Егемен елдің Елбасы
29 қараша күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай, Алматыда ҚР Президенті Мұрағатының конференц-залында Алматы қаласы Әкімдігі Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Ұлыс» ғылыми-зерттеу орталығы» Қоғамдық қоры «Елбасының мемлекеттіліктің қалыптасуы мен нығаюындағы ролі» тақырыбындағы қалалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Бұл іс-шараға Президент Мұрағаты мен «Алматы қалалық мұражайлар бірлестігі» КМҚК мекемесі де атсалысты.
Конференция барысында Егеменді Қазақстан Республикасында Президент институтының қалыптасуы мен дамуы, Президент институтының қазақстандық моделі: ерекшеліктері, тарихи мәні және болашағы, Тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен өркендеуі жолындағы Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың ролі, Қазақстандағы саяси тұрақтылық пен ұлттық бірлік және Елбасының көшбасшылық қайраткерлігі тақырыптары талқыға түсті.
Конференцияға қатысушылар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің ұлттық идеяның және қазақстандық патриотизмнің қалыптасуы мен нығаюындағы роліне, оның жүргізіп отырған «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» және басқа да реформаларына баса назар аударды.
Республикамыздың ғалымдары мен зерттеушілері, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының қызметкерлері, жетекші заңгер-ғалымдар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ жоғары оқу орындарының оқытушылары, PhD докторанттар мен магистранттар қатысқан жиынға ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары, философия ғылымдарының докторы, профессор Серік Нұрмұратов модераторлық етті. Конференцияның ашылуында Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Борис Әлікенұлы кіріспе сөз сөйлеп, Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне орасан зор үлес қосқанын атап өтті. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Президенті, академик Мұрат Жұрыновтың «Роль и значение антиядерной деятельности Президента Республика Казахстана Н.А.Назарбаева» деген тақырыпта жолдаған мақаласын конференцияға қатысушыларға модератор С.Нұрмұратов оқып берді.
Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң Академиясы ректорының кеңесшісі, заң ғылымының докторы, профессор Еркін Дүйсенов Қазақстан Республикасында Президенттік институт қалыптасуының құқықтық аспектілері деген тақырыпта баяндама жасады. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Хангелді Әбжановтың «Елбасы Н.Назарбаевтың көрегендігі және келешегі кемел Қазақстан» деген тақырыптағы баяндамасы тыңдаушыларға әсерлі болды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің өткен шақырылымдарындағы депутаты, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымының докторы, профессор Уәлихан Қалижанұлы «Замана сынындағы Елбасының сындарлы саясаты» деген тақырыптағы баяндамасын оқыды. ҚР Президентінің жанындағы ҚСЗИ-дің бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы Юрий Булуктаев «Фактор сильного президента как одно из условий успешного развития Казахстана» деген баяндамасында елдің экономикалық-әлеуметтік дамуына күшті президент институтының оң ықпалы болғанына тоқталып өтті.
ҚР БҒМ ҒК «Ғылым ордасы» РМК бас директордың ғылым және халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары, тарих ғылымының кандидаты Нұрлан Сейдін «Президент Нұрсұлтан Назарбаев және Конституция» деген тақырыпта баяндама жасаса, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, қоғам қайраткері Асылы Осман Әлиқызы «Тәуелсіз Қазақстандағы ұлтаралық татулық пен бірлікті нығайтудағы ҚХА-ның құрылуы мен қалыптасуындағы Тұңғыш Президенттің ролі мен ерен еңбегі» деген тақырыпта баяндама жасады.
Конференция соңында модератор ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары, философия ғылымдарының докторы, профессор Нұрмұратов Серік Есентайұлы «Қазақстандағы ұлттық бірліктің рухани қайнар көзі (Елбасы еңбектерінің негізінде)» деген баяндама оқыды.