ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ПЕРЗЕНТТЕРІНЕ ТАҒЗЫМ
Биыл академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толды. Қазақ ғылымының атасы саналатын ұлы ғалымның есімі ұлт жадында ғана емес, дүниежүзі тарихында алтын әріппен жазылып, уақыт пен кеңістік шеңберінде жаңғырып тұратыны сөзсіз. Ал бүгінгі ұрпақ ел мен жер үшін өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғаларға тағзым етуді дәстүрге айналдыруы керек.
Ұлттың ұлы перзенттерін ұмытпай, тағзым жасау дәстүрін Қазақстан Жазушылар одағы да берік ұстанады. Жақында қаламгерлер сондай бір ізгі іс-шараның куәсі болды. Жазушылар одағының ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы орталық зиратта қазақ халқының асыл перзенті, геология ғылымының негізін қалаушы ұлы ғалым, академик, ұлт жанашыры, мемлекет және қоғам қайраткері Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай, оның рухына тағзым етіп, еске алу шарасы өтті. Іс-шара аясында қазақтың біртуар тұлғалары – Қаныш Сәтбаевтың қабіріне белгілі ғалымдар мен ғылым қайраткерлері, Мұхтар Әуезовтің қабіріне көрнекті ақын-жазушылар, Ахмет Жұбанов пен Шәкен Аймановтың қабіріне мәдениет және өнер саласының майталмандары гүл шоқтарын қойып, олардың рухына Құран бағыштады.
Тағзым жасау барысында өткен жиында Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов сөз сөйлеп, мұндай игі дәстүрдің жиі ұйымдастырылуы ұлт тұлғаларының аруағына жасалған құрмет пен бүгінгі ұрпаққа тәлімі мол болатынын айтты. Сондай-ақ, одақ басшысы көрнекті жазушы Қалмұқан Исабаевтың «Қаныш аға осындай еді…» атты кітабының қайта басылып, оқырманға жол тартқан хабарын жұртқа сүйіншілеп жеткізді. «Кезінде Ұлыбританияның премьер-министрі Уинстон Черчилль Қаныш Имантайұлынан: «Қазақтардың бәрі сіз сияқты ұзын бойлы, батыр тұлғалы ма?» – деп сұрапты. Сонда академик: «О, жоқ, Черчилль мырза, қазақтардың ішіндегі ең кішісі мен, халқым менен де биік», – деп жауап берген екен. Саналы ғұмырын ғылым мен білімге арнап, елі үшін аянбай еңбек еткен Қаныш Сәтбаевтың бізге қалдырған мол мұрасы ұлтымызға мәңгілік азық болары сөзсіз. Жазушылар одағының ұйымдастыруымен тұңғыш рет әдебиет, ғылым, өнер саласының айтулы тұлғаларының басын қосқан мұндай игі шара ұлыларға тағзым, ұрпаққа тағылым болады деп сенеміз, – деді өз сөзінде Мереке Құлкенов.
Зиярат барысында ғалымның жүріп өткен жолы мен еңбегі баяндалатын кітаптан үзінді оқылды. Іс-шара соңы әйгілі академикке арналған асқа жалғасып, кітаптың тұсаукесер рәсімі жасалды. Қонақтар естеліктерін айтып, ақындар Сәтбаевқа арнаған өлеңдерін оқыды.