Жанкешті ғалым
20.01.2017
2367
0

Сәрсенбі Дәуітұлы сонау совет кезінен бастап қазақ әдебиеттану ғылымына адал қызмет етіп келе жатқан ғалым. Атағы барлар бұл кісіні тыйым салынған  тақырыптарға салып өздері тасада қалып, әдебиеттегі заман қысым салған жобаларға Сәрсенбі Дәуітұлын жұмсаған. Әдебиетшінің  совет кезінен бастап қазақтың атақты Майқы би,Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер туралы да мағлұматтарды жария етіп кейін кітаптарын құрастырып шығарып бергені де анық. Мәшһүр Жүсіптің еңбектерін насиxаттап елге танытқан ғалымдардың ішіндегі бес уақыт намазы бар осы Сәрсенбі Дәуітұлы. Абылай xан бастаған қазақ xандары мен батырлары туралы мағлұматты, деректерді күні бүгін академиктер бастаған ғалымдар осы Сәкеңнің еңбектерінен тауып келеді. Атағы дардай біреу Сәрсенбі ағамыз жайлы «керек тақырыпқа бармай, не болса соған барып биліктің беретінінен өзі қағылып жүр» дегенді де естігенбіз. Тыйым салынған тақырыптарға барған Сәрсенбінің өз еңбегімен алған ғылыми дәрежесінен басқа күні бүгін ешқандай атаққа ие болмаған жалғыз әдебиетші шығар. Осыдан 30 жыл бұрын Мәскеуден оқып келген бетім, институтта екі баласымен отбасына  пештің ақауынан иіс тиіп қайғылы жағдайға ұшыраған Сәрсенбі Аға  қиналып науқастанып жүргенін естіген едім. Біреудің времянкасында тұрған отбасы осындай зардап шеккенде қазақтың азаматы, сол кездегі институт директоры, атақты партизан-жазушы Әди Шәріпов қалада тіркеуде жоқ бұл отбасыға бар абыройын салып,балаларын балабақшаға орналастырып, материалдық көмегін аямаған. Маған Әкемдей болған Әдекең Сәрсенбінің нағыз ғалым екенін сол кезде айтқан еді. Қазақ әдебиеттану ғылымында осынша әдеби жәдігерлерді қайтарып, Аxмет Байтұрсынұлы,Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлының әдеби-ғылыми мұрасын Мәскеуден әкеліп қазіргі әріпке түсіріп, кітапқа шығуына көмектескен Сәрсенбі аға өз істегенін еш жерде жария етпейтін ғалым. Үн-түнсіз қызмет етіп келе жатқан Сәрсенбі Дәуітұлы осы қылықтарымен ғалымның ізгілікті болуын да насиxаттап келеді.

Осыдан біраз жыл бұрын аға екеуміз«Он ғасыр жырлайды» поэзия антологиясының құ­растыруына қатыстық. Мәтіндердің түп­нұсқасын төте мен қадымды білетін Сәрсенбі аға қарастырған еді. Кейін бұл кітап сынға ұшы­рады, «Аллаh» деп жазылған деген кінә та­ғылды. Екеумізді кінәлағандар «неге Алла деп жазбадыңдар» деп күні бүгінге дейін Сәр­сенбінің еңбегін жоққа шығармақшы. Аллаh пен Алла арасындағы соншама жаға жыртысатындай қатені мен өзім түсінбей келемін. Алаш Арыстары кітаптарында да Аллаh болса оларды қазіргілерге ұнау үшін өзгерту қиянат емес пе? Сәрсенбі Дәуітұлы екеуміз осындай қуғынға ұшыраған кезде тек академик Қайдар Әбдуәлі ғана лингвистикалық сараптама беріп, бізді қорғап үлкен аза­мат­тығы ме­н ағалығын көрсеткен еді. Екеумізді кінә­ла­­­ған­дардың бірі былтыр Мемлекеттік сый­лыққа ұсынылған, кезінде ол Аллаh сөзіне қарсы болғаны үшін де өзін қазіргі заманның батырымын деп жүр-ау… Осы рет­те айта кету керек, бұл жинақты құрас­тыр­ғанда біздің тарапымыздан әдеби мәтін­дерге қиянат жа­сал­мады. «Аллаh» деп жа­зыл­ған сөзді бұр­малау­ға ескі жазуды білетін Сәр­сенбінің на­мазы да жібермейтіні анық. Басқа біреу­лер­дің арам пиғылы болса оны бір Ал­лаға тапсырдық. Сәрсенбі Аға осы қысым­нан кейін қатты науқастанып жұмыс­тан шы­ғуға мәжбүр болды. Содан берімен ұсын­ған бірде-бір ғылымижоба өтпей әдебиет теориясы бөлімі жабылды. Бізді ғылымнан шеттеттік дегендерді бір Аллаға тапсыр­дық…
Қазақ  әдебиеттану  ғылымының жанкешті сарбазы болып, оның азабы мен мехнатын бір­дей көтере жүріп Сәрсенбі Дәуітұлы 70 дей­тін кемелді жасқа келіпті. Алдымен Аға­ның келген белесіне құтты болсын дейік!
Енді қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымына үл­кен үлесін қосып келе жатқан нағыз ғалым­ның еңбегі туралы аз-кем айтайын.Тәуел­сіз кез­дің алғашқы жылдары Дәуітұлы­ның құрас­тыруымен жарық көрген Бұқар жырау, Төле би, М.Ж.Көпейұлы, Қарасай батыр, Домалақ ана, Сүйінбай Аронұлы, Қазанғап, Орманбет би, Қожа Ахмет Иассауи әдеби мұра­лары негізгі кәсіби әдебиеттанулық зерт­теулерге жол ашқаны анық. Сонымен қа­тар, С.Дәуітұлының Мәшһүр Жүсіп Кө­пейдің жаңадан табылған өз қолымен жазған өмір­баяны; Жалаири мен Ораз Мұхаммедтің қазақ пен орыс қарым-қатынастардың           бастауы; Ш.Құдайбердіұлы еңбектерінің түп­нұсқалары мен қайта жариялымдары; Әб­ділда Тәжібаев шығармашылығындағы ежел­гі әдебиет дәстүрлері; қазақ ақын-жырау­лары Ислам діні туралы; Домалақ ана тура­лы ғылыми деректер, жазба әдебиетіміз кім­нен басталады; Ескелді бидің ауыз әде­биетіндегі бейнесі; Абай және Көкбай арасы; Орманбет би, Төле би, Әйтеке, Қазыбек бидің әдебиеттегі бейнесі «Жамбылдың ақындық әлемі» атты зерттеу мақалалары тарихи негізі мұра­ғаттық деректермен айқындалған.
1988-1989 жж. А.Байтұрсынұлы мен Шә­кәрім Құдайбердіұлының әдеби мұрасын Мәс­кеудегі спецхраннан (Химки) елге әкел­ген де С.Дәуітұлы еді. Төте жазудағы мәтін­дер­ді қазіргі әріпке түсіріп, бұл әдеби мұра­ның алғашқы тәуелсіздік кездегі басы­лым­ның жауапты шығарушысы С.Дәуітұлы болуы сондықтан.
С.Дәуіттің «Төле би» (1993) атты зерт­теуінде қазақтың шешен сөз дәс­түрін жаң­ғыртқан Төле би туралы тарихи, ғұмыр­на­малық, шығармашылық де­ректер мен тың ғы­лыми мағлұматтар тұң­­­­ғыш рет жаңаша жүйе­леніп берілген е­ді. Кі­тап үш тараудан тұра­ды: «Бірлігі бар ел азбайды», «Ұлы би­дің ата тегі», «Төле би­дің тұлғасы». Зерттеуде шешен сөз жан­ры­ның ерекшелігі мен дамуына Төле би қосқан үлес тұң­ғыш рет нақты­ла­нып, мәтіндік мысалдар арқылы айқындалған.
Тәуелсіз кездің әдебиет­тануы­на қосылған келесі құнды әде­би жәдігер – Бұқар жырау Қалқаманұлы­ның «Ай, Абылай, Абылай! Толғаулар» атты жи­нақты құрастырды. Әдебиетші Бұқар жырау толғауларының талдауын М.Әуезовтің пі­кіріне сүйене отырып жүйелеп,өзіне дейін­гілерді ескере отырып, Асанқайғы мен Бұқар жырау тол­ғау­ларындағы ортақ сарынды нақ­ты са­лыс­тырулар мен талдаулар арқылы анық­тап берген болатын.
«Көңіл сазы»: әдеби мақалалар атты мо­ног­рафиясында С.Дәуітұлы, Ә.Тәжібаев поэ­зиясының ерекшелігіне кеңінен тоқталып, қа­зіргі әдебиеттану талаптарына сай ақын шы­ғармалары Пушкин, Гете, Абай поэзиясы жаңаша контексте бағаланған.
2001 жылы жарық көрген докторлық  дис­сертацияның «Диуани хикмет және қазақ поэ­зиясы» атты монографиясы қазіргі әде­биет­тануға тың деректер қосты. Тәуелсіз кез­ге дейін арнайы зерттелмей келген Қожа Ах­мет Иассауи хикметтері тұңғыш рет әде­биеттанулық зерттеуге арқау болған. Мо­нографияның «Қожа Ахмет Иассауи поэ­зия­сы­ның ерекшеліктері», «Қожа Ахмет Иассауи дәс­түрлері жыраулар поэзиясында», «Қожа Ахмет Иассауи дәстүрлері жазба әдебиетте» атты тарауларында «Диуани хикметтің» қа­зақ әдебиетінің қалыптасуына, дәстүрлі әде­­биетке әсер еткені кәсіби деңгейде ай­қын­далған. «Біздің бұдан аңғаратынымыз, Ал­ланы тануда да, оның тіл жетпес хикметін көпшілік қауымға жеткізуде де поэзиямыздың бірде бір желісі, дәстүрі үзілмегендігі, сонау ХІІ ғасырда өмір сүрген Қожа Ахмет Иассауиден бастап, Абайға дейінгі аралықтың қай­мағы бұзылмағандығы анық байқалады» деп қорытындылайды    С.Дәуіт. Қазақ же­рін­дегі асыл сөз дәстүрінің негізі – рухани ұста­ным болғаны осылай айғақтаған.
Абай поэзиясына қатысты ғалымның ойы да ғылыми негізді: «Бір ойланатын мәселе, Қо­­жа Ахмет те, Абай да наданның шын­дық жо­лымен жүр­мей­тінін сөз етеді. Қожа Ахмет: «ту­ра айтсам да те­ріс жол­ға мойнын бұ­рар» десе, Абай: «ақылсыз шынға сен­бей, жоққа сен­бек», – дейді. Сырты бү­тін, іші түтін ақы­­мақ жандар «Алланы бір, Пайғам­бар­ды хақ» деп танымайды. Өйткені, олардың жа­нында жарқыра­ған ақ шуақ жоқ. Көкірегі қара тү­нек, көзі перделі, жалған сөй­лемесе жүре алмайды. Бас­қан із, сөйлеген сөз, істеген ісінде шын­дық атымен жоқ. Өйткені, ол шындықты іздемейді, іздемек тұрмақ «Алланың ақ жолымен жүрейінші» деп бір сәт те ойланбайды. Ал Қожа Ахмет: «мінәжат еттім, мүскін Қожа Ах­мет, иә, Алла, бар пендеңе қыл рақмет», – деп шындықты да, бақытты да, бақи дүние­нің жақсылығын да бір Алладан күтсе, Абай: «Алла мінсіз, әуел­ден пайғамбар хақ», – дей­ді. Бұл жерде Абайда екі дүниенің кілті бір Алланың қолында, Құдайсыз қурай сынбайды, Мұхаммед (с.ғ.с.) оның адал досы, елшісі, құ­лы деген ойды бәрімізге тү­сін­діріп тұр», – деп С.Дәуі­тұлы рухани дәстүр жал­ғас­­тығын осылай анық­­­­тап береді. «Қожа Ахмет пен Абайдың туынды­ларын оқы­ған­да бай­қа­ға­нымыз, екеуінің де ұстан­ған жолы – Алла­ның «құ­діретін сезіну, адамзатты бауырым» деп білу, сонымен бір­ге, Мұ­хаммед (с.ғ.с.) хақ­­тығына шын көңіл­­­­мен илану» деп қорытын­дылай­ды.
Сәрсенбі ағамыз Иа­ссауи дәстүрінің жалғ­а­сын жыраулар поэзиясынан тауып: Марғасқа, Тә­ті­қара, Жанақ, Кемпірбай, Шө­же, Әсет, Шашубай, Сүйінбай жы­раулардың толғауларын осы тұрғы­да қарас­тырған.
Осы ретте Қабан жыраудың толғауы ту­ра­лы: «Жыраулық поэзияның түп қазығы – ақыл-нақыл екені әмбеге аян. Осы себепті Қа­бан жыраудың да көбінесе шығармашылары жақсылық пен жамандықтың ара қатынасын саралауға құрылған. Біз ақынның «Бәрің тағы тыңдаңдар» атты өлеңін оқысақ: «Бо­лың­дар тіршілікте тату-тәтті, Бір күні барамыз ғой көр аузына. Дүниеде ешбір қатер жуымайды, Әркім ие боп жүрсе өз аузына. Ба­сына бәле адамның тілден болар, Сол тіл­ден ұрынады өз дауына. Әр адам өз аузына ие болса, Қызырдың жолығады қорғауына!», – деп Қабан жырауды жаңа тұрғыдан танытады.
Сонымен қатар, Сүйінбай мен Қатаған ай­тысына арнайы тоқталған С.Дәуітұлы І.Жан­сүгіровтің пікіріне сүйеніп айтыс өне­рінде Сүйінбайдың атын шарықтау биікке көтерген – Қатағанмен сайысы екенін еске салады. Бұл оқиға 1852 жылы июнь айының бас кезінде болса керек. Айтыс тартыс-та­ласы мол, қақтығысқа толы жағдайда өтеді. Сүйін­бай қазақ халқына қандай танымал болса, Қатаған да қырғыз еліне сондай мәш­һүр. Қай ел өзінің атақ-абыройын төмен­дет­кісі келеді. Қазақтар Сүйінбай мықты ақын десе, қырғыздар Қатағанды кем соқты демеген. Қатағанды жоғары бағалаған ел-жұрты оны «Арыстан, Арыстанбай» деп атаған. Бұл ай­тыс өнерінің негізгі ұстанымы екенін ке­зін­де «Әдебиет танытқышта» А.Байтұрсынұлы айқындап берген.
Сүйінбай ақын қашан зерттеле бастады? Ол туралы «Сүйінбай творчествосы назарға ілі­ніп, баспа бетінде жарық көре бастауы – Қа­зан төңкерісінен кейінгі дәуір. Оған Жамбылдан бастап көптеген ақындар өлең арнады, ақын творчествосы жайында кандидаттық диссертация қорғалды. Оның «Апырмау, мы­нау жатқан Сарыбай ма?», «Кәрілік» деген өлеңдерін С.Сейфуллин жарыққа шығарса, одан кейінгі жерде шығармаларын жариялауға көмек­тесіп, пікірлер айтқан Қ.Жұмалиев, М.Қаратаев, Б.Ақмұқанова, Р.Бердібаев сияқ­ты ғалымдар деп ғалым нақтылап берген.
Сонымен қатар, Сүйінбайдың творчествосын барынша қадағалап, жинастырып, қыруар еңбек еткен адам – І.Жансүгіров еке­нін С.Дәуітұлы айтып қана қоймай, ХІІ ға­сырда ғұмыр кешкен Қожа Ахмет Иассауи дәс­түрінің желісін үзбей, ХІХ ғасырдың екін­ші жартысына дейін ақын-жыраулар тол­ғауларында жалғасқанын ғылыми тұрғыдан дәлелдеген. Жалпы, толғау жанрының басты мақсаты – адам баласының ішкі жан сарайын тазалау еді.
Сәрсенбі Дәуітұлы әдеби жәдігерлер – нақты мәтіндер байланысы туралы былай деген: «Қожа Ахмет Иассауидің «Диуани хикмет» атты кітабы адам баласының ішкі құ­пия­сына терең үңілетін туынды. Мұнда пай­ғамбардың (с.ғ.с.) өмірбаяны, Ислам діні­нің адамзат ғұмырын­дағы аса заңғар орны, оның қа­ғи­далары әрі ма­ғына­лы­лы­ғы шынайы жыр­лан­­­ған. «Қожа Ах­­мет­тің ілімі­­нен бастап елі­міз бір­жола ислам ді­ніне бет бұ­рып, отыз күн ора­за, бес уа­қыт намазды оқи­тын болыпты, ата-ананың қарызын Мек­кеге үш рет арқа­лап бар­саң да өтей ал­майсың», – деп әке мен ше­шені қасиеттей біліпті» де­лінген Мәш­һүр жаз­ба­ларында. Рухани дәстүрді жал­ғас­тырған Мәшһүр жаз­­ба­лары да бір ізге кел­тіріл­ген.
«Қожа Ахмет Иассауи поэзия­сының ерекшеліктері» атты бірінші бөлімде қаралған өзекті мәселе – ақынның «Диуани хикмет» атты еңбегіндегі сопылықты жырлауындағы өзіндік көзқарасын жан-жақ­ты талдай келе ғалым ағамыз: «Бүкіл ғұмырын исламның жолына арнаған ғұламаның хик­меттері Кеңес дәуірінде зерттелуі былай тұр­сын, көпшілік қауымға таратылып, түсін­дірі­ліп айтылғанда емес, оқытылған да жоқ. Рас, сол кездегі ат төбеліндей шығыстанушы ға­лымдардың сопылық жайында, оның шығу тегі, сопылардың өмірге, тіршілікке көз­қара­сы, фило­софиялық ой-пікірі туралы бір­сы­пыра еңбектер жазылғаны анық. Мі­не, осы ғылыми еңбектердің ішін­де Қожа Ахмет Иассауидің қысқаша өмір­бая­ны, өзіндік ұстанған бағыт-бағ­дары жан-жақты терең зерт­телмесе де аталып, ай­ты­лып отырған» деп ба­ға берген. Сонымен бір­ге, «Қожа Ахмет Иас­сауи дәстүрлері жаз­ба әде­биетте» деген бөлім­де өлең, толғау, дастандар ел ішінде қолжазба күйінде тарап, Қазан қа­ла­сынан кітап болып та шығып, кезінде аты та­нымал болған әйгілі ақын­дар Дулат, Шортанбай, Абай, Майкөт, Жүсіпбек қожа, Мәшһүр Жүсіп, Албан Асан, Ақылбек секілді шайырлардың туындылары Қожа Ахмет Иассауи шығарма­лары­мен салыстырылып қарастырылған.
М.Көпеевтің 1992 жылы жарық көрген     ІІ том­дығының «Халықтың маржан тілін қа­дір­­леген» деп алғысөзін және түсініктемелерін жазған да Сәрсенбі Дәуітұлы. Мәшһүр Жү­сіп­тің ауыз әдебиетін жинаумен қатар, «Абылай хан жайлы аңыздар», «Олжабай батыр», «Бөлтірік шешен», «Шоң би», «Шернияз ақын», «Бұл қазақ қай уақытта үш жүз атан­ған» деген мақалалардың авторы екенін тал­дап берген.
С.Дәуітұлының құрастыруыменХХ ға­сырдың басын қамтыған «Қазақ поэзия­сы­ның антологиясы» атты ғылыми жинаққа С.Дәуітұлы келесі әдеби мұраларды енгізген: Жүсіп­бек Шайхисламұлы, М.Ж.Көпей, Балуан Шолақ, Асан Барманбекұлы, А.Бай­тұр­сынұлы, Ақылбек Сабалұлы, М.Жұмабаев, Сә­пөк Малтақанұлы, Өзбек Бектемісов, Қайып­назар Аймағанбетов.
2005 жылы жарық көрген Қазанғап Бай­болұлының «Еңсегей бойлы ер Есім» жина­ғын да құрастырып, арап әрпінен қазіргіге түсірген Сәкең, «Қазақтың батырлық эпосы» (1992) жинағының құрастырушы мен ғылыми түсініктемелердің авторы. Бұл ғылыми маңыз­ды мәтіндерде Ер Едіге, Ер Көкше, Ер Сайын, Қарасай-Қазы туралы әдебиеттану­лық маңызы зор тың тарихи деректер кел­ті­ріл­ген.
Қысқасы, көрнекті шығыстанушы ғалым, профессор Әбсаттар Дербісәлінің «ежелгі жаз­ба мұраларды ақтарып, оларды қазіргі қа­зақ қәрпіне түсіріп, жариялауы, Мәшһүр Жү­сіп Көпейұлының екі томдық таңда­ма­лы­сы­ның алғысөзі мен түсінігін жазып және Шә­кәрім Құдайбердіұлының да шежіресін жа­рыққа шығарған, Абылай хан жөнінде бір том­дық кітап құрастырған, хан Кене туралы Нысанбайдың дастанын тұңғыш рет «Парасат» журналына жариялаған, кезінде ел үшін еңіре­ген ақындар Дулат, Шортанбай, Мұрат үшеуінің шығармаларын «Зар заман» деген атпен жеке кітап етіп құрастырған дәл осы Сәрсенбі Дәуітұлы» деп бағалауы өте орынды.
Репрессияға ұшыраған Алаш арыстары шы­ғамаларын қалпына келтіріп, қайта шы­ғару кезінде 1988-1992 жылдары Мәскеу, Санк-Петербургтен бес арыс туралы мате­риалдар­ды алып келіп, Шәкәрім Құдай­бер­ді­ұлы мен Ахмет Байтұрсынұлының кітабын құрастырғанын біреу білсе, біреу білмейді.
XV-XVIII ғасырлардағы «Қазақ әдебиеті­нің тарихы» (2000) атты ғылыми монография­да С.Дәуітұлы «Жиембет жырау», «Марғасқа жырау», «Тәтіқара ақын» атты тараулардың ав­торы.
Тәуелсіз әдебиеттануға тікелей әсер еткен «Ай­қап» атты ғылыми еңбек 1995 жылы жа­рық көрді. Ғалымдар Ү.Субханбердинамен С.Дәуіттің құрастыруымен осы «Айқап» жур­налындағы материалдарды өз алдына кітап етіп топтастырған. Бұдан кейін Ахмет Бай­тұр­сынұлының редакторлығымен 1913 жылдан бастап жарық көрген «Қазақ» газетін де осы қаріпке түсіріп, құрастырушылардың бірі болған да С.Дәуітұлы екенін естен шы­ғар­­майық. Бұл еңбек 1998 жылы жеке кітап бо­лып жарық көрді. «Ерте туып кеш қалған, қап әттеген-ай, «әй, қап!» («Айқап») деп сан соқ­қан заманда, хат білген қазақ атаулының сыр­ласы, ақылшысы болған «Айқап» бетінде жа­рия­ланған, кейін ұмытылып, енді ғана өз жұр­тымен қайта қауышқан А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабай, М.Дулатұлының алғашқы шы­ғармалары берілген. Бір ерекшелігі, мұнда бас­қа да көптеген танымдық материалдармен қо­са қазақ шежіресі, яғни қазақтың шыққан тегі жайындағы құнды деректер де жарық көрген.
Ал кәнігі зерттеу­шінің Абай мен Жам­был­тануға қосқан ең­бек­терінің өзі бір төбе. Бұл ба­ғыт­тағы ғы­лыми ең­бектері әріп­тес­те­рі­мен бір­ге мен де бірнеше рет пі­кір бі­лдіріп, ойла­рым­­ды жаз­ған­мын. Ғылым жолында өзінің адал да жан­кеш­ті еңбе­гі­мен рухани кеңі­сіт­ігі­міз­ге шырай беріп келе жат­қан арда азамат жай­лы алдағы уа­қыт­­та да жаза береміз.
Қазақ әдебиетінің екі үл­кен саласы – ауыз әдебиеті мен жазба әде­бие­тінің екі ірі өкі­лі «бір ойды екі тәсілмен, екі үлгі­де айтып отыр» десе, біздің бұ­ған алып-қо­сарымыз жоқ. Бұл соңғы сөйлемдерде әде­биеттанушы Сәр­сенбі Дәуітұлының зерт­теу­шілік тұжы­ры­мы ғана емес, асыл сөзді та­ныта білуіндегі зеректігі аңғарылады. Үн-түн­сіз, атақ-абырой дә­мет­пей, осыншама әде­би жәдігерлерді жа­рық­қа шығарып, асыл сөз не екенін танытып келе жатқан ғалымға абы­ройлы бола беруін тілей­міз.

Айгүл ІСМАҚОВА,
М.Әуезов атындағы
 Әдебиет және өнер институтының
бас ғылыми қызметкері,
Филология ғылымының докторы,
профессор.


Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ,
Қазақстанның халық жазушысы

СӘРСЕНБІ ІНІМЕ

Сәрсенбі сәтті күні туған бала,
Арманын сәбиінен қуған бала.
Халқының қасында ол қаршадайдан,
Қақаған қасіретте, думанда да.

Жаралған шұғыладан, отты үміттен,
Атаның ұлы жолын қатты күткен.
Өлеңмен ерте өртеніп өлең бітсе,
Өлеңшіл бабаларын көп тірілткен.

Анадай анарынан бала емізген,
Данадай күндіз-түні елегізген.
Суанның думаншысы, бір жүйрігі,
Сүйікті Сәрсенбіге сәлем бізден.

От алған өткендерден, кеткендерден,
Бата алған бетегелі көк белдерден.
Уақытын аямайды ұрпақ үшін,
Бақытын аялайды көктем берген.

Оятқан Бұқарды да, Жүсіпті де,
Жаза алған ең қауіпті ісікті де.
Қияға қанат байлап күнде ұшыпты
Қиялдың бал қымызын ішіпті де.

Сәрсенбім, сәніменен жүрген інім,
Ескілер сарайына кірген інім.
Жаңаның арайына бетін жуып,
Дәстүрін жалғастырған іргелінің.

Бойынан ойы биік қарағымды,
Інілер осы күні аға қылды.
Жуандар қызметіне пайдаланып,
Кішілер іздеп мұны тағы ағылды.

Жарылқап, білігімен жүр Отанын,
Кіретін ормандары, сірә қалың.
Елуге келдім дейді, елуді бір,
Алпыс деп ойлайтындай бұл опалым.

Тағы да қорамсаққа оқ сал бала,
Сен бүгін көп керексің сол шаруада.
Жеткейсің алпысқа да, жетпіске де,
Құрық сал құдай жазса тоқсанға да.

Айғайшыл ояу көкірек, аман тірек,
Тұр сенің саулығыңды заман тілеп.
Бабалар жасайтұғын ұлы жасты,
Жырымды тоқтатайын саған тілеп…


Құдай  берген қысқа өмірдің парқын білмей, көп адам есіл уақытты босқа өткізгенде, Сәрсенбі күндіз архивтердің зынданында шаң жұтып, түнде жұрт ұйықтап жатқанда ақ қағаз бен қара қаламды серік етіп, небір аңтаңдақтарға жан бітіреді. Тірінің өзін өлтіру әркімнің қолынан келеді. Ал өліге жан бітіру Құдайдың сүйген құлының ғана қолынан келеді. Мұндай ғұлама бейнетқорлар неғұрлым көп жасаса, соғұрлым халыққа игілікті.

Шерхан  МҰРТАЗА


Сәрсенбі еңбегінің қалың жұртшылықтың құлағын елең еткізген бір тұсы – Мәшһүр Жүсіптің мұрасын зерттеп, жариялауы. Ғұлама ғалымның еңбегін оншақты жыл сарыла зерттеудің нәтижесінде оның 2 томдық кітабын дайындап, «Ғылым» баспасына ұсынған да осы Сәрсенбі.

Әбдуәли ҚАЙДАРОВ,
Республикалық «Қазақ тілі»
қоғамының президенті, академик


Тарихымыздағы «ақтаңдақтар» – алыптармен туған жұрты қайта табыса бастаған кезде де бәрімізден бұрын қимылдаған, Мәскеудегі Ленин кітапханасына қайта-қайта барып, Ахмет, Шәкәрім, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбектердің бұрынғы араб әрпімен басылған кітаптарын әкелуші де осы С.Дәуітов болды.

Әбділда ТӘЖІБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір