Өңір тарихындағы өнегелі тұлғалар
05.03.2024
64
0

Барша қазақ ұлтына ортақ ұлы тұлғалардың кезінде Жамбыл жерінде болғандығы тарихи деректерден белгілі. Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарлық кітабында 1918 жылы ұсталып, Ақмола, Петропавл түрмелерінде, атаман Анненковтың «Азап вагонында», Колчактың Омбы лагерінде ауыр азап шеккенін, тоғыз айға созылған ауыр азаптан 1919 жылы қашып шығып «Дүйсенбі» деген жалған атпен Әулиеата жеріне келгенін жазады. Сәкен Сейфуллин сол кезеңдерде Сарысу ауданында да болған екен. Кезінде баспасөз беттерінде сарысулық жазушы Дулат Шалқарбаевтың есімін сол кездерде Сәкен Сейфулиннің қойғаны туралы жазылды.
Әйгілі Мұхтар Әуезовтің Әулиеатаға сапары, Сарысу ауданының Түркістан ауылында болып, «Түркістан солай туған» атты тарихи шығарма жазғаны көпке мәлім. Облыстық «Сталиндік жол» (бүгінгі «Aq jol») газетінде, Сарысу аудандық – сол кездегі «Социалистік шаруа» газетінде жарияланған ақпараттарға сүйенсек, атақты жазушы мұнда 1955 жылы келген. Мұхтар Әуезовтің жанында Жамбыл облыстық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары Ғарипжан Досымбеков пен облыстық «Сталиндік жол» газетінің редакторы Ғайса Сармурзин бірге жүрген. «Түркістан солай туған» очеркінде қарт Қаратаудың қойнауындағы Көкжон өлкесі, жалпы, Жамбыл облысының ахуалы жан-жақты шеберлікпен суреттелген.

  Жамбыл жерінде талантты жазушы, аудармашы Жайық Бектұровтың да ізі қалған. Ол 1939-1942 жылдар аралығында Жамбыл облыстық «Коммунист» газетінің редакторы болып істеген. Жайық Бектұров өзінің Әулиеата жерінде еңбек еткен жылдарын, редакцияның тыныс-тіршілігін естеліктерінде жазып қалдырған. «Баспахана шағын. Түк жабдығы жоқ. Жалғыз ғана аудандық газетті шығарып отырған шағын типография. Біресе – әріп жетпейді. Біресе – электр қуаты болмай қалады. Не газет басатын машина сынып қалады. Күнде ☺– жанжал, ұрыс-керіс, айғай-шу…» – деп жазады. Қазіргі кезде бұл басылым «Aq jol» деген атпен жарық көріп келеді. Аталған басылымда белгілі жазушы, журналист Ғайса Сармурзин де редактор болып еңбек еткен. «Өнеге», «Мейірім», «Өмір сабақтары» кітаптары жарық көрген жазушының орындауында Абайдың «Торы жорға», «Май түні» күйлерін 1984 жылы белгілі өнер зерттеушісі Уәли Бекенов жазып алып, нотаға түсіргені тарихтан белгілі.
Қазақ детективінің дарабозы Кемел Тоқаевтың «Көшкен үйдің қонысы қайда?» атты шығармасында Жамбыл қаласы туралы айтылады. Себебі жазушы 1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң, сол кездегі облыстық «Сталиндік жол» газетінде еңбек еткен. Бұл туралы жазушының перзенті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әке туралы ой-толғау» атты еңбегінде: «Университетті бітірген 1948 жылы әкей Жамбыл қаласына барып, облыстық газетте бір жыл істеді, соңынан Алматы қаласына «Қазақстан пионері» балалар газетінің редакциясына ауыстырылды», – деп жазады. Қаламгер Әулиеата жерінде жүріп, әлеуметтік ауқымы кең мәселелерді көтерді. Мәселен, 1948 жылы 18 тамыз күні жарық көрген газеттің №164 санындағы «Алыстағы қалыңдық», 1948 жылы 28 қыркүйек күнгі газеттің №193 санында жарияланған «Темекі егушілердің еңбегі», 1948 жылы 24 қазан күнгі №212 санында жарияланған «Жас гвардия» және өзге де мақалалары сол уақыттың тұрмысын көрсететін дүниелер еді.
Академик Серік Қирабаев өзінің «Өмір тағылымдары» деген кітабында Мұхамеджан Қаратаев туралы жазады. Ғалым әңгімені 1948 жылдан, яғни студент болып жүрген кезінен бастайды. Елге барып, Жаман деген кісінің үйінде қонақ болып жатқанында сол үйге жазушы Сәйділ Талжановтың келгенін, оның жазушылар ортасы туралы сұрағанын, Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл ат» шығармасын орыс тіліне аударғаны үшін айдалғанын жазады. «Мен сотталғандардан қанша жазушы аман оралғанын сұрап едім, Өтебай Тұрманжановты, Мұхамеджан Қаратаевты, Хасен Өзденбаевты атады және оның Алматыға рұқсат ала алмай, Жамбылға орналасқанын хабарлады», – дейді. Ғалымның өмірбаянында көп жағдайда Жамбыл педагогикалық училищесінде сабақ берген делінеді. Мұны Серік Қирабаевтың естелігінің жалғасы да растайды. «1949 жылдың жазында студенттік демалысымызды «Просвещенец» демалыс үйінде өткізуге уәделесіп, А.Әбілқаев, Н.Ғабдуллин, М.Сәрсекеев деген достарыммен бірге сонда барған едік. Шілде айының іші болатын. Бізбен көрші бөлмеде бойы ортадан жоғарылау, етжеңді, көмірдей қара шашын шалқасынан қайырған, келбетті жігіт тұратын. Асханада да онымен қатар үстелде отырдық. Амандасып қана өтіп жүргеміз. Бір күні түскі тамақ үстінде о кісінің қасындағы адамдарға Жамбыл жөнінде әңгіме айтып отырғанына кезіктім. Әңгімеге біз де құлақ түріп, кей жеріне араласып кетуге тура келді. Әңгіме Жамбылдың Грузияға сапары жайында болатын. Ол кісі осы сапарда өзінің ұлы ақынның қасында болғанын айтты. Менің әртүрлі естеліктерден бұл сапар жөнінде, оған қатысқан адамдар жайлы мәліметім бар еді. Солардың аттарын іштей екшеп келдім де, «Сіз Мұхамеджан Қаратаев емессіз бе?» – деп сұрадым. Ол: «Ол кісіні қайдан білесіз?» – деп кері сұрақ қойды. Менің есіме Сәйділ Талжановпен болған әңгіме түсті. Жасырмай оның мақалаларын оқығанымды, Жамбылмен барған делегацияны басқарғанынан хабардар екенімді айттым. Ол өзінің сол кісі екенін мойындады. Осыдан бастап әңгіме әдебиет жайына ауысып, Мұқаңмен жиі кездесіп, пікірлесіп жүрдік. Өзінің Алматыға орналаса алмағанын, Жамбылда педучилищеде сабақ беріп жүргенін әңгімеледі», – деп жазады. Арада бірер жыл өткен соң қайта ұсталып, жер аударылған екен.
Екінші естелікті жазушы Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» романында айтады. Әңгіме әуелі Айсұлу апай туралы болады. «Міне, осы апайымыз бір күні класқа бөтен кісіні ертіп келді. Қоладан құйылғандай шомбал денелі, түр-түсі тотыққан, дидары мейлінше пейілді, көзқарасы ибалы, жұмсақ кісі екен. Класқа кіргенде басындағы жасыл-көк қалпағын алып еді, толқын-толқын қара шашы көрінді.
– Ал, балалар, – деді Айсұлу апай, – бүгіннен бастап сендерге әдебиет сабағын мына ағайларың – Мұхаң, Мұхамеджан Қаратаев жүргізеді. Келген кісі басын иді. Қолындағы көк қалпағын қайда ілерін білмей, ары-бері қарады да, терезенің алдына қоя салды», – дейді жазушы.
Сонымен, күндер өте береді. Өз естелігінде Шерхан Мұртаза: «кластың есігін жартылай ашып, жылмиып сығалап жүрген» біреу туралы жазады. Ол Мұхамеджан Қаратаевты аңдып жүрген жансыз екен. Ол бала Шерханнан: «Шәкәрім, Мағжан туралы айтпады ма?» – деп сұрайды. Әлгі тыңшының аты Жора екен. «Тағы да бір көктем еді. Кластың есігін біреу ептеп тықылдатты. Ағай: «Да», – деп айтып үлгергенше, баяғы сол алтын тісті, жылмақай Жора босағада тұрып, ағайды ымдап шақырды. Табалдырықта бірдеңе-бірдеңе деп сөйлесті. Ағай қайта оралып, журналды ала беріп еді, қолынан түсіп кетті. Еденнен еңкейіп қайта алды». Бұл оқиға Шерхан Мұртаза Жамбыл қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы №5 мектептің интернатында оқып жүргенінде болған.
Біртуар тұлға Қасым Қайсеновтің де 1947 жылдан бастап Жамбыл жерінде қызмет атқарғанын біреу білсе, біреу білмес. Жазушы әуелі Бурный аудандық (қазіргі Жуалы ауданы) Атқару комитеті төрағасының орынбасары болған. Бұл туралы кезінде еңбек озаты атанған ана Ұлбосын Досанқұлқызының ұлы Дәулетжан Байдалиевке айтып берген естелігі бар.
«Үйіміз мектепке жақын терең сайдың батыс бетінде еді. Жанымыздағы ұзын барақта аурухананың бас дәрігері Әділхан деген жігіт тұрды. Оның жанындағы екі бөлмеге Алматыдан Қасым деген жігіт көшіп келіп қоныстанды. Әйелі сұңғақ бойлы сары келіншек еді. Соғыстың жаңа біткен кезі болғандықтан ба, әлгі Қасым басына шекесінде қызыл жолағы бар папаха, галифе сым, аяғына құрым етік киетін. Жұмысқа ерте кетіп, кеш қайтатын. Қызметіне байланысты шаруашылықтарды аралап көп жүретін. Біз ол кезде Қасымның батыр екенін білгеніміз жоқ. Май мерекесі күні кеудесіне барлық орден, медалін тағып шыққанда костюмінің өңірінде бос жер жоқ екенін көріп таңғалдық», делінген екен бұл естелікте. Кейіннен Қасым Қайсенов Свердлов (бүгінгі Байзақ ауданы) атқару комитеті төрағасының орынбасары болып та қызмет атқарған.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір