Өмірі өнегелі ұстаз, ғалым
Адам баласы ұстаз ұғымын ұлықтамаса тәлімсіз, қағидасыз қалып, адамдық келбетін айқындай алмай тығырыққа тірелетіні сөзсіз. Әлемді таңдандырған ғалым, от тілді, орақ ауызды ақын, ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен де ұстаздың алдынан өтеді.
Ілім үйреніп, одан соң оны басқаларға үйретпеу – мол дүние жиып, оны керегіне жаратпай көміп қоюмен бірдей дейтін даналық тұжырым ұстаз дәрежесін құрметтеумен қатар, міндеттеп те тұр.
Ұстаз келбеті мен алғашқы мектеп жайлы сөз қозғалғанда, қазақ халқының алғашқы ұстазы Ы.Алтынсарин бірден ойға оралады. Торғай өңірі қазақ даласында қоңыраудың сыңғыры алғаш естілген киелі мекен ретінде барша қазаққа мәлім. Бұл өңір одан бері қазақ даласына қанша зиялы азамат тәрбиелеп шығарды десеңізші! Оның бірі – ғалым, ардагер ұстаз Бірмағанбетов Әлім Бірмағанбетұлы. Әлім Бірмағанбетұлы қадірлі ұстаздың отбасында дүниеге келген. Әкесі Бірмағанбет Торғай өңіріндегі алғашқы толқын ұстаздардың бірі, ол кісі Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі ордендеріне ие болды және «Қазақ ССР-на еңбегі сіңген мұғалім» деген құрметті атақ алған ұлағатты ұстаз. Өнегелі отбасынан тараған ұл-қыздарының ұстаздық мамандықты таңдауында өзіндік заңдылық бар екендігін аңғаруға болады. «Бір бала әкеге жете туады, бір бала әкеден өте туады» деген халық даналығының да жаны бар, өйткені ұстаздық жолда Әлім Бірмағанбетұлы әке жолын жалғастыра отырып, ұстаздықты, әрі қиын, әрі күрделі ғылым жолымен бірге алып жүруді көздеді.
Ғалым-ұстаз Қостанай қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы Абай атындағы мемлекеттік педагогика институтының география факультетіне оқуға түсті. 1951 жылы институтты үздік дипломмен аяқтап, физикалық география кафедрасының жанындағы аспирантураға қалды. 1955 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университеті география факультетінің ғылыми кеңесінде диссертация қорғады.
1960 жылдары қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтына келіп 2014 жылға дейін еңбек етті.
Терең білімі және адами құндылық-
тарының сарқылмас кені ол кісіні басшылықтың төріне бастады. Сол кездегі институттың жетекші бөлімдерін басқарды:
1968-1979 және 1989-1997 жылдары география кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды.
1971-1979 жылдар уақыт аралығында Жаратылыстану-география факультетінің деканы;
Әлім Бірмағанбетұлы заманауи білім берудің жаңаша жүйесі енген шақта жаңаша тәсілдер мен оқу әдістерін енгізіп, оқытушы мен студенттердің және бірге жұмыс жасаған, үзеңгілес әріптестерінің тұрақты дамып жетілуіне қолдау танытты. Жас мамандарға ерекше қолдау көрсетті, біліктілігін арттыруға, студенттерге, қарамағындағы оқытушыларға қолынан келгенше қамқор болды. Әлім Бірмағанбетұлы жұмысбасты болса да, мектеп оқушыларына арнап қазақ, орыс, ұйғыр тілдерінде оқу және әдістемелік құралдар мен ғылыми мақалалар жазды.
Әлім Бірмағанбетұлы республикада төл оқулықтар жазуды алғаш қолға алған авторлардың бірі. Оқулық әзірлеу – жас ұрпақты өмірге дайындауда, заманауи білім беруде аса ауқымды да жауапты, үнемі ізденісті, жаңашылдықты талап ететін қызмет. Осы орайда ғалымның жарық көрген бірнеше оқулықтары бар. Оның Ә.Көргулинмен бірлестікте жазған 3 сыныпқа арналған «Табиғаттану» оқулығы 1970-1980 жылдары 10 рет басылып шықты. 1993-1996 жылдары 4 және 5 сыныптарға арналған «Табиғаттану» оқулықтары жарық көрді. Ә.Бірмағанбетов Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей қолдауымен жүзеге асырылып жатқан Қазақстан мектептерін жаңа буын оқулықтарымен қамтамасыз ету жұмысына атсалысып, 3-4 сыныптардың «Дүниетану» (1997-2004), 5-6 сыныптардың «Физикалық география» (2000-2006) төл оқулықтарын жазуға қатынасты. Еліміздің мектептерін
12 жылдық оқуға көшіру дайындығы бағдарламасына сәйкес авторлық бірлестікте 6 сынып географиясының байқау оқулығын жазды (2008, 2009).
Әлім Бірмағанбетұлы ұйымдастырушылық қабілетіне, үлкен тәжірибелік қызметіне, жинақталған ой қазынасына орай әр кезеңде еңбегі еленіп отырды. Педагог мамандар даярлау жолындағы ерен еңбегі үшін Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің мақтау қағазымен, Алтынсарин атындағы медальмен, Қазақстан Халық Ағарту ісінің озық қызметкері және КСРО Жоғары мектебінің озаты белгілерімен марапатталды. «Ұлы Отан соғысында жеңістің 65 жылдығы» медальдарымен, 4 мәрте Қазақстан Білім министрлігі Құрмет грамотасымен, Алматы облыстық партия комитетінің Құрмет грамотасымен, «Құрмет белгісі» орденімен, т.б. марапатталды. Жоғары кәсіби білікті мамандарды даярлауда кандидаттық және бірнеше магистрлік диссертациясы қорғалды.
Географиялық сауаттылық тек күнделікті тек өмірден ғана алынбайды, ол география мұғалімдерін кәсіби дайындаумен байланысты болады. Себебі, кәсіби дайындығы жоғары маман ғана географиялық орта туралы сауатты білім бере алады. Сондықтан география мамандарын кәсіби дайындау процесіне көп көңіл бөліне бастады. Болашақ география мұғалімдерін даярлау мәселесін, табиғатты қорғау мен адамның қоршаған ортамен байланысы, экологиялық білім беру мен тәрбие беру мәселесі Ә.Бірмағанбетов еңбектерінде ғылыми-практикалық тұрғыда шешімін тапқан.
Ә.Бірмағанбетов ғылыми жұмыстарында, жоғары оқу орындарында кәсіби бейімделген мамандарды дайындау, олардың кәсіби құзіреттілігін жоғарылатудың тиімді жолдарын ұсынған және болашақ мұғалімдерді мәдениеттің ұлттық болмысын терең сезініп, әлемдік өркениетпен сабақтастыра дамытуды қолдайды. Көптеген зерттеулерінде этнопедагогикалық мәселенің өзектілігін, білім беру жағдайында ұлттық тәрбиенің ерекшеліктері мен бүгінгі тәрбие жағдайында озық педагогикалық дәстүрлерді сақтаудың маңыздылығын атап көрсеткен.
Ұстаз өмірінің мәнді де, сәнді болуына оның өн бойындағы адал қасиеттер әсер еткені сөзсіз. Әлім ұстаздың айналасында ақыл-кеңес сұрап отыратын әріптестері мен өзін сыйлайтын, құрметтейтін
шәкірттерінің көп болғаны оны анық дәлелдейді.
Білікті педагог, өз заманының дара тұлғасы, географ, ұлағатты ұстаз осы жасына дейін қызметтің сан сатысынан өтіп, әріптестерінің ыстық ықыласы мен алғысына бөленген жанның бірі.
Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті География және туризм кафедрасында Ә.Бірмағанбетов атында кабинет бар. Ғалым ұстаздың сара жолын кафедра оқытушылары жалғастыруда. Әлім ағайдан өнегелі тәлім, терең білім алған шәкірттері қазіргі уақытта еліміздің әр өңірінде, ғылыми-өндірістік салаларда, оқу орындарында табысты қызмет атқарып жүр.
География және туризм кафедрасындағы қызметкерлер өздерінің ол кісіден тәлім алып, бірге қызмет атқарғанын мақтан тұтады. Әлім Бірмағанбетов қазіргі таңда зейнет жасына жетіп, зейнеткерлік демалысқа шықты. Өзі еңбек ететін кафедра жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде заман талабына сай жаңарып, жасарып, жанданып жұмыс атқаруда.
Адам ғұмырын көкті тірей еңсесі көз арбаған алып тауларға теңейтін болсақ, дәл осы шақта Әлім Бірмағанбетов адал еңбегімен еңсесі биіктеген 85 жасқа келген тұлға. Сіздің ғылымға бергеніңізден береріңіз мол. Деніңізге саулық, еңбегіңізге мол табыстар тілейміз!
Х.Көбегенова,
Э.Қуандықова,
Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық
университетінің География және туризм кафедрасының аға оқытушылары.