«Шынның жүзінде» айтылған сөз
02.02.2023
211
0

Бұл күнде коучтар мен мотиваторлардың заманы жүріп тұр. Инстаграмм сынды әлеумет­тік желілерде тікелей эфирге шығып алып, жұртқа ақыл айтатындар көп. Өзі ешқандай жетістік­ке жетпесе де, бизнес тре­нинг өткізетіндер де аз емес.

Бәрі де жақсы өмір сүруді, қызмет­те өсуді, байлыққа қол жеткізуді үйретемін деп жалаулатып жатады. Және соларға сенетіндердің қатарының тым көп екендігі таңғалдырады. Төбенің басына шығып көрмеген адам қалайша өзгелерге биік шыңды бағындыруды үйрете алуы мүмкін? Бұндайды қазақ атам «өзің диуанасың, кімге бір боласың?» деп бірауыз сөзбен түйіндеп берген.
Ақыл айту оңай. Сол ақылды айтуға һақым бар ма деп ойланып жатқан адам аз. Ақыл дегенді адами болмысымен, тындырған ісімен өзін дәлелдеген, өзгелерге үлгі боларлық адам айту керек қой. Қазіргі уақыт­та әдеби кітаптан гөрі мотивациялық кітаптар көп оқылады. Солар трендте. Бірақ олардың барлығы да құрғақ ақылдың айналасында. Әрине белгілі бір мөлшерде ғылыми негізі де жоқ емес. Бірақ олардың бәрі де «Жизнь без границ», «Неудержимый», «Любовь без границ», «Будь сильным» және тағы да басқа мотивациялық кітаптардың авторы атанған, миллиондаған адамға шабыт сыйлаушы мотиватор Ник Вуйчич емес екені белгілі. Осындай Ник сынды адамдардың өз өмірін мысал ете отырып айтқандары қашанда нанымды. Олардың жазғандары оқылымды келетіні де содан. Өз өмірін жаза отырып өзгелерге ой салатын, оқырманға шабыт беріп, үміт сыйлайтын кітап бізде де жарық көрді.
Жуырда Мемлекет және қоғам қайраткері Елеусін Сағындықовтың «Шынның жүзі» ат­ты кітабы оқырманға жол тарт­ты. Автор осы кітабы арқылы ақыл айтуды мақсат тұтпаған. Және өзінің өмірбаянын сыдыртып баяндап та шықпаған. «Өйт­тім, бүйт­тім, бас-сыйрақ үйт­тім» деген мағынадағы кітап кімге керек? Елеусін Наурызбайұлы өткен өміріне көз жібере отырып, басынан өткерген әрбір елеулі оқиға арқылы ой бөліседі. Бұл кітапта жалғыз шешесінен басқа сүйенері жоқ жетім баланың өзін-өзі жетілдіру арқылы биікті бағындырғаны нанымды сурет­теледі. Бұл мотивациялық кітап авторының мотиваторы – қазақтың ұлы ақыны Абай. Автордың өмірлік ұстанымы – «өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап!». Және өзгелердің де өмірлік ұстанымы болса екен дейді. Кітаптың өзі де Абай сөзімен аталып тұрғаны жайдан-жай емес! Автор айтар сөзін Абай сөзімен сабақтастыра отырып айтады. Ұлы ақынды ұстаз тұтқан, оның жазғандарынан тәлім алған ол Абай қара сөздері мен өлең жолдарынан мысал келтіре отырып ой өрбітеді. Кітаптың өзі де ұлы ақынның:
«Ет жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін,
Тіл үйренген нәпсінің қу мінезін.
Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма
Шымылдық боп көрсетпес шынның жүзін»,– деген өлең жолдарымен ашылады.
Елеусін Наурызбайұлының Абайдан келтірген мысалдарының бір парасын төменде келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз. Өйткені осы жолдар арқылы автордың өмірлік ұстанымын көре аламыз.
«Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі. Іштегі кірді қашырса, Адамның хикмет кеу­десі…», «Мал, мақтан, ғиззат-құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды Һәм көрік болады. Егер де адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады», «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес», «…өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды», «Еңбекті сат, ар сатып неге керек?», «Бақпен асқан патшадан, мимен асқан қара артық; Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық».
Абайдың осындай даналық ойларынан сабақ алған адамның өзгелерге нені үлгі етпегі де белгілі емес пе?.
Көп жағдайда жетпістен асқан, зейнетке шыққан адам енді не істейді? Бұл жаста көпшілік адам ізденісті тоқтататыны жасырын емес. Ендігі қалған өмірді бірдеңе қылып өткізерміз деген инерциямен кетеді. Ал Елеусін Наурызбайұлы ізденген, оқыған, тоқыған. Және сол дүниелерінің барлығын «Қорытынды ойларым» деп келешек ұрпаққа аманат қылып қағазға түсірген. Сол дүниесін оқып отырып таңғалмасқа шара жоқ. Өзімізді жаңа ғасырдың жастары санасақ та, олай ойлау біздің басымызға кірмеген екен. Көпті көрген, көп іс тындырған, қайраткерлік танытқан өнегелі адамның айтпақ ойы мүлде тереңде. Қазіргі кезде жастар жаңа бағыт­та дамып жатыр. Көпшілігі бай болғысы келеді. Әрине бұл ешқандай жаман емес. Бірақ «Қалай тез байып кетуге болады» деген шетелдік бестселлерлердің бес-алтауын оқығанша, Елеусін Наурызбайұлының «Қорытынды ойларын» оқыса жеткілікті болатын сияқты. Себебі осы жазбаны оқып отырып, адам өзіне байлық деген не, бақыт деген не, жетістік деген не және бұларға қалай жетуге болады, бай, бақыт­ты, жетістікті болу үшін адам өз бойындағы қандай қасиет­терді қалай дамытқаны жөн, қандай құндылықтарды жоғары бағалау керек, тіпті қалай ойлау керек деген қазіргі күнгі трендтегі сауалдарға өте дәл жауап береді. Әрі өз еліміздің, қазақтың менталитетін сақтай отырып, яғни жаңа дүниеге, жаңа көзқарасқа, ескі дәстүрді жоққа шығармай жетудің жолы болар еді. Бұл жазбаларды адамдыққа, азамат­тыққа, кәсіпке ұмтылған, білу мен үйренуге талпынған әрбір жас оқуы тиіс деп ойлаймын.
Сонымен қатар бұл кітапта екінші дүниежүзілік соғыстан кейін туған ұрпақтың басынан кешкендері, еліміз тәуел­сіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдардағы қиындықтар, одан бергі отыз жылдың бедеріндегі уақыт қамтылған.
Кітаптың өскелең ұрпаққа, жас оқырмандарға арналған «Аманат» бөлімінен үзінді келтіре кетсек артық болмас. «Теңіздің дәмі тамшыдан» дегендей, ол бөлімде нендей ойлардың айтылатынын осы жолдар арқылы біле аламыз.
«Ойлау – Ұлы Жаратушының берген қазынасы!
Ойлау – ұлы құндылық! Ойлау – табыс көзі. Ойлау – сәтсіздік пен сордың да негізі.
Өз тағдырын өзгерту әр адамның өзіне байланысты. Сәтсіздіктердің жолын кесіп, қорқыныш пен үрейден арылып, көксеген биігіне көтерілу де, армандаған адамына айналу да әр адамның өз қолында. Тек мақсатың айқын, таңдауың дұрыс, арың таза болуы керек! Бұл айтқандардың сыртында ісің әділ, мінезің табанды болу керек!
Сонда бұлардың айырмашылығы неде? Заңды сұрақ… Менің ойымша айырмашылық бір-ақ нәрседе. Ойлау үлгісінің әртектілігінде.
Әлбет­те бұл арада «Ой – тұрмыстың көрінісі» екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Әрине бұл арада кесіп айтудан аулақпыз. Тұрмысы төмен адамның бәрі нашар, ауқат­ты адамның бәрі жақсы деген біржақты пікір болмауға тиіс. Мәселе мыңдаған жолға жетелейді. Таңдаған жол нәтижеге жеткізсе болғаны. Ең бастысы адамның таңдауы болуы тиіс. Демек, таңдау адамның өз қолында!
Түптеп келгенде ауқат­ты өмір сүруді де, бейнет­ті ғұмыр кешуді де адам өзі таңдайды. Таңдау – тағдырың! Таңдау – өмірлік үлгің. Осындайда «бай болмақ, кедей болмақ Құдайдан-ды» деген ұлтымыздың ұлы сөзі тіл ұшына оралады. Таңдаудан жаңылуға болмайды. Таңдауың түзу болса, жолың түзу! Таңдай алмадың ба? Біреуге өкпелеудің реті жоқ! Өйткені біздің түсінігіміз – ойымыздан, ойымыз – түсінігімізден «ақылдырақ» бола алмайды. Адам барлық жағдайда түсінігіне сай әрекет етеді.
Сайып келгенде білу мен түсіну – екі нәрсе. Мысалы біреулер «Мен жоғары білімдімін, мұның қалай жасалатынын жақсы білемін» дейді. Бірақ сөзді іске айналдырғанда қолынан келмейтіні байқалады. Өйткені білу мен түсіну – екі қиыр. Білгеннің бәрі түсіну деңгейіне жете бермейді… демек әлгі ұшқары айтылған «білемін» сөзіне қанат бітірер күш пен қуат «түсіну» дейтін ұғымды толық игеруге келіп тіреледі. Түсіну – ұғынуға, ұғыну – өз жолыңды айқындауға көмектеседі. Айқындау – абыройдың басы. Айналып келгенде бәрі жоспарға тіреледі. Жоспар болмай табыс жоқ. Жоспардың орындалуы табыстың кепілі! Нарық заманында табысқа қаржысыз жету мүмкін емес. Қаржысыз жоспар сағымды қуғанмен бірдей. Табыссыз күн көру тапшылыққа жетелейді. Біз білмейтін төрткүл дүниенің ең ауыр қасіреті – қайыршылық! Әуелі өзіңді, отбасыңды сол ауыр қасірет­тен сақта! Отбасын сақтаған адам ортасын, ордасын, Отанын сақтайды.
«Кедейлерге көмек көрсетудің ең төте жолы – солардың бірі болмау» – дейді, Ланг Ханкок. Демек, ойыңызды «ең болмаса кедей болмауым керек» деген бағытқа өзгертіңіз. Ойлау үлгіңіз өзгерген сәт­тен бастап, алдыңыздан жаңа мүмкіндіктер ашылады».
Оқыған адамға аз-кем айтары бар, берері бар кітаптың бағасын мәртебелі оқырманның өзі бере жатар. Мен өз басым бұл кітапты зерделей оқыған адам ретінде тілектестігімді білдіргім келді.

Бейбіт САРЫБАЙ 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір