Елді аңсаған асыл мұралар
02.12.2016
989
0

Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы жағынан докторанттардың шетелге міндетті жоспарланған ғылыми зерттеу тәжірибесінен өту үшін ҚХР Шыңжаң өлкесі, Іле қазақ автономиялы облысының Құлжа қаласындағы Іле университетінің шақыруы бойынша 2016 жылдың мамыр-маусым айларында бір жарым айға бардым. Докторантурада қорғайтын тақырыбым – «Қытайдағы қазақтардың күйшілік өнері» болатын. Іле университетінің кітапханасы мен тиісті ғылыми зерттеу институттарында 10-15 күн аялдаған соң, Шыңжаң өлкесінде қазақ бар жердің барлығын аралап шығайын деген оймен дыбыс-кескін жазатын аппараттарымды алып жолға шықтым. Қазақ көп қоныстанған Іле қазақ облысы, Күнес ауданына ең алдымен ат басын тіредім.

Бұл жер заманында ақиық ақын Таң­жарық пен күйші Әшім­дер­дің салтанат құрған мекені. Әшім­­нің төл шәкірті күйші Камал Мақайұлының тікелей мұ­рын­дық болуымен Күнесте құ­рыл­­ған Әшім мұра­сын зерттеу қо­­ғамы мен Әшім музейін ара­лап көп­­теген құнды материалдарға кез бол­дым. Әшім ең алғаш ұстаз тұтып күй үй­­ренген, ел арасында «Қоң­қай молда» атан­ған Қоңқай күй­шінің домбырасын көру­­дің сә­ті түсті. Ақсөңкедей болып кеп­­­­кен­ қоңыр домбыраның жасалу формасы кі­­сіні бірден қызық­ты­­рады. Бұл домбыра 1870 жыл­да­­ры шамасында жасалыпты (ше­­­бері белгісіз).
Басы (алақаны)мен мойны, ша­нағы тұ­тас алма ағашынан шауып жасалған. Мойын ала­қан­дығына да алма ағашы са­лын­ған, бет қақпағы қарағай, 14 пер­­нелі. Алақанының (басының) арт­қы жағы ортасынан ішіне қарай ойылып, құлағы кері­сін­ше қойылған қалақ домбыра.
Қоңқайдың домбырасымен қо­са сол ша­малас уақытта жа­сал­ған тағы бірнеше қалақ домбыралар болды. Алдының жа­сал­­ға­нына 150 жыл толған бұл до­­­­­мбыра­лар­­дың жасалу ерекшелігі бір-бірі­нен бө­лек. Бірақ Іле өңірінің ары­­дағы күй­ші­лері ұстаған қара­пайым қалақ дом­быра­лардың жа­­салу үлгісі, яғни бет қақпағы, ша­­­нағы мен мойнының өл­шем­де­рі бертін келе мүлдем басқа фор­­маға көшкенін­ бай­қай­сыз. Осы­­ған байланысты кезіктірген дом­быралардың біреуінің ғана жа­салу үл­гісін мысалға келті­рейін.
1956 жылы Іле қазақ облысын­да өмір сүр­ген Мұқатай Мәмиұлы деген шебер қайың ағашынан қалақ формада жасаған Әшім­нің 13 пернелі 4 құлақты домбы­ра­сы­­ның жасалу ерекшелігі тіпті қы­зық. Яғни алдыңғы бет тақтай­ды арт­қы шанақ жа­ғынан да дәл со­лай бет тақтай етіп жап­қан. Ша­нақ жақ бет тақтайының жартысы ашып-жабылатын болған. Олай болатын себебі, домбыра­ның шанақ  жақ түбінен екі сым (жез ішек деп те атайды) ішекті бет тақ­тайдың ішін бойлата мойын­ның арасымен жүргізіп оты­рып, шайтан тиектің түбінен те­сіп шығарып, оған да бөлек екі құ­­лақ бекіткен. Сонда домбыра­ның ала­қанында (басында) төрт құ­лақ бар.
Негізгі ішек тағылған екі құлағымен қоса, шанақтың ішімен мойнынан шығар­ған екі сым (жез ішек) ішекке де арнайы екі құ­лақ жасаған, әрі жаңағы қақпақтың ас­тынан келген сым ішекке де, жеке тиек қойып, оны артқы шанақ жақтағы жартылай ашылатын қақпақ арқылы құлақ бұ­рауын келтіріп отырған.
Сонда жалпы домбыра құрылысында 4 құ­лақ, екі тиек (Шайтан тиектен бөлек) бар. Ішіне салынған екі сым ішектің не­гізгі атқаратын қызметі, домбыраның не­­­гізгі екі ішегін қаққанда, іштегі сым ішек сырттағы тиектің тербелісімен іштегі тиек­тің тербелісі арқылы дыбыстың тер­бе­лісін (тембірін) күшейтіп беріп отырған. Ала­қаны (басы) мен мойны, шанағы құ­ралып, қақпағын қарағайдан салыпты.Бар­лық домбыралардың өлшемдерін қа­ғазға түсіріп алдым. «Ел іші өнердің кені­ші» де­се дегендей. Бұдан бұрын он жылдай Іле өңірін, әсіресе, Күнеске жиі ат басын бұр­сам да бұндай жәдігерлерге онша мән бер­мегенімді жасыра алмаймын.
Шыңжаңдағы күйшілік өнердің ескі бір ошағы асқаралы Алтайды жайлаған ел­де еді. Заманында Алтайға билік айтып күй­мен төрелік еткен кемеңгер тұлға Бей­сенбі Дөненбайұлы басында тұрған бұл күй­шілік мектептің қазақ күй өнеріндегі ор­ны бөлек. Бұдан бұрын бір-екі мәрте Ал­тайға күй жинап барғанымда уақыттың аз­дығы салдарынан жүйелі жұмыс жүргізе ал­маған едім. Оның үстіне Алтайдың әр­қайсы аудандарының арасы жарты күн­шілік жол. Ал бұл жолы уақыт біршама мол. Алдымен Алтай аймағында 3-4 күн аял­­дадым. Алдымнан күтіп алған Тізімбек Анашұлы жас болса да қазақтың рухани тұлғаларын тайынан таныған зердесі биік азамат, Алтайдағы тарихи орындарды ара­латты. Әйгілі Зуқа батырдың ізі қалған жер­лермен қоса Алтай қаласын қақ ортасынан бөліп жатқан Қыран өзенінің жағасынан орын тепкен халқына қорған болған ұлт жанашыры, ағартушы Шәріп­қан Көгедаевтың басына да құран бағыш­тадық. Тауы мен тасы тарихқа толы киелі Алтай жері ұлтым деген талай боздақты бауырына басыпты. Қысы-жазы басынан қар, қабағынан мұң кетпейтін Алтай қала­сының төбесінен төніп тұрған Үсіген асуы­­ның да ішіне бүккен сыры мол көрін­ді. Алтай қалалық тарихи архивтерді зерт­теу кеңсесінде қызмет атқаратын Марат Ғинаятұлымен де Тізімбек бауырым арнайы таныстырды. Жүзі ашық, ұзын бойлы, етжеңді Марат ағамыз  өмірден біл­­ген-түйгені мол, әңгімешіл  кісі  екен, Ал­тай­дың рухани ортасы туралы көп әң­гі­ме шертістік. Бірнеше күн қастарына ер­­ге­німде Марат ағамен Тізімбек бауырыма бір риза болғаным, жазбаларын сарқып оқығанынан болар, Таласбек Әсемқұлов ағамыздың еңбектерінің қазақ рухания­тын­да сең қозғағанын әңгіме арасында там­­сана айтып, Такеңе деген ерекше ықы­ластарын білдіріп отырды. Марат ағамы­з­дың айтуы бойынша, Алтай аймағында тұ­ра­­тын Ғалымбек Кәрібайұлының қо­лын­­да 60 жылдан астам уақыт сақталып кел­­ген ескі домбыраның бар екенін біліп, із­­деп барып сызбасын алдым.
Бұл домбыраның да жасалуы өзгеше. Ша­нағы қыл қобыздың шанағы тәрізді, мой­нымен тұтас ойып шабылып, мойын­ның саға жақ артынан (қалыңдау етіп)ша­­наққа дейін қыл қобызға ұқсас жал шы­ға­рылыпты.
Әдеттегі домбыралардың шанағына қа­ра­ған­да бұл домбыраның шанағы көп терең. Бұлай болатын себебі, біріншіден; мойын мен шанақтың ауытқуын (қайып кетуін) те­жеу арқылы, мойын алақандықпен бет тақ­­тайдың түзулігін сақтап қалу, екінші­ден; шанақты терең ете отырып, дыбыстың қою­лығымен тембрінің қуаттылығын арт­тыру мақсатындағы тәжірибе болуы мүм­кін. Бұл да сол Алтайдағы ел арасындағы көне шеберлердің қолтаңбасы екені анық.
Домбыралар жайын кейін бөлек мақала етіп сызбасымен таныстыратын боламыз. Ен­ді әңгімемізді ары қарайғы сапа­ры­мыз­дың желісіне бұрайын.
Бейсенбі күйлерінің ескі нұсқасын біз­ге жеткізген күйшілердің бірі – Ал­тай­дың тумасы Тұрсын Кәдейұлы. Бейсенбінің күй­лерін қазіргі орындаушылары сияқты құд­ды Құрманғазы, Динаның мәнерінде төк­пелетіп емес, Тұрсын Кәдейұлы байыр­ғы тартылу ерекшелігін сақтап, ойлы да ор­нықты орындаған күйші. Бұл кісінің орын­­дауындағы Бежең күйлерін жасымыз­дан Шыңжаң радиосынан естіп өстік. Ал­тай қаласының іргесіндегі Дөрбілжін ау­данында тұрады дегенді естіп Тізімбек бауырыма жол бастатып арнайы сәлем бере бардым. Амал қанша, күйшінің мен ойлағандай күйі болмай шықты, аздап сыр­қат екен. Өнердің шынайы киесі қон­ған сергек көңілінен, «Қасқыр қарызын тері­сімен өтейді» дегендей сыңай байқа­дым. Ашық айтпағанымен, азды-көпті ғұ­мырымда Бейсенбі күйлерін шама келгенше ұрпаққа қалдырдым ғой деген көз­қарас. Амандық тілесіп, көп аялдамай Ал­тайдың Шіңгіл ауданына тарттым.
Шіңгілдің мөлдір суындай,
Деп салған әнім Сұлубай, –
деп әйгілі ха­лық композиторы Сұлубай жырға қосқан осы Өр Алтайда күйші­лер­дің үлкен шо­ғыры қалыптасқан. Алтын бармақ атанған күйші Дәулет Халық­ұлы­ның туған жері де осы Өр Алтай еді. Әсі­ресе, Дәукеңнің орын­дауындағы халық күйлерінің бөгенайы бө­лек. Жолығып күйлерін жазып алсам деген күйшілердің бірі, Дәукеңнің шәкірті Сайраш Жар­мұқамед ағамыз еді. Шіңгіл ауданында тұрады екен. Әңгімені өзінен бастауымды өтінгенімде Сайраш аға: – Жоқ бауырым, осы елдің арасында ма­ған ұстаз болып жүрген күйші ағаларың бар. Олар кеше, не бүгін ғана қолына домбыра алып тартқан жоқ, Шіңгіл жерінде кө­кірегі күйге толған бірнеше ақсақал күй­шілер өтті ғой шіркін! Солардың мұра­сын алып қалған осы ағаларың. Сен келе жатырмын деген соң, бәрімен хабарласып ша­қырып қойғамын. Мен шама-шар­қымша сахна көріп жүрмін ғой, сен менен бұрын осы күйшілердің қолындағы дү­ниелерді жазып алсаң, бір­неше күн үйде аунап-қунап жатасың. Менде бар күй­лердің бәрі сенікі ғой, – деді.
Қуанғаным соншалық: – ойбай-ауаға, сөйтейік, – дедім. Сайраш ағаның үйіне жа­сы алпысты алқымдаған Сарқыт Иіс­қан­ұлы бастаған Боранбек Шүкіранұлы, Сай­раш ағамызға шәкірт Қайрат Тәшім­ұлы деген күйшілер келді. Бұл төрт күй­шіде Шіңгіл жерінде өткен ел арасына та­нымал Жұмжұма Жазиұлы, Дәулет Ха­лықұлы, Мүтай, Бағытай, Замзам, Ал­тай­қан сияқты халық күйшілерінің аманатын ар­қалаған, көкірегі күйге толған өнер­паз­дар екен.
Құрметті оқырман!
Осы уақытқа дейін ән мен күйге қа­тыс­ты қаншама еңбектер жарық көрді. Ака­демик Ахмет Жұбановтан бермен қа­райғы еңбектер, тіпті бүгінгі 1000 күй, 1000 ән антологиясына дейін қазақтың әні мен күйін негізінен бір арнаға салдық, зерт­телді деп жүріппіз. Шынын айту керек, мүлдем олай емес екен. Себебін мен жо­ғарыдағы күйшілерді жазғаннан кейін тү­сіндім. Жылдап еңбектеніп, тыраштап жинаған 1000 күйге енбей қалған 300-ге тарта күйге куә болдым. Бәрі де соны күй­лер. Көбі теріс бұрауда орындалады. Пер­не басу, шерту тәсілі біз көрген жоғары дең­­гейдегі академиялық оқу орындарында  болмаған, ол ортаға  жат әдіс-амал­дар­мен орын­далады. Мысалы, Сарқыт Иіс­қан­ұлы мен Қайрат Тәшімұлы орындаған күй­лерінің ішінде Кетбұғаның «Ақсақ құла­ны» кездесті. Күй теріс бұрауда «до-соль» дыбысынан қайғылы басталып, жоқтау сарында боздап бастан-аяқ балаң өлді Жошы хан, – деп зарлап тұрғандай. Кетбұға күй­лері қазақ даласының түкпір-түкпі­рін­де, тіпті көрші қырғыздарда да тартыл­ға­нымен құнттап жүйеленбеді. Тек Жан­ғали Жүзбаевтың жақында жарық көрген «Кетбұға» атты жинағында Кетбұға күйле­рі­нің шығу тарихы тым арыдан жеткені нақты деректермен көрсетілген. Ал Шың­жаңдағы ағайында тартылған Кетбұға күйлерінің бұл нұсқалары күйші мұрасын және бір қырынан тың деректермен то­лықтыратыны сөзсіз. Бір қызығы, осы уа­қытқа дейін арғы беттен бізге жеткен күй­лердің орындалу ерекшелігі (мысалы, «Аңшының зары»), біздің оқу орындарында қалыптасқан, бір жүйеге кел­тірілген саусақ тәртібімен орындалып келеді, тәр­биеленіп жатқан жас буында осы әдіске қолы түгілі, бойына дейін әбден үйреткен, бұл шығыс өлкенің күйлерін орындаудағы бұлжымас тәртіп сияқты болып келді. Ал мына күйшілердің орындауы, мен Таласбек Әсемқұловтың қолы­нан көрген Бай­жігіт дәстүріндегі ерек­шелікпен өте жа­қын, тіпті бірдей деуге болады. Мысалға, 1000 күй антологиясын­да  Дәлет  Халықұлы орын­даған «Шыңы­рау» деген теріс бұра­у­дағы халық күйі бар. Осы күй орта буында астыңғы ішек «Соль» дыбысы, үстіңгі ішек «до» дыбысынан басталып тартылып, 4, 5 так­тіден кейін, екінші буынға көшкенде ас­тыңғы ішекте «Ми мен фа» дыбысының ара­лығында керемет бір үзілмей естілетін ды­быс бар. Бұл дыбысты мен қанша жыл іздедім, тартып та, нотаға түсіріп те көрдім, бірақ дәл таба алмадым. Зерттеуші, ғалым Базаралы Мүптекеевпен бірге осы күйдің қыр-сырын білуге тырыстық. Бәлкім, осын­­дай ғажайып дыбысы қызықтырған шығар, белгілі қобызшы Әлқуат Қазақбаев қоярда-қоймай осы күйдің нотасын сұрап алды,Президент оркестрінің күйшісі Әбіл­ғазы Ахмадиев та бұл күйге деген таң­да­нысын жасырмап еді. Барлығымызда қы­зықтық та қойдық. Бірақ бұл күйді осы жолы Дәулет Халықұлының шәкірті Боранбек Шүкіранұлының орындауында көзбен көргенімде қайран қалдым. Көрер көз­ге кішкентай ғана әдіс, бірақ мені қы­зықтырғаны рухани тұтастық болды. Мар­құм ұстазым Таласбек Әсемқұлов тірісінде талай рет: «Байжігіттің күйлері арғы бетте де тартылыпты», – деп айтып еді.
Шынын айтсам оған онша мән берме-ген ем. Ал Боранбектің орындауындағы «Шыңы­рау» күйі Дәулет Халықұлының орындауының дәл өзі десе де болғандай. Ұстазынан күйді айна-қатесіз алғаны көрініп тұр.  Домбырасының құлақ бұрауы да Дәукеңнің домбырасы сияқты ащылау. Олай болмаса, бәлкім, Дәукеңнің мәнерін бере алмас. Қолдан көргеннің пайдасы ғой. Бала күнімнен радиодан естіп өскен Дәукеңнің мәнері тура көз ал­дымда шер­тіліп жатыр. Бойымды бір қуаныш билеп кетті. Дәулет Халықұлының күй тартқан­дағы саусағын көре алмағаным өкініш болса, Дәукеңнің көзін көрген шәкіртін көріп отырғаныма деген қуаныш. Адам баласы қатты қорыққанда немесе қат­ты әсерленгенде аузына сөз түспейтіні бел­гілі ғой. Өнбойым дірілдеп кеңсірігім ашып, көзіме парлап жас келді. Манағы таба алмай жүрген дыбысым, астыңғы ішек «Ми мен фа» дыбысының арасында аса шеберлікпен алынатын, Талас ағам үйреткен Байжігіт күйлеріндегі қашаған пернедегі сауып алу әдісі арқылы екі перненің арасынан сұқ саусақпен ғана алы­натын дыбыс болып шықты. Байжігіт за­манындағы ескі шерту әдісі Шың­жаң­дағы күйлерде қайдан жүр? Әрине, ол күй­шілік өнердегі аймақтық орындау­шы­лық ерекшелікке тән рухани тұтастық. Осы қашаған пернедегі сауып алатын әдісті Та­лас­бек аға Тәттімбеттің «Азамат қожа­сын» үйреткенде де дәл осы астыңғы ішек «Ми мен фа» дыбысының арасынан сұқ саусақпен жалатып қана алатын. Ал ондай әдіс қазіргі біздің ең беделді деген музы­калық оқу орындарында кездеспейді. Кез­дескен күнде, ондай әдіс ұстаздардың кө­зіне түрпідей тиеді. Мен өзім домбырадан университетті ұстазым Жанғали Жүзбайдан оқыдым. Жакең Сүгір мен Төлегеннің күйлерін тартқанда үстіңгі ішектегі дыбыстарды, сол қолда үшінші саусақ пен төртінші (шынашақ) саусақты мінгестіріп қос ішекке жатқызып алып отырады. Бұл Жакеңнің өзі көзімен көрген Төлеген Момбеков, Генерал Асқаровтардан алған ескіше тарту әдісі. Осылай тартуға тырысқан біздерді талас профессор ағаларымыз күстәналағанын да жасырмай­мын. Ал шын мәнінде осы әдіс қазақтың шертпе күй ошақтарының бәрінде жиі кез­деседі. Міне, рухани тұтастық қайда жа­тыр. Рухани тұтастық демекші, есіме түсіп отыр, Алтай қаласында болғанымда қасымда болған Тізімбек Анашұлы бауырым Байжігіттің «Бөкен жарғақ» күйінен бастап бірнеше күйді орындауымды өтініп, телефон жазбасына алған болатын. Шіңгілде жатқанымда хабарласып;
– Ардаби аға, әкеме сіз орындаған күй­лерді тыңдаттым. Қатты әсерленді. Әсі­ре­се, «Бөкен жарғақты» қайта-қайта тыңдап отырып, баяғыда осы өңірдегі ақсақал күйшілер «Қайран бөкен жарғақ-ай» деп сұң­қылдатып шертуші еді. Есіме түсіп отыр, – деп әкесінің тебіренгенін айтты. Бұл Такең айтқан Байжігіт күйлерінің ар­ғы бетте де тартылғанын растай түсті.
Сайраш Жармұқамедұлы, Сарқыт Иіс­қанұлы, Боранбек Шүкіранұлы, Қайрат Тәшімұлы төртеуінен жиыны 300-ден астам ескі күйлер жазып алдым. Бұл күй­лердің дені бұрын естілмеген. 1000 күйге де енбеген. Осы мұралар күйшілік өнерге байланысты талай ғылыми еңбектерге арқау болатыны сөзсіз.
Бізге белгілі күйшілік мектептерде бір­неше тармақтан тұратын циклді күйлер шоғыры жиі кездесетіні белгілі. Мысалы, Қаратауда «Кертолғаулар», «Тоғызтарау», Маңғыстауда кездесетін «Ақсақ құлан», Арқадағы «Қосбасарлар», батыстағы «Ақ­желең» күйлері. Шыңжаң жерінде де осын­дай күйлер шоғыры қалыптасқан. Яғни халық күйлерінің ішінде «Ақсақ қаз», «Сау қаз», «Жаралы қаз», « Аңшының зары», «Жетім баланың зары», жылқы жануа­рына байланысты «Марғабылдың қара қасқа аты», «Балжыңгер», «Алакөз ат», «Мол қоңыр», «Мұңлы қоңыр», «Сал кү­рең», «Тепең-көк», т.б. Ал Шыңжаң же­рін­де жиі кездесетін күйлер шоғыры бұл «Кеңес» күйлері. Әр дәуірдегі ұқсамайтын жа­ғдаяттарға байланысты шыққан «Кеңес» күйерінің ұзын саны 50-ге тарта.
Қазіргі таңда Алтай тауының екі жағы­на бөліне орналасқан қазақтың бір жағы Моңғолия мемлекетіне, енді бір жағы Қы­тай мемлекетіне қарайтыны шын мәнінде шартты белгі ғана. Ал екі жақтағы қазақ­тың дені рулық жағынан (қаны, гені) бір-бірінен бөліп-қарауға келмейтін тұтас ел екенін айтуымыз керек. Бұны неге айтып отырмыз дейсіз ғой?
Біздің еліміздегі музыкатану саласы­ның олқылығы деп айтуымызға да болады. Осы Алтай тауының екі жағына орна­лас­қан қазақтың ән-күй өнерін неге еке­нін білмейтін, ерекшелігі ұқсамайтын бө­лек мектеп деп қарайды. Тіпті, ол туралы «Моңғолия қазақтарының күйлерінен» ғылыми диссертациялар қорғалды. Ал негізінде екі жақтағы тартылатын күйлер (әсіресе, ескі халық күйлері) нұсқалық жа­ғынан бір-бірінен кішкене парықталуы мүмкін, бірақ сарыны, толық фактурасы бірдей. Оны қалай бөле қарайсыз? Бұлай «Ала қойды бөле қырқып» жүргендер, әй­теуір жаңа тақырып бекітіп, амалын тауып ғылыми дәреже қорғауды ғана мақсат тұт­қандар. Тіпті, Шыңжаң мен Баянөлгей ай­­мағындағы қазақ түгілі, Түркиядағы қа­зақтан табылған күйлердің өзінің түп нұс­қасы Шыңжаң жерінде болғанын атап айт­­қымыз келеді (Нұрлан Бекеновтың «Түр­кия қазақтарының күйлері атты ең­бе­гі, 2013, Астана). Себебі, ол қазақ зама­нын­­да Алтайдан Анадолыға ат басын тіре­ген.
Бұл, әрине, Алтайдың  Шіңгіл жерінен ал­ған әсеріміздің бір ұшы ғана. Осыншама мол қазынаның болашақ бұйдасын ұстау­шы ұрпақтың ниеті, hәм жол сілтер рухани ортаның жай-күйі туралы аз-кем әңгіме­міз­ді мақаланың екінші бөлімінің енші­сіне қалдырдық.

Ардаби Мәулетұлы,
 ҚР Ұлттық музейі Халық
қазынасы ҒЗИ ғылыми қызметкері.

ПІКІР ҚОСУ