ТҰҢҒЫШ
Тәуелсіз Қазақстанның бірінші Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменовтің өмір жолы мен еңбегі ел тарихында айырықша орын алады. Оның дипломат ретіндегі қызметі жас мемлекетіміздің халықаралық аренада беделін қалыптастыруда шешуші рөл атқарды. Тәуелсіздік жарияланған алғашқы күндерден бастап-ақ ол елдің сыртқы саясаттағы бағыт-бағдарын айқындап, қазақ дипломатиясының негізін қалаған қайраткер ретінде тарихқа енді.
Төлеутай Ысқақұлы Сүлейменов 1941 жылы, 1 қазанда Семей қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Ысқақ мұғалім болған, араб тілін жақсы білген. Әкесі ұлы Төлеутайдың алғырлығын жасынан-ақ байқап, оны оқу мен еңбекке баулыды. Т.Сүлейменовтің үлкен өмірге қадам басқан еңбек жолы орта мектепті бітіргеннен кейін комсомол жолдамасымен Теміртау қаласында салынып жатқан Қарағанды металлургия зауытына келген кезінен басталды. 1959 жылы Магнитогорск металлургия комбинатында металлург мамандығын меңгерген соң, алғашқы қазақстандық шойынды беру ісіне қатысты. Төлеутай домна цехында шойыншы болып жұмыс істей жүріп, өзін елін сүйетін нағыз патриот ретінде көрсетті, өндірістік тапсырмаларды жауапкершілікпен орындады. 1962 жылы Қарағанды металлургия комбинатының жолдамасымен Қарағанды политехникалық институтының металлургия факультетінің күндізгі бөліміне оқуға түсіп, 1967 жылы оны бітіріп, жоғары білімді инженер-металлург мамандығын алды.
Институтты тәмамдағаннан кейін комбинатқа қайта оралып, инженерлік қызметін жалғастырды. Комбинаттағы өзін белсенді де еңбекқор қызметкер ретінде көрсеткендіктен, цехтың партия ұйымының хатшысы, кейін Қарағанды металлургия комбинатының комсомол комитетінің (аудандық комитет дәрежесінде) хатшысы болып сайланды. Содан соң Теміртау қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Теміртау қалалық КП комитетінің екінші хатшысы болып жұмыс жасады.
Бұдан кейін оның дипломатиялық қызметтегі қадамдары басталады. 1977 жылы Т.Сүлейменов Қазақстан КП ОК жолдамасымен КСРО Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясына оқуға жіберілді. Академияда күндізгі бөлімде үш жылдық оқуды ойдағыдай аяқтаған соң, 1980 жылы КСРО СІМ-нің Орталық аппаратына жұмысқа алынды. Ол 1980 – 1981 жылдары КСРО СҚМ-нің Орта Шығыс елдері бөлімінің бірінші хатшысы болып еңбек етті. Осы жылдарда ол өзінің зеректігі мен алғырлығының арқасында ағылшын, ауған (дари), парсы, поляк, чех, тәжік тілдерін меңгеріп алды. 1981 – 1985 жылдары КСРО-ның Ауғанстандағы Мазари-Шариф қаласындағы Бас консульдығында консуль қызметін атқарды. 1985 – 1987 жылдары КСРО СІМ Орта Шығыс елдері бөлімінің кеңесшісі, 1987 – 1988 жылдары КСРО СІМ Дипломатиялық академиясының басшы дипломатиялық кадрларды жетілдіру курстарының тыңдаушысы, 1988 жылғы тамыздан 1991 жылғы желтоқсанға дейін КСРО-ның Ирандағы елшілігінде кеңесші-уәкіл болды.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ел басшылығы оны 1991 жылғы желтоқсанда Алматыға шақырып, Сыртқы істер министрлігін басқаруға ұсынды. 1991 жылғы 21 желтоқсанда Президент Жарлығымен Төлеутай Сүлейменов тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Сол кезде елімізде бірде-бір елшілік, консульдық, дипломатиялық инфрақұрылым болмаған еді. Соған қарамастан, Т.Сүлейменов бастаған алғашқы дипломатиялық корпус іркіліп қалмай, сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын жүзеге асыруға кірісті.
Сыртқы істер министрлігінің алдында тұрған екі негізгі мақсат айқын еді. Біріншісі – халықаралық ұйымдарға мүше болып, Қазақстанды әлемге таныту. Екіншісі – шет мемлекеттермен ынтымақтастық орнатып, экономикалық даму үшін инвестиция тарту. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда Т.Сүлейменов ерекше табандылық пен көрегендік танытты. Нәтижесінде, 1992 жылдың ортасында Қазақстанды елуге жуық мемлекет ресми түрде танып, еліміз БҰҰ және ЕҚЫҰ секілді беделді ұйымдардың толыққанды мүшесіне айналды. Т.Сүлейменов кадр тапшылығы мәселесін шешуге де белсенді кірісті. Кеңес Одағы кезінде СІМ-де қызмет еткен қазақ дипломаттарын елге шақырып, олардың тәжірибесін жас мамандарға үйретуге жағдай жасады.
Сыртқы істер министрі жұмысын жемісті аяқтағаннан кейін Т.Сүлейменов дипломатиялық қызметін Қазақстанның шет елдердегі Төтенше және Өкілетті Елшісі ретінде жалғастырды. Ол 1994 жылғы шілдеден 1996 жылғы желтоқсанға дейін Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі қызметін атқарды. Вашингтондағы жылдарында Қазақстан-Америка саяси және сауда-экономикалық қатынастары жанданып, жоғары және аса жоғары деңгейдегі екіжақты сапарлар, шағын және орта бизнес өкілдерінің өзара алмасуы, Қазақстан экономикасына америкалық инвестициялар тарту ісі жанданды.
Ол 1997 жылғы қаңтардан 2001 жылғы ақпанға дейін Венгриядағы, сондай-ақ қоса атқару тәртібімен Словакия, Чехия, Польша, Болгария және Румыниядағы елші болды. Бұл елдерде қызмет атқару кезінде екіжақты сауда, экономикалық ынтымақтастық, жекешелендіру тәжірибесін зерттеу, бірлескен кәсіпорындар құру және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу салаларында ауқымды жұмыстар жүргізді. Қазақстан-Венгрия қатынастарының дамуына қосқан үлесі үшін Венгрия Республикасының Президенті Т.Сүлейменовті «Қос Күміс Крест» орденімен, ал Словакия Республикасы Президенті екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды кеңейтіп, тереңдеткені үшін «Қос Крест» орденімен марапаттады.
Т.Сүлейменов 2001 жылғы ақпаннан 2003 жылға дейін Брюссельдегі Бенилюкс елдерінде елші болды. Қазақстанның Еуропалық Одақтағы, НАТО-дағы және Еуропарламенттегі Тұрақты өкілі қызметін қоса атқарды. Осы кезеңде ЕО институттарында, Еуропалық Одақтың Орталық Азия және Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастығы саласында берік өзара іс-қимыл бағдарламасы әзірленді. Брюссельде орналасқан НАТО Бас хатшысының Астанаға келуіне белсенді түрде ықпал етті.
2003 – 2005 жылдары Т.Сүлейменов Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі ретінде Польша Республикасында қызметін жалғастырды. Қазақстан мен Польшаның экономика, мәдениет, білім беру және ғылым салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты белсенді кеңейту бағытында атқарған жан-жақты әрі жемісті жұмысын ерекше атап өткен жөн. 2005 жылы Польшаның Президенті Александр Квасьневскийдің Жарлығымен Т.Сүлейменов «Қызметтегі еңбегі үшін» орденінің «Командорлық Крестімен» марапатталды.
2005 жылы Сыртқы істер министрлігіндегі көпжылдық қызметін зейнет жасына келуімен аяқтаған соң, Т.Сүлейменов Қазақстанға оралып, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына Проректор – Дипломатия институтының директоры болып жұмысқа орналасты. Академиядағы қызмет жылдары ішінде оның тыңдаушылары 14 докторлық (PhD) және 40 магистрлік диссертацияны қорғады. Т.Сүлейменов – дипломатия, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік, сондай-ақ Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының қалыптасуы жөнінде 130-дан астам мақаланың, 11 монографияның авторы. 2008 жылы саяси ғылымдар кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациясын сәтті қорғап, 2010 жылы саяси ғылымдар докторы ғылыми дәрежесін қорғап, профессор атағын алды.
Қарағанды металлургия комбинатындағы, кеңестік комсомол және партия органдарындағы, КСРО, Ресей және Қазақстанның Сыртқы істер министрліктеріндегі жемісті еңбегі және жоғары білікті дипломатиялық кадрларды даярлаудағы еңбегі үшін Т.Ы.Сүлейменов Құрмет белгісі орденімен (1976), «В.Лениннің туғанына 100 жыл» мерейтойлық медалімен, Ауғанстанның «Эфтехар» жауынгерлік еңбегі үшін орденімен (1984), Құрмет орденімен (2001), Венгрия Республикасының «Қос Күміс Крест» орденімен (2001), Словакияның «Қос Ақ Крест» орденімен (2001), Польшаның «Қызметтегі еңбегі үшін» орденінің «Командорлық Крестімен» (2001), Парасат орденімен (2009), Ресей Федерациясының Достық орденімен (2012), ІІІ-дәрежелі Барыс орденімен (2016), І-дәрежелі Барыс орденімен (2021), Словакия СІМ-нің «Алтын» медалімен (2001), Чехия СІМ-нің «Естелік» медалімен (2001), «ҚР дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері» атағымен (2005), ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен (2002, 2007), Экономикалық ынтымақтастық ұйымының халықаралық сыйлығымен (2012, Иран), ҚР Президентінің Алғыс хаттарымен (2011, 2016), Венгрия СІМ-нің Құрмет грамотасы және медалімен (2013), Польша СІМ-нің Құрмет грамотасы және медалімен (2013), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 25 жыл» медалімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 20 жыл» медалімен, «Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдығы» медалімен, «Қазақстан Республикасы Қарулы күштеріне – 10 жыл» медалімен, «Қазақстан Республикасы Парламентіне – 10 жыл» медалімен, «Астанаға – 10 жыл» медалімен, «Қазақстан Республикасы Қарулы күштеріне – 20 жыл» медалімен, «Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметіне – 25 жыл» медалімен, Нәзір Төреқұлов медалімен (2008), сондай-ақ ҚР СІМ-нің және басқа да бірқатар министрліктердің, агенттіктердің, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың грамоталарымен марапатталған. 2020 жылғы желтоқсанда Т.Сүлейменов Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты жоғары атағына ие болды.
2021 жылғы желтоқсанда Т.С.Сүлейменов «Отанға қызметі үшін» орденімен марапатталды. Сондай-ақ ҚР СІМ-нің «Еңбек ардагері» медалімен, «Қазақстан Конституциясына – 25 жыл» медалімен, «Қазақстан тәуелсіздігіне – 30 жыл» медалімен, «АӨСШК – 30 жыл» бірінші дәрежелі мерейтойлық медалімен наградталды. 2022 жылғы шілдеде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің 30 жылдығына орай ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Құрмет грамотасымен марапатталды. Ол 7 томдық «Қазақстан энциклопедиясын» әзірлеу тапсырылған ғалымдар құрамына енгізілген. Төрт жыл ішінде энциклопедияның жобалық нұсқасы жазылып, қазір тиісті органдардың қарауына жіберілді.
Т.Сүлейменов – Шығыс Қазақстан облысының және Аягөз қаласының Құрметті азаматы. Ол өңірде белгілі меценат ретінде танымал. Өзінің оқыған мектебінде оқушылардың оқу жағдайын жақсартуға көмектесіп, жаңа компьютерлер, теледидарлар, заманауи интерактивті тақта және басқа да жабдықтармен қамтылған компьютер сыныбын ашты. Қазақстандағы ең көне әрі жетекші педагогикалық оқу орындарының бірі – Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжде 1925–1931 жылдары білім алған әкесі Ысқақ Сүлейменов атындағы аудиторияны ашты. Оның қаржыландыруымен 2011 жылы Аягөз қаласында қазақстандық Олимпиада чемпиондарының қатысуымен салтанатты түрде ашылған бокс спорт кешені салынып, Аягөз қаласының әкімдігіне тегін берілді. 2015 жылы қала тұрғындары үшін 600 шаршы метрлік аумақта көптеген спорттық құрылғылары бар спорт алаңы салынды. Т.Сүлейменовтің жүлдесіне Қазақстанның барлық облыстарының, Алматы және Астана қалаларының құрамалары, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Әзербайжан боксшылары қатысқан 8 мәрте республикалық және халықаралық бокс турнирі өткізілді. Бокс мектебі спортшыларына жаңа жолаушылар автобусы сыйға тартылды.
Еліміздің дипломатиялық қызметі толық қалыптаспаған шақта сыртқы саясат саласында тұңғыш Сыртқы істер министрі болып жемісті еңбек еткен Төлеутай Ысқақұлы Сүлейменовтің еңбегі әркез халықтың есінде тұрары анық. Тұңғыштың аты – тұңғыш. «Елдік мәселенің ұсағы болмайды» деген қағиданы ұстанған Төлеутай Ысқақұлы асқан жауапкершілікпен өзіне сеніп тапсырған мәртебелі қызметін жемісті атқарып, Сыртқы саясат ведомствосының шырағын жаққан жарық жұлдызы болды. Жағылған шырақ әрқашанда жарқырай түссін деген ерекше құрметпен бүгінде Төлеутай Ысқақұлын мақтан тұтамыз!
Гүлсім ЕҢСЕПОВА,
ҚР Сыртқы істер министрлігінің
І-сыныпты кеңесші-дипломаты