Қайраткер, ғалым, ұстаз
13.02.2023
533
0

Отандық жалпы тарих ғылымының корифейі, осы салада жоғары білікті мамандар даярлау ісіне сүбелі үлес қосып келе жатқан майталман-тарихшы, профессор, ҚР ҰҒА Құрметті Академигі Қалқаман Тұрсынұлы Жұмағұловтың есімі бүгінде тек еліміздің ғана емес, алыс-жақын шетелдердің де зиялы қауымына жақсы таныс.

Отандық жалпы тарих ғылымының корифейі, осы салада жоғары білікті мамандар даярлау ісіне сүбелі үлес қосып келе жатқан майталман-тарихшы, профессор, ҚР ҰҒА Құрметті Академигі Қалқаман Тұрсынұлы Жұмағұловтың есімі бүгінде тек еліміздің ғана емес, алыс-жақын шетелдердің де зиялы қауымына жақсы таныс.
Кеңес дәуірінде тарих ғылымының іргелі салаларының бірі – жалпы тарихтың бірден-бір орталығы Мәскеу болып, ұлттық аймақтардағы жалпы тарихпен айналысушылар тек Мәскеу арқылы ғана жұмыс жасап келгені белгілі. Республикамыз егемендігін алған тұста осы саланың негіздерін қалыптастыру, жалпы тарих саласының орталығын негіздеу міндеті әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Қалқаман Жұмағұловтың мойнына түсті. Тәуелсіздігіміз жарияланған алғашқы күндері-ақ, яғни сонау 1991 жылдың соңында университет шаңырағында дүниеге келген «Ерте дүние және орта ғасырлар тарихы» кафедрасы Қалқаман Тұрсынұлының төл перзенті десек артық айтпаймыз. Қоғам мен уақыт талабын дөп басып, тани білген профессор тәуелсіздікке қол жеткізген еліміздің болашағы әлемнің басқа елдерімен қоян-қолтық байланыста дамитындығын шынайы ғалым ретінде болжап-білген екен. Алғаш қалыптасқан уақытынан бері қарай өсу мен толығудың бірнеше кезеңдерінен өткен кафедра қазіргі таңда дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасы деп аталып, тарих ғылымының осы үлкен үш саласындағы жоғары білікті мамандарды дайындаудың іргелі орталығына айналып отыр.
Қалқаман Тұрсынұлы Қазақстан білімі мен ғылымын ұйымдастырушы ғана емес, ол – сондай-ақ жалпы тарих ғылымына сүбелі үлес қосып келе жатқан үлкен есімді ғалым да. Профессор – қазақтан шыққан тұңғыш тарихшы-медиевист, бірнеше шет тілдерін меңгерген. Ғалым бүкіл саналы ғұмырын әлемдік тарихтағы түркі халықтарының орнын, соның ішінде ғұндардың Еуропа өркениетіне қосқан үлесін анықтау бағытындағы зерттеулерге арнап келеді. Оның Еуропадағы ғұндар тарихы бойынша жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде көшпелі халықтардың тарихына қатысты еуроцентристік Батыс тарихнамасында және кеңестік тарихнамада қалыптасқан «қара аңыздың» іргесінің сөгілуіне үлкен үлес қосылды. Еуроцентристік тарихнамада көшпелі халықтар өркениеттің дамуына еш үлес қоспады, тек өркениетті құрту­мен-жоюмен ғана айналысты, «адамзаттың арамтамағы» болды деген сыңаржақ көзқарас үстем болып келгені барша тарихшылар қауымына аян. Ал Қ.Жұмағұловтың ғұндар тарихына қатысты зерттеулерінде, ғұндардың Еуропа тарихында ерекше маңызды рөл атқарғандығы негізделеді. Ол өз зерттеулерінде жаңа методологиялық ұстанымдарды басшылыққа ала отырып, әлемдік тарих ғылымының бірқатар өзекті мәселелері бойынша өзіндік тың көзқарастарын жариялады. Соның ішінде Еуропа және Еуразия тарихындағы ғұндар мәселесіне қатысты ұзақ жылдар бойы жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде, әлемдік тарихты дәуірлерге бөлу мәселесінде тың концепциясын ұсынды. Ғалым ежелгі дүниеден орта ғасырларға өту кезеңін, дәстүрлі дәуірлерге бөлуде бекітілген V ғ. аяғы емес (476 ж. Батыс Рим империясының соңғы императоры Ромул Августул тақтан тайдырылған болатын), одан бір ғасыр бұрын бастауды ұсынады. Өйткені соңғы Рим императоры Ромул Августул билігінің құлатылуы тек шартты ғана дата, ал Рим империясының іргесінің шайқалуы бұдан бір ғасыр бұрын, 375 жылдан-ақ, яғни бүкіл Еуразия континентін, Еуропаны дүрліктірген ғұндардың батыс бағытындағы жойқын жорықтарымен басталған Халықтардың Ұлы қоныс аударуы уақытынан бастау алады. Ғалымның көрсетуінше, «бір дәуірден келесі дәуірге, бір өркениеттен келесі өркениетке өтуге ықпал еткен дәл осы оқиға ауқымы мен салдары бойынша іс жүзінде ғаламдық маңызға ие болды. Өйткені ол – Еуропа мен Азияның барлық мемлекеттеріне ортақ маңызды оқиға едi». Сонымен бірге профессордың зерттеу­лерінде ғұндардың Еуропадағы рөлі тек Халықтардың Ұлы қоныс аударуына түрткі болуында ғана емес, ең бастысы, ғұндар күні біткен Рим қоғамының қирауына оның орнына жаңа, прогрессивті қоғамның қалыптасуына айтарлықтай үлес қосқандығы анықталды. «Күні өткен антика өркениеті көшпелі халық – ғұндардың батысқа қарай жылжуымен басталған халықтардың Ұлы қоныс аударуы нәтижесінде талқандалып, орнына сапалы түрде жаңа өркениет пен қоғамдық қатынастар қалыптасты», – дейдi ғалым. Профессор Ватиканның қорларын, архив материалдарын латын тілінен орыс, қазақ тілдеріне аударып, Авар, Түркі қағанаттары, Дешті-Қыпшақ, Алтын Орда тарихы жөнінде құнды деректерді ғылыми айналымға қосып отыр.
Профессор Қ.Жұмағұлов өз концепциясын абстрактілі ой қорытындыларының негізінде емес, Германия және басқа да Еуропа елдерінің мұрағаттарында жинақтаған түпнұсқа деректер негізінде қалыптастырды. Профессор Қ.Жұмағұловтың ғылыми жетістіктері бірнеше дүркін Халықаралық ғылыми гранттармен атап өтілді. Ол Халықаралық ДААД грантының (Германия) алты мәрте иегері болды.
Профессор Қ.Жұмағұлов жалпы тарих бойынша қазақстандық ғылыми мектептің қалыптасып, дамуына да қомақты үлесін қосып келеді. Оның жетекшілігімен 3 докторлық, 16 кандидаттық, 8 докторлық (PhD) диссертациялар табысты қорғалды. Профессордың мектебінен шыққан мамандар Республиканың әртүрлі аймақтарында жалпы тарих мамандарын дайын­дау ісімен айналысуда. Сондай-ақ профессордың шәкірт­терінің арасында білім беруді ұйымдастырушылар ретінде табысты қызмет етіп жүргендер де аз емес.
Бүгінде 75 жасқа толып отырған мерейтой иесі профессор Қалқаман Тұрсынұлы Жұмағұлов өзінің ғылыми, ұстаздық және қоғамдық қызметінде нағыз кемел шағына жетіп, Қазақстан ғылымы мен білімінің аузы дуалы ақсақалына айналып отыр.

Ерке ҚАРТАБАЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, т.ғ.к.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір