РУХҚА ТАҒЗЫМ
05.06.2023
130
0

31 мамыр – Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, қаламгерлер сол бір зұлмат жылдардың құрбандарын еске алып, Құран бағыштады.

Қазақстан Жазушылар одағы ғимаратының алдына жиналған қалам иелері өткенді еске алды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Кәдірбек Сегізбаевтың өшпес тарих туралы тебіреніске толы сөзінен кейін, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының бірінші орынбасары, жазушы Нұржан Қуантайұлы: «Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин сынды қызыл террордың құрбаны болған ақын-жазушылардан бастап советтік заманда репрессияға ұшыраған қаламгер атаулының көпшілігінің артынан Құран хатым түсірілмей келеді. Бүгін соны Жазушылар одағы қолға алып, дүниеден өткен боздақтарымыздың, ұлт кеменгерлерінің рухына арнап қой сойып, Құран бағыштамақ болып отыр. Бұйыртса, бұл іс-шара жылда осы күні өткізіліп, дәстүрге айналар деген ойдамыз», – деді рәсімнің мән-маңызына тоқталып. Осыдан кейін қаламгерлер қауымы Кеңсайға барып, ұлтымыздың дамуына, әдебиет пен мәдениетке өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларға зиярат етіп, құран бағыштады. Жазушылар одағының кафесінде ас берілді. «Әруаққа тағзым» деп аталатын бұл іс-шараны Қазақстан Жазушылар одағы «ASSYLTAS» қоғамдық қорымен бірлесіп өткізді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір