«Азат­тық аңсаған» «Алаң жұрт­тың» авторы
12.02.2024
292
0

«Жас Алаш» газетінің «Әдебиет» бөлімінің меңгерушісі қызметінде жүргенімде, көрші «Алаш-ақпарат» бөліміне жарты ставкаға жұмысқа қабылданып, екінші курста оқитын студент жас жігіт келіпті. Тез тіл табыстық. Әдебиет туралы пікірін сұраймын, тақырыпқа қатысты тапсырмалар беремін. Елгезек, тез қағып алады. Жасым үлкен болса да бауыр тарт­тым. Мәдениет­ті, байыпты, салмақты жігіт­тің үлкенге ізеті ерекше.

Мақаланы жеделдетіп, қағазға түсіріп алып келеді. Жас та болса, әдеби сынға қатысты тапсырылған тәп-тәуір мақалаларды жазып, ол дүниелері газет бетіне жарияланып жат­ты. Жазушы ағаларымызға сұхбатқа жіберемін. Материалды тап-тұйнақтай етіп дайындайды. Кейін сол ағаларымыз: «Айтатынымды толық айтпаппын, өткендегі баланы жіберші» – деп өтініп жатады. Бұл Болатбектің сұхбат­ты үлкен кісілердің көңілі толатындай етіп дайындайтыны, кісімен тіл табысқыштығы мен жұғымдығынан болса керек.
Еңбекқор, ізденімпаз Болатбектің қаламгерлік жолы да қызғылықты. Ендеше, бір сыдырғы апыл-тапыл басқан балаң кезіндегі алғашқы қадамына шолу жасап көрелік. Мектепте қазақ тілі мен әдебие­ті пәнін құмартып, ерекше ықыласпен оқитын баланың міндет­ті түрде жазуға әуестенетіні бар ғой. 1988 жылы «Қазақ­стан пионері» газетіне мектепте өткен спорт­тық сайыс туралы жазған алғашқы тырнақалды дүниесі жарияланып, үй-іші мәре-сәре күй кешеді. Оның үстіне Жаңатас қаласында тау-кен инженері, ағасы Қайырбектің: «Сен, енді журналист мамандығын, қаламгерлікті таңда!» – деген сөзі қамшы болып, болашақта қандай мамандықты таңдайтыны әп-сәт­те шешіледі. Содан аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға жазбаларын жолдап, хат­тарын қарша бората береді. Бірде – жазғаны жарық көрсе, бірде – редакциялардан «жаза түс, шымырлай түс» деген сыңайдағы хат­тар келіп жатады. Меселі қайтпайды, қайта қайрала түсіп, жазған новеллалары мен фантастикалық әңгімелері де басылымдарда жиі жарық көріп жатады.
Күнделікті газет­терді үзбей оқиды. Бір күні «Лениншіл жас» газетіне журналист Бауыржан Омарұлының «Біздің Ғани» ат­ты Ғани Мұратбаев туралы мақаласы жарық көреді. Онда Ғани Мұратбаевтың өмірі мен қызметіне терең шолу жасаған автор Мәскеудегі Ваганьков зиратындағы мәңгілік тыныс тапқан бейітінің мекенжайы туралы да ақпарат беруді ұмытпапты. Дәл сол кез­де мектептің үздік оқушылары қатарында Болатбек те Мәскеу қаласына саяхат­тап барғалы жатады. «Құланның қасуына, мылтықтың басуы» дегендей, әлгі мақаланы қиып, жанқалтасына салып алады. Мәскеуге барған соң саяхат жоспарына өзгеріс енгізіп, Қазақ­станнан келген оқушылардың жетекшілеріне айтып, оларды да ертіп алып, жолбасшылардың бастауымен Ваганьков зиратындағы Ғани Мұратбаевтың бейітіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етеді. Болатбек мектеп оқушысы болса да зеректігі мен ұйымдастырушылығының арқасында әрі ел тарихында есімі ерек тұлғаны ұлықтау­дың қарапайым үлгісін осылайша көрсетіпті. Аталған сапар туралы өте әсерлі материалдарын республикалық газет бет­теріне жариялауды да ұмытпайды.
Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайылма ауылындағы Ленин атындағы қазақ орта мектебін 1991 жылы «Оқудағы, еңбектегі үздік жетістіктері және үлгілі тәртібі үшін» күміс медальмен бітірген Болатбек Төлепберген ағасы Қайырбектің жөн сілтеуімен Алматыға тартады. Ұстазы, жазушы, сол кез­дегі мектеп директоры Пернебай Дүйсенбиннің: «Болатбек көркем әдебиетке де бой ұрып жүр. Бұл жолда да жеміссіз емес. Өзім оқып, білім алған ҚазМУ-дің түлегі ретінде, журналист ретінде, балалар жазушысы ретінде Болатбек Төлепберген болашағы мол, үлкен үміт күт­тірер қаламгер болатынына сенімдімін», – деген кепілдеме-мінездемесін республикалық, облыстық және аудандық газет-журналдарға шыққан материалдарының бір папка қиындылары мен құжат­тарының алдыңғы бетіне салып алады.
«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, ол ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне еш қиындықсыз түседі. Ауылдан үшбу хат жазып, материалдарын поштамен жіберетін редакциялардың енді оған есігі айқара ашылды. Түске дейін КазГУ-де сабақта отырады да, түстен кейін газет редакцияларына келеді. Алғашқы курстан-ақ, бұрынғы «жас тілші» студент жастардың «Өркен» және одан кейін қоғамдық-саяси «Жас Алаш» газет­терінде мақалалары жиі жарық көре бастайды. Редакцияның тапсырмасы таусылмайды. Сұхбат па, хабар ма, репортаж ба, тақырып талғамай жаза береді. Осылайша, «әмбебап жас тілшінің» фамилиясы «Жас Алаштың» бетін жаулай бастайды.
1993 жылы мамыр айында жазушы Оралхан Бөкей дүние салды. Осы жылы біріншіні аяқтап, екінші курсқа көшкен Болатбек оқу үлгерімі мен газет­терге жазып жүргені ескеріліп, жазушы Оралхан Бөкей атындағы стипендиант атанады. «Атамұра» баспа корпорациясының сол кез­дегі президенті Мұхтар Құл-Мұхаммед Қазақ­стан Жазушылар одағы мен «Атамұра» корпорациясының атынан Оралхан Бөкей атындағы жас жазушыға арналған сыйлық пен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университетінің журналистика факультетінің студентіне стипендия тағайындап, Оралхан Бөкей атындағы стипендияның тұңғыш иегері Болатбек ай сайын, жоғары оқу орнын бітіргенше, аталған стипендияны алып тұрады. Студентке бұл стипендия әжептәуір көмек болса, «жазушы Оралхан Бөкей атындағы стипендияның тұңғыш иегері» деген атағы және жауапкершілік жүктеп, сол атқа лайық болуға тырысқаны анық. Өз кезегінде Орағаңның аяқталмаған «Алданған ұрпақ» романы турасында «Біздің ұрпақ адаспайды» деген мақаласы газетке жарияланып, артынан суреткер туралы естелігі кітапқа енеді.
Сол жылдары публицистикамен қатар, прозаға да қалам тартып, алғашқы әңгімелері «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жалын» журналына жарияланды. Жас жазушыларға арналған «Сорос-Қазақ­стан» бәйгесінің жүлдегері атанып, шығармалары жинаққа еніп, жарық көрді.
«Қазақ әдебиеті» газетінің «Әдебиет» бөлімінің меңгерушісі болып жүргенімде Болатбекті шақырып, газет­тің сол кез­дегі бас редакторы, жазушы Ахат Жақсыбаев ағамызбен таныстырдым. Ахаң жас жазушының бұған дейін жазған мақалаларын қарап шығып, бірден: «Өтінішіңді жаз, жұмысқа қабылданасың», – деді. Сөйтіп, ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің бар-жоғы үшінші курсында оқитын студент «Қазақ әдебиеті» газетінің саясат бөлімінің меңгерушісі болып қызметке тұрды. Мүйізі қарағайдай жазушы-ақындармен сыр-сұхбат­тары жарияланып жат­ты. Сафуан Шәймерденов, Әзілхан Нұршайықов, Рымғали Нұрғалиев сынды тұлғалардың алдын көріп, әңгіме-дүкен құрды.
Есімі белгілі болып, еленіп қалған оған түрлі басылымдардан «құда түсу­шілер» де көбейіп еді. Бесінші курсқа өткен жылы алдымен ғылыми-көпшілік «Зерде» журналына бас редактордың орынбасары болып барып, біраз уақыт­тан соң жанына жақын әдеби «Жалын» журналы бас редакторының орынбасары қызметіне ауысты. Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшелігіне осы жылдары өт­ті.
Болатбек – деректі прозаның өкілі. Алаш, желтоқсан, ұлт­тық мәселелер, және тарихи ақтаңдақтар турасында жазған дүниелерін көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Соның біріне – соңғы жылдары жарық көрген туындысына тоқталайық.
Саяси репрессия – әдебиетімізде бұрын көп көтеріле бермеген тақырып. 2022 жылы оқырманға жол тартқан «Азат­тық аңсаған» деректі хикаятында Болатбек Қазақ­стандағы саяси репрессия­ны өзек етіп алды. Деректі хикаят­та репрессия тұзағына түскен бүтіндей бір әулет­тің тағдыры арқау болған. 1937 жылдардағы репрессияның қанды шеңгеліне іліккен аталарының басына түскен қасіретін ұрпағы – балалары, немерелері, шөберелері де зардабын тартқаны баяндалған.
Кітапта сол кез­дегі Алматы қаласындағы Театр және көркемсурет институты студентінің кезінде репрессияға ұшыраған атасы турасында, өзінің достарымен бірге Желтоқсан көтерілісін тікелей ұйымдастырып, түрменің кермек дәмін татқаны жайында және одан кейінгі кез­де азамат­тық ұстанымын көрсеткен қайсар азамат­тың тағдыры туралы сыр шертіледі.
Жақында ғана оның «Атамұра» баспасынан әні-міне жарық көргелі жатқан «Алаң жұрт» кітабының қолжазбасымен таныстым. Еңбекке автордың деректі хикаят­тары, әңгімелері және әдеби сын мақалалары енген екен. Көтерген тақырыптары да өзекті. Автор бұл еңбегінде де өзінің зерт­теп жүрген тарихи ақтаңдақтар мәселесін көркем тілде зерделеуге тырысыпты.
Менің назарыма ерекше ілінгені – жетпісінші жылдары диссидент­тік әрекетімен кеңестік жүйенің көзіне түсіп, жазықсыз күйіп кеткен жас Азамат Жәкібаев туралы жазылған «Алаң жұрт» деректі хикаяты. Азамат­тың оқиғасын арқау еткен бірқатар журналистердің жазбаларын оқығаным бар. Ал Болатбек сол тақырыпты көркем дүние деңгейіне көтеруге тырысқаны – қуантарлық қадам. Азамат­тың сол кез­дегі жан дүниесі, ішкі сана иірімдеріндегі арпалыстары, жас өскіннің жанын қоярға жер таппай түрлі ой жетегіне берілуі мен өзі өмір сүріп отырған қоғамға деген жиіркенішті көзқарастары нанымды сурет­телген. Меніңше, біздің бүгінгі әдебиетке осындай өткен тарихымыздағы адамның миына сия бермейтін жайт­тарды саралайтын дүниелер жетіспейді. Сондықтан да Болатбек секілді деректі проза өкілінің батыл қадамдарға баруы құптарлық.
Бірде «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істеп жүргенімізде, Болатбекті Ұлт­тық Ғылым академиясы Философия және саясат­тану институтының директоры, ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Әбдімәлік Нысанбаевтан сұхбат алып келуге жұмсадым. Артынша Әбекеңмен қызықты сұхбат газетке жарияланды. Содан Болатбек академиктің шәкіртіне айналды. Тоқсаныншы жылдары басталған бұл ұстаз бен шәкірт арасындағы ғылым жолындағы байланыс 2010 жылы өз нәтижесін берді. Болатбек Ұлт­тық Ғылым академиясы Философия және саясат­тану институтында философия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғады. Ұлт­тық мәселелер, тарихи ақтаңдақтар және демократия принциптері турасында өз авторлығымен және құрастыруымен жиырма кітапты жарыққа шығарған Болатбектің кандидат­тық ғылыми дәрежесін қорғауы заңдылық еді.
ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, Мемлекет­тік «Дарын» жастар сыйлығы мен Қазақ­стан Жастар одағы сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, қаламгер, философия ғылымдарының кандидаты, «Шалқар» радиосының директоры інім, шәкіртім Болатбек Төлепбергеннің шығармашылығын толыққанды таразылауды мақсат тұтпадым. Ол – уақыт­тың еншісінде. Үлкенге ізет­ті, кішіге құрмет­ті Болатбектің тілектес ағасы ретінде алдағы уақыт­та да жазары көп, алар асуы биік болсын деймін!

Жұмабай Шаштайұлы,
жазушы, Қазақ­станның
Еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір