Тағзым жасамай өтпеңдер!
02.12.2016
3062
0

Пай, пай, пай!
Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер,
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,
Ғашықтар бір-бірін өпкен жер.
Сарылып сал-сері кеткен жер.
Бас иіп, иіскеп топырағын,
Тағзым жасамай өтпеңдер!
М.Мақатаев.
Қазақ Елі! Бұл менің – туып-өскен, кір жуып, кіндік қаным там­ған туған жерім. Бұл менің – алғаш рет бесік жырын тың­дап, ана тілін үйренген құнарлы то­пырағым! Қасиетті де шешен ана тілім менің көкейіме тап осы өл­кеде сіңді. Бала кезімде, жа­лаңаяқ жар кешіп тыныш таппай аласұрып жүргенде, абайсызда жарақаттанып қалсам, жа­ныма шипа болар туған жер­дің қара топырағы бұл.
Тұңғыш рет сезімімді тер­бе­тіп, мейірімді молайтып, қия­лы­ма қанат қақтырып, жігерімді ша­быттандыратын әнін естіген ту­ған өлкем. Сайын дала ырғағы ме­німен бірге болмаған,менің кө­кейімде тұрмаған, бірде-бір күні, бірде-бір сәті жоқ өмірде. Бұл ән – бас ауырып,балтырым сыз­дағанда өмірге деген құш­тар­лығымды арттыратын қуа­тым. Бұл саз – ернім кезеріп су­­­саған кезде шөлімді қан­дыра­тын кәусар бұлағым. Бұл
ыр­ғақ – аптап ыстық пен қақа­ған аязда қорғайтын шаңырағым. Мы­на өмірде еңсемді  тіктеп  жүр­ге­нім, риясыз күлгенім сол шаңы­рақ­тың құдіреті.
Таңертең теледидардан: «Өс­ке­мен мен Семейде қар бораған бұр­қасын, Орал мен Ақтөбе жаң­бырлы. Ал Тараз бен Қы­зы­лор­дада шие гүлдеп тұр. Шым­кент­те аспан айналып түскендей ыс­тық» деп хабарлады. Мұны ес­тіген испандық турист: «Мен әлем­нің 141 елінде болдым. Мұн­дай жылдың төрт мезгілі қа­тар келетін бірде-бір елді көр­ген емеспін», – деп жағасын ұстап­ты дейді көргендер.
Жері бардың елі бар, айдыны мен белі бар. Күлкісі жарқын, жү­регі жылы, санасы салқын. Сон­дықтан қазақта: «Келген қа­дамдарыңа гүл бітсін», «Егінің бі­тік шықсын!» дегендер ең асыл ті­лек. «Жер жастан!», «Жер жұт­сын!» дегендері ең ауыр қар­ғыс.
Ауылда ең қонақжай отбасы жайында: «Ой, шіркін, олардың дас­тарқаны қазақтың кең дала­сын­дай ғой» деп үнемі риза­шы­ғын білдіреді. Қария баласына: «А­лтын тағың болғанша, ала­қан­дай жерің болсын!» деп отырады.
Тағдыр талқысымен жат жер­де өмір кешкен қария асыл ар­маны мен соңғы тілегі: «Жа­рат­қан Ием, соңғы демім біт­кен­де, туған жердің бір уыс то­пы­рағын бұйырта гөр» деп сәж­­деге басын қойған сайын Жа­ратқанға жалбарынады.
Қазақтың бітіспес екі дауы бар. Бірі – жер дауы болса, екін­шісі – жесір дауы. Жесір дауынан жер дауы алғаш айтылу се­бе­бі – жер деген қазақтың ырыс-несібесі, тіршілігінің көзі, бе­реке-молшылығы, өміріне нәр берер киелі топырағы. Қазақ үшін жерден айырылып қалу деген – ұрпақтан-ұрпаққа жал­ғас­­қан тарихынан, тілі мен діні­нен, салт-дәстүрінен, ұл-қы­зы­ның бүгіні мен ертеңінен айы­­рылу деген сөз.
Алыс сапарда жүрген жандар жөн сұраса келе бір өлкеден болып шықса: «Жерлес екенбіз!» деп, олардың арасында бір-бі­ріне деген, қандай құдіретінің бары қайдам, жылы сыйластық, жақындық пейіл туындайды.
Жер төсін еміп өскен шаруа: «Жақсы адам – елдің ырысы, Жақ­сы жер – жанның тынысы» деп отырғаны.
– Ей, қазақ, неге сонша мей­манаң тасып шаттанасың?
– Ұлан-байтақ, сахи далам бол­ғандығынан.
– Ей, қазақ, әуелете әнде­туіңе жол болсын?
– Ана-Отаным болған үшін шырқата ән саламын.
– Ей, қазақ, әндерің неге мұң­лы?
– Ұлы Даламды қорғауда көп қиындық көргеннен болар.
– Ей, қазақ, неге күйлеріңде жер танабын қуырған тұлпар тұя­­ғының дүбірі жаңғырып тұра­ды?
– Қазақтың ару өлкесін көз алартқан дұшпандардан қор­ғауда ауыздықпен алысқан сәй­гүліктер ер қанаты емес пе? Күйі­мізден тұлпар тұяғының дү­бірі, қылышының сыңғыры, же­бесінің зуылы естілетіні сон­дықтан.
– Ей, қазақ, көк байра­ғың­да­ғы қандай құс?
– Қыран! Бізге сол құс ұнай­ды. Басқа құстар күн суыды де­ген­ше-ақ туған өлкесін тастап, жы­лы да жайлы жаққа бет тү­зейді. Ал мұзбалақ бүркіттер қан­шама аяз қысқанмен, қан­ша­ма теперіш көргенімен, туған шыңын еш уақытта тастап кет­пей­ді. Қиямет қайым болса да. Жас жеткіншек сол қыраннан үл­гі алсын деп, туымызға бедер­легенбіз.
Ата-баба  аманат етіп қал­дыр­­ған қиян өлкеге зерделей үңілер болсақ, ғасырлар бойы қатталған ес­телігі іспетті. Олай дейтінміз, көш­пенділер ең бір аяулы есім­дер­ді өзен-көліне, тау-тасына, жа­зығы мен қырына «жазып» кет­кен.
Жетісу, Сарыарқа, Байқоңыр, Маң­ғыстау, Атырау.., япырау қан­дай атаулар десеңші, жүрекке жылы, жанға жайлы, әсем де көр­кем емес пе?
Қазақ әні мен күйінің, өлеңі мен жырының ең әрлісі мен нәр­лісін осынау кең даласына ар­наған.
Қазақ жерден көз жазып қал­са, айдарлысының құл, тұлым­ды­сының күң болатынын ежел­ден-ақ білген. Қиян өлкесі мен құлан жортқан атырабын жат жұрт­тыққа таптатудан өткен қор­лық жоқ екенін түсінген ме­нің данышпан ата-бабам. Сон­дық­тан жаугершілік заманда ру­хы биік, намысты ата-ба­бам­ның қылышы қайраулы, най­засы ұштаулы, қазанаты ерт­теу­лі тұрған.
Айтқан жерден аулақ, туған жер, атамекенім болмаса, онда мына дүние мен үшін басы болса да миы жоқ, кеудесі болса да жү­регі жоқ, көзі болса да жанары жоқ, арнасы болса да суы жоқ, әйтеуір бір күлдібадам бо­лары хақ.
Иә, қазаққа сайын даласынан көз жазып қалудан өткен қор­лық жоқ. Ол тағы қандай да­ла десеңші! Қанда-а-а-й?.. Асты ке­ніш, үсті пейіш жер жаннаты ғой қазақ даласы!
О-о, қазақтың қасиетті қара то­пырағы! Менің ата-бабамның асылы, ұрпағына қалдырған ба­ға жетпес мұрасы, ең аяулы дұ­ғасы, енді менің балаларыма ақ­тық тапсырар аманатым, баға жет­пес байлығым. Егемендігім мен елдігімнің тұғыры.
Жақында бүкіл Еуропаның көрікті жерлерін аралап келген «жаңа қазақ» ініммен сұ­х­бат­тас­қаным бар. Ол кәрі континентте көр­ген кереметтерін: салтанатты сарайларын, аспанмен тіл­дес­кен ғимараттарын, аспалы кө­пірлері мен көз жауын алар көрмелерін, мұражайлары мен мұрағаттарын… әйтеуір қойшы, бә­рін-бәрін таңдайын қаға таң­данысын жасыра алмай сөз етті. Сөз соңында әлгі: «Басқа халық­тың ұрпағына қалдырған асыл мұраларын көре жүріп: «Құ­дайы­м-ау, біздің ата-баба­лары­мыз екі-үш әйел алып о төбеден бұ төбеге мал соңынан салпақтап көшіп-қонғаннан басқа не бі­тірген? Ұрпағына, мына бізге, бөг­де жұртқа мақтан етер не қал­дырған? Немізбен мақтана ала­мыз?», – деген өкпелі ойда бол­дым дегені.
Әсем қалалар мен көрікті кө­пірлер салып келешегіне мұра етіп қалдырмағанына кейінгі ұрпақтың алдыңғы ұрпағына ойлы көз, ояу жүрек талқысынан өткізілмеген өкпесі еді бұл.
Мен оған: «Қарағым, ата-ба­баға бекер өкпе артасың. Оң­түсті­гінде сан жұмбағын ішіне жа­сырған, айдаһардай ысқыр­ған, алпыс айлалы, кұрттай құ­жынаған Қытай, солтүстігінде же­рің мен еліңе көз алартқан аю­дай Ресей, екі алып импе­рия­ның қыспағында ат төбеліндей аз ­ғана қазақтың өмір кешкенін тарихтан білесің. Егер екі-үш әйел­ден некеге отырып, ұрпақ өр­бітіп отырмаса, біздің тарих бе­тінде қалар-қалмасымыз не­ғай­был еді ғой. Бұл көре­генді­к емей немене?
Салтанатты сарайлар мен ас­панмен тілдескен ғимараттар сал­маған деп кінә артасың. Өткен ата-баба тарихына ақыл көзімен қарайықшы. Сонау жаугершілік заманда Күлтегін ба­ба қала салып, көп қабатты қор­ғанмен бекінеміз дегенде дана кеңесші Тоныкөк: «Хан ием, саны аз халқыңның басын қо­сып, қорғанды қалаға жидың делік.  Ал құмырсқадай қаптаған тоб­гачтар қалаңды қоршап алып, ары кеткенде бес-алты ай­­да  қорғаныңды да, халқың­ның да күлін көкке ұшырады, қашан­ғы шыдарсың. Інге кірген қас­қыр­дай қан қақсатады. Біз сияқ­ты аттың жалында, түйенің қо­­мында өсіп, шыныққан жама­ғат­қа ат үстінде жүріп тиіп-қа­шып қапылыста тап беріп, айла­мен соғысқан тиімді. Белі бе­сік­тен шыққаннан ат жалын ұстап өскен біздің жұрттың бір сар­базы он тобгачтарыңа дес бер­мейтінін білесің», – деп қала салуға оны берік қорғанмен қор­шауға үзілді-кесілді қарсы болады. Осылайша жүйелі сөз өрісін тауып, Күлтегін баба да парасатты сөзді хош көріп, қала салудан бас тартады.
Санының  аздығына қара­май, шойын білекті, арыстан жү­ректі бабаларымыз «еңку-ең­ку жер са­лып, егеулі найза қолға алып», ұлан-ғайыр сар даласын сан ғасыр жаудан қорғап бізге, мына саған, мұра етіп қал­дыр­ған. Дала болғанда тағы қандай дала де­сеңші! Түгін тартса май шыға­тын, қойны қазыналы, үсті жазиралы құнарлы дала! Ата-ба­баның бұл мұрасы аз ба? Жоқ, аз емес, көп дер едім. Көп бол­ған­да да досың сүйсініп, дұш­паның күйінетіндей мол мұра, үлкен сыбаға.
Ал енді сол далаңа саялы «Бәй­теректеріңді» тігіп, келер ұрпақ мақтан етерлік, көз жа­уын алатын әсем қалалар салу, пи­рамидалар тұрғызу бүгінгі ұр­пақтың, яғни біз бен сенің мін­детің», – дедім.
Менің айтқанымнан «жаңа қа­зақ» баһра алды ма, жоқ әлде ал­мады ма, ол жағы маған бел­гі­сіз.
«Жаңа қазақ» қалай қабыл­даса, солай қабылдасын, батыр бабаларымыз мұра етіп қалдыр­ған мына Ұлы Дала біз үшін алтын сарайлар мен аспалы кө­пір­лердің бәрінен де қымбат. Өйт­­кені, бұл топырақ қан май­дан­да мерт болған қазақ сарбаз­дарының қаны мен оны жоқта­ған қара көз арулардың көз жа­сына суарылған. Сондықтан елім­нің әр уыс топырағы қазақ үшін қасиетті де қастерлі.
Таулардың етегінде, мидай жа­зықта, жота мен қыратта, өзен аңғарында қазақтың небір апайтөс өрендері, қуатты да ер жүрек сан мыңдаған ұландары опат болды. Сан мың малшы, сан мың диқан, сан мың әке қыр­шынынан қиылды. Қан қа­сап майдан жесірлер мен жетім­дерді қаптатты. Қазақ топырағы сан мың перзентінің алқызыл қанына, төгілген теріне малшы­н­ды. Қан мен терін босқа төккен жоқ, өзінен он есе, жүз есе көп жауларын баудай түсіріп, жайратып салды. Ұлтарақтай жерін де жат жұртқа таптатпады. Қа­сие­тіңнен айналайын, қайран ға­на менің батыр бабаларым-ай!
Міне, осылайша, ару даласын қазақтың хас батырлары «егеу­лі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып», «халқы үшін түн ұйықтамай, күндіз отырмай, қара терін төгіп, қып-қы­зыл қанын жүгіртіп», «басы бар­ды еңкейтіп, тізесі барды бүк­тіріп» аттың жалында, түйе­нің қомында жүріп сақтап қал­ған. Өз ұрпағының болашағы үшін өмірлерін құрбан еткен, тағ­дыр тәлкегіне мойымай, рухтарын биік ұстап, намыстарын жауына таптатпаған. Қайран ме­нің намысты да ержүрек баба­ларым! Пайда ойламаған, ар ой­лаған. Бар мақсаты – Қазақ Елі, қазақтың сайын даласы. Ұр­пағының қамы мен аман­ды­ғы.
Ал біз ше? Иә, шынында да… Дегелең! Қайраң ғана қазақтың қиян өлке, құба жоны! Күллі қа­зақтың жазылмас бітеу жан жа­расы! «Жуас түйе жүндемекке жақ­сы». Дегелең – біздің жуас­ты­ғымыздың жазасы. Уланған да­ла, уланған шөп, уланған… Де­гелең дел-сал, жазылмас дерт­ті. Жер ана кірпік қағуға дірмәнсіз. Басын сүйеп, аузына су тамызуға перзенттері біз де қауқарсызбыз. Дәрменсізбіз. Өкінішке орай солай. Дегелеңге келгенде шықпайды үнім. Үнім шықпайды… Қайтейін…
Он сегіз мың әлем жаралғалы бері тіршілік иелеріне нәпақа бе­ріп келген жер ана бүгінде кө­кі­регінен нәрлі сүт орнына зәр­лі у ақтарып, әл үстінде сазарып жатқаны мынау. Жазылмас ауыр дертті. Кезінде хакім Абай, қа­жы Шәкәрімдерді дүниеге әкел­ген ару дала еді ғой бұл!
Намысы үшін жан беріп жан алысқан өжет ұрпақ көкпар ша­уып, құс салып аң аулаған кер­ме иық жазира емес пе еді Де­гелең! Ұшқан құс, жүгірген аң қазір қайда? «Оты жоқ жер же­тім, басшысы жоқ ел жетім, елі­нен  ауған  ер жетім, тыңдау­шы­сыз сөз жетім…» дегендей, сұ­рау­сыз, іздеусіз жетім қалды-ау кәрі
құ­р­лықтың бір елі беймарал сиятын қазақтың құ­лан жортқан аты­рабы! Иә, же­тім!.. Намысты жұрт өз же­рінде бомба түгілі шіріген жаң­ғақта шақтыр­май­ды. Намысты ел солай етеді. Бөг­деге басындырмай­ды. Шектен шыға берсе, тұры­сатын же­рін сұрайды. Не тәу­бесіне кел­ті­реді, не түгел… На­мысты ха­­лық біз сияқты «мың өліп, мың ті­ріл­генді» мақтан етпейді. Мақ­тан етерлік «мың өліп, мың ті­рілу» ерлік пе, әлде мәртебе ме? Түсінсем бұйырмасын!
Қайран Ұлы Дала, қазақтың ал­тын бесік Атамекені! Бір шаршы метр жеріңде қазақтың он жі­гітінің, жүз шаршы метр же­рін­де жүз жігітінің, барша қа­сиет­ті жеріміздің топырағы сан мың­даған ата-бабамыздың маң­дай тері мен алқызыл қанымен суарылған.
Ерте көктемде қазақтың сайын даласы қызылды-жа­сыл­ды, алқызыл түске бөленеді. Алыс­тан көз салған жанға жер-ана төсі алқызыл дақтарға малшынып жатқандай, жақындап келіп қарасаң сансыз қызғалдақ­тар қоңыр салқын самалға еркелей тербетіле сұлулық пен нә­зік­тіктің қоспасындай көңілге ләз­затты сезім ұялатады. Қия­лыңа қанат бітіріп, көкіре­гіңе­ғажайып сүйіспеншілік сазын құяды.
Жер ананың төсін жарып шық­қан нәзік сабақты әсем гүл­дер алқызыл түсті қайдан алды екен? Қазақтың сайын даласын қор­ғап, опат болған батыр ба­баларымыздың ағызған қаны емес пе екен бұл?
Жер-ананың әр көктем сайын исі жұпар аңқыған, алқызыл қыз­ғалдақты шешек атқызып, бү­гінгі ұрпаққа, бізге, ұлан-ғайыр жерге мұра етіп қалдырған ата-бабаның төгілген қаны мен аққан терін ұмытпасын, жадын­да сақтасын, естен шығармасын деген үнсіз ишарасы шығар, кім біледі?
Қасиетіңнен айналайын ба­тыр ата-бабаларымыз тұмақта­рын жалпылдатып, жан беріп, жан алысып жүріп бізге осынау Ұлы Даланы мұра етіп, көздің қа­рашығындай сақтауды, жат жұрт­қа сыйламауды, сатпауды ама­нат етіп кеткен еді. Сол ата-ба­ба аманатын орындауға лайық­ты ұрпақ бола алдық па, жоқ, әлде?!
Қазақтың құба жоны мен ару да­ласына қызықпаған жау кем­де-кем шығар-ау, әсте. Елімізге көз аларту, бейбіт тіршілігіне сем­сер сілтеу дүркін-дүркін қай­таланып отырды. Қайсар ха­лық жат жұрттықтардың арам­за ниетін білегінің күшімен, най­за­сының ұшымен, ақыл-пара­са­тымен қайтарумен болды.
Құнарлы қара топырақ… То­пырақ демекші… Топырақ бол­ғанда қандай топырақ десеңші! Қу­раған қу томарды шаншысаң кө­геріп, жапырақ жайғызатын құ­нарлы топырақ қой бұл. Иә, құ­нарлы да қасиетті… Алысқа кет­кенді аңсатқан, жат жерде жүргенді бір көруге армандатқан қасиетті «Темірқазық» ол.
Ұлы Далам болмаса, бүгінде әлемге танылған «КА­ZАКНS­ТАN» атты ел болмас еді.
Ұлан-ғайыр жерім болмаса, ал­тын кірпікті күн астында қа­лық­таған қыранды көк байра­ғым болмас еді.
Сайын далам болмаса, қаза­ғым аузы болса да тілсіз, даусы бол­са да үнсіз мәңгүрттенген то­бырға айналар еді.
Ұлы Далам болмаса…

Бегман ЫСҚАҚ,
Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір