«ҚАЗАҚТАР ЖОЛЫ»
Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №32 кітапханасында ақын, жазушы, журналист, Халықаралық жазушылар одағының, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы Шаяхмет Құсайынұлының баспадан жаңа шыққан «Қазақтар жолы » атты шежіре — тарихтан құралған кітабының тұсауы кесілді.
Автор кітап мұқабасының өзі қазақтың жүрген жолының айғағы екенін, автор зор ыждағаттықпен түсіндіріп өтті. Біраз жылдан бері жүрегінде арқалаған бұл жауапкершіліктің дәні бүгін бүршігін жарып, қалың қызыл кітап болып оқырмандарға жол тартты.
Кітаптың тұсаукесеріне алаштың ардақты азаматтары, республикалық «Қазақстан дәуірі » газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы, сатирик Төлеген Ильяшов, мәдениеттанушы Бердалы Оспан, сәулетші С. Делебай, «Ұлы Дала» Республикалық бірлестігінің төрағасы Ғабиден Жакей, «Ата-Әжелер» ансамблінің жетекшісі Бақытжан Төлегенов, заңгер М. Нажмелинов, Есік қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы С. Сыпатаев, сондай-ақ Ә.Рысмендиев, Қ. Сағыныш, К.Идрисова, О.Қапанов сынды оқырмандардар авторға сәттілік пен толағай табыс тіледі. Шаяхмет ағаның өлеңдеріне біраз әндер жазылғанын біреу білсе , біреу білмес. Солардың ішіндегі көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген әннің бірі «Аға мен ініні» композитор Мейрамбай Бектасов шырқады. Абай мен Мұхтар жолы салынған қазақ руханиятына «Қазақтар жолы» қосылды. Жаңа туындымен танысамын деген азаматтар болса, №32 кітапхананың есігі аптасына 7 күн ашық.
Әлия ТОҒАЙБЕКҚЫЗЫ,
№32 кітапхана қызметкері