Ел шетіндегі елді мекендерге ерекше көзқарас керек!
Батыс Қазақстан облысы – еліміздің бар болғаны екі-ақ өлкесімен, яғни Ақтөбе, Атырау облыстарымен, есесіне, Ресей Федерациясының Астрахань, Волгоград, Орынбор, Самара, Саратов сықылды бес бірдей губерниясымен шектесетін нағыз елдің шетіндегі, желдің өтіндегі өңір.
Осыдан біраз күн бұрын мен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі ретінде Ресей Федерациясымен шекаралас Бөрлі және Шыңғырлау аудандарында болып, жергілікті жұртшылықпен жүздесіп қайттым. Сапар барысында Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласы және Ресеймен шекарадағы Жарсуат ауылдық округінде, сонымен қатар Шыңғырлау ауданының орталығымен қоса, аталмыш ауданның Ресей Федерациясымен шекаралас Ақбұлақ ауылдық округінде жергілікті тұрғындармен кездесіп, пікір-ұсыныстарына құлақ түрдім.
Аумағында мұнайгазконденсат қорына аса бай «Қарашығанақ» алып кен орны бар Бөрлі ауданының территориясы 5,6 мың шаршы шақырымды құрайды, халқының саны – 56 086. Бөрлі ауданы Ресейдің Орынбор облысының Елек (Илек), Ташла аудандарымен шектеседі.
Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
ҚР Президенті жанындағы
Ұлттық құрылтайдың мүшесі
Шыңғырлау ауданының аумағы – 7,2 мың шақырым, халқының саны – 13 916. Шыңғырлау Ресейдің Орынбор облысының Елек (Илек) және Тұзтөбе (Соль-Илецк) аудандарымен шекаралас.
Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласының тұрғындары аудандық әкімдіктің залына лық толы жиналған екен. Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов жиынды ашып, біздің сапарымыздың мән-жайын айтып өткеннен кейін, өзім Құрылтайдың тарихына қысқаша тоқталып, қазіргі заманғы Ұлттық құрылтайдың мән-маңызын айта келіп, осы наурыз айында Атырауда өтетін құрылтайдың бағыт-бағдарынан көпшілікті құлағдар қылдым. Сосын көпшіліктің ұсыныс-пікіріне құлақ түрдік. Шыңғырлау ауданында да жергілікті жұртшылықпен жүздесу әлгіндей сипатта өтті. Міне, осындай кездесулер барысында Ресеймен шекарадағы аудан-ауыл тұрғындарының ортаға салған қадау-қадау ойларын жылдар бойы ұлттық мүддеге қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы байтақ елге, жалпақ жұртқа жария қылғанды жөн санадық. Сонымен…
Адақ ШОТПАНОВ, еңбек ардагері. Шыңғырлау ауданы:
– Біздің Шыңғырлау ауданында 14 мыңға жуық халық бар. Бірақ солардың 65 пайыздан астамы аудан орталығында тұрады. Ал ауданымыз Ресейдің Орынбор облысының екі бірдей ауданымен (Елек (Илек), Тұзтөбе (Соль-Илецк) шектеседі. Шекараға ең таяу елді мекендерден халық көшпеуі үшін нақты іс-әрекеттер керек-ақ. Мысалы, шекара маңындағы ауылдарда еңбек ететін, қызмет істейтін мамандардың айлық жалақысына арнайы шекаралық-қаржылық коэфицент қосылса дейміз. Сонымен қатар меніңше, тұрғындарының саны елуден кем ауылдарды елді мекен санатынан шығару қағидасы шекара шебіндегі ауылдарға қолданылмауы тиіс. Шекара маңындағы ауылдардың мектептеріне қатысты да әлгіндей ерекше көзқарас керек. Алда-жалда «Тұрғындары елуден кем екен деп, оқушы саны стандартқа жетпейді» деп, елдің шетіндегі, желдің өтіндегі ауылдарды санаттан шығарып, білім ошақтарын жаба берсек, шекараның төңірегінде ел қала ма?.. Ал бұрынғылар айтқандай, бос жатқан жер жау шақырады…
Тағы бір ұсынысым, шекараға жақын тұратын отбасындағы әйел-аналарға мемлекет тарапынан айрықша аялы көзқарас қалыптастырайық. Мәселен, берілетін жөргекпұлдың мөлшері ел ішіндегі елді мекендерге қарағанда, әлдеқайда көбірек болса. Бұған қоса шекара маңында тұратын отбасындағы әйел-аналарға әр сәбиі үш жасқа толғанша ай сайын арнайы әжептәуір жәрдемақы төленсе және шекара маңындағы мектептерді бітірген түлектерге жоғары оқу орындарына түсуі үшін шекаралық квота белгіленсе, грант бөлінсе дейміз. Егер шекара бойынан ел көшпесін десек, осындай қадау-қадау жақсылық-игіліктерді тезірек жүзеге асырайық! Сонда ғана жұрт шекара маңынан үдере көшпей, керісінше, ел шетіне қоныстанған халықтың қарасы қалыңдай түсері анық.
Жарқынбек ШЫНТАЕВ, ақын. Ақсай қаласы:
– Соңғы кездері ел ішінде мектепке киер киім-кешек ретінде ұлттық киім үлгілерін қалыптастыру жөніндегі пікір жиі айтылуда. Егер дизайнерлер іздене түссе, әлгіндей әдемі идеяны, меніңше, жүзеге асыруға әбден болады. Ұлттық құндылықтарды сәби санаға сіңіретін күретамырдың бірі – бесік жыры. Ал біздің ауданның аумағында бүгіндері бесіктегі бөпеге бесік жырын айтатын ана да, әже де жоқтың қасы…
Энергетикалық сусындардың денсаулыққа зиян-залалы шаш-етектен екені бүгіндері үлкен-кішіге, кәрі-жасқа бірдей мәлім. Ендеше, бұқаралық ақпарат құралдарында, жиын-тойларда әлгіндей пәлекеттердің орнына қымыз-шұбат, айран-көже, боза-қымыран сықылды ұлттық сусындарымызды неге насихаттамаймыз?! Сондай-ақ көшедегі радио тораптары және мерекелік концерттер арқылы қазақтың эпостық бай мұрасын, яғни Батырлар жырын жүйелі насихаттасақ, жас жігіттердің әскерге баруға ынтасы артып, құлшынысы күшейер еді. Тағы бір айтпағым, соңғы жылдары бозбалаларға қоса, балауса бойжеткендер де күздің қара суығы түгілі, қақаған қыста да кроссовкамен жүруді әбден әдетке айналдырды. Ал бұрынғылар «табаннан өткен сыз жаман» деп баяғыда айтып кеткен. Осыны әлгі жүгермек-бозөкпелердің, ең болмаса, ата-аналары неге ескермейді екен?..
Гүлнұр ТӨРЕБЕКОВА,
«Ақбұлақ» бөбекжай-балабақша-мектеп кешенінің қызметкері. Ақсай қаласы:
– Мені жиі мазалайтын мәселенің бірі – демографиялық ахуал. Екі алып империяның арасындағы кең-байтақ атамекенімізді елге толтыру үшін қазаққа демографиялық дүмпу керек-ақ. Сол үшін біздің Үкімет те Ресейдегі «Аналық капитал» сықылды көптің көңілінен шығатын мемлекеттік бастама-бағдарламаларды жүйелі жолға қойып, мүдделік танытқаны жөн деп ойлаймын.
Әли БЕКТҰРҒАНОВ,
Бөрлі аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы, Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі, Бөрлі ауданының құрметті азаматы, ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі, «Алтын дәрігер» медалінің иегері, жоғары дәрежелі хирург:
– Мен бірден үш мәселені тілге тиек етпекпін. Біріншісі – біздің ауданның шекараға жақын орналасқан ауылдарының тұрғындары отандық теле-радиохабарларға өте мұқтаж. Өз басым бұл жағдайды идеологиялық майдандағы үлкен олқылық деп санаймын. Елдің шетіндегі, желдің өтіндегі ағайын мемлекеттік тілдегі радиохабарлар мен телеөнімдерден мақұрым қалып жатқандықтан Ресейдің телеөнімдеріне телміріп, солардың үгіт-насихатына құлақ түруге мәжбүр. Тура орман-орыс айтатын нағыз – «святое место пусто не бывает» дегеннің кері. Осы айтқанымнан туындайтын тағы бір мәселе, шекара шебіне жақындаған сайын отандық ұялы байланыс нашарлап, ресейлік операторлардың «жалы» күдірейе бастайды.
Екінші мәселе – қоғамдық-саяси әрі рухани-мәдени мән-маңызын жойған жер-су, елді мекендер мен көше атауларының тарихи атауын қайтару немесе Тәуелсіздік талаптарына сәйкестендірудің жай-жапсарын жергілікті жұртты дүрліктіріп жік-жікке бөліп, жалпы талқылауға салмай, меніңше, жергілікті мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің деңгейінде елеп-екшеп жүзеге асырған жөн.
Үшінші айтпағым – біздің ауданның мектеп бітіруші түлектерінің арасында Ресей Федерациясындағы жоғары оқу орындарының тегін (бюджеттік) бағдарламасымен көрші мемлекетке оқуға кететіндер көп.Ал қазақтың тарихи қайраткерлерінің бірі – Мұстафа Шоқай айтқандай, бала қай тілде білім алса, сол елге қызмет етеді…
Светлана БАЙТЕНОВА,
Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі. Шыңғырлау ауданы.
– Ауыл-аймағымызда 134 – түтін, 511 тұрғын бар. Мектеп, балабақша, мәдениет үйі, фельдшерлік-акушерлік пункт секілді әлеуметтік нысандарымыз жүйелі жұмыс істеп тұр. 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ауылдық округтің орталығында жаңа еңселі Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Бұл қуанышты оқиға ауыл-аймағымыздың рухани-мәдени өміріне тың серпін берді. Ақбұлақтың мәдениет ошағында бүгіндері әжелер ансамблі, қолөнер, ісмерлік, көркемсөз, вокал секілді бірнеше үйірме жұмыс істейді. Ауыл-аймағымыздың тұрғындары ұйымшыл. Соның бір айшықты мысалындай, Ақбұлақтың үш-төрт іскер жігіті күш біріктіріп, сәулетті мешіт салуда. Ауылымызға көшіп келушілер де баршылық. Былтыр Қаратөбе ауданынан «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында 6-7 перзенті бар Бекболат Файзоллин деген азамат көшіп келіп, үй алып, көңілі жайланып, енді жеткіншектерді ат спортына баулып, көкпарды дамытуда. Бекболаттың өзі дене тәрбиесі пәнінен сабақ берсе, келіншегі Жазира мектепте көркемөнер үйірмесін жүргізеді.
Еңбекқор, берекелі отбасы «Ауыл аманаты» бойынша 14 бас іріқара мал алып, енді кәсіпкерлікке ден қоймақ.
«Қаладан – ауылға!» бағдарламасы негізінде жақында Ақсайдан Ырысәлиев Самат деген азамат өзінің қамқорлығындағы үш бауырымен көшіп келіп, жергілікті шаруа қожалықтарының біріне жұмысқа тұрды. Қожалықтың қожайыны алдағы жазда үй салып бермек ниетте. Ақсайдан үш перзенті бар және бір отбасы жақында көшіп келмекші. Осылайша, Ресейдің Орынбор облысының Тұзтөбе (Соль-Илецк) ауданымен шектесетін біздің ауыл-аймақта елге-ел қосылуда. Ақбұлаққа қоныс аударушылардың көш-керуені жаз шыға жиілей түседі деген үміттеміз.