АНА ТІЛІН АРДАҚТАҒАН ҒАЛЫМ-ҰСТАЗ
Тумысынан ізденуден жалықпайтын, ізгілік пен әділдікті өмірдің мәні санайтын Ханшайым Қарабаева – білікті ғалым, ұлағатты ұстаз, тәжірибелі тәлімгер, қадірлі әріптес, сыйлас замандас, аяулы жар, абзал ана, мейірімді әже.
Әсем Алматы төріндегі қазақ білімінің киелі шаңырағы саналатын сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде әйгілі ғалымдар мен айтулы ұстаздардан тыңдаған дәрістер, олардың ғылымдағы жетістіктері, өз мамандығына деген қатынастары шәкірттеріне өмір сабақтарын да қоса дарытып жататын. Ханшайым Қарабаева үшін университетте оқу оқып, дәріс тыңдаған, білімін шыңдаған уақыттардың бәрі де өзін-өзі табудың, ізденудің жолдары еді.
Көңіліне берік бекіген басты мақсаттың бірі ғылым жолы екенін Ханшайым Қарабаева Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аспиратурасында оқып жүрген кезінде анық сезінді. Ол 1992 жылы аспиратураны аяқтаған соң, филология факультеті мемлекеттік тіл кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы қызметтерін атқарды. Осы қызметтерді атқара жүріп көңілін алаңдатқан ғылым екенін бір сәт есінен шығармай, іштей дайындық пен ізденіс үстінде болды. Қазақ тіл біліміндегі термин сөздердің жаңаша пайымдауын ізденіс тақырыбы етіп таңдады. 2010 жылы «Авторлық терминдер: пәрменді, пәрменсіз қолданылу динамикасы (А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, Н. Сауранбаев еңбектері негізінде) атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алады. Сөйтіп, ғылым әлемінің қиындығы мен қызығы, тауқыметі мен талабы оны қазақ тілінің сөз байлығын құрайтын салалардың бірі – терминологиялық лексика, яғни термин жүйесі мәселесін зерттеуге деген тың ізденістерге әкелді. Соның нәтижесінде бірнеше мақала мен «Қазақ тіл білімі классиктерінің авторлық терминдері» (2013) монографиясын жариялады.
Ол 2011-2013 жылдары мемлекеттік тіл кафедрасы меңгерушісінің ғылым, инновация және халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары, 2013-2014 оқу жылында аталған кафедраның меңгерушісі қызметтерін атқарды.
2013 жылдан бастап «Лингвоарна» ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік орталығының директоры ретінде ЖОО оқытушылары мен шетелдік азаматтарға арналған біліктілікті арттыру курстарын, семинарлар мен дәрістер ұйымдастырып, нәтижелі еңбек етіп келеді.
Ханшайым Қарабаеваның қазақ тілін оқытуға арналған үлгілік бағдарламалары, оқулықтары, оқу құралдары мен әдістемелік нұсқаулықтары оның ізденгіш ұстаз, тәжірибелі педагог екенін айғақтайды. Ұстаз-ғалымның ЖОО студенттері үшін жазған «Қазақ тілінде ресми іс қағаздар үлгілерін оқыту» (1999), «Мәтіндер жинағы» (2000), «Қазақ тілі» (2004, 2014) сияқты әдістемелік оқу құралдары, тәртіп сақшыларына арналған «Қазақ тілі» оқулығы (2008, 2009), «Келіңіз, сөйлесейік» (2010), «Салалық қазақ тілі» (экономика мамандықтары үшін) (2014) «Қазақ тілі (қытай тілді шетелдік студенттерге арналған) (2021) т.б. оқу құралдары – қазіргі оқу жүйесінде студенттер мен оқытушылар кеңінен қолданып жүрген еңбектер.
Тілші-ғалымның «Кәсіби бағдарлы қазақ тілі» (2015) атты еңбегі құқықтану саласына арналған оқулық ретінде құқық саласында жиі қолданылатын пәрменді сөздер, сөз тіркестер мен терминдерді меңгертуді ғана емес, грамматикалық минимумның жүйелі берілуі арқылы құқық қорғау органдарын басқару, оның қызметін ұйымдастыру, өкім шығару қызметіне қатысты іс қағаздарын сауатты жазуды үйретуге де бағытталды. Сөйтіп, оқулық мазмұны ғылыми және әдістемелік тұрғыдан нақты дәйектеліп, берілген мәліметтердің жүйелі, түсінікті сипатталуымен ерекшеленді.
Ғалымның бірнеше еңбектері ҚР БжҒМ грифін алып оқулық ретінде ұсынылған. Соның бірі – 2018 жылы гуманитарлық ғылымдар саласына арналған «Кәсіби қазақ тілі» оқулығы. Оқулық тілді үйретудің халықаралық стандартына сәйкес белгіленген В1 (орта деңгей), В2 (ортадан жоғары деңгей) деңгейлері бойынша әзірленген. Оқулық халықаралық және Еуропалық үлгілерді ескере отырып ұсынылған қазақ тілін деңгейлік меңгерудің Қазақстандық стандартының жалпы көрсеткіштеріне сай жазылған. «Кәсіби қазақ тілі» – заман талабы мен болашақ маманның сұранысын ескере отырып әзірленген оқулық. Оқулықтағы мәтіндер, тапсырмалар мен жаттығулар жүйесі «тіл үйренушінің ауызекі сөйлеу дағдысын қалыптастыруға, жазба тілін дамытуға, сөздік қорын молайтуға, сауаттылығын арттыруға, мәнерлеп оқу шеберлігін жетілдіруге, жалпы білім деңгейін көтеруге көмектеседі». Оқулықтың құрылымы жүйелі, білім мазмұны бай. Автор тілді үйренуге қажеттілік тудыратын тиімді жолдарды анықтай отырып, оған ықпал ететін мотивтерді жан-жақты іске асыруға тырысқан. Оны оқулық өн бойынан байқауға болады.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін Х.Қарабаева шетелдік әріптесі Се Вэйнинмен авторлық бірлестікте 2021 жылы «Қазақ тілі (қытай тілді шетелдік студенттерге арналған) оқу құралын жариялады. Университетте бірнеше жыл қытай тілді шетелдік студенттерге дәріс беріп, 2016 жылдан 2018 жылға дейін Келісімшарт негізінде ҚХР Бейжің қаласында Пекин Шет тілдер университеті жанындағы «Қазақстан» Орталығының директоры және қазақ тілі пәнінің оқытушысы қызметін атқарған кезіндегі тәжірибесіне сүйене отырып әзірлеген оқу құралының орны ерекше. Оқу құралының құрылымы мен мазмұн жүйесі қарапайым деңгейге қойылатын талаптарға сай дайындалған. Қарапайым деңгейге сай тіл үйренуші тыңдаған (берілген) мәтін мазмұнына сәйкес сурет салады, суреттердің ішінен мәтін мазмұнына сәйкестерін таңдайды, оларды ретімен қояды, суреттерді пайдалана отырып сөйлем құрастырады, суретпен сұрақ қояды, жауап қатады, кім? не? қандай? деген сұрақтарға еркін жауап береді. Таныс сөздерді оқығанда мағынасын түсінеді, естіген жекелеген сөздерді, сөз тіркестерін дұрыс айтады, қазақ тілінің төл дыбыстарын естіп жазады, сөзге қосымша жалғауды үйренеді, сұхбат пен мәтіндегі ойды аяқтайды, тыныс белгілерді қоя біледі т.б. Оқу құралында тіл үйренушінің өзін-өзі тексеруіне арналған тест тапсырмалары кіріктірілген. Оқытушыға нұсқаулық ретінде тілдік бағдар ұсынылған, оқу құралының соңында 1400 пәрменді сөзден тұратын қазақша-қытайша шағын сөздік берілген.
Тілші-ғалымның қай оқулығын алмайық ондағы мәтіндердің мазмұны тартымды, қызықты, сондай-ақ танымдық, тәлімдік сипаты басым. Ханшайым Қарабаевның оқулықтарының өзіндік ерекшелігі – қажет мәселелерді ірі-ұсақ демей, түгел қамтып, жинақтап, талдап, жүйелі беруінде. Оқулықтардағы лексикалық материалдар мен грамматикалық тақырыптардың бір-бірімен байланыста, ұштаса, сабақтаса оқытылғанда нәтиже беретініне көз жеткізгендей боласыз. Оқулықтар мен оқу құралдарының сапасы бойынша автордың бірнеше еңбектері, әсіресе «Келіңіз, сөйлесейік» оқу құралы мен тәртіп сақшыларына арналған «Қазақ тілі» еңбегі бірнеше республикалық конкурс, байқауларда Гран При иленіп, жүлделі орындарды жеңіп алды.
Х.Қарабаева шетелдік университеттермен байланыс орнатып, тәжірибе алмасу мақсатында 2014 жылы DAAD бағдарламасы бойынша Берлин қаласындағы Гумбольдтер университетінды ғылыми тағылымдамадан өткен, сондай-ақ ҚХР, Түркия мемлекетінде дәріс оқып, сабақ берген.
«Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегің кетпес далаға
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға» — деген Абай өсиетін бойтұмары етіп алған ұстаз ізденісі – жастарды терең білімге баулитын игілікті іс. Ғылым мен білім саласындағы ұстаз еңбегі шәкірттерінің білімі мен білігін, танымы мен талғамын дамытуда жалғаса бермек.
Құралай Мұхамади,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің қауымдастырылған профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты
ПІКІРЛЕР1