Өмірі өнеге жан
02.08.2024
72
0

«Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер-білімінде» деп, данагөй бабалар айтып кеткен. Әке құшағының, мейірімінің не екенін білмей өсіп, өміршеңдіктің сан сынағынан аман шығу үшін, қиыншылықтың тауқыметімен жастайынан күресіп өскен Төкен Танаұлының өмірі ұрпаққа өнеге.

Кеудесі қазына, көргені көп,түйгені мол, көкірек ойы жүйрік ағаны өзім алғаш рет Атыраудың асыл азаматының бірі, мезгілсіз ажал құрығына іліккен Кенжебай Оразбаев ағамыздың қазасына арнайы келіп, марқұмның жұбайы мен балаларын емірене құшақтап көңіл айтқанда көріп едім. «Бұл азамат осы үйдің жақын туысы болды-ау, ә деп шамалаған едім. Сұрастырып қарасам, келген ағамыз Төкен Жұмағұлов екен. Ол жас кезінде Гурьев қаласындағы таксопаркте жүргізуші болғанда, Кенжебаймен жұмыстас, айырылмастай дос, жастықтың ең қызықты шақтарын бірге өткізіп, отбасы құру жақсылықтарында бір-біріне күйеу серіктері болыпты. Сол Кенжебай ағамның екі ұлы жақсы азамат болып өсіп, ішкі істер қызметінде абыройлы еңбек етіп, үлкені Нұрым облыстық полиция басқармасы басшысының орынбасарына дейін өсіп, осыдан 2-3 жыл бұрын полиция полковнигі шенімен отставкаға шықты. Кіші баласы Нұрхат жастайынан органда істеп, қазір Атырау облыстық полиция департаментін басқарады, шені полиция генерал-майоры.
Бірде Төкен ағамен күтпеген кездесудің сәті түсіп, әңгіме-дүкен құра бастағанда-ақ, Төкең, осы шеті шыққан әңгімені Дина апаңның шайын ішіп отырып жағастырайық деп үйіне келдік. Әңгіменің басынан-ақ, ағаның өмірі, өсу жолы, соғыс азабын тартқан ұрпақтар бастан кешкен сатылардан өткенін байқадым. Әкесі соғыс даласынан қайтпай, анасының тырнақтап жинап,бөбегінің аузына тосқан нанының есесін қайыру үшін, жаста болса белі қайсып,үлкендерше еңбек етіп, алғашқы тапқан еңбек ақысын анасының қолына ұстатып, «апа, мен енді ержеттім, ешкімнен кем болмаймыз» деп серт бергенін,үлкен толқу үстінде әңгімеге арқау етті.
1956 жылдың ортасында Алматы кинотехникумына түсіп, азғана шәкіртақымен оқу орнын үздік бағамен бітірген жас маман, кинотехник дипломымен қоса, 1-категориялы киномеханик мамандығын алып ,өзінің еңбек жолын сол кездегі Гурьевтегі жалғыз ғана «Мир» кинотеатрында жұмысын бастағанын ерекше сезіммен айтты. Мен де ағаның сөзін бөлмей,ары қарайғы өмір баспалдақтарын тыңдай бердім. Жігерлі жас, алған білімін жалғастыру мақсатында, Москваның политехникалық институтының сырттай оқитын бөліміне түсіп, оны инженер-механик мамандығы бойынша бітірген жиырма бес жасар жігерлі жасты, облыстық партия комитетінің шешімімен, ауқымды жұмыс көлемі бар, «Гурьевводстрой» тресі, автобаза бастығы лауазымына бекіткенін есіне алып, облыс көлеміндегі су шаруашылығын өркендетуге Нарын, Бақсай, Бағырлай су жүйесін салуға байланысты жасалған жұмыстар топтамалары мен еңбектің тамаша үлгілерін көрсеткен әріптестері туралы баяндады.
Әңгіменің қызуына от тастап, «тағы жалғастырайық» деп, ағаны қамшылап жатырмын. «Ендігі әңгіме туған жердің жаңа түленіп, мұнайдың алыбы – Теңіз кенішінің даңқы дүниежүзіне танылған шағы еді», – деп қалың ойға оралды. Жылыой өңірі Бүкілодақтық қайнаған еңбектің орталығына айналып,алып құрылыс, авто жол-су-электр жүйелерінің,теміржол торабының кең масштабты жұмыстары жүріп жатқан кезде, «Теңізмұнайқұрылыс» басқармасы бастығы жұмысына шақырылып, 1994 жылы «Теңізмұнайқұрылыс» АҚ бас директоры, кейін осы мекеменің президенті болып сайланғанын айта отырып,талай қиындықтар болды ғой, шырағым» деп,маңдай терін сүртіп қойды.
– Бірінші кезекте алдыма қойған мақсатым,ұжымдардың еңбек қатынастарына, қауіпсіздік, тұрмыстық әлеуметтік, еңбек­ақы мәселелеріне жіте көңіл бөлу болды. Осындай қауырт жұмыстар кезінде,Гурьев облысының сол жылдардағы әкімі Равиль Шырдабаевтан шақырту алып, түс алдында қабылдау бөлмесінде күтіп отырған кезде өзі келіп, «Төкен Танаұлы, сізді Жылыой ауданының әкіміне ұсынғалы жатырмыз, ертең Алматыға ұшасыз, ертеңге билетіңізді алып,жолға әзірленіңіз», – деді де шығып кетті. Осылайша,жаңа жұмыс,тың талап арқалап, қасиетті Жылыой өңірінің әкімі ретінде алғашқы жұмысымды бастадым, аудан жері түгелге жуық құрылыс алаңына ұқсас, қайнаған еңбек, шешімін таппаған проблемалар алдыма лек-легімен орала берді. Аудан халқының әлеуметтік жағдайы, жұмыссыздық, экология, қылмыстық әрекеттер, қала инфраструктурасы, сауда жүйесі, ауыл-аймақтың жай-күйі сияқты мәселелер шешімін күтіп тұрды. Аудан экономикасын, өнеркәсіптік өндірісті жаңа деңгейге көтеру, агрокешендеріндегі еңбек өнімділігін арттыру, құрылыс, инфрақұрылым, су жеткізу нысандарының сапасына, аудан орталығы мен ауылдардағы шағын, орта кәсіпкерлік субъектілерінің санын өсіруге, тұрғындарды тұрақты жұмыспен және еңбекақымен қамтуға баса көңіл бөлуді алдыма басты нысан етіп қойдым, – деп бір тоқтады Төкен Танаұлы.
Төкен ағамыз өзіне біткен ізденімпаздық, жауапкершілік, креативтік, талапшылдық қасиеттерімен, Кең Жылыой жерінде орасан зор із қалдырып, халықтың нағыз жанашыры болғанын, бүгінде ел азаматтары толғана айтады. Биыл Құлсары қаласына кенеттен төнген тасқын су, тұрғандардың үй-жайларын, малдары мен мүліктерін, бизнес жүйесін түгелге жуық шайып өткенде, құлсарылықтар «Қайран Төкен-ай, 1993–94 жылдардағы екпіні қатты Жем суының алдын алып, қалаға соқтырмай бұрып еді», – деген өкініштерін айтып жатты.
Келесі кезекте «Төкен аға, Жүсіп Баласағұнның «Ұл туса – әкеге тартар» деген нақыл сөзі бар, сіз әкеңізге тарттыңыз ба?» – деп сұрадым ағадан.
– Өкінішке қарай мен әкемді көрмедім, үш жасымда соғыс басталып, әкем майданға аттанып кеткен. Өсе келе әкемді көргендер «осы балада әкесінің қаны бар, кішкентай болса да, тілалғыш, сезімтал, бауырмал болып өсіп келеді, әйтеуір, ғұмырлы болсын. Әкеден қалған «жалғыз көз ғой» деп маңдайымнан сыйпап өтетін… мен ешқашанда ешкімнің тауын жыққан емеспін, көңілім ылғи да жақсылық жағына ыңғайланып тұрады, шіреніп шалқаю деген менде жоқ, – деп ол әңгімесін түйіндеді.
Мен де аға сөзіне риза болып,оның бойындағы адами жоғары мәдениетті, сыпайылықты,айналасына құрметпен қарайтын мінезіне сүйсініп отырдым.
Төкен Танаұлының елге,халыққа жасаған қайырымдылық жұмыстарын жақсы білетінмін, сонда да осы бір қанағатшыл, тәубешіл жанның өмірлік бет-бейнесін көрсететін, мен білмейтін істері толып жатыр екен.
Жылыой ауданында Ақмешіт кесенесін тұрғызуды, Маңғыстаудағы Құрық кентінде 280 орындық балабақша, Түпқараған ауданының орталығын абаттандыруға, Аққу демалыс алаңын жасақтандыруға, Отпантауда өткен Адай, Бекет аталарының мерейтойларын өткізу шараларына қаржылай қолдау жасаған екен. Одан басқа, Атырауда «Дина» сауда орталығында, 10 мыңан астам адам үшін жұмыс орны, Төкен Танаұлының тікелей қолдауымен ашылған «Тағылым» мекебінде, үш жүзге жуық жас буын, білім нәрімен сусындауда, олардың ішінде, ата-аналарынан айырылып, ата-әжелерінің тәрбиесіндегі өсіп жатқан бүлдіршіндер, біліммен, тамақ, киім-кешекпен тегін қамтамасыз етілген. Мектептің мәдени шараларына келген қонақтар, ғимараттың толық жабдықталғанын көріп ризашылықтарын білдіріп жатты. Осы кезде өрімдей бөбектер Төкен атасы мен Дина әжелерінің алып келген сыйлықтарын таласа бөлісіп, «бірі – ата менікі десе, екіншілері – әже менікі» деп шулап жатты.
Вокзал маңы шағынауданында, Төкен аға салған «Алла үйі» жұмысын бастады. Аз қамтылған отбасыларға, ұлттық спортқа қолдау, туа біткен аурулы сәбилерге көмек көрсету, ағамыздың төл ісіне айналып кеткен. Басы ауырып, балтыры сырқаған жандар, демеу сұрап, қайырымы мол, қолы ашық адамға бас тірейді, өтініштері қолдау табады.
«Елім, жерім» деп, халқына жан тәнімен жасаған Төкен Танаұлының еңбегі елеусіз қалмаған екен. Кеуде төріндегі Қазақстанның Туын тіктеп, уығын көтеруге қосқан еңбегінің бағасындай болған «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендері, жүрегіме өте ыстық, маңдай терім тамшыларының кәусі болған, Маңғыстау мен Атырау облыстарының «Құрметті азаматы» деген төс белгілерін ыстық алақанымен сыйпап қойды.
Ұзақ әңгімемен отырып, Дина апамыз құйған шай салқындап қалған екен, алдымызға тағы да ыстық қоңыр шай әкелініп, екі кесенің ернегінен Төкен Танаұлының өмірі өрнектеліп жатқандай болды. Әңгімеден соң қол алысып, құшақтасып, жақсы ағаға үлкен ризашылық сезімімді білдіріп тарастық.
«Әттең-ай, адамның бәрі осындай болса иегі еді, байлығын көрсетіп, мейірімін ұсынып, жан-жаққа нұрын сеуіп жүрген жанға, 85 жас деген не болыпты, сіздің бірінші межеңіз – 100 жас» деп, қош айтысып мен кеттім. Жол бойында Төкен ағаның дария ғұмыры, ел үшін жасаған адал еңбегі, өкінішпен айтқан қатарлас достарына деген сағынышы, ардақты ата мен мейірімді әжесін қоршаған ұрпақтары ойыма орала берді.

Мұрат ӨТЕШОВ,
Атырау облысының
Құрметті азаматы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір