Өнегесі мен өркенін жайған ұстаз-ғалым
Серікбай ағай бүгін де дария жағалауына ертелетіп келді. Жан-жағына біраз қарап, бой жазды. Таза ауаны мейірленіп, құшырлана жұтты. Тынысы кеңіп-ақ қалды…Иә, бұл дария – талай ғасыр бойы адамзатты асырап келе жатқан, ырзық-несібесі мол Алланың берген сыйы. Қай жағыңа көз тіксең де еңсесі көтерілген, адам қызығардай қаланың келбеті бұрынғыға қарағанда сәулеттеніп, көркіне көрік қосқан.
Сапарға шықса да оралған бойда осы дариясына асыға жетеді. Жағалауында ұзақ жүріп, өткен-кеткенді еске түсіреді. Дария бір кезде ерік бермей, суы ернеуінен асып-тасып, қаланы да, айналасындағы елді мекендерді де жыл сайын әбігерге түсіретін. Кешегі асау қалпы біраз ауыздықталып, момақан күйге түсіп, жай иірімделіп, еркелей ағып жатыр. Мұны да сабасына келтірген ғылымның күші. Енді қалай пайдалансаң да басы жіптелген асаудай ноқталанып, жуасып, ырқыңа көне береді. Сонау оңтүстіктегі ақ қар жапқан биік шыңды таудан басын алып, аяғын Арал теңізіне барып құятын дарияның өн бойына халықтың берекесін арттырып, реттеп отыратын су қоймалары мен су бөгеттері салынған. Енді суын қашан, қалай пайдаланам десе де еркі өзінде бұл жұрттың.
Ағамыздың бала кезден жан дүниесіне ұялаған асыл қасиеттер – сабырлылық, байсалдылық, ең бастысы, әр нәрсенің байыбына барып, ойға алғанын ақылмен істеп, тындырымды шешу еді. Осы бір асыл қасиеттері жетпіс жастың биігіне шығып, сексен жасқа қарай аяқ басқанда да өн бойынан алыстай қоймапты. Қайта ақылына ақыл, біліміне білім, іскерлігіне ізет-тілік, өзіне деген талапшылдық қосылыпты.
Басқалар сезбесе де ғылымға деген ойы салмақты, сөзі жүйелі азаматтар оның осы кезге дейінгі өсу кезеңдерін жақсы біліп, байыпты баға бере алады. Ғалымға байсалды мінез, шыдамдылық, интеллект жағынан күн сайын дамып отыру керек болса, мұның бәрі ағамыздың өн бойынан, жүріп өткен жолынан табылады. Көп ізденіп, көп кітап оқып, бір нәрсеге әр түрлі көзқараспен қарау, сосын барып теорияға сүйеніп, оның нақты істегі орнын, белсенділігін, пайдасын анықтау, ол үшін ізденіс үстінде болу күнделікті іс-әрекетіне айналған. Тек бәрін де іздестіру, сосын тиянақты зерттеу ғана түпкі нәтижеге алып келмек.
Адам мақсатына жету үшін, қандай ортада жүрсе де үш қасиет керек. Ол – еңбексүйгіштік, сыпайылық, адамгершілік сияқты асыл қасиеттер. Осы үшеуі де ағамыздың бойынан табылады. Қандай да бір жетістігіне аспайды, саспайды, бәріне қанағат тұтып, сабыр сақтайды. Білгішсініп, әр нәрсеге араласа беру жараспайтынын түсінеді.
Ол жеті жылдық мектепті бітіріп, он төрт жасында Қызылорда гидромелиоративтік техникумына түсуге талаптанды. Бұл мақсаты жүзеге асты. Мектептегідей сүйген мамандығын тереңірек оқығаны көкейіне қонды. Терең білім алды. Алда талай арман бар екенін ұғынды. Дипломын алып Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының гидромелиорация мамандығына емтихандарды сәтті тапсырып, студент болып ілінді. Біраз есейді, ақыл да, білім де жинады. Мамандығы бойынша жолдамамен жіберген Тасбөгет қыстағындағы жиырма тоғызыншы жылжымалы механикаландырылған колоннасында суармалы күріш жүйесі құрылысында мастер болып қызмет атқарды. Қарамағындағыларға мамандығы бойынша ақыл-кеңес айтып, жол көрсетті. Белсене еңбек етуге жұмылдырды. Нақты еңбек жүйесін оқыған теориядағыдай атқару үшін, өндірісте соған сай жағдай да, озық техника да керек екенін сонда байқады. Ол үшін ғылыммен айналысып, еңбек барысын нақтылап, үйлестіре түсу керек. Суармалы күріш жүйесін инжернерлік әмбебап әдіске көшіру қажеттілігі де туып келе жатқанын байқады. Сонда күріштен ғана емес, басқа дақылдардан да мол өнім алуға болатынына жас жігіттің көзі жетті.
Осы ізденіс оны Қазақтың күріш ғылыми-зерттеу институтына алып келді. Институтқа аға ғылыми қызметкер болып орналасып, кейін жас маман лаборатория меңгерушілігіне көтерілді. Осында көп нәрсені үйренді. Еңбек пен ғылым ұштасты. Терең зерттеу жұмыстары ерекше ізденіспен, сәтті орындалып, жемісін бере бастады. Ауылшаруашылық дақылдарын өсіруге алғашқы күннен-ақ озық ғылыми әдістер егістік алқаптарында қолданылып, тәжірибеден өтті. Ағамыз соның қыр-сырына қанығып, оның барысын қағазына түсіріп, салыстырып, зерделеп зерттей бастауы – үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Ауыспалы күріш егісіндегі ылғал-тұз режиміне баса назар аударып, мықтап қолға алып, жүргізген зерттеу тәжірибелерін зерделей бастап, нәтижелі қорытындысын шығарды. Осы бағытта ғылыми еңбек жазып, аяғында қорғап шығып, техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болды.
Бұл Сәкеңе үлкен серпін, зор жетістік пен ізденіс әкелді. Соңына мықтап түсіп, ғылыми бағытын тереңдетіп, ары қарай кеңінен зерттей беруге бел байлады. Ізденімпаз ғалымның шеберлігі жан-жақты арта түсті. Оның түйгені – адамға тынымсыз еңбекқорлық керек. Өйткені ол терең қазыналы білімпаздыққа жетелейді екен. Кез келген ортада ұйымдастырушылық қабілетін шыңдап, ұйытқы болып отырды. Осының бәрі жас ғалымның бойынан табылып, өзіне деген нық сенім ұялатты.
Тағы бір ұғынғаны – алдына қойған мақсаттың жүзеге асуы үшін, өз ісіне жауапкершілікпен қарап, өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқару үшін адамның бойында адалдық қасиеттер болуы керек екен. Ол қиыны мен қызығы мол ғылым жолынан тайған емес. Өйткені ол осы бағыттағы мақсатын түбегейлі іске асыру үшін Мәскеу мемлекеттік табиғатты үйлестіру университетінде «Сырдарияның төменгі ағысындағы суармалы алқаптардың экологиялық-мелиоративтік режимін реттеу» тақырыбында жазған докторлық диссертациясын сәтті қорғап шығып, нағыз ғылым биігіне көтерілді.
Өз-өзіне деген жауапкершілік пен талапшылдық Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты Қызылорда филиалы кафедрасы меңгерушісі қызметіне айқара есік ашты. Кейін екі жоғары оқу орны бірігіп, университет болды. Сөйтіп жоғары оқу орны күшейіп, іргелі білім мен ғылым ордасына айналып, құлашын кеңге жайып, ғылыммен еркін айналысуға қолайлы жағдайлар туды. Жоғары оқу орнында факультет деканы, оқу ісі жөнінде проректор, экология және су шаруашылығы мәселелері ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметтерін ойдағыдай атқарып, белгілі де білікті ғалымдар қатарынан ойып тұрып орнын алды.
Осы уақыттар ішінде ойға түйген, бойға жиған білім-біліктері де жеткілікті еді. Бірақ асып-таспады, тер төгіп, сіңірген қызметін халқының игілігі үшін жаратып, тамшыдай пайда әкелсе де деп, арман-мақсатының баянды екеніне жұртшылықтың көзін жеткізді. Сонда ғылымның да, тәжірибенің де талаптың да атасы – нағыз еңбек екенін түсініп, зердесіне түйді. «Еңбектен бақытын тапқандарға не жетсін!» деп тағы да ұзақ ой құшағына енді.
Терең білімді, ойлы, зерделі, ғалымға жайлы мінез-құлық та жарасады. Бұл – Сәкеңе тән нәрсе. Ол үшін денсаулығы жақсы, тәрбиесі тәлімді, білімі өміршең болуы керек. Өзінен кейінгі талантты, талапкер жастарды қамқорлыққа алуда еткен еңбегінің мәйегін мәуелей түседі.
Серікбай ағаның да айтары аманаттай берік, ақыл қосар сөзі де ғылым жолына қадам басқан әрбір жасқа өнеге. Ол да ғылым докторлығына, профессорлық атаққа оңай жолмен жеткен жок. Сүрінген де, күйінген де, тіпті жиреніп, қол сілтеген, өкінген де кездері аз болмапты. Бірақ алған бағытынан, өзінің алдына қойған түпкі мақсатынан қайтпады. Оңай жолды іздеген жоқ. Талмай іздену, көп оқу, еңбектену оның бағын ашты. Суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайларын жақсартудың ғылыми жаңалықтарын ашып, күнделікті өмірде қолдана білді. Дақылдарды тиімді суару режимдерін зерттеу арқылы ойға алған істері жүзеге асты. Осы бағытта үш ғылым кандидатына ақыл-кеңесін беріп, дайындап шығарды.
Қазір өткен өмір жолдарына байыппен қарап көз жіберсе, ғылымға аз үлес қоспапты. Жүзден астам ғылыми еңбектері жарық көріп, ізденушілердің игілігіне айналыпты. Үш монографиялық кітап пен бір оқулықтың авторы атаныпты. Қолға алған ғылыми бағытында әріптестері таңғалатындай жемісті еңбектері де баршылық екен.
Осы тұста Сәкең шәкірт баулуда, жақсы да білікті маман тәрбиелеуде көп игі істер атқарғанын айта кетуім керек. Оның ішінде мен де 1978-1983 жылдары Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалы гидромелиорация факультетінде оқып, оны қызыл дипломмен бітіруіме, жақсы білім, тәрбие алуыма сол кездегі факультатеттің деканы Серікбай Иманбайұлының зор үлесі барын әр кез мақтанышпен айтамын.
Өмірде болсын, еңбек жолында болсын, адамның жақсы жетістіктерге жетуіне, қалыптасуына осындай жайсаң да ұлағатты ағаларымыздың ғибратты әңгімелері, ақыл-кеңестері мен ой-тілектері әсерін тигізіп жатады. Шүкір, еңбек жолында Ішкі істер, Қаржы полициясы органдары мен Мемлекеттік қызмет істері саласында басшы болып, еліміздің жеті облысы мен Астана қаласында жоғары лауазымдардағы жауапты қызметтерде жүріп, осындай қадірлі ағалармен байланысымызды үзбей, үнемі сыйластықта болғаныма қуанып жүремін. Бұл да өмірдегі зор құндылықтардың бірі деп білемін.
Шындығында инемен құдық қазғандай көзге көрінбес осы тағылымды еңбектері бізді биікке самғатып, талай марапаттарға қол жеткізді. Ол «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен наградталса, көп ұзамай өр кеудесінің алтын жағасына «Құрмет» орденін тақты. Осылайша, ғалымның мақтан тұтар еңбегі мен төккен тері орынды бағаланды. Бұған дейін де Серікбай Иманбайұлы Қазақстан Республикасының Білім министрлігінің «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталғаны да күні кеше сиякты еді. Қарап отырсақ, талай жылғы көз майын тауысқан ізденісі мен зерттеуі құрметсіз қалмапты.
«Ұрпақтың ұлы болуы – ұстаздың ұлағатымен өлшенеді» дегендей, құнды ғылыми зерттеу еңбектеріне сай көп жылғы ұстаздық жолы жұлдыздай жарқырап, басына бақ құсы болып қоныпты. Оның шәкірттері елімізден тыс шет елдерде де қызмет атқарып, абыройын биіктетіп жүр. Бұл да ұстаз үшін үлкен жетістік әрі мақтаныш.
…Ол таң қылаң бергеннен, күннің арайлы нұрымен жарысып, жай басып дарияға келді. Сырдың иірімге толы толқынды төсі зерлі тәждей жарқырап, күн шапағы біртіндеп биіктеп, аймалай түседі. Келешекке қол созғандай Қызылорда шаһарының қарышты қадамы сәулетті көп қабатты үйлерімен көз қарықтырады. Айналаның сәнді ажарына көрік қосып, Сәкең де бірге құлпырып, бірге сұлуландырып жібергендей, еңсесін көтеріп алып, тәуелсіздіктің күндеріндегі ұлы өзгерістерге көңілі толып марқая қарайды.
Тәуелсіздік жылдарының еңсе тіктеп егеменді елге айналғаны, халқымыздың қуанышына ортақтасып, өзіндік ғылыми жолдағы ізденісті жемістерімен үлес қосқаны белгілі. Ол өткен табысты жолдарына риза. Ол таңдаған ғылым саласының көтерген жүгі де аз емес. Бәрі де халық игілігіне жарап, ел дәулетін көтеріп, өркендетуде қараңғы түннің аспанында айдай жарқыратып ізін тастап жатқандай. Бұдан артық Сәкеңе қандай бақыт керек?!
P.S. Мақала жазылып жатқанда, 12 сәуір күні Серікбай Иманбайұлы Ақордада ел Президентінің қолынан «Парасат» орденін алды.
Мақсұт Нәлібаев,
Қызылорда облыстық
мәслихатының депутаты