«Ортеке» ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енді
19.06.2023
339
0

Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азулені қабылдады. Одрэ Азуле Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Бурабай» және «Марқакөл» қорықтары биосфералық резерват­тардың жаһандық желісіне, «Ортеке» музыкалық-қуыршақ өнері ЮНЕСКО-ның материалдық емес, мәдени мұралар тізіміне енгенін растайтын сертификат­тарды табыстап, ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұралары тізіміне енген Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барған кез­дегі әсерімен бөлісті.
Сонымен қатар кез­десу барысында Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы мәдени және тарихи мұраларды сақтау, білім және ғылым саласындағы халықаралық байланыстарды кеңейту ісіндегі ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Одрэ Азулеге ілтипат білдіре отырып, оның ЮНЕСКО Бас директоры ретіндегі көшбасшылығын жоғары бағалайтынын, ұйымды одан әрі нығайтуға бағыт­талған қызметіне қолдау көрсететінін білдірді. Сондай-ақ Президент Бас директорға Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барғаны үшін алғысын айтып, оның Түркістанға сапарын аймақ тұрғындары жылы қабылдағанын жеткізді. «Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін аса маңызды. ЮНЕСКО – біз үшін ерекше ұйым әрі зор мәнге ие. Біз осы қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз», – дей келе Мемлекет басшысы климат, биоалуантүрлілік және су ресурстары салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға Қазақстанның ниет­ті екенін де жеткізді. Өз кезегінде Одрэ Азуле: «Менің Қазақстанға жасаған сапарым сіздің еліңіздегі маңызды стратегиялық кезеңмен тұспа-тұс келді. Сіз ауқымды реформа жүргізіп жатырсыз. Бұл істе сіздің президент­тік мандатыңыз шешуші рөл атқаруға тиіс», – деп, қазақ жерінде қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Президент­тің басшылығымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларға, соның ішінде азамат­тық қоғамды нығайтуға, білім және мәдениет саласын дамытуға қатысты бастамаларына жоғары баға берді. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір