«ЕРЛІК ЖЫРШЫСЫ», ЕЛДІҢ ҚҰРМЕТІ
27.11.2023
138
0

 

«Мен деп ойла күн-түні сөнбей жанған
Жалғыз шырақ көрсеңіз тау басынан».
Бұл өлең жолдарының авторы – көрнекті ақын, жазушы, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, Шешенстан Мемлекеттік және Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлықтарының лауреаты, Шешен Республикасының «Къоман сий» (Ұлт намысы) орденінің, «Парасат» орденінің, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының иегері Рафаэль Ниязбек.
Қарашаның 17-сі күні Алатаудың етегінде, Алматының төрінде артына мәңгілік мұра қалдырған қаламгердің мұражайы – «АТА ҚАЗАҚ» бұрышы ашылды. Мұражай Алматы қалалық мемлекеттік архивінде орналасқан. Онда ақынның өзі тұтынған, пайдаланған машинкасымен бірге жеке заттары қойылған. Сонымен бірге мұражайға ақынның туған-туысқандары мен таныстары берген құнды сыйлықтар қойылған.


Мұражайдың ашылу салтанатына Кенжехан Матыжанов, Ғалым Қалибекұлы, Әділғазы Қайырбеков, Сәуле Досжанова қатарлы ақын-жазушылар мен басқа да көрнекті тұлғалар қатысып, ақын туралы естеліктер айтты. Жиынды жүргізген филология ғылымдарының докторы, профессор, Жазушылар Одағы Басқармасының хатшысы Қансейіт Әбдезұлы да Рафаэль Ниязбектің қаламгерлік, қайраткерлік қырына жаңаша үңіліп, өзгеше ой қорытты.
Кездесуге Мемлекеттік архив қызметкерлері мен марқұмның жары, ұл-қыздары, жерлестері және іні-қарындастары мен оқырмандары қатысты.
Көзі тірісінде-ақ «Ерлік жыршысы» атанған қайраткер қаламгердің шырағы сөнбек емес. Жаңадан ашылған мұражай да, мұражайда айтылған естеліктер мен оның шығармашылығы туралы баяндамалар да соның тағы бір дәлелі.

Әсемай БАЯН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір