СӘБИ АҢСАҒАН ШАҢЫРАҚТАРДЫ «АҢСАҒАН СӘБИ» ҚУАНТПАҚ
14.08.2023
357
0

Хәкім Абайдың оныншы қарасөзі «Біреулер Құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма?» деп басталмаушы ма еді?! Иә, бұдан басқасы бар екен. Орнымды баспаса да, артымнан Құран оқымаса да, қартайған күнімде асырамаса да нәрестелі болсам екен деп арманда жүргендер қанша?!.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы 2018 жылы жариялаған мәліметінде жер-жаһандағы 50 миллион адамның бір балаға зар болып отырғанын айтты. Бес жыл бұрынғы дерек бүгінгі көрсеткішпен қабыса бермеуі мүмкін. Қазіргі таңда бұл санның неше есе өскені бізге беймәлім. Өйткені салауатты өмір салтынан ада, табиғи өнімдерден қол үзе жаздап тұрған күніміз, күндіз-түні ұялы телефоннан бас көтермей көлденең тапқан ауруларымыз денсаулығымызға зиянын тигізетіні бер жағы, ұрпақсыз қалдыруы да кәдік. Бұған үш жарым жыл бұрын басталып, екі жылға ұласқан, жер-жаһанды ойран қылған аты жаман індеттің тигізген әсерін қоссақ (антибиотиктер, тұмауға, суықтауға, қабынуға қарсы дәрілер ұрықтың сапасын төмендетеді), статистика деген атпен жамаулы тұрған қасіретіміздің шын бейнесі көрінер.
Ең өкініштісі, осы 50 миллионның ішінде Қазақстанның азаматтары да бар. Халықаралық статистикаға сүйенсек, еліміздегі жаңа шаңырақ көтерген отбасылардың әр бесінші-алтыншысы немесе 15-20%-ы аталмыш кеселге душар болыпты. Кейбір ақпарат көздері әйелдердің 45%-ы бедеулікке, ерлердің 40%-ы белсіздікке шалдыққанын айтып дабыл қағып жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1-қыркүйегінде жариялаған жолдауында бұл туралы былай деген еді:
«Отбасылық-демографиялық ахуал – зор алаңдаушылық тудырып отырған мәселе. 
Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді» («Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі»). Мемлекет басшысы осыны айта келе, Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырған. Экстракорпоральды (лат. Extra – сыртта, тыс, және corpus – дене; денеден тыс ұрықтандыру) ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажет екенін ескерткен.
Осыдан екі апта бұрын ҚР Денсау­лық сақтау министрлігі ресми сайтында «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске асырыла бастағалы 2022-2023 ж.ж. ЭКҰ 19 мыңнан астам әйелге жүргілізгенін, 3800 отбасында 4500-ден астам нәресте дүниеге келгенін, 2500 әйелдің сәби күтіп отырғанын жазды.
Ал енді «аталмыш бағдарламаға кімдер қатыса алады?» деген сұраққа жауап беріп көрейік.
«Аңсаған сәбиге» денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық талаптарға (репродуктивті жас – 18-ден 42 жасқа дейін, қалыпты соматикалық және эндокриндік мәртебе, жоғары фолликулярлық резерв) сәйкес келетін отбасылық жұптар да, жеке адамдар да қатыса алады. Ол үшін әуелі үміткер тіркелген жері бойын­ша емханаға баруға міндетті. Сол жерде оны бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тізіміне қосады. Одан кейін тексерістен өтеді. 12 айдың ішінде емхана бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Комиссия оң шешім шығарған жағдайда әйелді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркеп, емшараға дайындық басталады. Пациент ЭКҰ клиникасын өзі таңдайды. «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша ЭКҰ процедурасы жылына бір рет тегін жасалады. Сондай-ақ бағдарламаға қатысатын адам міндетті түрде ерікті түрде жазбаша келісім береді.
Айта кету керек, мамандар үміткерді медициналық тексерістен өткізгеннен кейін ол адамда жатырдың туабітті немесе жүре жабысқан ауытқулары болса, соматикалық және психикалық ауытқуларды байқаса, не аналық без ісіктері, жедел қабыну мен кез келген локализация онкологияға ұшыраса, немесе денесінде қатерлі өскіндер болса, онда экстракорпоралды ұрықтандырудан бас тартуы да мүмкін.
Қазақтың халық ертегілері естеріңізде ме, қолында дүниенің байлығы болғанымен бір перзентке зар болып көз жасы құрғамаған көңілі жарым кісілер түбінде перзент сүйетін еді ғой. Сол перзенті жұртын ұшпаққа шығармайтын ба еді?!. Ендеше екі жылға жуық уақыт ішінде 3800 отбасында дүниеге келген 4500 сәбиден сондай үміт күтуіміз де заңды болар.

Асылан ДӘУІТ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір