Бабадан қалған жер мен анадан қалған тіл
Тәуелсіздік тізгіні қолға тиді. Халқымыз ғасырлар бойы аңсаған ақжолтай күнге жетті.
Тәуелсіздік алуымызбен бірге азаматтарымызды қуантып, рухымызды көтерген Мемлекеттік Заң – қазақ тілінің Мемлекеттік мәртебе алуы. Тәуелсіздік арқасында еліміз бұрын-соңды болмаған сапалы өзгерістермен ХХІ ғасырда өмір сүріп, ел өмірінің барлық салаларында қарыштап, сапалы түрде дамып келеді.
Жалпы, еліміз үшін қазіргі уақытта «үш тілділік» саясаты жүзеге асырылып отыр. «Білім үйрену кілті – тіл үйрену».
Тіл – қарым-қатынас құралы ғана емес, ол ата-бабаларымыз сөйлеген «Мәдени мұрамыз». Тіл, елдің және ұлттың жаны, баға жетпес байлығы емес пе?
Қазақ тілі – еліміз үшін аса маңызды құндылық болып қала береді. Тілді біз қадірлеп, қастерлеп, мәпелеп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, құрғақ қана мақтамай, іс жүзінде сүйетінімізді дәлелдеуіміз де қажет, ол үшін ең біріншіден, ана тілімізде сөйлеп, ана тіліміздің қадір-қасиетін молынан арттыруға міндеттіміз.
Тіл білгірі Ахмет Байтұрсынұлы кезінде: «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп, ұлт үшін тіл ауа сияқты қажет екенін жайдан-жай айтты дейсіз бе… Сондықтан еліміз азаматтарын Мемлекеттік тілді қадірлеуге тәрбиелеу кезек күтпейтін маңызды іс.
Жалпы, тіл саясаты мемлекет назарынан тыс қалған емес. Тәуелсіздік алған тұстан бастап тілге деген жанашырлық жоғары деңгейде жүргізіліп келеді. Біз сонымен қатар, орыс тіліне деген дұрыс көзқарасты да қолдай білуіміз қажет. «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, ғылым да – бәрі де орыста тұр. Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек», – Абай атамыздың бұл сөзі әлі де маңызын жойған жоқ. Қазақстан патшалы Ресейдің отары болған кезде тілмаштар, тіл білетін азаматтар отаршыл саясаттың көмекшілеріне айналып, кеңестік кезеңде де орыс тіліне барлық одақтас республикаларда басымдық беріліп, орыс тіліне деген құрмет қолдан жасалып, тым асыра мақталып та жататын.
Орыс тілі – ресми тіл болғандықтан және біздегі сан ұлт өкілдері ширек ғасырда бәрі бір кісідей Мемлекеттік тілді әлі де еркін меңгеру жолында кешеуілдеп жатқаны да шындық. Сондықтан орыс тілінің маңызы кеміген жоқ. Бұған алып көршіміз Ресеймен біздің тарихымыз да, тағдырымыз да біте қайнасып кеткендігінің де әсері жоқ дей алмайсыз. Тұрақтылық болса ғана еліміз өз алдына қойған барлық мақсат-мүдделеріне жететін болады.
Осыдан он жыл бұрын
Елбасы «Үш тұғырлы тіл» туралы айта келіп, әсіресе «ағылшын тілі қазіргі заманда әлемге шығуға мүмкіндік беретін және Халықаралық бизнестің тілі» деген болатын.
Жаһандану заманы тілге деген сұранысты арттыра түсті. Халықаралық ақпараттық кеңістігі адамдарды тіліне, түріне, дініне, нәсіліне қарамастан бір заматта байланыстыра алады, тек тіл білу ғана қажет екендігі айтпаса да түсінікті. Жаһандану үрдісі мектептегі қатып қалған қағидаттарды барған сайын бұзып, жарып, еліміз үшін ең қажетті жан-жақтылық, тілдік аясының кеңдігі екендігін дәлелдей түсті. Еліміздегі мектеп оқушылары осы жылдар ішінде сапалық жағынан барынша салиқалы ойлар айта білетін, прагматикалық ойлау жүйелері қалыптасқан азаматтарға айналып отыр. Дегенмен, тым әсіре еліктегіштік те аздап қынжылыс тудырады, сол себепті ұстаздар мен ата-аналар жастарды ең алдымен өз тілін құрметтеуге тәрбиелеуді бір сәт те естен шығармауы тиіс.
2013 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің бекітуі бойынша ағылшын тілі 1-сынып бағдарламасына енгізіліп, міндетті пән ретінде оқытыла бастады. 2-сыныптан бастап тілдің сағаттары біртіндеп көбейтіліп, тілді терең үйренуге жағдай жасалады. Осының өзі әлі күнге дейін Парламент депутаттары арасында дау туғызып отыр. Кез келген реформаны ойлана, байыптап қолға алуға тиіспіз. Әсіресе, тілге қатысты қателіктерге ұрынуға болмайды. Қадыр Мырза-Әлі айтқандай: «Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!» – деген жолдар біз үшін тілге деген ұстаным қандай болу керек екенін көрсетіп-ақ тұр деп ойлаймын.
Жаһандану – тек өз тілін, ділін, салт-дәстүрін қадірлеп, қастерлейтін мемлекет үшін қауіпті емес. Құрметіміз артқанда ғана ана тілі – ұрпақтың бойына ана сүтімен дарып, өзінің бар байлығымен, өз перзенттеріне мәңгі қызмет етеді.
Тәуелсіздігіміз арқасында аса мәнді өзгерістердің ішіндегі елімізде ономастикаға көңіл бөлінуі – әділдіктің орнағаны деп қабылдау ләзім. Ел мен жер тарихына қатысты атауларды еліміздің кез келген облыстарынан кездестіреміз. «Қазақ хандығының 550 жылдығына» орай еліміз археологтары хандарымыз алғаш табан тіреген «Хан қорасын» және «Хан ордасын» тапты.
Талас ауданындағы «Бөріқазған», «Тәңірқазған» атты көне тұрақтарда шамамен 800 мың жыл бұрын адамдар қоныстанғаны дәлелденген. Алғашқы адамдар табаны тиген өлке де осы Қаратау жоталары екендігі белгілі. Осындағы, «Бөрі» топонимі Оңтүстік Қазақстан аймағынан да кездеседі. Ол біздің түркі халықтарының бір-бірімен туыс, тілдес болғанын да айғақтайды. Біз осындай жер атауларын сақтап, оны мұра ретінде келешек ұрпақтың санасына жеткізуге тиіспіз.
Мысалы, Кеңес дәуірінде Оңтүстік Қазақстан облысында Сайрам ауданының ең шеткі ауылында В.И.Ленин атындағы орталау мектеп болды.Неге солай аталды? Ең болмаса бір орыс ұлты өкілі тұрмайтын кішкентай ауыл не себепті В.И.Лениннің атын алуы қажет?
Бәйдібек ауылында бірде-бір орыс ұлты тұрмайтын Ықылас-Темір ауылындағы мектеп аты И.В.Павлов атындағы бастауыш мектеп болды. Мысалы, бұрын орысша аталған «Белые воды» атты Сайрам ауданының орталығы – қазір «Ақсукент», ал «Черные воды» селосының қазіргі аты «Қара су», бар болғаны қазақ тіліне тікелей аударылды. Мысалға, «Ежелгі Тараз ескерткіштерін» алсақ, ондағы шығыс моншасы және басқа да көне өркениеттің айғағы болатын, қыш құбырлар, су сақтағыштар – басқа да инфрақұрылымдар елімізге келетін «EXPO–2017» Халықаралық көрмесіне келетін туристерді таң қалдырар деп ойлаймын. Оларды таныстыру арқылы елімізге келетін меймандардың – еліміздің тарихы мен ономастикасына да терең құрметі оянады.
Ономастика мәселесін терең қозғайтын публицистикалық және ғылыми мақалалар шығып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Жалпы, журналдар мен газеттерде ел мен жер атаулары жиі-жиі жарияланып жатқаны қуантады. Мысалы, облысымыздан шығатын «Жамбыл» журналының 2016 жылғы соңғы нөмірінде ақын Ғалым Жайлыбайдың «Тама-
көшкен» атты дастанында Жамбыл облысына көшіп келген тама руының қайғылы көшіне себепкер болған 1931-32 жылдардағы ашаршылық суреттеледі. Дастанда ақын Талас пен Тараз аумағындағы су атауларын өте көп келтірген.
Ономастикалық атаулар тек «географиялық ортаның көрінісі емес,ең әуелі ол – қоғамдық құбылыс», яғни ономастика жалпы еліміздің тарихын да қамтитын құндылық болып табылады. Бұл жүйенің қалыптасу тарихы халықтың тарихымен, табиғат жағдайымен тығыз байланысты болғандықтан, оны жеке-дара қарастыру мүмкін емес.
Қазақ халқының топонимикалық терминологиясы аса бай болуымен ерекшеленеді. Мысалы, Жамбыл атамыз «өз атын әкесі өзі дүниеге келген Жамбыл атты тауға қарап қоя салған», – деп жазады өз өмірбаянында.
Ономастиканың жасаушысы да, пайдаланушысы да халық болғандықтан, ол тек географиялық себептен пайда болған құбылыстар емес. Жамбыл облысының кеңшарлары мен ұжымшарлары кеңестік кезеңде оңды-солды «Совет», бейбітшілік саясатына байланысты «Мир» немесе басқа да көптеген азаматтардың атымен бей-берекет атала беретін-ді.Ру атымен қойылған «Ойық» сияқты ауылдармен қатар, Ильич деп аталған кеңшар, нағыз кеңес дәуірінің көсемін дәріптеуден туған атау екендігін бәріміз де мойындаймыз. Осы бір Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 90 жылдары осы Қаратау қаласына көптеген азаматтар келіп, сүт немесе айран, құрт-майларын әкеліп, «қай жақтансыз?» деген сұрақтарға «Крупскаяданмын!», – деп жауап беретін. Мақтаныш па, әлде дағдыланып кеткендік пе, ол жағын тап басып айту қиын.
Бәрі өтті ғой, бұл әдет те қалады. Кеңестік жасанды атаулар тілімізге сирек ілінеді. Ара-тұра құлағымыз шалып қалса, тіксініп қалатын жағдайға жетіппіз.Мәселен, Қаратау қаласында «ХХІІ партсъез» атындағы орта мектеп болған, қазір Ахмет Байтұрсынұлы атында. Демек, ендігі шәкірттер Ахаң сияқты ұлт көсемін ардақтап тану арқылы отаншыл рухта тәрбиеленеді.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы алдымен, бабамыздан қалған жерді бабамыздың өз тілімен атай алатын жағдайға жеткеніміз үшін қастерлі және қасиетті.
Алима Жұмабаева,
Қаратау технология,
білім және бизнес колледжі тарих пәнінің оқытушысы.
ПІКІРЛЕР1