ҚАСІРЕТ ҚҰШҚАН ТАҒДЫРЛАР
Ұлы Абайдың соңында қалған шығармашылық мұралары ана тілімізде, сондай-ақ шама-шарқымыз жеткен басқа тілдерге тәржімаланып, жүйелі жинақталып шығарылып жатыр. Зерделі зерттеу еңбектері де өз оқырмандарын табуда. Солардың арасынан біздің бөле-жара сөз етпегіміз – абайтану ғылымының толымды бір табысы, ізгілікті ізденістердің жемісі негізінде дүниеге келген «Абайдың ақын шәкірттері» атты жинақ. Абайтану ғылымының көшбасшысы, ұлы суреткер Мұхтар Әуезов есімімен тікелей қатысты бұл кітаптың өткен өткелегі де, бастан кешкен «тар жол, тайғақ кешуі» де үлкен бір әңгімеге өзек болуға татырлық. Кітапқа енген жекелеген авторлардың шығармаларын жинақтап, өмірбаяндарын зерттеп, алғысөзін жазып, баспаға ұсынған көрнекті әдебиетші ғалым, профессор – Қайым МҰХАМЕДХАНҰЛЫ.
Шегінен шыға асқынған, жұдырығы жуан саясат пен уланған идеологияның 1950 жылдардағы құрбаны болған адам тағдырлас бұл кітап, яғни «Дәуір» баспасынан 1993 жылы жарық көріп, оқырман жұртшылыққа кеңінен таралып кеткен «Абайдың ақын шәкірттері» атты жинақ төңірегінде сөз қозғауымыздың өзіндік сыры бар. Абайдың – Абай екенін жалпақ жұртқа жария жасаймын деп ауызы отқа күйіп жүрсе де, Мұхтар Әуезов сол Абайдың шығармалары десе ішкен асып жерге қойып, түн ұйқысын төрт бөле ізденетін, зерттейтін көзі қарақты ізбасарларын да өз айналасына жинап жүрген. Солардың бірі жұртшылыққа зерттеуші-әдебиетшілігімен, абайтанушылығымен етене таныс, ғалым-профессор Қайым Мұхамедханұлы болатын. Ол алқымнан алып, уысында умаждаған идеологияның қатулы қаһарына қарсыласа жүріп, ұлы ақынның ақындық мектебін ұзақ жылдар бойы зерттеді. Ұстазы Мұхтар Әуезов салып берген сара жолмен бұлталақсыз ілгерілеудің нәтижесінде «Абайдың әдебиет мектебі» деген кандидаттық диссертациясын тәмамдап, сол еңбегін 1951 жылдың 7-сәуірінде Қазақстан Ғылым академиясының Ғылыми кеңесінде қорғады. Көздің кермек жасына айналған даудың басы, міне, осы диссертация еді. Ақын атамыздың айналасында болған, шығармашылығынан үлгі-өнеге алған шәкірттері туралы сөз қозғаған Қайым да, оны осы бір игілікті іске баулыған Мұхтар да кезекті бір қабырға қақыратар «соққыны» сол күні-ақ алған еді. Диссертациялық еңбекті талқылау аталмыш екі адамды саяси жағынан айыптау мінберіне айналды. Әсіресе қадалған жерінен қан шығара қаралауға кіріскен екі белсендінің сөзі сол кездегі солқылдатып тұрған саясатпен санасқыштығымен, іліп әкеткелі тұрған идеологияға икемделгіштігімен өзек өртеген еді. Мұхтар Әуезовтің қорғалған еңбекке берген көтеріңкі бағасынан кейін профессор Қ.Жұмалиев диссертация қорғаушының зерттеу жұмысының саясатқа қарсы жазылған еңбек екенін тілге тиек ете келіп, оның несімен идеологияның иін шығарып тұрғанын бұтарлап талдап, дәлелдеуге кірісті.
«…Автор стоит на аполитичных позициях. Автор считает учеником Абая его сына Турагула, подвергшегося конфискации в 1928 году… Дальше. В отношении Кокпая. На странице 212 диссертант пишет: «Кокпай был самым лучшим, самым близким другом Абая, казахский народ уважает его, как ученика Абая»… Кокпай ни в коей мере не может явиться учеником Абая… его поэма «Сабалак», «Кенесары-Наурызбай» являются реакционными. В этих поэмах воспевается ханско-монархическое движение Касымовых…
Прежде всего надо ответить на вопрос: откуда идет легенда, что Кокпай написал эту поэму по поручению Абая… И вот появляются статья М.О. Ауэзова в 1933 году по этому поводу, и он это неоднократно потверждал в других работах. Остальные исследователи доверились ему как знатоку Абая и эти данные считались до сегодняшнего времени достоверными… что Абай Кокпаю сам давал тему и т.д. Это он снова утверждает в романе «Акын-аға», который недавно вышел из печати.
…Восхваление казахских ханов не дает право считать Кокпая учеником Абая. Органы партийной печати в настоящее время ставят перед советской общественностью задачу выкорчевывать все проявления идей восхваления Кенесары…
…А вообще он в своей диссертации в 16 местах ссылается на проф. Ауэзов и везде хвалит его. Создается впечатление, что Ауэзов хвалит Мухамедханова за то, что Мухамедханов хвалит Ауэзова. Странно, что диссертант вместо того, чтобы подвергнуть острой критике эти ошибки Ауэзова, идет у него на поводу. М.Ауэзов вместо правильного направления молодого научного работника, ходатайствует перед Ученым советом о присуждении ему ученой степени…», – деп Мұхтарға да, Қайымға да шұқшия тиісе келіп, қорғаушының ғылыми еңбегін түбірімен қайта жазу керек, бұл қалпында ғылыми атақ беруге татымайтын дүние деген үзілді-кесілді байлам айтады.
Одан кейінгі мінберге көтерілген белгілі ғалым, профессор Усанович өз сөзін: «Глубокоуважаемый диссертант не знает меня и не знает, что я не специалист-литературовед, большинство из присутствующих это хорошо знают.
Я диссертацию не читал, только очень внимательно прочитал автореферат и позволю попросить слово, чтобы сказать следующее диссертанту: Сейчас очень ответственный и торжественный момент Вашей жизни, потому что Вам приятно будет когда-нибудь вспомнить, что старый ученый, который выпустил несколько десятков кандидатов, ознокомившись с вашим авторефератом, хочет выразить глубокое убеждение, что Ваша диссертация представляет явление незаурядное, что она представляет действительный вклад в науку», – деп қанағаттанғандықпен қысқа ғана қайырса, С. Нұрышев профессор Жұмалиевтің пікірін түп-түбірімен қостай келіп: «…По мнению Ауэзова, восточное направление творчество Абая на этом не останавливается. В дальнейшем автору статьи очень легко «удается» сделать Абая панисламистом… Ауэзов утверждает, что идейнотворческое направление Абая, школа Абая это панисламизм. Если бы он вышел за руками аула, он пошел бы по пути панисламизма. Даже поворот Абая к русской культуре он (Ауэзов) объясняет панисламизмом. Считать ли это только ошибкой, которую можно было бы только заметить, как это делает М. Ауэзов?
Нет, нельзя. Это надо считать протаскиванием советскую науку антимарксистских взглядов, как со стороны диссертанта, так и со стороны М. Ауэзова», – деп М.Әуезовті де, оның ізбасары ретінде Абай айналасындағыларды зерттеуші Қайым Мұхамедхановты да барып тұрған нағыз пантюркішіл, панисламшыл, марксизм-ленинизмнің бітіспес қас жауы ретінде көрсетеді. Ол кезде оның мұндай салыстырма дәлелдері таптырмас, бұлжытпас, бұлтартпас шынжырлы тұзақ еді. Сыңаржақ саясаттың саптаяғына сай, идеология иініне іліп әкетуге ыңғайлы мұндай пікірлердің әрбір сөзі «алтын астарлы» екенін Жұмалиев те, Нұрышев те жан-жүректерімен сезіп-ақ тұрып айтқандары даусыз.
Ғылыми кеңес талқылауының соңын ала сөз кезегі тиген Мұхтар Әуезов өзіне айтылған сын-ескертпелердің ешқандай дәлелсіз, дәлелдері негізсіз, «жаптым-жала» пікірлер екенін нақты мысалдарымен көрсетеді. Кандидаттық диссертация қорғап тұрған жас ғалым Қайым Мұхамедхановтың ұзақ уақыт бойы көз майын тауысып, шаң басып, сарғайған архив материалдарын ерінбей-жалықпай ақтара жүріп, зерделеп, зерттеу нәтижесінде тындырған ғылыми еңбегінің маңызы зор екенін шынайы көңілімен Ғылыми кеңес талқылаушылары алдына бүкпесіз жайып салады. Сөзін түйіндей келіп: «Это вам нужно не для научного интереса, а чтобы ущемить молодого научного работника, который серьезно, честно проработал в течение 12 лет и сегодня показал перед членами Ученого совета, что он – безусловно серьезный научный работник, талантливый и старательный исследователь. Пусть у него есть ошибки, мы должны поправить их, а где ваша партийная принципиальность, объективно научное отношение к интересам науки? Вы хотите оторвать от Абая его учеников…
…Вы вдвоем подготовились заранее, чтобы ущемить через эту диссертацию Ауэзова, а это беспринципная склока и ничего иное…», – деген орынды да орнықты уәжбен әдебиет майданындағы қарсыластарына қарымды жауал қайырады (Біз мақаладағы сөз иелерінің стенограмма бойынша түсірілген үзінділерін «Абай» журналының 1992 жылы шыққан № 3 санының 81-82-беттерінен оқырмандарға қанық болу үшін орыс тілінде өзгертпей алдық).
Осы тұста мен ойладым: «Әдетте біз Кеңес үкіметі кезіндегі әдебиеттегі шалыс басқан, теріс қорытынды жасаған мәселелердің бәрін қылышынан қан сорғалаған заманның зобалаңды қыспағына аударып, бұйдамызды сүйретіп, сытылып шыға беретініміз бар. Мүйізі қарағайдай екі бірдей оппоненттің Әуезов пен Мұхамедхановқа шұқшия шүйлігуін өздері өмір сүрген қоғамның қысымы мықты саясатына жаба салайық-ақ десек, маман-әдебиетші емес Усановичтің өзі тәрбиелеп қанаттандырған бірнеше ондаған ғалымдардың және өзінің атынан Абайдың ұлылығын, оны зерттеушілердің еңбектерінің шынайы құнды екенін кеңірдегінен қысқан идеологияның сығымынан да сескенбей тіке айтуын қайда қоямыз. Екі түрлі пікір иелерінің қайсысының теріс, қайсысының оң пиғылда болғанын бүгін міне, ұрпақтар алдында уақыттың өзі-ақ, дәлелдеп отырған жоқ па? Осындайда «Қазақтың жауы – қазақ» деген академик-жазушы Ғабит Мүсіреповтің ұлағатты сөзі ойға еріксіз оралады-ау…»
Бұл – бұл ма, «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, абайтанушыларға, соның ішінде Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановқа шабуыл жасағанның көкесі осы Ғылыми кеңестен соң екі айдан кейін, яғни 1951 жылы 15 маусымда Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты мен Қазақстан Кеңес Жазушылар одағы бірлесіп өткізген Абайдың әдеби мұрасы мәселелерін талқылауға арналған ғылыми айтыста болды. Сондағы баяндама жасаған зиялылардың бәрін тізіп көрсету мақсат емес. Дегенмен қарқынды шабытпен үлкен мінбеден «Абайдың әдебиет мектебі және оның шәкірттері» деген тақырыпта сөз ағытқан жазушы Сәбит Мұқановтың толымды толғамдарынан үзінділер келтіре кетейік.
«Абайдың ғана емес, әлеуметтік пікірде аты шыққан барлық адамның да еңбектерінен үлгі алатындар, жолын тұтынатындар әр дәуірде бола береді. Егер кімде-кім әлеуметтік пікірде ұстаздық еткен біреуден үлгі алып, соның жолын тұтынса, осының қазақша аты – «шәкірт» немесе «жолын тұтынған», орысша аты «ученик» немесе «последователь», – дей келіп, – барлық үлгілі адамдардың жолын тұтынушыларға, оның ішінде Абай жолын тұтынушыларға да осылай қарауымыз керек. Олай болса Абайдың шәкірттері немесе жолын тұтынушылар кімдер деген сұрақ қойып, оған Мұхтар Әуезовтің әр жылдарғы зерттеулерінде Абай шәкірттерінің санын жылдан-жылға көбейтіп бара жатқанын әңгімесіне арқау етеді. Мұхтар Абайдың жолын қуушылар, соның мектебінен үйренушілер, тіпті қайсыбіріне өзі тақырып беріп, өлең жаздырып, баулығандар қатарында деген Шәкерім, Тұрағұл, Ақылбай, Мағауия, Көкбай… Әсет, Әріп, тағы басқалар бастаған 25-30 адамның тізімін атайды. Олардың көпшілігі Абайдың шәкірттері емес, Кеңес үкіметіне қарсы, теріс пиғылды, ұлтшыл, арандатушылар деп, олардың кінәсін жеке-жеке мойындарына қояды. «Әуезов жолдастың Шәкерім бандит болып өлгеннен кейін де оған мейірімді көзбен қарауы, ең жеңіл тілмен айтқанда – ұят. Екінші – Тұрағұл. Жақсы көретіндердің еркелетіп қойған аты – Тұраш. Абайдан туған бала болғанмен, бұл да Совет қоғамына жат, жау кісі.
Үшінші – Нармамбет Ормамбетов. Бұл адамның да «Алашорда» партиясында болған сырлары ашылып, архив документтерімен дәлелденіп отыр. Сондықтан ол туралы да ешкіммен бұл жолы айтысқымыз келмейді», – деп, әрқайсысының шығармаларындағы «керітартпалықтарды» маркстік, лениндік көзқараспен айыптайды.
«Абай шәкірттері» деп келген адамдардың шығармалары идеялық жағынан оқуға залалды, көркемдік сапалары төмен. Қазақ әдебиетіне Абайдың бір зор қызметі, поэзияңызды ислам діні арқылы келген араб-иран сөздерінен тазалау болса, «Абай шәкірттері» дегендерде бұл элементтер тұнып тұр, сондықтан көп шығармалары қазіргі оқушыларға түсініксіз. Абай қазақ өлең құрылысына 20 шақты жаңа түр кіргізсе, «Абай шәкірттері» дейтіндер олардың бәрін де шығармаларында қолданбайды, фольклордан басталатын жалғыз қара өлең не жыр түрін қолданады», – деп С. Мұқанов Абайдың ізбасарлары деген тізімдегілердің шығармаларының құнсыздығын дәріптейді.
Мұхтар Әуезовтің осы жолдағы қателіктерін «большевикше турасын айтып», санамалап көрсетеді. («Абай» журналы, 1992 ж. № 4. 67-68-беттер).
Бұдан әрі М.Әуезовтің өз шәкірттері туралы: «Әуезов жолдас «Абай шәкірттері» деген адамдарын өзі сонша дәріптеуімен қанағаттанбай, бұл мәселеде қолдаушы болатын өзіндік шәкірттер іздейді және ондайларды табады да. Олар кімдер?
1. Қайым Мұхамедхановтың биыл, 6 февральда, Алматы қаласында қорғаған «Абайдың әдебиеттік мектебі» деген диссертациясы профессор М.Әуезовтің басқаруымен жазылады, диссертация қорғалғанда оппоненттің бірі болып Әуезов жолдас мақтайды, ал Мұхамедхановтың диссертациясы Әуезов атап жүрген «Абай шәкірттерін» мақтауға құрылады. Ол тізімде халыққа жау элемент Тұрағұл да жүр» деген түйін айтады. Осындай ірі-ірі «қателіктерді» термелей келіп, «Абай шәкірттері» деп атаған адамдарын жұртқа осынша кең таныстырып алғаннан кейін Мұхтар
Әуезов пен оның екі шәкірті Мұхамедханов, Жанғалин 1950 жылы «Абай шәкірттері» деген жинақ құрастырып, баспаға береді. Құраушы Мұхамедханов, редакторы Жанғалин, сөз басын жазған профессор Әуезов», – деп кітаптың да іске алғысыздығын «санамалап» береді.
Сөйтіп, үш күнге созылған айтыс барысында Қайым Мұхамедханов қорғаған кандидаттық диссертация құнсыз деп бағаланып, жарыққа шығуға тиіс «Абай шәкірттері» атты жинақ құртылады.
Осы қым-қуыт уақиғадан соң Әуезовтің «Ақын аға» романы да «Абай шәкірттерінің» кебін киіп, өзі Қазақ КСР Ғылым академиясы президиумының мүшелігінен шығарылып, университеттен қуылады. Қайым Мұхамедханов «теріс пиғылды» диссертацияның «кесірінен» халық жауы ретінде тұтқынға алынып, 25 жылға сотталады.
«Жөргегінде» тұншыққан «Абай шәкірттері» атты адам тағдырлас сол кітап «Абайдың ақын шәкірттері» деген атаумен араға 42 жыл салып оқырмандарының қолына тиді. Бұл алғашқы жинақ Абайдың ақын балалары Ақылбай, Мағауия және Тұрағұлдың әдеби мұрасына арналған. Көкбай, Әріп,
Уәйіс, Кәкітай, Әубәкір, тағы басқа ақындардың шығармалар жинағы құрастырылып, сол Мұхамедхановтың қолымен баспаға ұсынылып, кешеуілдеп болса да жарық көрді.
Аруақты аталар мұрасы тіл, көзден аман болғай деп тілейік.
Еркін ЖАППАСҰЛЫ
ПІКІРЛЕР1