СЕМЕЙ ПОЛИГОНЫ – ҚАСІРЕТ ОШАҒЫ
Жазушы Медеу Сәрсекенің қазақ және орыс тілдерінде 2016 жылы «Семей қасіреті» және «Семипалатинская трагедия» хикаяттары жарық көргенінен көзіқарақты оқырман хабардар. Алдағы уақытта бұл кітап ағылшын және жапон тілдеріне аударылмақшы дегенді естіп, қаламгердің өзімен хабарласып, кітаптың жазылу, шығу тарихы жайлы бірқатар сауалдарымызға жауап алған едік…
Медеу Сәрсеке, жазушы
– Ертіс алқабындағы 2,5 миллион халықтың 1949–89 жылдардағы ядролық жарылыстар миллиондап түзеген радиациядан зардап шеккенін нақты айғақтармен шерткен хикаятыңыз жұртшылық сұранысына ие болды. Сол кітабыңыз іле-шала орыс тіліне аударылып, әскери полигонның жабылуының 25 жылдығы қарсаңында 952 бет көлеммен жарық көрді. «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталдыңыз. Ең ғажабы, сол шығармаңыз ағылшын және жапон тіліне аударылуда…
– Жұмбақ болмасын, сол кітабымның екі мәрте жедеғабыл жарияланғанын түсіндірейін: «Семей қасіретінің» демеушісі – семейлік кәсіпорындар, сол іске мұрындық болған ШҚО-ның әкімі Д.К.Ахметов мырза (ескертер бір жайт: қазір бізде әдеби кітап оқымайтын әкімдер һәм министрлер көбейді. Даниал Кенжетайұлы, шүкір деймін, кітапқұмар азамат!). Оған қоса осы кітаптың қазақшасы жарық көргенде-ақ ол маған орысша нұсқасын жедеғабыл әзірлеуге ұсыныс жасады. Екінші кітаптың демеушісі – Семей жерінен алтын қазатын Ресейдің «NordgoId» кампаниясы. Осы ұжым «Семипалатинская трагедияның» қаржысын әрі маған қолғабыс еткен аудармашылардың (олар – төрт адам), менің де қаламақымды төледі. Әрбірі бір мың данадан және ерекше көркемделіп, қымбат қағазбен шығарылған қос кітап ШҚО-ның кітапханаларына таратылды. Басқа өңірге мен арқылы сыйлық ретінде тарағаны – жүз шамалы кітап. Рас, «Фолиант» баспасы қосымша шығарған таралымын Астанадағы өз дүкені арқылы жұртшылыққа сатты…
Тағы бір игі ақпар: Мәдениет министрлігі, жұртшылық сұранысын ескеріп, осы жылы «Семей қасіретін» қайыра шығармақ. Әуелі орысшасын, соңынан қазақша нұсқасын. Екеуі де ҚР кітапханаларына тарайды. Жуықта мен екі кітаптың да қолжазбасын қайыра қарап, екшелген нұсқа әзірледім. Тек осы туындыны шетел тілдеріне аударудың әзірше шешілмеген түйткілді мәселелері бар. Мысалы, бізде қазақ тіліндегі шығармаларды шетел тілдеріне аударатын кәсіби мамандар жоқ, керісінше, ағылшын, француз, неміс тілдерінен тәржіма жасайтындар жеткілікті; сол себептен де мен ағылшын және жапон тіліне жолма-жол аударатын фирмаларға жүгіндім, соның әдеби сапасын тексеретін, көркемдігін сақтаған кәсіби аудармашыны әзірше таппадым, сірә, шетел мамандарына жүгінуге тура келеді. Бұл болса мен үшін өрем де, қаражатым да жетпейтін қиын іс. Мақсат – деректі хикаяттың әдеби, тарихи мәнін сақтау. Әлбетте, «Фолиант» баспасы сол тәржіманы шетел тілінде шығаруға әзір, техникалық жабдығы жеткілікті. Тек ол кітапты шетелге сата алмайды, сөйту үшін кәсіби агенттер жалдауға тиіс, ал олар қыруар қаржы сұрайды-мыс… Сондықтан да мен бұл мәселені ҚР үкіметіне немесе Елбасының өзіне жеткізсем деген ойдамын. Өйткені, осы еңбегімде мен туған өлкемнің сол сынақтардан тартқан зардабын, күллі жерлестерім ұшыраған қилы тағдырын аштым. Соған қоса күллі адамзат қауымын радиация залалынан сауықтыру, сол пәлекетті келешекте болдырмау мәселесін де жантүршігерлік айғақтармен әйгілеп, Жер планетасына төнген қауіп-қатерді әшкереледім…
– Осы хикаятты жазуға сіз не себепті кірістіңіз?
– Семей полигонының жарылыстары астында мен 37 жыл өмір сүрген, соның салдарынан соңғы жеті жылда екі мәрте ота жасатып, өзіме төнген ажалдан аман құтылған пендемін. 1995 жылдан беріде 2-ші топтағы мүгедекпін. Оған қоса Дегелең мен Балапан аймағынан қыр еліне дамылсыз тараған зиянды нуклидтерден айықпас ауруға ұшыраған жерлестерімді, бозбала жігіттердің өзіне-өзі қол жұмсаған қасіретін, анасы құрсағынан шалажансар туған мүгедек бүлдіршіндерді жиі көрдім. Сонымен бірге, осы жергілікті басшылардың, республика билеушілерінің осы зауалға жаны ауырғанын, мәймөңкелеудің қажеті қанша, кейбірінің бір күндік мансабып ойлап, түк көрмегенсіп бейтарап болғанын да көңілге түйген қаламгермін. Қысқасы, жасым егде тартқан шағымда іште қыз-қыз қайнап жатқан шерді жария етуге бел байладым. Имандай шыным, сол ойға мен бұдан төрт жыл бұрын кездейсоқ жағдайда тәуекел еттім.
– Нендей жағдай, соның да мән-жайын ашуға бола ма?
– 2012 жыл мен үшін ерекше ауыр әрі шерлі болды: мамыр айында 52 жыл отасқан бәйбішем алты-ақ тәулік ауырып, кенеттен опат болды; қазанда өзім де полигон таратқан сырқатқа екінші мәрте ұшырап; оң жақ бүйрегім қатерлі ісікке шалынғанын семейлік дәрігерлер шүбәсіз анықтады. Амал қанша, 78 жастың шебінен өтерде наркоздан оянбасам ешкім кінәлі емес деген қолхат жазып, ота үстеліне жаттым. Дәм-тұзым таусылмапты. Ақыл-есімді жинауым артық-кемі жоқ 18 тәулікке созылды. Алматыдағы онкология институтының бүйрек бөлімінде жатып, бұл енді желтоқсанның аяқ шені, «Семей қасіретін» жазуға бекіндім. Не себепті кешігіп кірістіңіз деген сауалыңа айтарым: 1989 жылдың ақпан айынан беріде, яғни полигонды жабу жолындағы бүкілхалықтық күрес басталған екі жылда, одан соң 1991 жылы Абыралы ауданын қайта құруға арналған ұзақ айқаста менің қолыма полигон туралы неше алуан ресми деректер түскен-ді; оған қоса атомдық тарсылдар астында болған ұзақ жылдарда көрген-білген, бастан кешкен оқиғалар да жадымда сайрап тұрған-ды… Сол жылдарда қаншама қимас жолдастарым мен жақындарым сексен қайда, қырық-елу жасында жер жастанды. Бәрін де жусатқан радиация тозаңы.
– Екі кітаптың соңында сіз өзіңіз пайдаланған әдебиеттердің 31 түрін атапсыз. Кейбірі шетелдік кітаптар. Негізінен ғылыми басылымдар.
– Жазу үстінде мен неше естеліктерді, семейліктер және қаншама куәгерлер жариялаған кітапшаларды, газеттер мен журналдар жарияланымдарын, К.Бозтаевтың үш кітабы мен Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың әр кездегі сұхбаттарын әжетіме жараттым. Кітап соңындағы тізімге түспегені де бар. Жұмыс үстінде көбірек арқа сүйеген әдебиеттер – «Ядерные взрывы СССР» деген, көлемі 600 беттен астам ғылыми жинақ және академик Сахаровтың «Естеліктері» (оның көлемі 1280 бет). Екеуі де Қазақстанға тарамаған кітаптар, оларды Мәскеуден алдырдым. Осы тізімге Алматы мен Семейдің мұрағат мекемелері орыс тілінде шығарған екі кітапты қосамын: алғашқысы – «Құжаттар мен материалдар жинағы», яки «Казахстан за безъядерный мир» (2001 ж.) және 2011 ж. Семей баспасынан шыққан «Противостояние» кітаптары. Осынау
4 кітапта барлық жарылыстардың айы, күні, қуаты нақты көрсетілген. Қазақстандықтар наразылығының да кейбірі жарияланған.
Тағы бір мәнді жайтты ескертуді парыз санаймын: біздің қаламгерлер кейбір оқиғаларды ізін суытпай жедеғабыл жазуға әуей; ал мен, керісінше, араға жылдар салып, уақыт сынынан өткізіп алып, жата-жастана толғауды жөн деп білемін. Сәтбаев, Бөкетов, Бекмаханов туралы ғұмырнама кітаптарымды жазарда да солай еткемін. Бұл жолы да сол дәстүрді сақтадым. Полигон жабылған кезде қаншама кітаптар жарияланды. «Сол пәлекетті тұншықтырған мен, тек қана менмін» дегендер де аста-төк көп болды. Кейбірінің деректері де ойжотадан туған. Тіпті жарылыстар санын осы күнге дейін жаңсақ атаушылар бар. Сол кітаптардың ғұмыры қанша болды? Таралымы да мәз емес. Көпшілігі жарияланған кезде-ақ ұмытылды. Тегінде 20-25 жыл өткен соң ғасырларға ауысар ел шерін тарқата жазып, мемлекет тарихына қосуға болады. Әлбетте, соған лайық дүние туғыза алсаң… Француз әдебиетінде қалыптасқан дәстүр бойынша, деректі жанрда шығарма толғаған адам қаһарманы өмірден озған соң 50 жылдан кейін, яки бас кейіпкердің достары мен дұшпандарының тірлігі сөнген кезде бар шындықты мәймөңкесіз айтуға болады-мыс деген тұжырым қалыптасқан. Мысалы, осы жанрдың әйгілі шебері Андре Моруа антибиотиктерді тұңғыш ойлап тапқан биолог ғалым «Александр Флеминг» кітабының кіріспесінде солай деген. Мен де, «Болмасам да ұқсап бағып», осы ойға ден қойған қаламгермін. Рас, елу жылды күтуге мүмкіндігім жоғын сезінген кезде, яғни полигонның жабылғанына 22 жыл өткен соң жазу үстеліне отырдым…
– Сіз осы кітабыңызда 1992 жылы ҚР-ның үкімет комиссиясы анықтаған ресми деректі келтіресіз, сол құжатта Семей, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарының полигонға ұрымтал аймақтарынан 1,5 миллион адам радиация сәулесіне шалынғаны нақты көрсетілген, бір ғана Семей қаласы бойынша 200 мың адам, яки 60 пайыз тұрғыны ауру делінген.
– Бұл енді күмәнсіз тарихи дерек. Тек сол тізімге 1992 жылға дейін, яки 42 жылда жер жастанған марқұмдардың саны кірген жоқ. Олардың нақты санын айту да қиын. Өйткені, 1991 жылға дейін обыр дертінен, ақ қан ауыруынан опат болғандардың бәрі-бәрін денсаулық сақтау бөлімдері жылдық есебінде кіргізбей, басқадай сырқаттардан қайтыс болды деп көрсеткен. Сол жұмысты КГБ қадағалады. Семей шәрінен бертінде жасалған тізімге іліккен шерменделердің бірі – мен. Сол турасында 02-001916 санды куәлігім бар, мүгедектік құжатымда да ядролық полигоннан зардап шегуші екендігім жазылған…
Ең алғашқы атом бомбасы 1949 жылдың 29 тамызында, туып-өскен ата мекенім Абыралының Дегелең тауына ұрымтал жазықта сыналған – сол кезде мен 7-сыныптың шәкіртімін; кітабымның «Мамыражай жаз еді» деп аталған 5-тарауында Қайнар орта мектебін 1953 жылы алтын медальмен тәмамдаған екі бозбаланың Алматыға жете алмай, 5 тамыздан бастап жаппай босуға түскен аудан жұртымен бірге жүз шақырым қиырдағы Күйік бұлағының жағасында екі апта бойы күнсіп жатқаны сипатталған. Сол екеудің бірі – мен. 12 тамыздың ертеңгілігінде түстік қиырдан жарқ еткен «екінші күнді» көріп, кең аспанды тұмшалаған «саңырауқұлаққа» таңдана қараған үрейлі сәтті қалайша ұмытасың? Ол болса Кеңес Одағы жарған ең алғашқы термоядролық бомба…
– Атомдық және ядролық жарылыстар Семей атырабында 42 жыл бойы сыналды. Кейбір жарияланымдарда солар туралы әр түрлі сандар айтылады.
– Арнайы актімен бекіген жиынтық есеп мынадай: Дегелең тауы мен соған ұрымтал Балапан жотасында барлығы 470 атомдық және ядролық жарылыстар жасалған; 90-ы ауада, 26-сы жер бетінде, 354-і жер астында жарылған; бәр-бәрінің жиынтық қуаты – 2500 килотонна (Жапон елінің екі қаласына тасталып, бірден және кейінгі жылдарда 400 мыңнан аса адамды жер жастандырған екі бомбаның қуаты 20-22 килотонна шамасында). Енді сіз осыншама алапат қуаттан біздің даланың қандай апатқа тап болғанын оймен шамалаңыз. Сұмдық емес пе? Соларға қоса Семей полигонында химиялық улы заттармен зарядталған бомбаларды 175 рет жарған. Мысалы, 1961 жылы атомдық және ядролық бомбалар да 68 мәрте сыналған. Бір ғана қыркүйек айында ядролық жарылыс 15 рет, күн аралата жасалған… Сорақы қылмыс демеске шараң қанша, сол жарылыстардың бәрі де өзімбілемі мол, тежеусіз дарақы Хрущевтің «қайткен күнде американдықтардан басым түсіп, әкесін танытамыз…» – деген талабымен жүзеге асқан. Осы жарылыстардың Дала халқын қандай қасіретке душар еткен мен «Қисапсыз көп жарылыс кім үшін?» деп атаған 9-тарауда нақты айғақтармен аштым…
– Кітабыңыздың тыстық мұқабасында абайлықтардың 1953 жылдағы радиация астында жыл бойы болғанын даралап көрсетіпсіз. Сонда қалай, полигондағы медициналық бақылау қызметі сол жайтты білмеген бе?
– Білген, бірақ олардың бастықтары сол жылғы 12 тамызда жер бетінде жарылған сутегі бомбасы туралы Мәскеуге жолдаған рапортта: «Радиациялық ахуал қалыпты, ешқандай ауытқу болған жоқ» деп мәлімдеген. Ал бомбаны жасаушы, сол үшін де қырық жасында академик және Еңбек Ері атанған
А.Д.Сахаров «Естеліктер» кітабының 176-бетінде: «Әскерилер ондаған мың жергілікті тұрғындарды жүздеген шақырым қашыққа көшірді. Жарылыстан соң 10-15 күннен кейін солардың дені ежелгі мекендеріне қайтарылды. Тек қана Қарауыл елді мекенінің тұрғындары ғана 1954 жылы бұрынғы жұртына оралды. Өйткені, Қарауыл және Шыңғыстау атырабындағы ауылдардың қоныстарын жайлаған радиация шоғыры 200-250 рентгеннен жыл бойы төмендемей тұрақты сақталған…» – деген. Шындығында, бұл – жаңсақ ақпар. Қарауылдықтар мен сол мекеннің төңірегіндегі барлық шаруашылықтардың мал-жаны Шыңғыстаудың теріскейіндегі Бақанас өзенінің бойында және Аягөз қалашығына таяу Сергиополь елді мекенінің іргесіне тігілген жүздеген палаткаларды паналап, қарамы он мыңға таяу жан жиырма шақты күннен соң бұрынғы мекендеріне қайтып оралып, демек радиация тозаңын жыл бойы жұтқан. Сахаров жалған сөзге сірә да баспайтын ақжүрек адам, меніңше, әскери мамандар сол жағдаятты ғалымнан жасырып, өздері ойдан шығарған ақпарға сендірген. Демек, күллі аудан халқын радиация шоғырының астында жыл бойы ұстап, адам организмінің, сол маңаттағы жан-жануардың радиацияға төзімділігіне сынақ жасаған. Нәтижесі сұмдық: Қайнар мен Саржал ауылдарына қарағанда (сол мекендердегі радиация шоғыры 150-160 рентгеннен аспаған, Долон елді мекенінде 180 шамасы), ал қарауылдықтар және Әтей, Медеу, Тоқтамыс, Бірлік және Айнабұлақ ауылдарының тұрғындары жоғарыда нақты көрсетілген радиация шоғырын көбірек жұтып, кесапаты мол ауруларға ұшыраған…
– Сіз осы кітабыңызда Семей, Павлодар және Қарағанды облыстарының өзара шектескен тұсынан 18500 шаршы километр жерді әскери полигон 1947 жылы иемденіп, бұл енді Бельгия сияқты іргелі мемлекет орныққан жердің қақ жарымына тең шалқар алқап. Ең ғажабы, соншама аймақты елсіз, сусыз қуаң дала деген қайдан шықты?..
– Сол тұжырымның жаңсақ екенін мен «Қыр елінің тарихы шерткен сыр» деп атаған 4-тарауда тарихи айғақтармен дәлелдедім. Әскери бөлімшелер сол аймаққа Қырым аймағынан көшіп келіп, Ертістің сол жағалауындағы Молдар елді мекеннің іргесінен қалашық тұрғыза бастағанда сол жерде Ақсу ауданының мал баққан бірнеше елді мекені болған. Сол өңірден күнбатыс пен түстіккке қарай 70-80 шақырым ұзасаңыз – Дегелең мен Мыржық тауларының бөктерін Абыралы ауданының алты колхозы қоныс еткенін көруіңіз қақ. Солар 1954 жылы Жарма және Абай аудандарына көшіріліп, келесі жылы аудан да таратылды.
1931 жылы Ленинградта жарық көрген, көлемі 420 бет, «Весь Қазакстан» атты анықтама кітапта (дайындаушылар «Казиздат» қызметкерлері – Ғ.Мүсірепов, Б.Майлин, А.Жиенбаев және Ж.Сыздықов) Қазақстан өлкесінің 123 ауданының географиялық-тарихи, шаруашылық-экономикалық сипаттамасы беріліп, әрбір ауданның тұрғын халқы мен қолындағы төрт түлік малы Госпланның 1930 жылғы 30 маусымдағы есебі бойынша нақты көрсетілген. Мен 17 жылға шегініс жасап, әлгі аймақтағы адамдар мен жеке қожалықтар санын, солардың иелігіндегі малын әскери полигонға жер берген 6 аудан бойынша даралап көрсеттім. Мысалы, Абыралы ауданында сол кезде 6131 шаңырақ болған, жан иесі 29813 адам, 253873 бас төрт түлік мал өріске шыққан, яғни әрбір шаңырақ ірілі-ұсақты 42 бас малға ие; Шыңғыстау ауданында – 6847 қожалық болыпты, тұрғын халқы 34767 адам, олар 54141 бас жылқыға, 36135 бас ірі қараға, 362007 қой-ешкіге және 12925 бас түйеге иеленген. Ертістің оң жағалауында, яғни әскери зонамен иықтас орналасқан Бесқарағай ауданының 16328 дербес қожалығында 48427 адам егін егіп, ағаш кесіп, төрт түлік мал бағып, көкөніс өсірумен күнелткен (негізгі тұрғындары қазақтар – 95,9 %; тек 1986 адам Ресейден ғасыр басында қоныс аударған орыстар мен украиндер… Ертістің сол жағасындағы Қызылтаң ауданының (бертінде Новопокров, одан соң Жаңасемей атанды) 6224 шаруашылығында 26478 жан иесі тіршілік еткен. Қу ауданының 6851 қожалығында 32812 адам өмір сүрген. Полигонға жер берген Ақсу ауданындағы 13759 шаруа қожалығында 61915 адам болған. Сонымен 6 ауданның 234212 тұрғынын түгендедім, 1930 жылы солар иелік еткен мал саны да ерекше қомақты. Амал қанша, 1931 жылдан бастап суыт жүрген коллективизация науқаны, үдемелеп түскен салықтардан соң қыр елі 1932 жылғы аштыққа тап болып, қынадай қырылды. Нәтижесінде Дегелең атырабындағы халық та сиреді, тек мүлдем құрыған жоқ.
1939 жылғы Одақ бойынша жүрген санақ деректеріне үңілсеңіз – қу жаныңыз қарадай шошиды. Жоғарыда атаған қыр қазағының 70-80 пайызы ұшты-күйлі есептен сызылған. Мысалы, Абыралы ауданындағы адам саны 5 мыңға, Шыңғыстауда 6 мыңға жетер-жетпес жан иелері қалған. Мал басы тоқсан пайызға кеміген. Жә, сонда қыр елінің әйелдері нәресте тумаған ба, полигонға жер берген алты ауданда 30 мыңдай адам қалғаны неліктен? Әрине, сол мұңлықтардың бәрі де И.Голощекин бастаған бәлшебек белсенділер қыр еліне мылтық дүмімен енгізген колхоздастыру науқанының, «көгенде қозы, желіде құлын қалмасын» ұранымен жүріп, социализм қоғамын жедеғабыл орнату, сол үшін де жедеғабыл ұйымдастырылған қуғындау, сыпыра ату саясатының нәтижесі. Ертіс алқабы соңғы екі ғасырда көрмеген сорақы құлдырауға ұшырады. Кітабымның 4-тарауында 1928-1945 жылдар аралығында қыр қазағы басынан кешкен бес түрлі апатты санадым: байларды тәркілеу, коллективизация, аштық, «халық жауларын» іздеу және төрт жылғы қырғын соғыс. Мысалы, бір ғана Абыралы ауданынан әскерге 1315 адам шақырылған, елге оралғаны – небәрі 500 азамат. Осындай ауыр ахуал жоғарыда түстеген аудандардың әрбірінде қайталанған.
– Дала тұрғындары тап болған алтыншы қасірет Ертіс жағасында ірге тепкен әскери полигоннан өрбіді депсіз. Әскерилердің бертінде сан мәрте қайталаған түсініктерінде сынақтар халық қоныстанбаған елсіз, сусыз далада ірге тепті делінген.
– Полигонда салынған 6-7 сынақ алаңдары түгелдей Абыралының байырғы жерінде орныққан, соншама жерден айырылған соң аудан да қоса құрыды. Жұртқа мәлім емес тағы бір деректі мен кітабымның «Қорғаушысы жоқ ел жетім» деп аталған 6-тарауында келтірдім: ол болса Абай ауданын таратып, оның шаруашылықтарын Жарма ауданы мен Сарыөзек стансасы маңындағы шөл далаға көшіру туралы және Шұбартау ауданын жойып, Аягөз ауданына қосу жайындағы 1956 жылы жасырын қаулы, оның бір данасы Семей облыстық атқару комитетінің сейфінде сақталыпты; Абайдың сүйегін арнайы ғимарат салып, Семейге көшіруге де жоба әзірленген. Осы деректерді кітабымда түре ашып, сойқаны мол сол қарекетті болдырмауға М.Әуезов пен Қ.Сәтбаевтың араласқанын да нақты дерекпен тәптіштеп жаздым. Шындығында сол жанкештілер бұл мәселені ойлағандай шеше алмаған. Екі ауданның таратылмауының шынайы себебі – Н.Хрущевтің сол қарсаңда ядролық сынақтарға мораторий жариялауы, оған қоса сынақ алаңдарын қоқыстан тазартуды әскерилер 2,5 жылға созып әрең бітірген; тәубе деймін, сол мәселенің күрмеуі 1963 жылғы АҚШ үкіметімен жасалған, екі алып елдің қатерлі сынақтарды ауада, жер бетінде және су астында сынамауға өзара келісуіне орай біржола тоқтаған… Шынтуайтын айтқанда, екі ауданның жерін иемденуді полигон басшылары бертінде қайта бастап, соған Г.В.Колбиннің келісімін алған. Осы іске ақырында Нұрсұлтан Әбішұлы белсене кірісіп, біржола тоқтатқаны жайында «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған Сауытбек Абдрахмановқа берген, «Тажалды тұншықтыру» деп аталған сұхбатында (27 тамыз 2011 жыл) егжей-тегжей баяндаған.
– Курчатов сияқты білгір ғалымдар, маршалдар мен генералдар сонда қалың елдің іргесінде, Ертіс сияқты шалқар өзеннің халық ежелден тығыз қоныстанған аймағында қауіп-қатері ерекше мол ядролық сынақ жасаудың жөнсіздігін білмеген бе?
– Білген. Сынақ алаңын Ертістің жағасына ұрымтал жерге жобалаушы – Мәскеудің Биофизика институты. Олардың қолында сыртқы мұқабасының түсіне орай «Қара кітап» атандырған, АҚШ физиктері жазған ғылыми еңбекте атомдық жарылыстарда нендей кесапаттар туатыны, жер-жаһанды мың жарым жылға зақымдайтын зиянды нуклидтер тарайтыны, олардың табиғат пен жан-жануарлар һәм адамзат қауымына залалы жайында тәптіштеп жазылған. Амал не, сол шіркіндер сонда айтылғандарды орыстарға тән немқұрайдылықпен тәрк етіп, әскери қаланы темір жолға ұрымтал, ұшақ қонатын алаңы әзір, өздері бір мезгіл балық аулап, жағасы ну орман, жағажайы қүмдауық Ертіс арнасына қолсозым жерді әдейі таңдап (сол үшін Молдар мекенінің тұрғындарын басқа жерге жедеғабыл көшірген), әлбетте негізгі сынақ алаңын содан 65 шақырым жерде, Дегелең тауына ұрымтал ашық далада дайындаған. Сол білімпаздар әзірлеген жобаны бекіткен КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Л.Берия, ресми бекітуші – И.Сталин. Екеуінің де орта дәрежелік білімі жоқ, физика мен биологиядан мақрұм жандар. Генетиканы, кибернетиканы, Эйнштейннің салыстырма теориясын, квантты физиканы жоққа шығарып, «метафизикалық шатпақ» деп жариялаған сол дүмшелерден қандай рақымшылық күтесің? Дегелең атырабын соларға ұсынған ғылым докторлары һәм академиктер – Воровьев, Садовский және генерал-лейтенант А.Завенягин мен генерал П.Рожанович. Мен осы жайттарды мәскеулік кітапты нақты жазылған актілер бойынша айтып отырмын.
– Кітабыңызда полигонмен текетірес Қазақстан зиялылары тарапынан 1957 жылы басталды депсіз. Таңғаларлық жайт, шынында да сондай ерлер бізде болған ба?
– Сол әрекетке мұрындық болған ер – Өлкелік патология институтының директоры, патолог-ғалым, Қарқаралы аймағының тумасы, Екінші дүниежүзілік соғыста әскери госпитальды басқарған капитан-дәрігер Бакия Атшабаров. Ертіс жағалауындағы елдің төтенше ауыртпалыққа тап болғанын, нақты күнәһар – ядролық жарылыстар таратқан радиация нөсері екенін жүрек ділімен ұққан сол азамат 1957 жылдың бас кезінде Қазақ КСР ҒА-ның президенті Қ.И.Сәтбаевқа барып, полигон төңірегіндегі қазақ ауылдарын мықтап шалған жаңа қатер туралы ресми мәлімдеген. Сол іске академияның вице-президенті, ғалым-дәрігер А.П.Полосухин және Денсаулық сақтау министрі С.Р.Қарынбаев та қостаушы болған. Нәтижесінде сол көктемде ҒА-сы мен Денсаулық сақтау министрлігінің бірнеше мамандық иелерінен құралған, құрамында 150 адам бар ғылыми экспедиция Семей облысына бірнеше автомобильмен аттанған. Бірегей басшысы – Атшабаров, орынбасарлығына министрліктің бас радиологы С.Балмұханов тағайындалған. Сол экспедиция Абай ауданының Қайнар, Саржал, Қасқабұлақ, Қарауыл мекендерін, Бесқарағай ауданының Ескі Долон мен Жаңа Долон ауылдарын, Новопокров (Жаңасемей) ауданының Знаменко (Қарасу) селосының және теріскей-батыстағы Қу ауданының полигонға ұрымтал орналасқан ауылдарының тұрғындары мен бағымдағы малының қаны мен сүйегін, кейбір мекендердің итіне дейін, жайылымын, ішетін суын, күдікті жағдайда жер қойнына да бойлап, жан-жақты зерттеген. Салыстырма есеп үшін полигоннан едәуір қашық Шұбартау, Балқаш бойынан және Баянауыл аудандарының бірнеше елді мекеннің адамдары мен малын қосымша тексерген. Сол жұмыс үш жыл бойы жаз айларында жүрген. Нәтижесінде Б.Атшабаров «Қайнар синдромы» деп атаған жаңа аурудың 15-16 түрлі белгілерін анықтаған. 10 мыңға таяу адамды жан-жақты тексеріп, солардың 6 мыңы радиациямен зақымданғаны жайында қорытынды жасап, қиын ахуалды әуелі академия төралқасына, соңынан Қазақстан үкіметіне мәлімдеген. Республика басшылары қатерлі жағдаятқа ерекше шошып, әскери мамандарды шақырып, екі мәрте арнайы талқылаған. Алайда, полигон басшыларын сол қатерге мойындата алмаған. Сөйтсе де? Қаныш Имантайұлы экспедиция ғалымдарына төрт жылғы жұмысты ғылыми қорытындылауды тапсырған. 1960 жылдың аяғында сол жұмыс та бітіп, көлемі 3940 парақ, 12 том болған ғылыми есеп жарық дүниеге келген. Сол істі тындыруға экспедицияның 62 мүшесі қатысыпты. Нәтиже жан түршігерлік: полигон шекарасына ұрымтал төрт ауданның (Абай, Жаңасемей, Бесқарағай және Қу) тұрғын халқы жаппай ауыру; оны енді «бруцеллез, туберкулез немесе ішкен тамақтарында дәрумендер жетіспейді, өйткені дала халқы көкөніс өсірмейді…» деп әскерилер ойдан шығарған бопсамен түсіндіре алмайсың, нақты айғақтармен дәлелденген сорақы жағдаят…
– Осының бәрі біздің сормаңдай халықтың қырық жылдан астам уақыт рациация күлінің астында отырып, сол үшін ешқандай ем-дом алмай, мүсәпір жағдайда өмір сүргенінің айқын мысалы. Сол жайтты сіз ерекше әскездеп суреттепсіз. Рас, таралымы аз және сол Ертіс өңірінде ғана тарады. Соны енді Мәдениет министрлігі күллі республика халқына таратпақ. Бұл да Сіздің қыруар еңбегіңізге деген ілтипат және оқырман сұранысына орай оңды шешілген. Сірә, шетел тілдеріне тәржімалануы да сәтті шешілер деген үміттемін.
– Осы жайтты да мен өзгерген уақыттың жемісі деп білемін. Өйткені, өзіндік ой-толғамға ие, өз перзентіміз Кешрім Бозтаевтың 1989 жылғы 20 ақпанда, кезекті жарылыстан соң ауаға тараған улы газдардың зардабын көріп, біліп отырып, бұрынғыдай үнсіз қалмай, обком бюросына салып, қызметтес серіктерінен жаппай құптау алған соң Мәскеуге, КПСС ОК-нің бас секретары М.С.Горбачевке наразылық хат жолдаумен басталған наразылық қозғалыс, сол әрекетті Қазақстан үкіметінің төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың әуелде астыртын, соңынан іле-шала қолдауы, араға бес тәулік салып, 24 ақпанда Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаттары Д.Снегин, С.Мұратбеков, Қадыр Мырзалиев пен Олжас Сүлейменов қол қойған екінші хаттың КСРО Жоғары Кеңесіне жолдануы, оған қоса 28 ақпанда Жазушылар үйінде наразылық митинг өтіп, сол жиында Олжас Омарұлы басқарған «Невада-Семей» қоғамдық ұйымның құрылуы, зер салып қарасаңыз, Қазақ елінің де ұзақ ұйқыдан оянып, тәуелсіз Ел атануға ұмтылысының айқын белгісі! Иә, Уақыт көші де жедеғабыл ширығып, Ел тарихының ерекше кезеңі туды. Шынында да бұл бостандық туын көтеруші Алаш көсемдерінің келешек ұрпағына өсиет еткен сара үлгісін жаңғырту болатын-ды. Сол күресті ең алғаш студент кезімнен досым Кешрім Бозтаев бастап, ақын әріптесім һәм құрдасым Олжас Сүлейменов қостап, Ертіс бойы, Семей атырабы ғана емес, күллі Сары-Арқа алқабы жаппай көтеріліп, 2,5 жыл бойы дамылсыз жүрген күресіміз ақыры тамаша жеңіспен аяқталды. Ең ғажабы, мәскеулік нояндар билікке таласып, М.Горбачев «үйқамаққа» түсіп, Б.Ельцин Ақ үйде отырып, Ресей федерациясын дербес билеуге ұмтылған аумалы-төкпелі күндерде Қазақ елінің біртуар перзенті Нұрсұлтан Назарбаев ешкімнен рұқсат сұрамай, ешкімнен ақыл-кеңес тілемей, 1991 жылғы 29 тамызда «Ядролық полигонды жабу туралы» Қазақ Республикасының Президенті лауазымымен біз зарыға күткен Жарлықты жария етті. Сол күнді біз, семейліктер, «Ақ түйенің қарны жарылды!» десіп, әр үйде дастарқан жайып қарсы алдық. Біле білгенге бұл күллі Ертіс бойын, Алтай өлкесі мен ежелгі Құлынды даласын, Абыралы, Шыңғыстау, Балқантау мен Қарқаралы алқабын ядролдық жарылыстар дүмпуінен, жер-жаһанды дірілдеткен жойқын сілкіністерден біржола ада еткен жаңарудың, жаңа заманның, Тәуелсіз Ел атануымызға небәрі төрт ай қалған айшықты Уақыттың бастамасы болатын. Ұзағынан дейік!..
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Қ.СІМӘДІЛ.