Өліп қалған тірі адам
28.03.2023
3644
0

 Торғауыт ауылдық үкімет­тің бухгалтерия бөліміне кіргенде кеңседе есепші қыз жалғыз отыр еді.
– Сәлеметсің бе, қызым! – деді Торғауыт үстелге жақындай беріп.
– Сәлеметсіз бе! – деп қайталады есеп­ші қыз да көзін алдындағы қағазынан алмай.
– Мені танисың ғой, қызым, – деді Торғауыт қыздың қарсысына келіп, бос орындыққа отырып жатып.
Қыз оның бетіне жалт қарады. «Иә, танимын» дегелі аузын аша беріп еді, жүрегі зу ете түсті. Айғайлап жібере жаздап барып тоқтады. Алқымына бірдеңе кептеліп, дыбысы шықпай қалып еді. Екі көзі шарасынан шыға жаздап, өне бойы қалтырап, сөзге аузының икемі келмей, көгерген еріндері дірілдей берді.
– Мұнда келмегеніме де көп болып кет­ті-ау, ұмытып қалған жоқсың ба? – деді Торғауыт.
Есепші қыздың «жоқ» деуге шамасы келмеді. Бақырайып, отыра берді.
– Менің атым Торғауыт қой. Оралманмын. Анау көшенің ең басында, №79үйде тұрамын. Алдыңа талай келіп едім ғой.
«Иә, білем» дегісі келді есепші қыздың. Бірақ айта алмады. Тілі байланып қалып еді. Мелшиіп, сірескен бойы қозғалуға да дәрмені келмей қалтырай берді.
– Анау әлгі әлеумет­тік жардемақы, мүгедекке көмек дейтін тиын-тебенімді алайын деп келіп едім. Өзі де бір мәз дүние емес. Десе де алты айдан бері біраз ақша болып құралып та қалған шығар, – деді Торғауыт ойында түк жоқ.
Есепші қыз сол мелшиген бойында есеңгіреп, бірталай отырып барып, не заман дегенде ғана әрең есін жия бастады. «Қозғалсам… қыбырласам…пәле болып жүрер ме екен» деп ойлау­ға шамасы әрең келді. Алдындағы адамнан көзін алмай, тесірейе ұзақ қарады. «Иә, соған ұқсайды. Аруақ сияқты емес. Дәл соның – өзі. Бұл таныс болған, екі жылдан бері үстінен бір түспеген кең кәстөмі. Аласа бойына шақ келмей, қолқылдап тұрған сол кейпі. Терең-терең көп сызық түсіріп, әжім басқан маңдайынан жоғары қарай түп-түзу тараған аппақ шашы… Бәрі сол қалпы. Көзіне қарап еді, құйрығы қиықшалау келген кішілеу шегір көздері де баяғысынша жылы қарайды.
Ол екі көзін алдындағы шалдан алмаған бойы қалтыраған аяғын еденге тіреді.
– Қазір, – деді ерні дірілдеп. Дыбысы шықты ма, шықпады ма, оны тіпті өзі де анық біле алмады. Ерні жыбырлаған сияқты.
Ол шалдың қасынан лып етіп өте шықты. Қорыққаны сонша, есіктен сенделектеп шықты да, дәл қарсыда тұрған әкімнің есігіне зорға жетіп, тұтқаға қолын әзер іліндірді. Диванға әрең жет­ті де сылқ етіп отыра кет­ті.
– Не болды? Өңің бұзылып, құп-қу болып кетіпсің ғой. Бір жерің ауырды ма? – деді әкім оның түсіне тіксіне қарап.
Қыз басын шайқады. Әкім ұсынған бір стақан «Арасан» суын қылқылдатып, шапшаң жұтып жібергеннен кейін ғана тілге келді.
– Ағай, сұмдық!
– Не болды?
– Шошып кет­тім.
– Не жет­ті сонша тапа-тал түсте?
– Әлгі көктемде өліп қалған шал келіп отыр, – деді қылғына, әзер сөйлеп.
– Өліп қалған шал дейсің бе? – деді әкім де елең етіп, қызға ажырая қарап, – Қайсы шал ол?
– Әлгі оралман шал.
Әкім ойланып қалды.
– Қайсы шал ол? – деді есіне түсіре алмай.
– Мұғалім шал бар еді ғой. Ылғи қолқылдаған кең кәстөм киіп жүретін.
– Ой, иә, енді білдім, – деді әкім. – Ол өліп қалып еді ғой.
– Иә, өліп қалған. Сол келіп отыр.
– Басқа біреу шығар, – деді әкім қипыжықтап.
– Жоқ. Нақ соның өзі.
– Қате танып, басқа біреумен шатастырып отырған жоқсың ба?
– Жоқ, ағай, өзі де айтып отыр ғой, «Торғаутпын» деп. Әлеумет­тік жардемақымды алайын деп келіп едім дейді. Сап-сау.
– Құдай сақтасын! – деді әкім де дауысына діріл араласа.
Соның арасынша есіктен асықпай ат­тап, «ассалаумағалайкө-ө-өм» деп, қашанғы әдетінше соза сәлем беріп, Торғауыт та кіріп келе жат­ты.
– Әне, өзі де келе жатыр, – деді есепші қыз үрейлене сыбыр етіп.
– Марат бауырым, қалайсың? Сайлаудан жеңіп шыққаныңды естіп жатырмын. Құт­ты болсын орынтағың! – деді Торғауыт қолын ұсынып.
– Рақмет, аға, – деді Марат қолы аздап дірілдеп.
Торғауыт­тың арық саусақтары жып-жылы екен. Көзіне қарап еді, баяғы сол мүләйім қалпы.
– Жаным жақсы көретін, жүрегі жұмсақ, қайырымды бір бауырымсың. Қазақ­стан азамат­тығын аларда әкім басыңмен, бұлданбай, қыл-аяғы документ­терімді де өз қолыңмен толтырып беріп едің. Өзім ауру жағдаймен келе алмасам да, сен сайлауда жеңіп шықты дегенде қуанып жат­тым, – деді Торғауыт баяғысынша аңқылдап, ақтарыла сөйлеп.
– Рақмет, аға, – деді Марат тағы қайталап. Бірдеңе дейін деп еді, аузына басқа сөз түспей қалды.
– Осы арадан алатын аздаған тиын-тебенім бар ғой. Соны алайын деп келіп едім, – деді Торғауыт енді сөздің бетін келген бұйымтайына аударып.
Марат үндемеді. Бағанадан ойланып отырған. «Сен шал, өліп қалып едің ғой» дейтін емес. Ол тұста сайлау кезі болатын. Кішкентай бір ауылдың сайлауы болса да, дабыралы үлкен сайлаулардан кем болған жоқ. Бақандай төрт кандидат. Түгел сен тұр, мен атайын. Ел де быт-шыт. Ру-ру, топ-топқа бөлініп алған. Соның әлегімен жүріп, кімнің өліп, кімнің тіріліп жатқанына да толық көңіл бөле алмаған. Әйтеуір, бір рет Қатыран деген біреу келіп «Торғауыт ақсақалды жерлеуге» деп ақша сұрағаны бар. Ауылдың азғана қаражатынан бөліп, оған он бес мың теңге бергені де есінде. Енді сол шал өзі келіп отыр.
Марат осы арада басқаша жол тапты:
– Жаңа мына қызыңыз да соны айтып отыр еді. Қазір кассада ақша болмай тұрған сияқты. Бір-екі күннен кейін хабарласпас па екенсіз, – деді ештеңе сездірмей.
Торғауыт біраз қипақтап қалып еді.
– Апыр-ай, шұғыл бір қажеті болып еді. Бірдеңеге қысылып тұрғаным, – деді тарыққан рай білдіріп.
– Қанша керек еді? Тіпті қысылып тұрсаңыз мен сізге біраз сома бере тұрайын, – деді Марат мына аруақ шалдан ақы беріп болса да тез құтылғысы келіп. Сонан қапшығын ашып, он мың теңге алып берді. – Жанымда бары осы екен. Әзірше, керегіңізге жарата тұрыңыз.
– Рақмет! – деді Торғауыт орнынан көтеріле беріп, – Жақсылығың Алладан қайтсын.
Марат пен есепші қыз Торғауыт есіктен шығып кеткеннен кейін де бір қауым уақыт үн-түнсіз, сілейіп отырып қалысты.
– Қарашы. Кет­ті ме? – деді Марат не заман дегенде иегімен есік жақты нұсқап.
Қыз қорғана басып, есікке барды да қайта бұрылды.
– Кетіп барады. Құдая тәуба! Мұндай да сұмдық болады екен-ау. Қандай шошығанымды білесіз бе? Тура шалқамнан түсе жаздадым, – деді Маратқа жақындап келіп, ентігін басып, кеудесін кере тыныс алып.
– Сені қойып мен де қайтерімді білмей қалдым, – деді Марат та шынын айтып, – Кетіруге асыққаным да сол, – деп бір күрсініп алды. – Әйтеуір, бір жол құтылдық-ау мөлшері. Нақ сол ма өзі?
– Сол. Нақ өзі.
– Бұл шал, қане, қашан өліп еді? – деді Марат есіне түсіргісі келіп, қабағын шытынып, – Сайлау кезі емес пе еді?
– Иә, наурыз айында, – деді қыз оны анықтай түсіп.
– «Өлгені туралы дәрігердің куәлігі» бар ма еді?
– Бар ғой.
– Қайда олар?
– Бар. Менде. Бір нұсқасын көшіріп алып қойып едім.
– Алып келші.
Есепші қыз жүгіре басып шығып кет­ті де көп айланбай қайта оралды.
– Міне, – деді қыз бір папка қағазды әкімнің алдына жайып жатып.
Марат алдындағы қағазға ерекше құнытпен шұқшия түсіп, бар зердесін соған аударды. Ең алдымен дәрігердің «өлу туралы куәлігіне» көзін салды да орысша жазылған куәлікті қазақшаға аударып, күбірлей бастады. «Торғауыт Бесбайұлы. 1936 жылы Қытайда туған. Алексеевке ауылы, Шақантай батыр №79-ы үйдің тұрғыны. Жүрегі өліет­тенген. 2001 жылы наурыз айының 16-ы күні қайтыс болды. Георгиевке аудандық аурухананың бас дәрігері Ян…» – деп өзіне керектісін ғана білгісі келіп, оқып шықты.
– Ғажап екен, – деді ол сәлден соң орындыққа шалқая отырып, ойлана көзін жұмып, – Шынында да ғажап болды. Әрі қорқынышты, әрі қызық оқиға екен. Қайтсек болар екен? Әлде аудандық көші-қон полициясынан сұрасақ па екен?
Ол бір талай ойланып отырды да есепші қызға бұрылды.
– Сенше қайтсек болады мұны? – деді шын дағдарған раймен.
– Қытай деген елден не сұмдықтың бәрі шығады дейді ғой. Әнеугүні мен бір кино көрдім. Сонда өліп қалған бір қытай әрі-бері серейіп жат­ты да орнынан қарғып тұрып, сөлбірейген шапанының екі шалғайын қанат қып, етегін құйрық етіп жазып жіберіп ұшты да кет­ті. Мұның да сондай өнері болып жүрмесін. Оның үстіне біз дәл Қытай шекарасының түбінде отырмыз ғой. Полицияға хабарлап қоймасақ, өзімізге қиын болып жүрмесін, – деді есепші қыз ауыл әкімін әдейі сақтандыра сөйлеп.
Марат телефон тұтқасын көтеріп, аудандық көші-қон полициясында біреулермен сөйлесіп жат­ты.
– Біздің ауыл шекараның түбінде ғой. Әйтпесе… Үш жүз қырық километр, – деді Марат телефонда жауап беріп. – Жол дейсіз бе? Жол онша жырғап тұрған жоқ. Дегенмен үш-төрт сағат­та… Жақсы… Күтем, – деді ол тұтқаны орнына қойып. Содан кейін есепші қызға қарап сөйледі: «Дегенмен осы ақылың дұрыс болды-ау. Келетін болды. Түске таяу бір жерден тамақ дайындатып қой».
Бесін ауа жеткен полицейлер келе салып іске кірісіп кет­ті. Марат­тың түсініктемесінен кейін жорамал сұрақтар қойды.
– Нақ соның өзі ме?
– Егіздің сыңары емес пе?
– Ауылға келген бейсауат ешкім жоқ па еді?
– Қытай техникасы дамып кет­ті ғой. Адам клондап жүрмесін?!
– Қайда жерленіп еді, бәлкім, тіріліп кеткен шығар?
– Шын соның өзі ме? Маска киіп алған басқа біреу болмасын?!
Ақыры екі полицей мен ауыл әкімі Марат үшеуі Торғауыт­тың үйіне барды. Торғауыт­ты оңаша алып, сұрақтар жаудырды. Ойында түк жоқ Торғауыт білгенінше жауаптар беріп отырды. Сонан бір кезде полицейдің бірі одан жеке куәлігін көрсетуін талап ет­ті. Торғауыт сумка, папкаларынан іздеп таба алмады. Әйелінен сұрап еді, ол да білмейтін болып шықты.
– Мен көп ауырдым ғой. Қытайда жүргенде жабысқан науқас еді. Сол жарымжандығым себепті пенсияға да ерте шыққанмын. Қазақ­станға жетсем, сүйегім тарихи отанымда қалса деген ниетпен келіп едім. Тілегімді Алла қабыл көрді ме, туған жердің ауасы мен суы шипа болды ма, әлде дәрігерлердің емі дауа болды ма, әйтеуір осында келгеннен кейін жазылып кеткенмін. Жеңіл-желпі жұмыстарға өзім жүгіріп, сергіп қалғанмын. Бар-жоғы екі-ақ жыл. Осылайша мәз болып жүрдім де бір күні аяқ астынан жығылып қалыппын. Содан бері міне, дәрігерден дәрігер, емшіден емші. Сары төсек болып, төрт ай жат­тым. Орнымнан тұрып жүре бастағаныма да бірер айдың ғана жүзі болды. Сол жеке куәлік дегенді қайда қойғаным да есімнен шығып кетіпті. Бәлкім, балалар бір жерге қоя салған болса, табылып та қалар, – деді бәрін басынан бастап түсіндірмек болып.
Полицейдің бірі сумкасын ашып, қайшымен орта тұсынан тұмаршалап қиып алған жеке куәлікті алып шығып, Торғауытқа көрсет­ті.
– Мынау емес пе? – деді қолына беріп.
Торғауыт оны аударып-төңкеріп қарап шықты да көзі бажырайып кет­ті:
– Осы ғой. Кім қиып тастаған? Сіздер мұны қайдан алып жүрсіздер? – деді шаншыла қадалып.
Полицейлер оған жауап берген жоқ.
– Қатыран деген кім? – деп сұрады төтесінен.
– Ол менің бажам еді.
– Қазір қайда?
– Бар, осында.
– Балалардың біреуін жіберіп шақырта аласыз ба?
– Міне, қазір, – деді Торғауыт әлденеге алаңдап, қалбалақтап, есікке қарай жүгіріп.
Үй арасы жақын екен. Бірер минут­та Қатыран да жетіп келді. Көп сұрақтардан кейін оның жауабы мынау болды:
– Торекең (Торғауыт) наурыз айында ауруы ұстап, аяқ астынан жығылып түсті де ес-түссіз қалды. Машина жалдап, аудандық ауруханаға апардым. Он неше күн сонда болдық. Соңында ондағы дәрігерлер: «Ем қонбайды. Адам болмайды. Алып кет. Бала-шағасының қасында көз жұмсын», – деді. Азамат балалары – екі ұл, екі қызы түгел Қытайда болатын. Құжат­тарын дайындап, келе алмай жүрген. Дәрігерлердің шешімі маған қиын болды. Көріп қалсын деген. Балалары алыста. Жүгіріп поштаханаға барып, Қытайға телефон соқтым. Балаларына әкесінің науқасын айт­тым. Олар жылап-сықтап: «Бізге тездетіп телеграмма жібер. Әйтпесе, Қытай жіберетін емес», – деп шуласты. Әрине, жай телеграмманың ешқандай пайдасы жоғы белгілі. Сондықтан дәрігерлерге қайта жалындым. «Адам болмайтыны рас қой. Онда «өлді» деген куәлік бер. Болмаса, балалары топырақ салсын» деп зарладым, – деп Қатыран осы арада бір тоқтап, ойланып алды. «Өлді» деген куәлік беруге басында дәрігерлер де көнбеген. «Басымыз екеу емес» деп отырып алған. Сонан Қатыран қытайша есеп соққан: ауыл мен аудан арасы 340 шақырым. Автобус та жоқ. Одан келу деген де бір машақат. Неше күндік сарпалдаң. Қаншама ақша керек. Осыларды есептей келіп, ол ақыры амалсыздан қалтасына қол салып, қол салғанда мол салып, Американың көк ала қағазының күшімен «өлді» деген куәлікті әрең алып еді. Қазір онысын жасырып қалды да сөзін онан ары жалғастырды. – Сонымен «өлді» деген куәлік алдым, – деп ол Торғауыт­тың бетіне бір қарап қойды.
– Астағыпыралла! – деді ол шегіне беріп.
Қатыран сөзін ары қарай сабақтай түсті:
– Құдай кешсе, Тореке, сен де кешір. Содан осында келдік. Ес жоқ, түс жоқ сен жат­тың. Бала-шаға, қатын-қалаш жылап-сықтап, ес-ақылды алды. Сөйтіп, шулап жатқанда анау төменгі №15 үйдегі шал келе қалды. «Ей, тоқта. Босқа тарықпа. Мынау көрші ауылда пәлен деген емші бар. Соған бір көрсетші. Тым болмаса қарызы қалмасын» демей ме? Шапқылап, соған бардым. Аузында иманы бар ақсақал адам екен. Келіп емдей бастады. Үшкірді. Дем салды. Аузына қасықтап қайнатқан дәрі құйды. Сояу-сояу, бұжыр-бұжыр тамыр дәрілер. Солардың арасынан менің танығаным – тастың майы ғана. Біз жақта да көп. Біз де емге қолданатынбыз. Ақсақал тағы бір дәрілерді айтып еді, ауданға барып іздейтін, оны сатып ала қоятын ақшамыз да қалмаған болатын. Кімнен аласың? Жайдан-жай жалынғанға кім бере қояды? Ақша дегенді сұрап алу үшін де бір сылтау керек қой. Сонан әлгі «өлді» деген куәлікті алып, мен мына әкім бауырыма бардым. Осындайда-осындай, «жерлейтін ақша керек» дедім. Дәрігердің куәлігін, мұның жеке куәлігін мен апарып тапсырдым. «Алдымен жаны қалсыншы. Өлмей жатса қалғанын тағы көрерміз» деп ойладым. Өз атымнан арыз жазып қол қойдым. Ол кезде Торекеңнің мұндайды сезіп-білетін шамасы жоқ еді. Кейін Торекең бара-бара оңалды да ақыр аяғында жазылып кет­ті. Міне, өздеріңіз де көріп отырсыздар, – деді Қатыран әңгімесін аяқтап.
– Құлақ естіп, көз көрмеген таңғажайып бір оқиға болды-ау, – деді Марат көңілі енді жайланып, – Тораға, өлмегеніңіз жақсы-ақ болды. Бірақ сіздің барлық құжат­тарыңыз архивке кетіп қалды ғой. Енді соларды міне, мына куәліктен тартып, ту басынан қайта жасату керек. Әйтпесе, сіз жәрдемақы да, мүгедектік қаражат та ала алмайсыз.
– Апырай-ә, – деп қиналды Торғауыт күрсініп, басын сипап. – Осы құжат­тарды жасатып, сол игіліктерге қол жеткізу үшін мен қанша жүгірдім. Екі жыл уақытым кетіп еді ғой. Мына шашымның жартысы соlан ағарған. Сол әурешіліктен енді құтылдым-ау деп қуанып жүргенде, қиын болды ғой.
– Басқа амал жоқ. Қайта жасатасыз, – деді полицейдің бірі.
– Негізі бар ғой. Бұрынғыдай қиын бола қоймас, – деді Марат жұбатып.

* * *
Торғауыт аудандық көші-қон полициясына барды. Паспортный үстелден тартып, көп бөлімді аралады. Бәрінің жауабы біреу ғана:
– Жоқ, болмайды. Біз шеше алмаймыз.
Таңертең келген. Әр бөлімге кезекке тұрған. Түсте демалыс уағында екі сағат далада отырған. Түстен кейін арып-шаршап алдына әрең жеткен сары келіншек мұны тіпті адам ғұрлы да көрген жоқ. Сөзіне құлақ қояр да емес. Біреулермен орысша былдырласып отырып алды. Ақыры бұл да шамырқанайын деді.
– Мен сізге сөйлеп тұрмын ғой, – деді Торғауыт шытынып, оның алдына жақындап.
– Менің алдыма келетін жалғыз сіз ғана емессіз, – деді анау бұған көз қырын да салмастан.
– Андағы қыз мүлде кезексіз кіріп отыр ғой.
– Онда сіздің жұмысыңыз болмасын. Бұл менің досым болады.
– Ал мен – оралманмын.
– Оралман болсаң қайтейін. Сені мен шақырып келгем жоқ.
Торғауыт оқыған, көзі ашық адам. Өзінің мемлекет­тік көші-қон квотасымен келгенін алдыға тарта сөйледі:
– Үкімет, Назарбаев шақырды ғой.
– Онда соларға бар.
– Әй, сен қалай сөйлейсің? Мен де өзіңдей Қазақ­стан азаматымын ғой.
– Онда куәлігіңді көрсет.
Осы араға келгенде Торғауыт бөгеліп қалды. «Азат басымды екінші рет тағы да тәлкекке салдырғаным-ай» деп күйініп те кет­ті. «Сен мені қорласаң, сені құдай қорласын» деп айтайын деді де «бұл құдайды қайдан білсін?» деп ойлады. Жаңа бұл кірген кезде үстел үстінен жинап алып жатқан колбасаны көз алдына келтіріп. «Адам емес, шошқа екенсің ғой жарылғалы тұрған» деп те айтайын деді оның жардай жуан тұлғасына көз тоқтатып. Бірақ өзін-өзі сабырға шақырды. «Амалым жоқ. Менің күнім бұған түсіп тұр ғой. Онан арман қырсығып алып жүрмесін» деді де шығып кет­ті.
Осы ашумен начальниктің кабинетіне кіріп еді, «әт­тең!..» деп, тісін басып барған. Начальник жоқ болып шықты.
Начальникке ертеңінде де кіре алмады. Сонау ит арқасы қияннан қайта-қайта салпақтап жүріп, үшінші күн дегенде әрең жет­ті-ау алдына. Ыза болғаны, қорланғаны сонша, шү дегенде не айтарын білмей, сөйлей алмай, көпке дейін тығылып отырып қалды.
– Апырай, қарындасым-ай, «қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» дегендей, жұмысымның бітпегені өз алдына, мына қол астындағыларыңыздың адам ғұрлы көрмегеніне қиналып кет­тім. Өз жерімде жай біреу емес, инабат­ты ұстаз едім. Енді мұнда қайдағы жаман қыз-келіншектер… – деді дауысы тарғылдап, сөзінің аяғын тауысып айта алмай.
– Не болды, ағасы? Кейіп отырсыз ғой. Ашуыңызды басып, айтарыңызды маған түгел айтыңызшы, – деді начальник бұған жылы қабақ танытып.
Қой көзді, аппақ, жазық маңдайлы, қыр мұрынды, сұлуша келген қызыл сары келіншектің сөйлеген сөзіне бір ауыз орысша қоспай, тап-таза қазақ тілінде «ағалап» отырған мейірін көріп, Торғауыт­тың көзіне лық етіп жас тола қалды. Әнтек іркіліп отырып барып, бәрін басынан айтып шықты. Кешегі семізден көрген қорлығын да жасырған жоқ.
Начальник те күрсінді. Мұның басынан аяғына дейін қайтадан бір шолып шықты. Ойланып басын шайқады:
– Ағасы, ол үшін сізден мен кешірім сұрайын. Ренжімеңіз. Үш жүз жыл бойы орыстың боданында болдық. Одан қалса сүйекке сіңіп кеткен коммунистік бюрократ­тық, орыстық алкеуделік бар. Шет­тен келген бауырлардың көңіл күйін түсінбейтіндер көп қой. Кім дедіңіз? №13 кабинет­тегі қыз ба? Бақыт қой. Оған өзім сөйлесіп қояйын. Ал сіздің жұмысыңызға келсек, – деді ол хатшы қыз әкеліп берген папкаға қарап отырып, – бұл қиындау екен. Көңіліңізге келмесін, құжат бойынша сіз өліп қалған адамсыз. Біз мынау Кеңес одағы кезінен бері тек қағазға ғана сеніп, сол арқылы жұмыс жасап дағдыланып кет­тік қой.
Ал сіздің қолыңызда ешқандай куәлік жоқ.
– Айт­тым ғой, бұл әлгі Қатыранның кеселі деп, – деді Торғауыт екі алақанын жайып, – Ол байғұс та маған жамандық ойлаған жоқ қой, – дегенді қосып қойды.
– Түсініп отырмын, ағасы. Бұл жұмысты ту басынан қайталап істеу керек. Ең алдымен сіздің тірі екеніңізді дәлелдеу қажет. Онан соң жеке куәлігіңізді қайта жасату керек. Жәрдемақы, мүгедектік көмек, басқа игіліктенулер сонан кейінгі шаруа.
– Түсініп отырмын, – деді Торғауыт басын шұлғып.
– Онда, сіз, аға, былай істеңіз. Біріншіден, ашуланбаңыз. Қайдағы бір қыз-қырқын дұрыс жауап бермеді екен деп өкпелейтін түк те жоқ. Ауырып қаласыз. Аңсап келген атамекеннің қызығын көріп, әлі де бір он бес жыл, жиыр 500 Internal Server Error

Internal Server Error

The server encountered an internal error or misconfiguration and was unable to complete your request.

Please contact the server administrator to inform of the time the error occurred and of anything you might have done that may have caused the error.

More information about this error may be available in the server error log.


Web Server at qazaqadebieti.kz