ТҰҢҒЫШ КІТАП
Жұп-жұқа болып басылып,
Алғашқы кітап шықты да.
Көрімдік сұрап асығып,
Көрсеттім талай «мықтыға».
Сүйінші дана қойында,
Езуім тіптен жиылмай.
«Жібек жолының» бойында,
Дөңгелеп жүрдім құйындай.
Жарты күн күткен Тұм-ағам,
Көрсетті әйтеу қарасын.
Талай шайырды сынаған,
Маған да берер бағасын.
Имене басып алдына,
Ұсындым жаңа жинақты.
Асықпай қолға алды да,
Қадала қарап тіл қатты:
– Оқуға, сірә, бола ма,
Бір-ақ шумағын көремін.
Мұнан соң маған жолама,
Ұнамай жатса өлеңің!
Арты да қуыс ұрының,
Өтем бе сыннан-тезінен.
Жаратпай жатса, құрыдым!
Өлеңнен онда безінем.
Мейірге толы көзінің,
Зілін де сездім тым қатты.
Мақамын салып өзінің,
Оқыды мына шумақты:
«…Аспандағы аймен теңестім,
Көктегі күнмен теңестім.
Өзіңді сүйген жүрекпен
Өзгені сүйген емеспін!».
Тұр едім енді өкініп,
Кеңкілдеп күліп алды ағам.
– Сен құсап жазып өтірік,
Қыздарды талай алдағам.
Есігім ашық өзіңе,
Талабы таудай «баласың».
Мақтауым емес көзіңе,
Әп-әйбәт ақын боласың!
Батасын берді ұлы ақын,
Төгілді содан өлеңім…
Мықты ақын болу – мұратым,
Итшілеп әлі келемін.
Тұм-ағамыз да қайтыпты,
Ажалды ешкім жеңбеген.
Дегенмен біліп айтыпты,
Әп-әйбәт ақын мен деген.
Әп-әйбәт шықса өлеңім,
Биікте жүрем қона алмай.
Итшілеп әлі келемін,
Тұманбай ақын бола алмай…
Ғалым Қалибекұлы.