Қазба байлыққа ғана емес, қазына тарихқа да толы Қатон-Қарағай
25.06.2023
591
0

Алқынып Әбу-Даби барыңыз, етек-жеңіңізді түрініп түрік жеріндегі төрт теңізді кешіңіз, «италақаздың» (ұшақ дегенім ғой) иығына қонып, Италияны аралаңыз – қалтаңызды қағып қайтқаныңыз болмаса, қазақтың дархан даласын шарлап оралғаныңыздай болмайды-ау, тегі… Сонда қайда бару керек дейсіз ғой? Қатонға барыңыз! Қатон деп отырғанымыз – Шығыс Қазақстан облысының шұрайлы пұшпағы – Қатон-Қарағай ауданы.    
Үлкен Нарын ауданы мен Қатон-Қарағайдың аумағында 92 демалыс үйі бар екен. Бардық. Көрдік. Қайың-қарағайы аралас тау шатқалдарында шатыр тіккен үйлердің көркіне көзің тояды. Қарағайдан қиып салынған үйлердің табиғи тазалығы өз алдына, орманды өлкенің саумал ауасынан сарық басып тыныстау­дың рахман сәтін айтсаңызшы! Медицина ғылымы осы күні бар аурудың шипасы – тауы рахат биік, тоғайы қалың, сулы, нулы өлке деседі. Сондай жер қазақтың байтақ даласында көп кездеседі, соның ішінде Алтайға бет алсаң алдыңнан аңқылдап шығады да отырады.
Сәті түсіп өткенде Өскеменге сапарладық. Шығыстықтар орман аралап кеп қазақ әдебиетіне олжа салған Оралхан Бөкейдің 80 жасын атап өтудің мерекелі рәсімін бастап, Алматы мен Астанадан бір топ ақын-жазушыны шақырған екен, сол қатарда біз де болдық. Орағаңның мерейтойына байланысты әңгімеміз бөлек, дәл қазіргі әңгімеміз Үлкен Нарын, Қатон-Қарағай, Берел сапары жайынан өрбімек.
Өскемен қаласынан Шығысқа қарай қайқайып шығар қара жолға түскенде-ақ, «шіркін, мына жер туристер ағылып келетін жер екен» деп ойлаған­быз. Ал туристерді Алтай тауларының абат келбеті немесе тау басына таласа-тармаса өрмелеген қайың-қарағайлар ғана емес, осынау өлкенің өткен-кеткені, өрнекті тарихы, аңыз-әңгімелері де еліктіріп естанды етсе керек. Ол үшін қасыңызда Тоқтарбек болуы керек. Тоқтар Мағзұмов – Оралхан Бөкейдің туған жиені. Жазушы, өлкетанушы, шежіреші. Әңгімені айтса, Тоқаң айтсын.
Оң қапталымызда белден құлаған ирек жол көрінді. «Бұл жолды орыс тамырлар «Тещин язык» деп жүр, дұрысы «Жыланды», – дейді Тоқаң.
– Неге «Жыланды?»
– Айтайын, – дейді Тоқаң.
– Уай, жол қысқарсын, айтыңыз, – дейміз біз дабырлап.
– Ертедегі аңыздардың бірінде бір аңшының әйелі жылан етіне жерік болыпты. Құдайдың құт­ты күні жарының жерігін басу үшін аңшы жылан аулайды екен. Әйел жерігі басылғанша, жылан етін жей беріпті. Арада тоғыз ай, тоғыз күн өткенде әйел­дің толғағы келіп, босаныпты. Тоғыз ай бойы жылан етін жеп, жерігін басқан әйел жыланға ұқсас ұл туған екен. Сол ауылдағы жұрт бұл сұмдықты көріп, қат­ты қорыққан деседі. Содан аңшы әкесі де ұлының жанына жоламай қашқан екен. Тек әйел ғана аналық мейіріммен жылан баланы бауырына басыпты. Жарық дүниеге келген адамзат баласына ат қою шарт екенін білетін анасы оны Бапы деп атапты. Ал ертеңгі амандығын ойлаған жұрт баланы ержетпей тұрып өлтірмекші болады. Мұны білген әйел «жылан да болса, ішімнен шыққан балам, өлтіре көрмеңдер» деп, елден араша сұрапты. Әйелдің еңірегенде етегі жасқа толған көз жасын көріп аяған ел:
– Тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен, тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп мехнат тартқан ананың туғаны жылан да болса ұлы ғой, бізден бөлек мекендесін. Одан да өлтірмей тау-тасқа жіберейік, елден жырақ өмір сүрсін, – деп тарасыпты.
Содан әлгі әйел баласын қимай-қимай ақыры елден бөлек тауға апарып тастаған екен.
Кейін ел айтады, бала өлкені жайлаған жыландарды жиып алып, орда құрыпты. Сол күннен бастап жыландар адамзат­тан бөлек өз патшалығында жеке өмір сүріпті. Жыландар патшасы болып Бапы хан аталған деседі.
Арада ай аунап, жылдар жылжып, жыландар патшалығы ордалы жылан ордасын құрып, оның патшасы Бапыдан кейін Шах-Мардан патша болыпты. Осы оқиғадан кейін, «іштен шыққан шұбар жылан» деген сөз ел аузында сақталыпты-мыс деген аңыз бүгінгі ұрпақтарға жеткен дейді.
Өлкетанушы, жазушы Тоқтарбек «Жыланды» туралы әңгімесін аңызбен ғана шектемей, тарихи деректермен, қаһарлы Алтай тауының басынан ауған аласапыран оқиғалармен төгілте сөз қылады.
Мысалы, сізді ұлы далаға алғаш аяқ басқан шетелдік турист делік. Айналаңыздағы аспан тауларға қарап отырып, әлгіндей әлқиссаға құлақ қойсаңыз, қалай әсерленер едіңіз? Туризм дегеніміз – ас ішіп, аяқ босату немесе «what a wonderful place» деп таңдауымен шектелмейді ғой, туризм дегеніміз – әңгіме: ел мен жердің тарихы. Сонда қасыңызда Тоқтарбек болсын дейміз тағы да!
– Анау қарағай жапқан тауды «Алтын күйме» дейді аңыз, – деп және бір әңгіме бастады Тоқаң. – Бұл өзі аңыздан гөрі ақиқатқа жақын әңгіме. Айтайын ба?
– Ойбай-ай, айтыңызшы, әңгімеңіз қызық екен, – дейміз біз елітіп.
– Сібір жерін мекендеген естек, хакас, ханты, татар, төлеңгіт тайпаларын отарлаған ақ патша ХVІІ ғасырдың соңына қарай Еуропа мемлекет­тері сияқты жаулап алу, отарлау саясатының есесін толтыру мақсатын кеш түсініп, ұпайын толтыру үшін жанталасып, Сібір мен Орта Азияның үлкенді-кішілі елдеріне бекіністер салып, жер таңбалай бастаған кезі болса керек.
Арада біраз жылдар өте Ібір-Сібір жұртын ұртына толтырып болған соң, қазақ жерінің шығысына қол салады. «Сібір жері мен қазақ елінің шығысы –Ертістің жағалауында алтынның көптігі сондай, қазып, не болмаса, іздеп еңбектенбей-ақ, су тасып кейін қайтқанда, құм беті толып жарқырап жатады» – деп жазылған екен сол замандағы саудагерлердің жылнама дәптерлерінде. Сібір генерал-губернаторы Гагариннің сандығы алтынға толып болған соң, Петербордағы достарына алтынмен апталып, күміспен күптелген әшекейлі зат­тарды сыйға тарта бастайды.
Гагариннің әлгі асып-тасыған «сақилығы» сақ құлағына жеткен ақ патша 1720 жылы алтын кендерін тексеру және қосымша шахталар ашып, бекіністерді қалпына келтіру мен Сібір генерал-губернаторын тексеру үшін Петербордан үлкен комиссия ат­тандырады.
Питрден шықан комиссия жол бойындағы пикет­терге тоқтап, ұзақ сонар жол азабын көреді. Теменский казачьи форфостқа қарасты ояздың орталығы Змейногорск елдімекеніне жеткенше, Алтайда қаракүздің уақыты болып қалыпты. Жол азабының қиындығынан соң бірнеше күн дем алып, енді тексеріске кірісер уақыт­та қарашаның басы да туыпты. Жыл он екі айдың амалдарының бірі қараша қаздар қайт­қан соң ілі-шала қар аралас жаңбыр тоқтамастан жауып, соңы көктайғаққа ұласқан көрінеді. Көп ұзамай-ақ, желтоқсандағы қырбастың қызылы басталып, алғашқы аяз күрт көтерілген деседі бұрынғылар. Сол жылы қыс та қат­ты, қар қалың түскен кібісе (високостный) жыл болса керек. Көктем шығып тау басындағы қалың қардың түгел еріп болғанын күткен комиссия Үркердің батуына бір жұма қалғанда ғана кен өндіріп жатқан шахталарды аралауға кірісіпті. Арада екі жылға жуық уақыт өтіп кеткен соң комиссия қанша тексеріп жұмысшылар мен жергілікті тұрғындардан сұрастырып іздегенімен, алтынның мол қоры бар шахтаны да, алтын күймені де таба алмапты. Таба алмаған соң орыстың қатын патшасына комиссия мүшелері шахта мен алтын күйме туралы жарытып ештеңе айта алмапты. Тексеріс бітіп, өкімет­тің тынышталғанын күткен шахта қожайы­ны араға жылдар салып, алтын күймені жасырған шахтаны қайта ашуға келсе, сақтық ойлап белгі қойылмаған үңгірді өзі де таба алмайды. Айналасындағы адамдардан сезік алған қожайын шахтаның орнына әдейі белгі қалдырмай тегістеп, тау жоталарына ұқсас етіп қырлы тастарды жинастырып тастаған еді дейді екен сол заманның куәгерлері. Шахта орнын иін тіресе өскен қалың ағаш тау жоталарындағы жүретін жолдың бәрін басып қалып, күн көзі көрінбес орманға айналып кеткендіктен қанша іздегенімен алтын күймені жасырған шахтаның орнын табу мүмкін емес еді. Қаншама адаммен алты ай жаз бойында алтын күйме түгілі шахтаны да, өздері бітеген үңгірдің аузын да таба алмаған ол бар байлығын саясат­тың бодауына беріп, сарыала күздің соңына қарай іздеуін тоқтатыпты. Сол кезден бастап Жыланды тауының күзі момақан тыныш басталып, аяғы із жасырғандай сүреңденіп кете беретін болыпты. Мүмкін Жыланды тауының тағдыры осылай болғанын Жер-Ана да тілеген шығар, кім білсін…
– Әңгімелеріңіз Оралханның Алтай тектес асқақ шығармаларына ұқсайды екен, – деп біз Тоқаңды арқадан қақтық.
– Оралхан демекші, қазір жолда көресіздер, Ораш ағамның туып-өскен үйі қазір музейге айналған. Ол үй де өздеріңіз сияқты сырт­тан келетін қонақтардың, туристердің тамашалайтын бір үйі болып тұр, – деп Тоқаң көңілімізді жақсы лепесімен тоғайып қойды.
Біз Шыңғыстайға соғып, Оралхан Бөкейдің шаңырағына сәлем беріп, одан әрі Берелге тарт­тық.
Берел… Берелде 145 гектар жер «патшалар алқабы» деп аталады екен. Аумағы аламан бәйгенің майдан даласындай жерді мемлекет меншігіне алып, айналасын түгел қоршап қойыпты. Осы бір игілікті істің басы-қасында болған жазушы, мемлекет­тік сыйлықтың иегері Әлібек Асқаров: «Бұл алқаптан әлемді таң тамаша қылатын әлі талай ғажайыптар ашылады. Әзірге алқап тыныш қана жатыр. Алқаптың бетіндегі шалғын – елдің игілігінде. Ауыл жұрты алқаптың шөбін шауып алса болады. Алайда, қауіпсіздік шаралары қатаң ескеріліп, әсіресе анау «черный археологтардың» ұрлап-тонауына жол берілмейді», – деді.
Бұл сөзге «бәрекелдіден» басқа қосымша сөздің қажеті шамалы шығар. Өйткені қазына тонаушылардан Берелдегі патшалар алқабы сұмдық зардап шеккен болатын. Ресми қазба жұмыстарының кезінде Берелден «Алтын адамның» қабірі табылды, өкінішке қарай, «қабір иесі» барзақ әлеміне өзімен бірге ала кеткен дүние-мүлкін қалдырғанымен, өзі табылмады. Қазына тонаушылар «Алтын адамымызды» ұрлап кеткен. Әйтсе де, дәтке қуат, «Алтын адамның» мұрасы туристердің көз жауын алып Берел мемлекет­тік тарихи музей қорығында тұр. «Жәдігерлердің көбі Алматы асқан, одан Астанадағы Ұлт­тық музейден орын тапқан», – дейді музей қызметкерлері.
– Сонда сіздердегі мына жәдігерлер көшірме ме? – деп сұрадық біз.
– Жоқ, бұл жәдігерлер табиғи түпнұсқадағы жәдігерлер, – деді музей директоры Алмас Сарбасов.
–Музейге осы уақытқа дейін қанша адам келді? Шет елдерден келіп, музей жәдігерлерімен танысқан туристер болды ма? Олар музейді аралап қандай әсерде болды?
– Музейге жылына он мыңдай адам келіп қайтады. Кейінгі жылдары жеті, жеті жарым мың болды. Ол әлгі жаһанды жайлаған індет­тің кесірінен болса керек. Қазір қайтадан көбей бастады қонақтарымыз.
Иә, бізге шетелдіктер де көп келеді. Дені – ресейліктер. Германиядан, Үнді елінен келген туристер де болды.
– Музей ішіндегі жауһарларды таныстырып жүріп өзің, «осыдан-ақ көруге болады, біздің бабаларымыз сонау ерте заманда ағаш пен темір өңдеуді игерген» деп қалдың. Музейдегі өзге де жәдігерлерге қарап отырып, бабаларымыздың тағы да қандай өнер түрлерін игеріп, қандай кәсіптің шыңына шыққанын білуге болады?
– Берел музейіндегі жәдігерлердің ерекшелігі – органикалық зат­тар. Алтын, ақық, ашутас, күмісті көрген туристер бабаларымыздың темірді ерте дәуірде игергенін бірден аңғаратын болар. Оның сыртында ағаш өңдеу, киіз, тоқыма өнеркәсібі де түркілер дәуірінде дәуірлеген сияқты. Бұғы мүйізімен жылқыны «киіндіру» де үлкен өнер. Жылқыға осындай құрмет өзге елдердің ілуде бірінде ғана кездеседі.
– Берел музейіндегі жәдігерлер қай мәдени кезеңге жатады? Пазырық мәдениетіне ме? Жәдігерлер арасынан «сянбилер тұтынған зат­тар» деген (егер жаңылыспасам) жазуды көріп қалдым? Сянбилер кімдер? Баяғы қытайға сіңіп кеткен түркілер ме?
– Дұрыс айтасыз, музейдегі жәдігерлер Пазырық мәдениетіне жатады. Пазырық мәдениеті – сақтардан кейінгі, түркілерге дейінгі мәдениет. Сянбилер – осы мәдени кеңістікте өмір сүрген түркінің бір бұтағы. Ханзулармен соғысып жүріп сол елге сіңіп кеткен жауынгер ел.
– Берел қорғаны тұтас «патшалар алқабы» деген атпен қоршауға алынған екен. Демек, бұл алқапта алдағы күндері тағы да археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуі мүмкін ғой?
– Иә, оған күмәніңіз болмасын. Әбден мүмкін. Себебі біздің жеріміздің тарихына әлем жұрты мойын бұрып, ерекше ынта танытып отыр.
Біз әңгімемізді Алмастың осы сөзімен әзірге тиянақтай тұрамыз. Рас, қазақ жері әлем жұртын қазба-байлығымен ғана емес, енді қазына тарихымен де тамсандыратын уақыт туып келе жатыр.

Дәурен Қуат 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір