АҚЫН РУХЫНА ТАҒЗЫМ
17.06.2025
37
0

Мәскеу қаласында Ресей Мемлекеттік кітапханасының Шығыс әдебиеті орталығында қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Марфуға Бектемірованы еске алуға арналған «Белый парус мечты» («Арманның ақ желкені») атты шығармашылық кеш өтті.

Аталған кешті «Қайрықтар қазынасы» – «Московские напевы» қоғамдық бірлестігі, «Санкт-Петербургтегі қазақтардың Орынбор жерлестігі», «Горячее озеро» әлеуметтік-мәдени жобаларды дамыту және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтау жөніндегі» бірлестіктері, «БИРГЕ» медиаресурсы Еуразия мен Африка халықтары Ассамблеясының және Қазақстандағы Халық дипломатиялық Халықаралық Достастығымен бірлесіп ұйымдастырды. Аталған кешті өткізуге қолдау көрсеткендердің қатарында ҚР Сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның Ресейдегі елшілігі де бар.
Белгілі ақын-жазушылар, бірқатар қоғамдық ұйымдардың және түрлі ұлттық диаспора орталықтарының өкілдері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, ардагерлер мен студенттер қатысқан шығармашылық кешті Қырғыз Республикасы Ұлттық Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Халық дипломатиясы Халықаралық Достастығының вице-перзиденті, ақын, аудармашы Жамалкүл Сабаева жүргізіп отырды. Жүргізуші жиналғандарды Марфуға Бектемірованың өмірбаянымен және шығармашылығымен таныстырды. Ресей Мемлекеттік кітапханасының әлеуметтік-мәдени бағдарламаларының үйлестірушісі, өнертанушы Маргарита Мкртычева, Ресейдегі Қазақстан елшілігінің кеңесшісі Еркебұлан Бектұрғанов кезекті сөз алып ақын жайлы, өтіп жатқан кештің маңыздылығы туралы ойларын жеткізді. Мәскеу кәсіби әдебиетшілер одағының, Ресей Жазушылар одағы Мәскеу облыстық ұйымының мүшесі, прозашы, аудармашы Айнұр Бекболотова «Марфуға Бектемірова шығармаларының арқауы», «Қайрықтар қазынасы-Московские напевы» әдеби бірлестігінің мүшесі Замира Зайлидинова «Марфуға Бектемірованың аудармашылық қызметі» деген тақырыптарда баяндама жасады. Қырғыз диаспорасы кеңесінің білім беру комитетінің жетекшісі Таалайкүл Токтобекова кішкентай бүлдіршіндерімен бірге ақынның өлеңдерін үш тілде – қазақ, орыс, қырғыз тілдерінде мәнерлеп оқып берді. Сол сәтте залдағылар ду қол шапалақтап, оларға айрықша қошемет көрсетті. «Я деловая женщина» журналының бас редакторы Гүлжан Давлетбекова Марфуғаның орыс тіліне аударылған «Белый свет со мной не разлучен», қыз-келіншектер поэзиясының таңдаулы өкілдерінің бірі, бірнеше жыр жинақтың авторы Зарыл Омуралиева «Сүйген болсаң» өлеңін қазақ тілінде, «Аруу дүйнө» әдеби бірлестігінің жетекшісі Айжан Мамасадықова ақынның қырғыз тіліне аударылған «Жан шеригим», «Күн арийне, сени билген» өлеңдерін нақышына келтіре оқыды.
Марфуға Бектемірованың есімі Ресей оқырмандарына жақсы таныс. «Единая Россия» партиясы мен Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының қолдауымен ақынның «Белый парус мечты» кітабы шықты. Оның жалпы таралымы 10 мың дана болды. Бұл – Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Ресейдегі жоғары таралым. Әртүрлі тақырыптағы бір топ өлеңдері «Молодая гвардия» журналында жарияланды.
ҚР Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, педагогика ғылымының кандидаты, «Санкт-Петербургтегі Орынбор қазақтарының жерлестігі» қоғамдық бірлестігінің президенті Айгүл Иришева ақын Марфуға Бектеміроваға арналған кешті ойдағыдай өткізуге белсене атсалысты.
Ақынның жары, Ресей Жазушылар одағының «Василий Шукшин» Алтын медалінің иегері, жазушы Есенгелді Сүйінов жиын хақында сөз сөйлей келіп, ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, Марфуға Бектемірованың «Таңдамалы шығармаларының» қостомдығын, жыр жинақтарын, қазақ тіліне аударған Анна Ахматованың кітабын Ресей Мемлекеттік кітапханасының қорына сыйға тартты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір