ТҰҢҒЫШ
15.07.2025
383
0

Шоқан Уәлихановтың қалдырған әдеби мұрасы
қандай ұшан-теңіз мол болса, сол бай мұраны,
асыл қазынаны жан-жақты терең зерт­теп игеру
үшін сондай ұшан-теңіз мол еңбек ету керек.
Қайым МҰХАМЕДХАНОВ

Биыл ұлы ғалым, ағартушы, гуманист Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл, өмірден өткеніне 160 жыл толады. Осы меже қарсаңында өскелең ұрпаққа үлгі болсын деген ниетпен Шоқан туралы кезекті мақаламызды жариялауға бел будық. Өзіміз Шоқан жерленген Алтынемел өңірінде, Шоқан ауылында ержетіп, жастайымыздан Шоқан мен Тезек төре туралы көптеген әңгіме-аңыздарды естіп өстік. Мектеп қабырғасынан бастап шамамыз келгенше шоқантану ісімен айналысып жүрміз. Бүгінгі күнге дейін «Шоқан кімге керек?» «Шоқан және Тезек төре», «Шоқан музейіндегі балбал тастар құпиясы», «Шоқан салған сурет­тер», «Шоқан ілімінің көкжиегі», «Шоқан – қазақтың тұңғыш прозаигі», «Шоқанның әзіл-сықақтары», «Д.Қонаевтың Шоқанға тұрғызған ескерткіші», «Шоқан сүйген Айсара» сынды ғылыми-зерт­теу мақалалар жаздық.
Өкінішке қарай, жекелеген адамдар әлеумет­тік желілерде Шоқанды «сатқын», «шпион», «коллоборант», «Ресей империясының тыңшысы» деген жөнсіз айыптауларын тоқтатар емес. Ондай жалған айыптауға баратын жандардың дерлігінің Шоқан еңбектерінен хабары аз деуге болады. Себебі кез келген көзі ашық, көкірегі ояу адам Ресей империясы қазақ даласын отарлау саясатын Шоқан туған 1835 жылдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын бастап кеткенін білер еді. Қазақ мемлекет­тігінің тірегі – хандық жүйені 1822 жылы, Шоқан дүниеге келерден 13 жыл бұрын Патшаның арнайы жарлығымен жойған. Қазақтың соңғы ханы Кенесары опат болғанда Шоқан небәрі 12 жаста болатын. Орыс басқыншыларына Кенесары ханнан кейін мардымды қарсылық көрсету қазақ халқы тұрмақ, күллі Орта Азияда орналасқан дені мұсылман мемлекет­тері мен халықтарының қолынан келмеді. Сөйтіп, бүкіл Орта Азия аумағы біртіндеп Ресей империясының отарына айналды. Бұл үрдісті Шоқан қалай тоқтатар еді? Ол өмірінің соңына дейін бұқара халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, қолынан келгенше жағдайын жақсартуға тырысты.

 
Небәрі 29 жыл 7 ай ғұмыр кешкен Шоқанның ең алдымен ұлы ғалым, ағартушы, адамзат­тың тағдырын ойлаған гуманист болғаны туралы Потанин, Ядринцев, Гутковский, Гасфорт, Достоевский, Березин, Наумов, Бабков, Аристов, Гейнс, Остен-Сакен, Жонво, Семенов-Тян-Шаньский, Берг, Веселовский, Клеменц, Бекмаханов, Әуезов, Марғұлан, Дулатов, Мұхамедханов, Бегалин, Шота Уәлиханов, Қонаев, Мұхтарұлы, Хафизова, Зиманов, Мүсірепов, Мұқанов, Бақбергенов, Сәтбаев, Ерофеева, Көмеков, Өтениязов, Бейсенбайұлы, Бірмағамбетов сияқты зиялы қауым өкілдері жазып та, айтып та кеткен. Олардың ешқайсысы Шоқан жайында теріс пікір білдірмеген. Бір-ақ, мысал келтірсек, Алаш ардақтыларының бірі Міржақып Дулатов Шоқан туралы қазақ тілінде тұңғыш танымдық дерек беріп, қалың жұртшылықты таныстырған. Ол «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 4-санында жариялаған мақаласында Шоқанның ататегі, оқуы, Қашқар саяхаты, ғылыми еңбектері жайлы жазады. Ерекше тоқталатын жайт – М.Дулатов Шоқанды «орыс үкіметінің мұсылмандарды басып-жаншуының құралы ретінде қызмет ет­ті» деушілерге қарсы шығып, оған бұлжытпас дәлел келтірген.
Сонымен, Шоқан – қазақ халқынан шыққан тұңғыш кәсіби суретші. Бұл тұжырымға ешкімнің таласы болмау­ға тиіс. Себебі Шоқанға дейін кәсіби деңгейде қарындаш, тушь және акварель қолданып сурет салған ешбір қазақ баласы болмағаны аян. Оны ғылыми түрде академик Ә.Марғұлан дәлелдеген. Сонымен қатар 1985 жылы академик-жазушы Ғабит Мүсірепов: «Жасыратыны жоқ. Ұлы Октябрь революциясына дейін бізде адам бейнесін түсірген бір-ақ қазақ болды. Оның аты – Шоқан. Адам бейнесін сомдап сурет­теуге келгенде күні бүгінге дейін Шоқан картиналарына теңдесетін дүние әлі жоқ қой», – деп жазған екен. Кәсіби суретшілердің «…Шоқан сурет­терін мұқият қарар болсаң, ұлы суретшілерге тән әдіс-тәсілін байқайсың. Оның көптеген сурет­тері «Қайта өрлеу дәуірі» суретшілерінің туындысына ұқсайды, солардың техникасы мен әдістерін қайталайды. Бұл Шоқанның ұлы суретшілер Леонардо да Винчи, Рафаэль Сантидің графикалық сурет­терімен таныс болғанын дәлелдейді. Әсіресе оның долбар сурет­тері (наброскілері) Леонардо да Винчидің эскиз сурет­теріне өте ұқсайды», – деп берген бағаларына да ешкімнің таласы жоқ. Қазіргі күні Шоқанның 150-ге жуық суретін білеміз. Олардың көпшілігін жинақтап, ғылыми түсініктеме бере отырып, 1985 жылы ақын, өнер зерт­теушісі Сейсен Мұхтарұлы жариялаған. Бүгінде бірқатар БАҚ бет­терінде қазақ халқынан шыққан тұңғыш суретші Ә.Қастеев деген жаңсақ пікір айтылып жүр. Тарихи деректерде келтірілгендей, Шоқан 12 жасынан, яғни 1847 жылдан бастап кәсіби деңгейде сурет сала бастаған. Ал Әбілхан Қастеев Алматы қаласындағы сурет мектебіне 1927 жылы түскен. Бұл дегеніміз – Шоқанның сурет салу, кескіндеу өнерін Ә.Қастеевтен 80 жыл бұрын меңгергенін айғақтайды.
Әлемдік ғылымға қазақ ұлтының өкілі ретінде қомақты үлес қосып, қазақ халқын күллі әлемге танытқан тұңғыш ғалым да – Шоқан. Бұған дүниежүзі ғалымдары мойындаған Шоқанның ғылыми еңбектері, ашқан жаңалықтары, артында қалдырған мәңгілік өшпес, мол ғылыми мұрасы дәлел. Орыс әдебиетінің классигі, ойшыл Ф.М.Достоевскийдің 1856 жылғы 14 желтоқсанда Шоқанға жазған хатында мынадай жолдар бар: «Өз Отаныңызға ағартушы ретінде қызмет ету, орыс ортасындағы өз халқыңның жоғын жоқтаушысы болу қасиет­ті іс, ұлы мақсат емес пе? Сіз еуропаша толық білім алған тұңғыш қазақ екеніңізді еске алыңыз. Тағдыр бұған қоса, сізді тамаша адам етіп жарат­ты, сізге жүрек пен кеңпейілділік берді.
Мен сізді жақсы көретінім соншалық, сіз және сіздің тағдырыңыз туралы күні бойы ойланамын. Әрине, сіздің тағдырыңызды өз қиялымда жөнге түсіріп, аялай қарадым. Сол қиялдардың арасында жалғыз-ақ шындық бар. Ол шындық – сіз өз тайпаңыздан шыққан еуропалық білімді жалғыз адамсыз».
Шоқан Уәлиханов өз заманында ағартушы, ойшыл, ұлы гуманист, шығыстанушы, ориенталист, фольклорист, саяхатшы ретінде танымал тұлғаға айналды. Оның ғылыми мұрасы сан салалы, сан сипат­ты. Ал ғылыми ой-пікірлері ғұламалық, данышпандық, суреткерлік ат­ты үш бірдей ұлы қасиет­тің басын біріктіреді. Шоқанның зерт­теуші-ғалым ретінде, өзіне дейін ешбір адам баласы жетпеген дәрежеде қалам тартқан ғылым салаларын атайтын болсақ, оның табиғи дарыны мен ғұламалығына таң қалмасқа шара жоқ. Сурет және кескіндеу өнері, әдебиет, тарих, география, археология, архитектура, картография, топография, этнография, экология, экономика, биология, ботаника, зоология, минерология, нумизматика, ономастика, лингвистика, аудармашылық, теология, құқықтану, музыка, қолөнер, сауда-сат­тық т.б. салаларда Шоқанның ізі сайрап жатыр. Ол келтірген деректер асқан дәлдігімен ерекшеленіп, күні бүгінге дейін маңыздылығын жоғалт­қан емес. Бұл туралы зерт­теуші ғалым Мұхтарұлы Сейсен былай деп толғайды: «Деректерді Шоқан орын-орнына қолмен қойғандай етіп шегелеп, шегендеп береді. Бірде-бір мәліметін, бірде-бір анықтамасын орнынан қозғай алмайсың. Егер нақтылық дегеніміз – ғұламалық пен ұлылықтың белгісінің бірі екені ақиқат болса, онда оның мекен-қонысы Шоқан деректемелерінде». Ал Орынбор приставы Плотников өз мақаласында: «Небольсин мырза сұлтан Тәукин мен қожа Бабажановты да көп адам онша тани қоймайды дегенді айтады. Ал олар – өздеріне толық назар аударуға әбден лайық адамдар… Әрине, екеуін де Петерборда өзім тікелей танысып, көңілді кештерді бірге өткізген сұлтан Шоқан Уәлихановпен салыстыруға болмайды. Оның қабілет­тілігіне олар түгілі, біз Небольсин екеуіміз де тең келмеспіз. Шоқан Шыңғысұлы – әзірше қазақ арасындағы жалғыз феномен, біздің Орынбор даласында ондай құбылыс әлі көп күт­тіретін шығар», – деп қазақ саяхатшысына ерекше жоғары баға берді.
Шоқанның Тұңғыш қазақ халқының мүддесін қорғаушы, ағартушы-демократ, қоғам қайраткері ретінде де еңбегі ерен. Шоқан өзін «Қазақтардың ата-тегі», «Шона батыр», «Қазақтардың көшіп-қонуы», «Сібір қазақтарының сот реформасы жайында», «Даладағы мұсылмандық», «Шаманизм сарқыншақтары» сияқты еңбектерінде қаналған халықтың мүддесін қорғаушы, ағартушы-демократ ретінде танытады. Мысалы, сол кездегі патша үкіметі жүргізген сот реформасының халыққа жат сипатын ашып берді. Оның қалың бұқара емес, тек ат төбеліндей байлар мен билердің мүддесі үшін жасалып отырғанын ашық айт­ты. Сондықтан да Шоқан тап туралы қазақ тарихында тұңғыш рет қалам тартқан қоғам қайраткері болып есептеледі
Шоқанның тұңғыш этнограф ретіндегі еңбегі де орасан. Ол этнограф әрі шығыстанушы ғалым ретінде қазақ, қырғыз, ұйғыр, өзбек, ноғай, дүнген, моңғол, қалмақ, қытай халықтарына қатысты Шығыс деректерін түгел де терең зерт­теген. Олардың тарихын, шығу тегін, мәдениетін, тұрмысын, киім-кешегін, шаш қою үлгісін, қол өнерін, әскери әлеуетін, қару-жарағын сурет­терін сала отырып, ғылыми түрде алғаш болып талдаған. Бұл туралы Әлкей Марғұлан: «Шоқан Қашғардан «Тазкира-йи Сатұғ Бұғра хан (Сатық Бұғра хан тарихы)», «Тазкира-йи Тоғұлық Темір хан» (Тоғұлық Темір хан тарихы), «Тазкира-йи қожаған» (Қожалар тарихы), «Әбумүслім Марузи» және басқа сирек кездесетін бірқатар Шығыс қолжазбаларын, сондай-ақ нумизматика жәдігерлерін, тау жыныстарының жиынтықтарын, нефрит үлгілерін, гербарий және т.б. алып келді», – деп жазған. Мысалы, Ш.Уәлиханов «Жоңғария очерктері» ат­ты атақты еңбегінде, этнограф ғалым ретінде тұңғыш рет ғылыми тұрғыда қазақ пен қырғыз халықтарының айырмашылығын таразылады. Оларды өзіне дейін шатастырып жүрген Гум­больдт, Рит­тер сияқты ғалымдардың қателіктерін, яғни үйсіндер мен қырғыздар бір халық деп жазғандары шындыққа сәйкес емесін дәлелдеп, «Жоңғария очерктері» еңбегінде мынадай маңызды ғылыми тұжырым жариялаған: «Мен бурут­тар мен үйсіндерге (қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтары) қатысты этногафиялық жазбаларымды аяқтай отырып, бұл екеуі мүлде басқа халықтар, бір-бірімен шатас­тырмау керек екенін ескеру қажет деп санаймын… Тіпті Гумбольдт пен Рит­тер де істің мән-жайын дұрыс ұқпады, олар, бурут­тардың өздері Ұлы қайсақ жүзін құрайды деп және орданы Кіші және Орта жүзден айыру керек деп санады. Бұл құрмет­ті ғалым ағаларының үлкен қателігі болды. Қырғыз-қайсақтардың Ұлы, Орта және Кіші жүздері «қазақ» ат­ты бір халықты құрайды, олар – қытайлықтар «бурут­тар» деп, ал орыстар «қара» (дикокаменные) деп атаған қырғыздардан басқа халық. Бұл екі халықтың тілі де, шығу тегі де, салт-дәстүрі де бөлек». Осылайша, ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов ғылымда алғаш рет 1925 жылға дейін шығыстану ғылымында қолданылмаған қазақ халқының тарихи атауын қолданды. Ұлы ғалымның басқа да еңбектерінде тарих және этнография мәселелері жан-жақты қамтылған. Тіпті Шоқанның қазақ тұрмысын сурет­тейтін этнографиялық зат­тарды жинап, Петербордағы музейге (Кеңес үкіметі тұсында Ленинградтағы совет халықтарын зерт­тейтін музей) тапсырғаны туралы дерек бар.
Шоқан Уәлиханов тұңғыш саяхатшы-географ ретінде де кеңінен танылды. Саяхатшы Уәлихановтың Қашқарияға сапарының нәтижесі дүниежүзі ғалымдарын таңғалдырды. Сол заманда Шығыс Түркістан өлкесі басқа мемлекет­тер үшін беймәлім, жұмбақ болатын. Тіпті онда жабайылықтан әлі аса алмаған белгісіз тайпалар мекендейді деген пікір де орын алған уақыт еді.
Ғалымның география саласындағы еңбектері – Ішкі Азияның бірқатар аудандары үшін бұрын-соңды қайталанбаған жаңалық. Жоңғария жануарларының биіктік белдеулер бойынша таралу заңдылығы, Тянь-Шань сырт­тарының табиғат жағдайлары, Орталық Азияның батыс бөлігінің орографиялық және гидрографиялық ерекшеліктері, Жетісудың өсімдігі мен жануарлары жөнінен Түркістан мен Оңтүстік Сібір тауларының арасындағы өтпелі сипаты мен экономикалық байланыстары, Ішкі Азия топономикасының мәселелері Шоқан шығармаларында тұңғыш шешімін тапқан. Сондай-ақ Шоқан – өзіне дейін Қашқарияға барған атақты географ Адольф Шлагинвейт­тің 1857 жылы тамыз айында қанқұйлы Уәлихан төренің бұйрығы бойынша қаза тапқаны туралы дерекке қол жеткізіп, тұңғыш рет жариялаған ғалым. Бұл қайғылы оқиға туралы Шоқан «Адольф Шлагинвейт­тің өліміне себеп болған жағдайлар туралы мәлімет­тер» ат­ты еңбегінде егжей-тегжейлі жазған.
Ш.Уәлихановтың есімі Тянь-Шаньды алғаш зерт­теушілердің қатарында тұруы заңдылық. Оған әйгілі саяхатшы және географ М.И.Венюковтың: «Тянь-Шань таулы аймағын нағыз ғылыми зерт­теу Захаров, Уәлиханов және Голубевтен басталады», – деген сөзі дәлел бола алады. Шынында да, Ішкі Азияның бұл орасан зор тау жүйесіне алғаш аяқ басқан ғалым П.П.Семенов Тянь-Шанский тек Нарын өзеніне дейін жетсе, Ш.Уәлиханов оны солтүстүкте Іле аңғарынан, оңтүстікте тау жүйесінің етегіне дейін алғаш рет екі бағыт­та тұтасынан қиып өткен. «Іле өлкесінің географиялық очеркі» ат­ты тамаша еңбегінде Ш.Уәлиханов: «Іленің ұзындығы 800 шақырымнан астам, Талғар өзенінің сағасына жақын жерінің кеңдігі 200 сажын. Балқашқа қарай қат­ты құлдырайтындықтан және Алатау суының көптігінен ағысы өте жылдам. Оның суы өте лайлы, судың мазасыз ағысы қазып тастағандықтан, түбі тегіс емес, жағалауы батпақ, кей жерлері тік жар, әсіресе оң жағалауы», – деп тұңғыш рет ғылыми түрде Іле өзені мен оның салалары туралы жан-жақты мәлімет береді
Шоқан географиялық әдебиетке тұңғыш рет «Сырт» ұғымын енгізді. Ол Қашқарға барар жолдағы бақылау­ларының нәтижесінде Сырт туралы былай дейді: «Қырғыздар Зауқы асуынан Теректідауанға дейінгі аралықты (Қашқардан 150 шақырым жерде) биік, таулы және төбелі болып келеді деп таныстырды. Олар бұл өлкені биікке көтеріліп жатуына байланысты Сырт (Арқа) деп атайды. Олардың айтуынша, Сырт­тың ауасы тынысты тарылтады. Осы айтылғандарға қарап, Сырт­ты мен зор тау қыраты болуы керек деп болжаймын». Шоқанның сол кездегі Сыртқа берген ғылыми анықтамасын қазіргі ғылым толығымен дәлелдеді. Осы сияқты Ш.Уәлихановтың шығармаларында мұзарт, түтек, ебі желі, рабат, арасан, саз деген сөздер мен жергілікті географиялық терминдер де әдебиет­те тұңғыш қолданылған. Ұлы ғалым географиялық әдебиет­те тұңғыш рет Іле Алатауының тауаралық ойыстарын сипат­тап жазды, таудың солтүстік беткейінде өсімдік жамылғысының биіктік бойынша өзгеретініне назар аударды. Оның байқауынша, қар жиегінен төмен қарай түскенде көп ұзамай-ақ шырша орманы басталады, онан төмен ұсақ жапырақты ағаштар мен жабайы жеміс ағаштарынан тұратын жапырақты орман, дала, ақыр соңында Іле бойы шөлі бірінен кейін бірі ауысып отырады. Ш.Уәлихановтың: «Балқаш пен Алакөл жақын уақыт­та бір-бірімен байланысып, біртұтас су алабын құраған», – деген пікірін де қазіргі зерт­теулер толық қуат­тайды. Ол – ХІХ ғасырда мұндай пікір білдірген тұңғыш географ-ғалым.
Шоқанның қазақтың тұңғыш жазушы-прозаигі, публицист, фольклорист болғанын да зерт­теушілер жақсы біледі.  Бұл жөнінде ғалым мұрасын ең тыңғылықты зерт­теген академик Ә.Мағұлан: «Жүз жылдар бойы Ш.Уәлихановтың әдеби мұраларының зерт­телмей келуінің салдарынан қазақ әдебиетінің бұл асыл шығармалары күні бүгінге дейін бізге мәлім болмай келді. Енді бүгінде осылардың бәрі белгілі боп отырғанда, Уәлихановты тек ойшыл-ғалым ғана емес, қазақтың тұңғыш жазушы-прозаигі деп мойындау мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр», – деп атап өткен. Шоқанды жазушы-прозаиг деп атауға негіз болатын әйгілі «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Құлжа өлкесі жайлы очерк» «Қытай империясының Батыс провинциясы және Құлжа», «Қырғыздар жайлы жазба» сияқты бірнеше шығармасын атасақ та жеткілікті. Бұл жерде Шоқанның күнделік үлгісімен жазуы сол заманның алдыңғы қатарлы зиялы қауым өкілдері үшін тың жаңалық, жаңа серпін ретінде қабылданғанын атап айту қажет. Сонымен қатар ол шығармаларында әзіл-сықақты, мысқылды орынды қолдана білген, ғажайып суреткер публицист ретінде де танымал жазушыға айналды. Жалпы, Шоқан әдебиетпен бала күнінен айналысқан. Әжесі Айғанымнан бастап, ақын-жыршылардан, Құсмұрындағы алғашқы қазақ мектебінен ұлтымыздың ауыз әдебиеті туындыларымен сусындап өсті. Мысалы, жеті жасында әкесі Шыңғыстың көмегімен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ер Көкше»  жырларының бірнеше нұсқасын жазып қойған, кейінірек оларды Омбы қаласына барып, оқуға түскенде ұстазы Н.Ф.Костылецкийдің қолына тапсырады. Әкесі Шыңғыстың бұйрығымен үйлеріне бірнеше мәрте ақын, жыршыларды шақыртып, екеуі бірге қазақ әндері мен аңыздарын қағазға түсіріп, оларды да Омбыға жіберген. Сөйтіп, Шоқан қазақ халқының аса бай мәдени мұрасының бір бөлшегінің жазбаша түрде сақталып қалуына бала күнінен бастап үлес қосты.
Шоқанның әдеби мұрасына келетін болсақ, оның қайнар көзі кадет корпусындағы ұстаздарының сұрауымен ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтауынан, кейінірек, 1855 жылдан бергі Орта Азияға бірнеше мәрте жасаған саяхат­тарынан басталады. Алғашында жас ғалым Орталық Қазақстанды, Жетісуды, Тарбағатай тауларын аралап, қазақ халқын, тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын ғылыми тұрғыдан зерт­теуді қолға алып, заң дәстүрлері мен көне діни жоралғылары туралы ұшан-теңіз материал жинады. Оның қазақ халқының тарихына, этнографиясына, ауыз әдебиетіне арналған «Ұлы жүз қазақтарының аңыз-әңгімелері», «Ерте замандағы қырғыздардың қару-жарақтары», «Шона батыр», «Сахарадағы мұсылмандық туралы», «Шаман дінінің қазақ арасындағы қалдықтары», «Қырғыздардың ата-тегі», «Қазақ батырлары» сынды еңбектері тілдік қорының байлығымен, көркемдігімен ерекшеленеді. Осындай еңбектерінде Шоқан тарихшы, этнограф ретінде ғана емес, әдебиетші, қазақтың ән-күй үлгілерін жинақтаушы, публицист, көркем сөздің ғажайып шебері ретінде көрінеді. Ең жақын досы Г.П.Потаниннің айтуы бойынша, Шоқан жастайынан жазушы болсам деп армандаған.
Шоқанның тумысынан зерек, жастайынан сөзге шешен, ұшқыр ойлы, сәнқой адам болғаны да деректерден аңғарылады. Ол өзі оқыған әдеби шығармаларға сыни көзқараспен қарап, орайы келгенде сыншы ретінде жазбалар қалдырған. Оның әділетсіздікке жаны қас болғаны сонша, озбыр, дөрекі адамдарды мысқылдап, сынап тастайтыны туралы замандастары жазып кеткен. Атақты орыс ғалымы, этнограф, археолог Н.М.Ядринцев: «Шоқанның қысыңқылау көздері ақыл-ойға тұнып, жарқырап тұратын, жіңішке еріндерінен мысқылға толы күлкі кетпейтін. Әңгімелері ылғи да ұтқырлықпен ерекшеленетін, ол өте байқампаз әрі мысқылшыл еді. Оның мысқылы гейнелік юмор мен сатиралық сипат­та еді», – деп жазған болатын. Ойын ашық, бүкпесіз жеткізу үшін ол көптеген сурет­тері мен шығармаларында әзіл-сықақ жанрын кеңінен қолданған.
Шоқан еңбектерінде ықылым замандардан бері сыр шертетін тарихи туындыларды зерт­теуге, талдауға арналған жазбалар кездесіп отырады. Өзі аралаған қалалардан ең алдымен тарихи кітаптар сатып алып, жинақтап отырған. Мысалы, Қашғардан «Тазкира-йи Сатұғ Бұғра хан» (Сатық Бұғра хан тарихы)», «Тазкира-йи Тоғұлық Темір хан» (Тоғұлық Темір хан тарихы), «Тазкира-йи қожаған» (Қожалар тарихы), «Әбумүслім Марузи» және басқа сирек кездесетін бірқатар Шығыс қолжазбаларын әкелгені анық. Шоқан осындай аса құнды, сирек кездесетін кітаптарды терең зерт­теп, өзінің ой-пікірін жазып қалдырды.
Бөкей ордасының зияткер ханы Жәңгір Қазан университетіне Мұхамед Хайдар Дұғлат мырзаның парсы тілінде жазылған «Тарих-и-Рәшиди» деген кітабын сыйлаған. Бұл кітап 1854 жылы Петербор университетінің Шығыс тілдері факультетіне жеткізілген. Оның Мұхамед Садық Қашғари түрік тіліне аударған толық емес нұсқасы Ресей императорлық ғылым академиясына тапсырылған. Шоқан – Петерборда жүрген кезінде осы «Тарих-и-Рәшиди» кітабын тыңғылықты зерт­теген тұңғыш қазақ ғалымы. Сол сияқты, Шоқан
Қ.Жалаиридің «Жамиғ-ат-тауарих» ат­ты кітабын да тұңғыш талдап, бұл тарихи шығарманы ХV–XVI ғасырдағы қазақтың халықтық тарихи аңыздарының жиынтығы, қазақ тілінің көне ескерткіші деп бағалаған.
1957 жылы Алатау қырғыздары жырлайтын әйгілі «Манас» поэмасымен толық танысып, оған тұңғыш рет жан-жақты ғылыми талдау жасаған. Бұл поэманың «Көкетай ханның асы» деген тарауын тұңғыш рет жазып алып, тұңғыш рет орыс тіліне аударып, қырғыз халқының бұл әдеби мұрасын тұңғыш рет бүкіл ғылым әлеміне таныт­ты. Жазбаларында «Манас» поэмасын ежелгі заманның ұлы ақыны Гомердің жыр дастанына теңеп, «дала Иллиадасы» деп атайды.
Шоқан – қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, зерт­теп, бастырып шығарумен ғана қоймай, оларға теориялық талдаулар жасаған ғалым. Ол қазақ поэзиясын: өлең, жыр, жоқтау, қара өлең, қайым өлең деп жіктеген. Әрине, бұл қазақ өлеңі құрылысы, заңдылығы, ішкі ерекшелігі жағынан кейде нысанадан ауытқып жатса да, оны зерт­теу объектісіне айналдырып, пікір қозғауының өзі асқан ерлік, бүгінгі зерт­теушілер үшін үлгі-өнеге. Ш.Уәлиханов – қазақ халқының әдебиетін талдап, топтастырып, оған өз тарапынан құнды пікір айтқан тұңғыш оқымысты. Сондықтан америкалық профессор Э.Олуордтың Ш.Уәлихановты қазақ даласының бай мұрасын жинақтау ісінің негізін салушы деп бағалауы өте орынды екенін атап өтеміз.
Шоқанның ондаған тілдерді білгені, олардың құрылымын, әлеумет­тік қызметін, тарихи дамуын және жалпы заңдылықтарын зерт­теген тіл маманы болғаны жайлы академик Ә.Марғұлан былай деп мәлімдейді: «Ежелгі дәстүр бойынша, сұлтанның балалары «жеті жұрт­тың тілін біл» деген қағида негізінде бірнеше шығыс тілін үйренуге тиіс болды. Бұл дәстүр ол кезде әлі сақталатын, сөйтіп, Шоқан бала күнінен бастап-ақ шығыс тілдерін оқып, араб тілін меңгереді, ал кейінірек ұйғыр жазуын үйренеді».
Осы салаға байланысты бір ғана мысал келтіре кетсек, географиялық әдебиет­те жиі қолданылатын термин сөздердің бірі – жунгли. Шетелдік сөздіктерде немесе түсіндірмелерде жунгли үнді тілінен алынған деп жазылады. Оған себеп, үндіше «жангал» сөзі «орман» немесе «қалың тоғай» дегенді білдіреді екен. Ағылшын тіліне осы нұсқадан ауысқан деген жорамал бар. Ал Шоқан «Алты шаһардың немесе Қытайдың Нан-Лу» провинциясының (Кіші Бұхараның) шығыстағы алты қаласының жайы» деген еңбегінде «жунгли» терминінің шығу төркінін парсы тілімен байланыстырады және оған жан-жақты түсінік береді. «Өзен ағысының екі қапталын бойлап жасыл шөптен және түрлі бұталар мен ағаштардан тұратын жіңішке екі жолақ өңір қатарласа жүреді. Жергілікті халық осы жағалық орманды жыңғыл деген парсы сөзімен атайды, одан Үндістанда қабылданған ағылшын сөзі (Jungle) шыққан». Міне, Шоқанның осылайша берген түсінігінен «жунгли» сөзінің түп негізі қазақтың «жыңғыл» деген сөзіне алып баратынын байқауға болады. Омбыдағы Сібір кадет корпусында Шоқан орыс, француз, неміс тілдерін жетік меңгергені тарихтан мәлім. Оның сыртында корпуста шығыс тілдері, атап айтсақ, түрік, моңғол, парсы, шағатай, татар тілдері оқытылды.
Шоқанның көзін көрген замандастары оның өз халқынан шыққан тұңғыш дарынды полиглот екенін естеліктерінде жазып кеткен. Бұған дәлел – Шоқанның архивтерден табылған қолжазбалары.
Ол сонымен қатар Қазақстан көлемінде ғана емес, бүкіл Азия құрлығы бойынша ономастика, топонимика мәселелерін де тұңғыш көтерген ғалым. Жер-су атауларына байланысты түсініктемелер мен ескертпелер Шоқан еңбектерінде көптеп кездеседі. Оның жер-су атауларына мұншалықты ерекше көңіл бөлуінің өзіндік себептері бар. Бәрінен бұрын ХІХ ғасырдың орта кезіне дейін Қазақстан, Орта Азия жерінің географиялық тұрғыдан «ақтаңдақ» күйінде қалып келгенін еске алған жөн. Ол кезде Ресей мен Батыс елдері үшін Ішкі Азия табиғаты мен халқын былай қойғанда, жер-су ат­тары да түсініксіз жұмбақ нәрсе еді. Ғалымның жолжазбаларында да, географиялық, этнографиялық тарихи сүбелі еңбектерінде де жер-су ат­тарына үнемі түсінік беріп отыруының себебі осыдан деп білу керек. Бұған дәлел ретінде бір ғана «Ыстықкөл сапары күнделігін» мысалға келтірейік. Шоқан Аягөзден Ыстықкөлге дейінгі аралықта Аягөз, Арқат, Арғанаты, Қапал, Аралтөбе, Алтынемел, Шалтөбе, Лабасы, Төресазы, Бақалы, Қорам, Сөгеті, Бұғыты, Торайғыр, Манастың Бөзтөбесі, Санташ, Қарқара, Қарабатбақ, Бесқарағай, Иманата, сияқты атуларға түсініктеме келтірген.
Ең қызығы, ғалымның еңбектерінде тек түркітектес халықтар ғана емес, сонымен бірге моңғол, қалмақ, қытай тіліндегі атаулардың да түсініктемелерін өте дәл жазады. Шоқан – қазақ жерінде кездесетін моңғол және қалмақ тіліндегі жер-су атауларына назар аударып, зерт­теп, олардың мағынасын ашып көрсетуде де тұңғыш ғалым болып саналады. Мысалы, оның еңбектерінен Баянауыл, Алтынемел, Цағанбұғы, Күбергенті, Лабасы, Чахрхорум, Геджеге, Жоңғар, Түрген т.б. атаулардың тұңғыш аудармасын оқуға болады.
Шығыс халықтарының тілін жетік білгенінің арқасында Шоқан өзінің әскери қызметі барысында ауызша-жазбаша аудармашылықпен айналысқан. 1853 жылы 18 жастағы Шоқан Омбы кадет корпусын тамамдағаннан кейін Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфорт­тың адъютанты болып тағайындалады. Содан бастап күнделікті қазақ тілінен орысшаға, орыс тілінен қазақшаға аударып тұруға тура келеді. 1855 жылы Шоқан генерал Гасфорт­тың Орталық Қазақстан, Жетісу және Тарбағатай аймақтарына жасаған сапарына қатысып, үлкен сая­хат жасап қайтады. Оның барысында генералға қазақ, қырғыз, татар, ноғай сияқты тілдерден орысшаға аударып беріп отырған. Ал кәсіби аудармашы ретінде Шоқанның «Қозы Көрпеш» поэмасын орыс тіліне толық аударғанын көпшілік жақсы біледі. Бұл туралы академик Ә.Марғұлан: «Шоқан «Қозы Көрпеш» поэмасының аса көне нұсқасын жазып алған. Оның алғашқы төрт шумағы қаракесек руынан шыққан Жанақ ақындыкі, ал қалғандары ерте замандағы белгісіз ақынның аңыз-әңгімесі көрінеді. Жанақ ақын жырлаған поэма былай басталған:
«Мекен іздеп жігіт­тер кеп кетеді,
Ортасында Көктөбе белгі етеді.
Азамат­тар, ерінбей тыңдасаңыз,
Қозы Көрпеш Баянды тербетеді», – деп жазған.
Уақыт өте келе Шоқан қызмет барысында ұйғыр, қытай, өзбек, түрікмен тілдерінен де орыс тіліне аудармалар жасап отырған.
Тұңғыш картограф және топограф Шоқанға дейін картография мен топография ғылымын игерген ешбір қазақ баласы болмаған. Шоқан жазу-сызуды 4-5 жасынан бастап үйренген. Бұл өнерді Шоқанға алғашқы үйреткен әкесі Шыңғыстың Сырымбет пен Құсмұрындағы үйлеріне күндіз-түні келіп-кетіп жататын орыс ғалымдары, әскери мамандар, оқымысты инженерлер және білімді офицерлер болатын. Аталған салалардың кәсіби маманы ретінде Шоқан Омбыдағы Сібір кадет корпусында қалыптасты. Бұл жөнінде академик Ә.Марғұланның: «Қолданбалы ғылым салаларынан сызба геометрия, топографиялық сызу және сәулет өнеріне көп сағат бөлінді», – деген жазбасы бар. Шоқанның әлемге әйгілі карталары мен топографиялық сызбалары әлі күнге дейін маңыздылығын жойған жоқ.
Шоқан – барлық салаларды игерумен қатар, өзінің саяхат­тары барысында кездестірген архитектуралық нысандарды тұңғыш зерт­теуші. Оның ішінде ескі обалар, бейіт­тер, күмбездер, мешіт­тер, храмдар бар. Шоқан олардың сурет­терін салып, өлшеп, нақты параметрлеріне дейін жазып кеткен. Осындай зерт­теу­лерінің нәтижесінде: «Қазақ моласында және оның төңірегінде қазақтың бүкіл әдемілік танымы, сәулет өнерінің шеберлігі, ою мен көркем өнері көрініс табады», – деген тұжырым жасайды. Ұлы ғалымның мұндай еңбектерінен Қозы Көрпеш – Баян сұлу кесенесі мен мешіт­терді зерт­теуін, «Жұбан ана мазары», «Түп өзені бойындағы қырғыз молалары», «Қырғыз-қайсақ моласы және жалпы көне кезең туралы», «Қазақ мазарларының түрлері», «Нұра өзені бойындағы Ботағай кесенесінің сызбасы мен суреті», «Киіз үй» сынды жазбаларын атауға болады.
Тұңғыш құқықтанушы ретінде де еңбек еткен Шоқан бұл саламен Сібір кадет корпусының қабырғасында жүріп айналыса бастаған. Оған себепкер болған – петерборлық профессор И.Н.Березин. Ол Шоқанның қатарынан озған білімді оқушы екенін кадет корпусының ұстазы, әдебиетші, шығыстануш Н.Ф. Костылецкийдің өзіне жазған хатынан оқып, біледі. Сөйтіп, Н.Ф.Костылецкийдің арқасында 1852 жылы Шоқан мен И.Н.Березин арасында достық қарым-қатынас орнайды. Березин Шоқаннан хан жарлықтарында кездесетін терминдердің түсіндірмесін жасауын өтініп хат жолдайды. Шоқан оған былай деп жазады: «Бұрынғы жетекшім Н.Ф. Костылецкийден сіздің Тоқтамыс жарлығындағы бүгінгі татар тілінде қолданылмайтын кейбір сөздердің қазақша мағыналас нұсқасы бар-жоғын іздестіруімді өтінгеніңізді естіп, көнекөз қариялардан сұрастырып жүріп тілімізден бірнеше сөз таптым, енді соларды сізге жіберуге асықпын». Бұл жұмыс Шоқанды көне жазба ескерткіштерді зерт­теуге итермелей түсті, оның құқықтану ғылымындағы алғашқы қадамы хан жарлықтарын талдауға арналды.
Уақыт өте келе Шоқан сол заманның ең білікті құқықтанушы маманы ретінде белгілі болды. Бұл сөзіміздің дәләлі – оның профессор Н.И.Березиннің «Хан жарлықтары» кітабына жазған ескертпелері, «Сот реформасы туралы жазба», «Қырғыз-қазақ ордасы жайлы», «Ұлы жүз қазақтарын басқару туралы» сияқты теңдессіз ғылыми еңбектері және «Қазақтардың әдеп-ғұрып соты бойынша материалдарды дайындауға Ш.Уәлихановтың қатысқаны туралы құжат­тар» деген атаумен жинақталған жазбалар.

Бағдат АҚЫЛБЕКОВ,
шоқантанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір