ТҰЛҒАСЫ — ЕЛДІҢ АЙБАРЫНДАЙ
07.11.2024
414
3


Биыл – Мысырда мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған Дешті Қыпшақ даласының тумасы Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойы. Аталмыш іс-шараға дайындық өткен жылы басталып кеткен еді. Екі елге ортақ тұлғаны Мысыр мен Қазақстан бірдей ұлықтап, бұл дата лайықты атап өтілуде.

Данияр Әлбозым

Алматы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінде де  Бейбарыс сұлтан бейнесі тиісті деңгейде ұлықталуда. Жуырда ғана №20 бөлімшенің ұйымдастыруымен өткен жастарға арналған  танымдық сағат сол үлкен тойға қосқан үлес деуге болады. Кездесуге этнограф, ғалым-профессор, саятшы, құсбегі Данияр Әлбозым қатысып, жастарға Бейбарыс сұлтанның бейнесін ашып, әңгімелеп берді. Жастарға жігер берген этнографтың әңгімесі құсбегілік бағытқа да ойысып, жастар сұрақтарын қойып, таным көкжиектерін кеңейтті.  

Республикалық «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің өкілі, журналист Меруерт Мәулетқызының модераторлығымен өткен іс-шарада қарапайым құлдан мемлекет билеушісіне дейін көтерілген Бейбарыс бабамыздың тектілігі, қайраткерлігі, мұқалмас жігерлігі сөз болды. Журналист, бірнеше басылымның шығарушы редакторы Марат Сәбдікеннің аңыз тұлғаның образын жастарға жақындатып қарапайым тілде әңгімелеп беруі іс-шара маңызын арттыра түсті. Кітапхана қызметкері Назерке Хапсихова таныстырған кітап көрмесі жастар үшін таптырмас білім болды деуге болады.

ЕТЭК студенттері Таңат Жеңісбек, Жасмин Балғабаева, №8 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы Нұрдәулет Таждинов орындаған рухты күйлер кештің көрігін қыздарын, әрлеп жіберді.

Лаура Мәулітшәріпқызы

Ел тарихындағы биік тұғырға орналасқан Бейбарыс сұлтанның айшықты тұлғасы тәуелсіз елдің айбарындай тағы бір мәрте асқақтата насихатталды. Іс-шараны қорытындылаған кітапхана меңгерушісі Лаура Мәулітшәріпқызы жеті ғасыр өтсе де Бейбарыс сұлтанның рухы ел жастарын жігерлендіре берітінін жеткізіп, қонақтарға кітапхана атынан сый-сыяпат көрсетті.

Сайтхуджа Томирис Маратқызы.
Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар
және әлем тілдер университетінің журналистика
мамандығының 2 курс студенті 

ПІКІРЛЕР3
Аноним 09.11.2024 | 11:57

Бейбарыс бабамыздың тектілігі, жігерлілігі, қайраткерлілігі ел болашағы Жастарымызға жұғысты болсын!
ЕТЭК студенттері тек қана алға
Осындай мәнді де мағыналы іс-шаралар жалғасын таба берсін. Ұйымдастырушыларға көп рахмет

Аноним 09.11.2024 | 12:52

Сәттілік

Аноним 11.11.2024 | 21:55

20-шы кітапхана әрдайым мықты-мықты тарихшылармен жұмыс істейді.
Алдында Арман Қабдешұлы Жұмаділов, Берекет Кәрібаев, Тәттігүл Қартаева, т.б. болған.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір