Алаштан «Айтылған тарихқа» дейін
Мен ол кісіні алғаш рет 2014 жылдың күзінде Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде өтетін «Қоғамдық дәрісте» көріп, сол жерде өз аузынан дәрісін тыңдадым. «Қоғамдық дәріс» аталмыш оқу орнында әр аптаның жұма күні болатын, ерікті жастар ұйымдастырған еркін шара. Ол жерге қоғамда өз орны қалыптасқан, айтатын ойы бар зиялы топ өкілдері келіп, жастармен білген-түйгендерін бөліседі. Қараңғы түсіп қалғандықтан құрбымның менімен бірге жүруін өтіндім. Біз аудиторияға кіргенде Мәмбет Қойгелдиев дәрісін бастап кетіпті. Үлкен лекция залындағы үшінші қатардағы орындықтарға жайғастық. Лектор дәрісін оқып тұр. Аудитория іші лық толы. Қарсы алдымызда ақ шалып, бурыл тартқан қалың қайратты шашын артқа қайырған, бойы ортадан жоғарылау адам қолын алға сермеп, айтатын тақырыбының тереңіне бойлап бара жатты. Осы кезде менің ойыма қазақтың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың режиссер Асқар Тоқпанов жайлы жазған мақаласы түсті. «…Аудиторияға адам емес, от кіріп кеткендей. Маздай жанған сол бір оттан шашырап шыққан бір-бір шоқ әрқайсымыздың көкірегімізге кіріп, жалпылдатып жаңа бір алау жаға жөнелгендей…».
Маған Мәмбет Қойгелдиевтің дәрісі осылай әсер етті. Дәріс «Алашордашылар» тақырыбында болатын. Аудитория ішіне Әлихан, Ахмет, Міржақыптар тіріліп келіп, өз аузымен өткендерін айтып жатқандай көрінді. Көкіректен шыққан сөз көмейге келгенде күмбірлей жөнелетіні бар емес пе? Ол сөздің тыңдаушыға қалай әсер етуі айтушыға да байланысты. Санаңдағы сайрап жатқан сан алуан тақырыпты жүйелеп, тыңдарманға жеткізу қандай қиын болса, оны кеудеге түйіп, жүректің елегінен өткізу кез келгенге беріле бермейтін қасиет. Жүректің елегінен өтпеген сөз қанша жерден шешен болып сөйлегеніңмен, адамға әсер ете алмайды. Әлиханның кіршіксіз ділін, Ахметтің асыл тілін, Мағжанның маржан жырын сүюіміздің себебі де осында. Олардың көкейден шыққан әрбір сөзінің кіршіксіз тазалықтың нәрімен сусындай алуында.
Дәріс барысында қазақ ағартушылығы жайлы тұжырымдар айтылып жатты. Қазақ ағартушылығының шыңы XX ғасырға тұс келетіндігі туралы сөз болды. Бұл кезде Ахмет Байтұрсынов халықты «Маса» болып, мысалмен оятуға тырысса, Міржақып Дулатов «Оян қазақ!» деп, ашық ұран тастауы қазақты білім-ғылымға тартудың айғағы болатын. Дәріс үстінде көз алдымызға XX ғасыр басындағы қилы кезеңнің ызғары елестеді. Сол дәуірдің салқынына бой алдырмай, көкейдегі ойын іркілмей айтқан Алаш арыстарының бейнесі көз алдымыздан бір-бірлеп өтіп жатты. Ғалымның осы кезеңдегі тұлғалардың жеке басына, істеген істері мен көрген трагедияларына дейін тебірене сыр шертуі оның қаншама жылдар бойғы ізденісі мен бұл тақырыпқа бар ғұмырын сарыптап келе жатқандығын дәлелдеп тұрғандай. Осы кездесуде ғалым Алашорда тарихының зерттелуі мен репрессия тарихын толық жариялау туралы айтып, осыған байланысты парламентке бес рет хат жаздым деді. Бұлардан бөлек, бүгінгі таңда қоғамдағы өзекті мәселелер, соның ішінде тіл туралы да сөз болды. «Ұлттық болмыс сақталатын үй – тіл» екендігін айтты. «Тіл үшін күрес – жер үшін күрес», «Ұлттық мемлекеті жоқ ел жетім ел» деуі ғалымның қоғам өмірін өз өмірінен бөліп қарамайтындығының белгісі іспетті әсер қалдырды. Мұхтар Әуезовсіз Абай Құнанбаевтың өмір тарихын елестету қандай болса, бүгінде Мәмбет Қойгелдиевсіз «Алаш қозғалысы» тарихын елестету де сондай бұлыңғыр болып көрінеді.
Ардақты ғалымның дәрісін тыңдағаннан кейін, сырттай білсем де, ол туралы толық деректерді іздей бастадым. Ұлттық кітапханадан бір айдың көлемінде бірқатар еңбектерінүлкен қызығушылықпен оқып шықтым. Мәмбет Қойгелдиевтің XX ғасыр басындағы қазақ тарихына шексіз білімпаздығымен енген Алаш интеллигенциясын ақтау мен олар жайлы алғашқылардың бірі болып қалам тартқан ғалым екендігін білдім.
Ғалым болу үшін университетте алған білім аздық ететіндігін көптеген тұлғалар айтып жатады. Шындығында да, санаңа сәуле берер ойдың тууы үшін бір емес, жүздеген кітап оқуға тура келеді. Ал егер оқыған кітаптарыңа өзің қызықпай, тек тапсырма орындаудың амалы үшін ғана қолыңа алсаң одан білім-ғылым шығуы екіталай. Бізге тарих пәні университеттің бірінші курсында бір семестр ғана өткізілді. Бұл менің тарихты білуге деген сұранысымды толық қанағаттандыра алған жоқ. Өз тарихын білуге деген құлшыныс ойлы жанның әрбіріне таныс құбылыс болар. Санаға ой келуі үшін де оған түрткі болар дүние қажет.
«Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек?
Ақылға сәуле қонбаса
Хайуанша жүріп күнелтпек…», –
демей ме Абай? Айтылған сөз, жазылған ой, егер ол айтушы не жазушының ішкі жан тебіренісінен туындаған болса ақылға қонар сәуленің себепкері деп білуіміз орынсыз болмас.
Қай қоғамда да көпшіліктің арасынан суырылып шығып, халыққа ой салатын тұлғалар болады. Олардың таңдап алған жолы қасиетті де қасіретті. Қасиетті болатыны – өз білгенін өскелең ұрпағына қалдырып, өлмейтін мұра етуі болса, қасіреттісі – қордаланған мәселелерді өзгеден гөрі ерте ұғынып, ағынға қарсы жүзуі. Осы үшін де оларды түсінбей, көптің ішінде жалғызсыратып жатамыз. Айтатын сөзін жалтақтамай ашық айтқандығы үшін де оларды айыптаймыз, жазғырамыз, тіпті кейде жазалаймыз. Кешегі Алаш арыстары осы үшін кетті емес пе? Өмірінде бір рахат көрмей, қалың қазағына қалтқысыз қызмет қылып, аузындағысын жырып берген тұлғаларды сын сағатта қорғап қалуға дәрменсіз болдық. Әрине, бұл уақыт – бабаның бізге берген үлкен сабағы.
Ғылымды өміріне серік еткен Мәмбет Қойгелдиевті біз үнемі көпшіліктің ортасында, қызу жұмыс үстінде көреміз. Шәкірттерінің санасына ғылым дәнін егумен қатар, қоғамдық маңызы бар шараларды ұйымдастырушы ретінде танимыз. 2012 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ жанынан ашылған «Айтылған тарих» ғылым-зерттеу орталығы осының бір дәлеліндей. Мұндай жоба Еуропаның бірқатар елдерінде ілгеріден бар. Ал Қазақстанда негізін қалаған – Мәмбет Қойгелдиев. Қазақ халқы түрлі тарихи баяндарды санасында сақтап, ауыздан-ауызға өткізген дана халық. Ауыз әдебиетінде де хандарымыз бен батырларымыздың бейнесі, сол дәуірдің шындығы дәріптелген. «Айтылған тарих» жобасының мақсаты да өткенді көзбен көріп, көкейге түйген жандардың білгендерін халыққа жеткізу. Көнекөз қариялардың өз аузынан шыққан сөздерін жазып алып, мұраға қалдыру болашақтың қамы үшін қызмет етеді.
Мәмбет Қойгелдиев «ғылымда шекара жоқ» деген сөзді айтып отырады. Білімнің шегіне жеткен ешкім жоқ. Ғылымның тереңіне бойлаған адам, қанша көп білген сайын өзін сонша төмен ұстайды. Оның сол қасиеті биіктігінің айғағы. «Бидайдың дәні қанша көп болса, сонша иілгіш келеді» дейді емес пе? Мұның өзі табиғатта бар заңдылықтың айқын дәлелі.
Ардақты ғалымның «тұлғада мінез болады» деп айтуы да оның әр тұлғаның өздігін айқындап тұратын қасиетімен дараланатынын меңзегені болса керек. Мәшһүр Жүсіптің «жақсы – жаз, жаман адам – зымыстан қыс» деген сөзі бар. Жақсы адамның жанына халық үйір келеді. Мәмбет Қойгелдиевті де үнемі көптің ортасынан көреміз. Бұл халқының ғалымға деген ыстық ықыласы болса керек.
Менің есімде Мәмбет Құлжабайұлы тағы бір қырынан қалып қойды. Ғалымның дәрісін тыңдағаннан соң, өзіме бұрын мәлім болмаған халқымыздың өткені басқаша қырынан айқындала түсіп, сол тарихты жазып жүрген тұлғаның өзімен кездесіп, сұхбаттасқым келді. Ол кезде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде үшінші курста оқып жүрген кезім. Бұрын Алаш тақырыбына қызығып, Мәмбет Қойгелдиевті сырттай білсем де, тағы да іздене түстім. Өйткені, білімі терең ғалымның алдына шала сауат бару орынсыз әрі өзіңе де ұят. Ең кемінде, оның немен айналысып жүргендігін ой елегінен өткізуге тиістісің. Менің өзімнің ең бір қызығатын тақырыбым – Мұстафа Шоқайдың публицистикасы. Ғалымның Мұстафа Шоқай жайлы «Тұтас Түркістан және Мұстафа Шоқайұлы» атты еңбек жазып, ұлтымыздың біртуар перзентінің шынайы тарихи келбетін қалыптастыруға үлес қосып жүргенін білетінмін. Бұл кезде журналистік белгім де жоқ еді. Мәмбет Қойгелдиевті жұмыс орнына іздеп барып, сұхбат алғым келетінін айтқанымда, қарбалас тірлігіне қарамай бір сағат уақытын бөліп сұхбат берді. Аталмыш сұхбатты «Мұстафа Шоқай ешкімнің алдында кінәлі емес!» деген тақырыппен «Түркістан» газетіне («Түркістан» газеті, 25.12.2014) жарияладым. Бұл менің журналистика саласындағы алғашқы көлемді сұхбат-мақалам. Кейін дипломдық жұмысымның тақырыбы да Мұстафа Шоқайдың публицистикасы жайында болды.
Міне, бүгін қолыма қалам алып, рухани ұстазым санайтын Мәмбет Қойгелдиевтің бойынан өз көзіммен көріп, көңіліме түйген боямасыз әсерімді жазып отырмын. Біреуден естігеніңді жазсаң, ол шындық болмауы ықтимал. Өйткені, ол да біреуден естігенін немесе ойынан шығарып айтып отыруы әбден мүмкін. Көргенің – көңіліңе түйгенің. Ол шындық болады.
Мәмбет Қойгелдиев жарты ғасырға жуық ғұмырын ғылымға арнап келеді. Ғылым жолы қиын болғанымен, шуақты жол. Шуақты болатын себебі – шын ғылымға берілген жан уақыт өте келе өзінің істеген ісінің дұрыс екенін іштей сезіп, сүйсінеді, әрі қоғамның ыстық ықыласына бөленеді. Ғылымға жалғандық пен жасандылық жүрмейтіндігін білімпаздар айтып кеткен. Бүгінде жалған ғалымдар көбейді деген сөздер жиі айтылады. Сөзден қадір, сөйлемнен мән кетті деп жатады. Бірақ сүттің қаймағы бетіне қалқып шығатыны секілді, қай кезде де, қай заманда да қоғамның өз қаймақтары көрініп қалады. Олар үркердей аз болса да, баршылық. Қазақта «барға шүкір, жоққа сабыр» деген сөз бар. «Барға қанағат» деп қасиетті қазақ халқы айтып отырады. Барды бар деп білгенмен, бардың қадіріне жете алып жүрміз бе? «…Жүргенде ортамызда ардақтайық, бір күні бәрімізді сағындырар» деп ақын Кәкімбек Салықов батыр Бауыржан Момышұлына арнаған өлеңінде айтқан. Көз алдымызда жүрген асыл азаматтарды қадірлеу – біздің міндет. Өйткені, олар халқымен ақыл-ой қазыналарын бөліседі. Біз кейде өзімізге қатысы жоқ, бірақ қоғамдық маңызы бар іске селқос қарап жатамыз. Осындай жағдайда мансабынан айырылып қалуды ойламай, қоғамдық іске үн қосып, сөз айта білетіндер болады. Мәмбет Қойгелдиев те солардың қатарынан көрінген тұлға. Біз бұл жайлы оқып-біліп, сүйсініп отырамыз. Жастардың келешекте іркілмей сөз айтуына бұл ең басты бағдар. Жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты дарытып, кемел болашаққа жол салу қасиетті істердің бірі. Мұндай іспен айналысқан жанның қай сәтте де құрметі жоғары. Олар жайлы баспасөз беттерінде, телеарналарда жиі көрсетілуі тиіс. Бұл халқының оларды тыңдауға құлшынысынан туындайды.
Ұлтымыздың өткені мен бүгінін саралап, келешекке бағдар бере алатын тұлғалар халықтың ең құнды қазынасы. Осыдан бір ғасыр бұрын қазақ халқына қалтқысыз қызмет қылып, ұлттың ұлттығын сақтауға тырысқан, еліміздің егемендігін аңсап, тәуелсіздікке қарай қанат қаққан қазақтың қарлығаштары – Алаш зиялыларын ақтауға және шығармашылық мұраларын зерттеуге өмірін арнап келе жатқан ұстаз-ғалым қандай құрметке де лайық. Алаш зиялыларының тіккен «ақбоз үйін» сақтап келе жатқан Мәмбет Құлжабайұлы «тарихты тұлғалар жасайды» деп еді. Бүгінде ардақты ғалым сол тарихты жасап жүрген тұлғаның бірі ретінде халқының шексіз құрметіне ие болып отыр.
Нұрлайым БАТЫР.