ЕРКІН ЕЛДІҢ ҰЛАНДАРЫ
21.06.2024
114
0

Мектеп оқуынан жазғы демалысқа шыққан бір топ жас білім ошағының ауласынан алыстағылары келмей, қол ұстаса ән шырқап тұр.
«…Өміріміз өз аулаңда көктеді,
Күлімдеді көңілдің шат көктемі.
Тұрмыз енді алыстап та кете алмай,
Талмас талап, арман-ойдың мектебі».
– Күз түсе қайта ораласыңдар ғой. Несіне қобалжып тұрсыңдар? – деймін орталарына жақындап.
– Ата, біз – азат елдің ұл-қыздарымыз. Алаңсыз білім алуымызға барлық жағдайды жасап жатқан мектебімізге деген сүйіспеншілігіміз шексіз. Бұл жас ұрпақ тәрбиесіне деген мемлекетіміздің қамқорлығы екенін де жақсы түсінеміз.
«…Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін.
Туған жерім менің, Қазақстаным!» – деп қалай ғана шат­танбаспыз! Біз – еліміздің болашағымыз. Солай болу – парызымыз.
– Ата, біз – еркін елдің ұланымыз. Алдымыздағы асқар тау ағалар мен апалардың жыр-әніміз. Еш уайымсыз бұлғақтап өсіп келеміз. Бір-бірімізге бауыр басып кет­тік. Енді туған еліміздің түкпір-түкпіріне демалуға кетеміз. Қайта қауышқанымызша сағынысамыз ғой деп жатырмыз, – дейді Арман есімді бозбала.
– Жаз бойы өзің қайда демалмақсың?
– Карта бойынша көп елдерді білем. Жағрапия пәні оқулығы бойынша талай елдердің ғажайып табиғат­ымен таныспын. Бірақ Отанымның табиғаты – маған от­тан да ыстық. Атам Ақылбек:
«Жаз – жайлау, малға қыс – қыстау,
Тұтамдап жұлған шөбі май», –
деп отыратын әкемнің туған өлкесіне барып сауық құрам. Табиғатын тамашалаймын. Суына түсіп, нәр алып, күніне күйіп, қуат жинаймын.
– Армандарыңа қанат бітсін, – деймін сүйініп.
Көтеріңкі көңіл күймен келіп, автобус аялдамасындағы орындыққа жайғастым. Ана бір шет­те екі жас пікір таластырып тұрды. Сәлден соң маған жасқана жақындап:
– Ата, сіз қазақсыз ба? – деді шашын желкесіне түйгені.
– Иә, қазақпын.
– Қазақша жақсы білесіз бе?
– Өзім қазақ болсам, қазақшаны неге білмеуім керек?
– Ағайлардың көбінен қазақша жөн сұрасаң, орысша жауап береді ғой.
– Мейлі, олардың өз еркі білсін. Не сұрағыларың келіп еді?
– Біз мына Сейсен екеуміз көрші тұрамыз. Екеуміздің де іні-қарындастарымыз қазақ балабақшасында тәлім алады. Солардың бізге қойған сұрақтарының жауабын сізден сұрағымыз келіп тұр.
– Екі құлағым сендерде, айта беріңдер.
– Тәрбиеші апайлары оларға:
«Пусть всегда будет солнце,
Пусть всегда будет небо,
Пусть всегда будет мама,
Пусть всегда буду я», –
деген өлең жат­татыпты.
– Өте жақсы, асқақ рухты ән.
– Сол әннің қазақшасы:
«Әрқашан күн сөнбесін,
Аспаннан бұлт төнбесін,
Қасымда болсын мамам,
Болайын мен де аман», –
деп жалғасады. Орысшасында: «Пусть всегда будет…» деген тіркес қайталана береді. Қазақшасында еш қайталау жоқ. Неге олай?
– Айналып кетейіндер-ау, қазақ – әлемдегі тілге аса бай халықтардың бірегейі. Синоним, ононим, антоним сөздер өте көп. Сондықтан қазақтар сөз, тіркес қайталауға ешқашан ұрынбайды.
– Сонда біз – тілге ең бай халықтың ұрпағымыз ба?
– Тілге ғана емес, мерей, мейірім, таным-тағылымға да.
– Ендеше біз кеудемізді керіп жүруіміз керек қой.
– Әрине!
Жүрегі тілім, елім, туған жерім, Отаным деп соққан асқақ патриот­тық рухтағы жастардың өсіп келе жатқанына қуанасың.

Еркін ЖАППАСҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір