ТАҒЗЫМ
16.08.2024
31
0

Осыдан екі ай бұрын Қазақстан Жазушылар одағы Алматы қаласындағы орталық зиратта Қазақ халқының асыл перзенті, геология ғылымының негізін қалаушы ұлы ғалым, академик, ұлт жанашыры, мемлекет және қоғам қайраткері – Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай оның рухына тағзым етіп, еске алу шарасын өткізген еді. Шара аясында қазақтың біртуар тұлғалары – Қаныш Сәтбаев, белгілі ғалымдар мен ғылым қайраткерлері Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов пен Шәкен Аймановтың қабіріне мәдениет және өнер саласының майталмандары гүл шоқтарын қойып, олардың рухына бағыштап құран оқыған. Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов сөз сөйлеп, көрнекті жазушы Қалмұқан Исабаевтың «Қаныш аға осындай еді…» атты кітабының қайта басылып, оқырманға жол тартқан хабарын жұртқа сүйіншілеп жеткізген.

 Жазушылар одағының ұйымдастыруымен тұңғыш рет әдебиет, ғылым, өнер саласының айтулы тұлғаларының басын қосқан бұл игі шара ұлыларға тағзым, ұрпаққа тағылым болғаны аян.
Жақында Қазақстан Жазушылар одағының бұл бастамасын Авут Мәсимов, Музаппар Зайитов, Иминжан Тохтияров сынды ұйғыр қаламгерлері эстафета түрінде қабылдап, зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан игі шараны Еңбекшіқазақ ауданы Ташкенсаз ауылдық округының әкімдігінің, өңір тұрғындарының қолдауымен ұйымдастырды. Іс-шара сол ауылдан шыққан белгілі тұлғалар – келер жылы туғанына 100 жыл толатын жазушы Хизмет Абдулиннің және академик-ғалым, ақын Махмут Абдурахмановтың туғанына 90 жыл толу мерейтойына байланысты өткізілді.
Іс-шара жазушы Хизмет Абдуллин мен академик Махмут Абдурахмановтың қабіріне гүл шоқтарын қойып, олардың рухына құран бағыштау­дан басталды. Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының кеңесшісі жазушы Авут Мәсимов Одақ Төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі Мереке Құлкеновтің жиынға қатысушыларға табыс тілеген жылы лебізін жеткізді. Аталған басқосуға Республикалық үйғыр этномәдениет орталығының құрметті төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі Шаймардан Нурумов, Республикалық үйғыр этномәдениет орталығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Долқунтай Абдухелил, Республикалық үйғыр этномәдениет орталығы ханым-қыздар кеңесінің төрайымы Сәнәм Беширова, «Жанан» ханым-қыздар кеңесінің төрайымы Мизангул Авамисимова, Алматы облыстық үйғыр этномәдениет орталығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Аркен Жумаев, Хизмет Абдуллин атындағы орта мектеп директорының міндетін атқарушы Эльмира Бейсенбаева, ауылдың қарттары мен жастары қатысып, сөз сөйледі. Жас ақын Сәнәм Имрәмзиева жыр оқыса, Райдин Мәсимов ақынның әндерін орындады.
Шараға қатысушылар Баяндай ауылындағы мектепке академик Махмут Абдурахмановтың атын беру туралы ұсынысын, сондай-ақ жазушы Хизмет Абдуллиннің келер жылғы 100 жылдық мерейтойын республика деңгейінде өткізу туралы тілегін білдірді. Шара соңында академик Махмут Абдурахмановтың туыстары іс-шараны ұйымдастырған жазушылар мен ауыл тұрғындарына, келген қонақтарға алғыс білдірді.

Музаппар ЗАЙИТОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір