ОҚЫМЫСТЫ ЕЛДІҢ ЭКОНОМИКАСЫ ОЗЫҚ
24.03.2024
132
0

Өндіргеніңді сатпа,
сатылатынды өндір
Маркетингтің алтын заңы

Өткен жылдың аяғына таман AMANAT партиясының бастамасымен елімізде зияткерлік және шығармашылық капиталды дамытуға бағыт­талған КІТАП – AMANAT жобасы пайда болды. Мұндай шараның қажет­тігі мен өзектілігі, түйінді мәселенің қазіргі таңдағы ахуа­лын талдау, мақсаты мен мазмұны, одан күтілетін нәтижелер осы Жобаның тұжырымдамасында толыққанды берілген.
Алматы қаласынан бастау алған бұл жоба ке­йін бірнеше ірі қалаларда жалғасты. Желтоқсан айының соңында Қостанай қаласында КІТАП – AMANAT дүкенінің тұсауы кесілді. Оған облыс әкімінің орынбасарынан бастап өңіріміздегі ақын-жазушылар, мәдениет, оқу-ағарту басқармасының өкілдері, кітапханашылар, жастар қатысып, жиналған қауым бұл жобаның уақтылы пайда болғаны және қажет­тілігі туралы өз ойларын ортаға салды.
Еліміз кітапты көп оқитын ұлт деңге­йіне жетіп, жастарымыз білімді де білікті болуы үшін және соның арқасында еліміз гүлденіп дамыған мемлекет­тердің қатарынан көріну үшін бұл бастаманың аяқсыз қалмауына атсалысу әр ата-ананың, әр ұстаздың, елін, жерін, ұлтын сүйетін әр азамат­тың борышы десек, артық айт­қандық бола қоймас.
Сонымен, оқырманның кітап оқуға деген қызығушылығын арт­тыру мәселесі өзекті. Алдымен кімдерге қандай кітаптардың қажет екенін анықтау маңызды. Бұл үшін болашақ оқырманды талғамы мен талаптарына, сұранысы мен қызығушылығына қарай сегмент­терге, яғни мақсат­ты аудиторияларға бөлу қажет­тігі туындайды. Оқырманды бұлайша топтастыру олардың түрлі ерекшеліктеріне байланысты жүзеге асады. Біздің жағдайымызда негізгі тұтыныс тауары (өнім) кітап болғандықтан, мұндай ерекшеліктер ретінде олардың тұрған аймағы, жынысы мен жас шамасы, кітапты қай тілде оқитыны, қызығушылығы, әлеумет­тік жағдайы, қаржылық мүмкіндігі елеулі факторлар болып есептеледі. Осы айтылғандар түсінікті болуы үшін, мысал етіп тұтынушы ретінде Қостанай өңіріндегі мектептерді алайық. Республиканы былай қойғанда, облыс мектептеріне танымал ақын-жазушылардың шығармалары ауадай қажет десек, оның ішінде Абай, Мұхтар сияқты ұлы тұлғалардың шығармаларымен қоса, осы аймақтан шыққан қазақтың белгілі қаламгерлерінің кітаптары қажет екеніне ешкім күмән келтірмесе керек. Сөзіміз дәлелді болуы үшін мына бір кішкентай жұмыстың нәтижесі туралы айтып кетуге болады: сауалнама жүргізу арқылы кітап­ханалардан «сіздерге қандай кітаптар бірінші кезекте керек» деген сауалға олар жергілікті авторлардың кітаптары жетпейтінін айтып жат­ты. Мұндағы жергілікті авторлар деп тұрғанымыз сол өңірге ғана танымал қаламгерлер емес, алды ұлт ұстазына, қазақтың рухани көсеміне айналған, ке­йінгілері шығармалары бірнеше шет тілдеріне аударылып, оқырман тарапынан жоғары бағасын алған көрнекті қазақ ақын-жазушылары: Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Көбеев, С.Мәуленов, Ғ.Қайырбеков, Т.Әбдіков, С.Кенжеахмет, К.Мырзабеков, Қ.Сәрсекеев, С.Оспанов, А.Шаяхметов, С.Тұрғынбеков, т.б. Осы жерде жоғарыда айтылған сегмент­теу мәселесі туындайды. Қажет деп тапқан авторларды бастауыш, орта және жоғары сынып оқушыларына, олардың оқығанын қабылдау деңге­йіне сәйкестендіріп шығару тиімді болатыны сөзсіз. Келесі мәселе – бұл қаламгерлердің шығармаларын жеке кітап етіп шығарған дұрыс па, болмаса, авторларды топтастырып жинақ түрінде ұсыну тиімді ме? Міне, осындай анықтау, ұйымдастыру, үйлестіру мәселелерімен айналысатын және шешетін арнайы, білікті комиссия болуы шарт. Олар жан-жақты зерт­теу жұмыстарының нәтижесінде қай автордың кітабын жеке, қай авторлардың шығармаларын авторлық жинаққа енгізу туралы қорытынды шығаруы керек.
Көрсетілген мысалда, байқап отырғандарыңыздай, мақсат­ты аудитория, негізінен, географиялық белгісі мен жас ерекшеліктеріне байланысты алынды. Осы сияқты қыз балаларға арналған отбасы тәрбиесі, бойжеткендерге арналған бой-бас күтімі, сұлулық сыры, тағам даярлаудың тиімді тәсілдері, жас аналарға арналған бала күтімі жайлы кеңестер, т.с.с. Бүгінгі таңда көркем әдебиет­тен басқа, бірақ барынша қажет­ті деп саналатын кітаптардың бағыты, тізімі, авторлары тура жоғарыдағыдай мақсат­ты аудиториясы айқындалғаннан ке­йін белгіленгені абзал. Бұл жағдайда артық өндіру, қажет­тігі төмен, сұранысы жоқ кітаптарды шығару сияқты қателіктерге жол берілмес еді. Қош, түсінікті делік, бірақ «осы мақсат­ты аудиторияны анықтаумен кім айнылысады?» деген қисынды сұрақ туындайды. Жалпы жағдайда кімге қандай тауардың керек екенін анықтау өндіруші тарапынан жүргізіледі. Әдет­те, кәсіпорын (фирма) маркетингтік зерт­теу жүргізеді, сосын алынған зерт­теу жұмыстарының нәтижесі сарапталып шығарылатын тауардың түрі, көлемі, бағасы айқындалады. Бұлай болған жағдайда маркетингтік зерт­теуді баспаханалар жүргізуі керек еді. Бірақ мәселе бүгінгі күннің талабына, сұранысына сай кітаптар жайлы болғандықтан (әсіресе өте қажет кітаптарға), мұндай зерт­теу жұмыстарын оқушылардың, жастардың, қала берді, жалпы жұртшылықтың рухани талғамын көтеру үшін кітапханашылар, облыстық, аудандық оқу бөлімдері, мектеп ұжымы (ата-аналар комитетімен біріге отырып), облыстық мәдениет басқармасы сияқты мекемелер жүргізген абзал.
Бұл айтылғандардың сыртында қандай кітаптарға қаншалықты сұраныс барын анықтау жұмыстарын осы кітаптарды өткізетін КІТАП – AMANAT дүкені түрлі сауалнамалар арқылы жүргізсе, бұл тиімді әдістің бірі болмақ.
Келесі, ең маңызды мәселе, балаларды, жасөспірімдер мен жастарды, жалпы, адамдарды кітап оқуға қалай тартуға болады?
Ұсынылатын шаралар: мектептер мен коллеждерде, жоғарғы оқу орындарында, үлкенді-кішілі кітапханаларда, ауылдық клубтарда, оқушылар мен жастар сарайларында жұртшылықтың кітап оқуға деген қызғушылығын арт­тыратын түрлі шаралар өткізу. «Кітап оқудың пайдасы» тақырыбына қызықты ақпарат­тар беру арқылы болашақ оқырманның кітапқа деген сүйіспеншілін оятуға болады. Мысалы, кітапты көп оқитындардың табысы оқымайтындармен салыстырғанда әлдеқайда артық болатыны (ғылыми дәлелденген), елге әйгілі, үлкен жетістікке жеткен адамдардың жастайынан кітапты көп оқығаны, кітап оқу арқылы жадыны жақсартуға, ойлау қабілетін арт­тыруға, таза сөйлеуге, сауат­ты жазуға үйренеді, ойын анық, оңай жеткізе алады, сөз қоры оқымайтын адаммен салыстырғанда анағұрлым көп болады. Сол сияқты көп оқитын адам стресс жағдайында өзін-өзі бақылауда ұстай алады, назары мен байқағыштығы артады, мидың жұмыс істеу қабілеті күшейе түседі. Міне, осыларды нақты мысалмен дәлелдей, қызықтыра отырып жеткізу – болашақ оқырманның кітап оқуға бетбұрыс жасауына ұйытқы болмақ. Төменде «Кітап – асыл қазына» (шарт­ты атау) шарасында ұсынымдар:
Жоғарыда айтылған қоғамдық орындарда көпшілікті қызықтыратын кітаптарды талдау, пікір алмасу, пікірталас шараларын жүргізуге болады. Бұл көркем әдебиет болуы да, практикалық жағынан, адамның тұлға ретінде, маман ретінде өсуіне мүмкіндік беретін кітап болуы да мүмкін. Мысалы, «Тобыл-Торғай өңірі қаламгерлерінің кіші антологиясы», «Балаларға арналған үздік шығармалар жинағы», «Қазақпын десең, білген жөн», Поль Брэггтің «Ашығудың кереметі», Дейл Корнегидің «Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері», Джо Виталенің «Ақша жасаудың ғажайып құпиясы» т.с.с;
Оқылған кітап бойынша небір қызықты ойын түрлерін, конкурстар ұйым­дастыруға болады: викторина, кітапқа ең үздік пікір, т.с.с. Жеңімпаздарға сыйлық (жақсы кітап, театрға билет, қандай да бір бонус, т.т.) болатыны ескерілсе, бұл жұртшылықтың қызығушылығын арт­тыра түсетіні сөзсіз;
Жақсы туынды ретінде жұрт аузында жүрген кітаптың авторымен немесе сол кітапты құрастырушымен кез­десу ұйымдастыру – осы бағыт­тағы тартымды жұмыстың бірі болмақ;
Соңғы уақыт­та үлкен сұранысқа ие қандай да бір тартымды кітаптың тұсаукесерін өткізіп, сол кітаптың ең қызық та пайдалы жерлері туралы осы кітапты оқыған бірнеше адам мағлұмат беріп, талдау жасаса, аталмыш кітапты оқуға ниет білдіретіндердің саны арта түсетіні сөзсіз;
Кітап сыйлауды әдетке айналдыру – туған күнге, мереке қарсаңында, жақсы кітапты құрбы-құрдасқа, әріптеске, балаға, немереге сыйға тарту, сосын осы кітап туралы ой бөлісу де кітапқа деген қызығушылықты еселей түспек;
Кітап туралы қысқаша ақпарат берілген жарнама. Бұл жағдайда кітаптың сатылымы (сұраныс) 2,5 есе өсетіні дәлелденген;
Әлеумет­тік желілерде сұранысқа ие кітап туралы пікір алмасулар мен пікірталастар. Жастар әлеумет­тік желіде көп болатындықтан сол желілерде болып жатқан қызу пікір алмасулар оларды бей-жай қалдырмайтыны анық;
Кітап жәрмеңкесі. Оқырман да өзінің қолындағы кітаптарын сатуға, айырбастуға мүмкіндік алады. Шынында да, кейбіреулерге қызықсыз немесе түсініксіз көрінетін кітап басқалардың іздеп жүрген әдебиеті болуы әбден мүмкін.
Қытайдағы ірі кітап дүкендері қазіргі таңда кітапхананың рөлін атқаруда. бұл дүкендерден кітап сатып алумен қатар сол жерде отырып кітап оқуға, кез­десулер өткізуге, тегін шай іше отырып пікір алмасуға жағдай жасалған. Мұндай тәжірибені КІТАП – AMANAT дүкеніне қолдануға болады. Тағы бір қызық жаңалық, соңғы жылдары GFK ат­ты Халықаралық Маркетингтік зерт­теу институтының (Германия) сараптама нәтижелері бойынша ең көп оқитын 10 елдің көшбасында Қытай тұр. Мынаған назар аударыңыз: Қытай елінің соңғы 22 жылдағы жан басына шаққандағы ЖҰӨ (жалпы ұлт­тық өнім) 22 есе (!) өскен. Ал әлем бойынша экономикасы ең мықты ел АҚШ-тың сәйкес көрсеткіші 2 есе ғана. Бұдан шығатын қорытынды, ел экономиканың қай саласынан болсын озық мемлекет­тердің қатарынан көрінуінің негізі факторларының бірі – көп оқу, білім деңге­йінің жоғарылауы болады.
Енді ең қиыны – кітаптың сатылу бағасын түсіру мәселесі. Бағаны төмендетудің бірінші жолы ол – КІТАП – AMANAT дүкенінің бағасы басқа кітап дүкендеріндегі үстеме құнсыз сатылады деп күтілуде. Бірақ бұл жағдайдағы бағаның қаншалықты төмен болатынын тап басып айту қиын. Мысалы, КІТАП – AMANAT дүкенінде өзіндік құны 1000 теңгеге жетпейтін кітап 3400 теңгеден сатылымда тұрды және ондай кітаптар тіпті де аз емес. Егер мұндай талап қойылмаса, кітап өндірушілер бағаны сол баяғы жоғары қалпында қоймасына ешкім кепіл бола алмайды. Демек, кітап сөреге қайтадан қымбат бағамен келіп түседі. Екінші жағынан, баспагер өз өнімінің бағасын өзіндік құн деге­йінде (немесе одан да төмен) қоймайтыны белгілі. Бұл жағдайда не істеу керек?
Біздіңше бағаны түсірудің бірнеше жолы бар. Бірінші жолы – шығарылатын кітап тиражының көп болуы. Себебі, тапсырыс саны (дана) неғұрлым жоғары болған сайын, кітаптың өзіндік құны төмендей түседі. Сөйтіп, сатылу бағасын түсіруге мүмкіндік туады. Ол үшін кітапқа сұраныс артуы тиіс.
Екіншіден, сату бағасы мен өзіндік құнның айырмасын (тұтынушыға арзанға түсу үшін) мемлекет тарапынан субсидия жасауға болады. Бұл, әрине, көпшілікке пайдасы бар, сұранысы жоғары кітаптарға (мектеп, балабақашаға арналған кітаптар) қатысты әңгіме.
Үшінші тәсіл – ол өте пайдалы деп саналатын кітаптарды балалар, жастар алып оқуына, елдің білім деңгейі жоғарлауына ынталы жанашыр кәсіпкерлердің демеушілік жасауы.
Дегенмен, осы мүмкіндіктердің қай-қайсысын да жүзеге асыру, яғни оны ойдағыдай ұйымдастыру үшін біраз жұмыс жүргізілу керек. Бұл жөнінде қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, мәдениет, оқу-ағарту саласының мамандары, кітапханашылар, ата-аналар, жастар, жалпы оқырман қауымы өз ойларыңызбен бөліссеңіздер?

Әбутәліп ӘМІР,
Қазақ­стан Жазушылар
одағының мүшесі,
Маркетолог
Қостанай қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір