссер Райымбек Сейтметов оны Ғ. Мүсірепов театрында маңдайын жарқылдатып қояр ма еді?!

Шерхан мен Әбіш

Қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Әбіш аға, абыз Әбіш туралы қаншама құнды дүние жазылды, ғылыми зерттеулер жасалды. Алайда, солардың ішінде Шерағаның «Жампоз» деген эссе-әңгімесінің жөні бөлек. Тіптен ерек. Терең. Бұл Шераға мен Әбіш Кекілбайұлы арасындағы адал достықтың ізеті, аға мен інінің шынайы сыйластығы дер едік. Ел аузында жүрген қаншама аңызға бергісіз әңгіме Шераға жазбасында түрленіп, құлпырып шыға келеді. Тағдыр таланттарды қалай тоғыстырады десеңізші. Соноу 1954 жылы Мәскеу оқу орны студент Шерағаны Қазақтың Мемлекеттік көркем әдебиет баспасына тәжірибеден өтуге жібереді. Бір күні «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне шыққан мақала редакцияда сұмдық дүрбелең туғызады. «Масқара болдық!» деп директор, бастық біткен жер тепкілейді. Бұған сырттағы бүкіл қаламгер ағайын қосылып, қатты алаңдайды. Осы жағдайды эсседен оқып көрелік. «Баспадағы проза бөлімінің бастығы сұлуша келген аққұбаша, тым сыпайы егде кісі еді. Сол украинның Льнков деген жазушысының бір повесін қазақшаға аударған екен. Артынша өзі төл повесті жазыпты. «Лениншіл жас» етектей мақалада сол аударма мен төл повестің бір-бірінен аумаған егіз екенін әшкерелеп жазыпты. Мұндайды әдебиет ғылымында «плагиат» дейді. Директор түтіндеп тұрып осыны айтты. «Үлкен ЦК-дан звондап жатыр, масқара болдық!» – деді. «Авторы кім! Кім жазыпты?» – деген дауыс шықты. Директор қолы дірілдеп, көзілдірігін әрең киіп алып, мақаланың аяғына үңілді: «Ә-Әбіш Ке-Кекілбаев, Маңғыстау, Оңды ауылы. Сегізінші класс оқушысы». «Ойбай-ау, сегізінші класс оқушысы не біледі?!». «Әбес айтылған шығар», – деп әр тұстан бірі елірген, бір жуас үндер шықты. Шамада он жылдан кейін тағдыр жолымызды тоғыстырды. Әбіш Кекілбай баласы «Лениншіл жас» газетінің редакциясына әдебиет-өнер бөлімінің меңгерушісі болып қызметке келді. Мен бас редактор едім». Зор лауазымды сыншылар айта алмаған сөзді сегізінші кластың оқушысы айтқанына қарап-ақ, Құдай қосса, болашағын болжап қоюға жарағандай еді, дегені рас-ау.
Сол алпысыншы жылдардың ішінде осы жастар газетінің редакциясына жаңа жарық жұлдыздар жиналды. Олардың әрқайсысы кейін бір-бір тұлға, елге тұтқа болды. Бәрі де бір анадан туғандай еді. «Сол ортада жампоздай болып Әбіш Кекілбайұлының тұлғасы ерекше тұрды. «Бұдырайған екі шекелі», толқынды бұйра қара шашты, тұңғиық терең ойлы көз, – осы жігіт тым-тым ерте есейген. Жастайынан көсемдікке жаралғандай, қарттың даналығын бала жастан бойына жинағандай, бай қазыналы етіп, Тәңірім терезесін биік жаратқандай әсер қалдырар еді» деп жазады. «Тәңірім терезесін биік жаратқандай»…
Елдік, ұлттық және мемлекетшілдік терең ойын көкіректен шыққан сөзбен көмкергенде оның дауысы көкке жеткендей, көпшілік қауымды баурап алады. Әдебиетте өзгелер байқамаған, өзгелер айта алмаған сөзді айтты. Ал Шерағаның көзқарасы мен ой толғауында Әбіш құдіреті көркемдікпен және тастүйін дәйек-деректермен құндылығы арта түседі.

Қалтай мен Шерхан

Дүние мен байлыққа мойын бұрмаған, кісілігі мен арына кір шалдырмаған Шерағаңның авторлық жазбаларынан да мына заманда, мына қоғамда адалдыққа араша түсіп, асқақтату, қиянат атаулыға қарсы тұру идеясы тап қасыңда тұрғандай иілмейді, еш сынбайды. «Тау басындағы Тасжарған» – Қалтай Мұхамеджанов туралы мақала. Қалекең әзілқой ғой. Күлдіргі сөзге бек ұста. Тағдыры – таудағы тарғыл тасты жарып шыққан Тасжарған сияқты еді. Соноу 1959 жылы академиялық драма театрында «Бөлтірік бөрік астында» деген пьесасы қойылады. Оған көрермен мәз, мұндай қызық, мұндай күлкі көптен бері көрінбей кеткенін айтып мәре-сәре. Ал енді біреулер «қоғамға зиян, мемлекеттік жүйеге қарсы, заманды мазақ қылады» деп байбалам салады. Билеуші жүйе соңғы пікірді қолдайды. «Қалтайдың басына қара бұлт үйіріле бастады. Оның жазығы – ыс басқан қара күйе, тынысы тар үйдің төбесін тесіп, көкпеңбек ашық аспанның қиығын көрсеткен еді. Оның айыбы – қаңсыған қапырықта тау самалын қаламның ұшымен жетелеп әкеліп, көрерменнің тынысын кеңейтпек болғаны еді» деп жазады. Міне, сондай бір қалт-құлт кезеңде ұлы Мұхтар Әуезов театрға барады. Көп ұзамай «Бұл күлкіге дән ризамыз» атты мақаласы жарияланады. Айтса, дуалы ауыз айтсын. Осыдан кейін Қалекеңді «шектен шыққан» деп айыптағандар айылдарын жиып, ауыздарын бағып сөйлейтін болған. Ғ. Мүсірепов те Қалекеңді қатты қолдайды.
Осы штрихтарды Шерағаң бекерден-бекер еске алып отырған жоқ. Алыптардың аманатындай ұлт мүддесін, жанашырлықты сезіндіру мен сезіну. Сегіз жыл бойы әлем әдебиетінің жауhары мен гауhары «Мың бір түннің» сегіз томын аударып, ерлікпен пара-пар еңбек жасаған Қалекеңнің «Адамның босқа кеткен әрбір сәті – отқа жаққан ақшамен тең» деген төл сөзі баршамызға қатысты.
Сондай бір дарын иесі-кәсіби режиссер әрі көркем актер Райымбек Сейтметов еді.
Халық жазушысының «Найзағай бұлт­ты күндері ғана жарқылдайды» деген мақаласының өзегі осы хас таланттың өмір шындығы. Өнердің туын ұстаған, шамын жаққан Рекең киелі Түркістанға барып, өнер жасап, театрдың бағын жандырған сәтінде, 60 жасқа толған кезінде «Бізге дені түзу, шын мәніндегі өркениетті мемлекет керек шығар. Ендеше, Сейтметовтер көп керек; Сейтметовтер жасай берсін. Құрметті бауырым Райымбек, мен қарапайым ғана прозаик едім, менен сен драматург жасадың, бұл сенің арқаң» деп ақтарыла жазғаны бар.
«Ұлық болсаң, кішік бол» деген осы. Туған халқына тигізген пайдасы орасан, қаламгерлік пен қайраткерлігі асып тұрған, қоғамдағы азаматтық абырой-беделі зор, дәуірдің тарихи тұлғасы Шераға – Шерхан Мұртаза. Ол өзінің ішкі түйсік-танымына сай мәселен, театр дүлдүліне «қарапайым прозаик едім» деп кішіпейілдік танытуы, оны биік деңгейде құрметттеуінен көп тәрбиелік сырды аңғаруға болады. Ең бастысы, қатар жүріп, қоғам дамуына көп үлес қосқан замандастары мен қайраткерлердің, таланттар мен суреткерлердің сан қырын, өнегесін дәріптейтін, жас ұрпаққа керекті қадыр-қасиеттері мен ерекшеліктерін, олардың шығармашылық бағалаған жазбалары әрдайым өміршең, құнды. Шындықты жазған, турашыл қаламгер туралы сандаған оқырмандары «шіркін, жазса, бәрі де Шерағаңдай жазса!» дейтұғын. Бұл – жүректен шыққан алтын сөз!

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстан Парламенті
Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір