Жүсіпбек Аймауытов ӨМІРІНІҢ СЕМЕЙ КЕЗЕҢІ
14.03.2024
205
0

   Алаш қайраткері, жазушы, ақын, драматург, аудармашы һәм ұстаз, педагог-ғалым Жүсіпбек Аймауытовтың білім алуы, алғашқы шығармашылық кезеңі, қоғамдық қызметке араласуы Семей қаласымен тығыз байланысты.
Семей – Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыларымыз елдің болашағы үшін күрескен қастерлі өңір, ұлт­тық ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениет­тің тарихи орталығы.
«Ертіс – үлкен өзен. Өре басы Қытайдан келеді. Екі қабағы ызғындай ел. Ызғындай елдің ортасындағы өнер-білімнің, сауда-кәсіптің, отарба, от-кеменің тоғысатын кіндігі, қара шаңырағы – Семей. Семей – бір губерния елдің миы. Ақыл-ойдың табысы – Семейде. Семей – бір губерния елдің жүрегі. Семей бүлкілдесе, бір губерния ел бүлкілдейді. Ертістің оң қабағында – Семей, солында – Алаш қаласы…». Бұл – Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың Семей қаласының өткен ғасырдың басындағы әлеумет­тік-экономикалық және мәдени маңызын дөп басқан сипат­тамасы.
Хан базары қайнаған осынау өлкеге Арқаның әр тарапынан арман қуған Алаштың азамат­тары жиналғаны, өнер-білім іздеп шарқ ұрғаны белгілі. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғында Смағұл Сәдуақасов сол тұстағы қаламгерлерге бірнеше сұрақ беріп (анкета түрінде) олардың өмірі, еңбектері туралы мағлұмат­тар жинауды мақсат етіпті. Мұхтар Әуезовтің архивінде сақталып қалған сол анкеталық сұрақтың біріне Ж.Аймауытов: «1914 жылы Семейдің учительский семинариясына барып түсіп, 1919 жылы мұны бітірдім», – деп жауап берген.
Қай-қай түлегі де бек қасиет­теп, зор мақтаныш тұтатын, биылғы жылы құрылғанына 120 жыл толып отырған Алаштың тұңғыш білім ордасының тарихы халқымыздың әр жылдары білім алып, қайсыбірі кейіннен осында оқытушылық қызмет атқарған ерлі-зайып­ты Нұрғали және Нәзипа Құлжановтар, қайраткер перзент­тері Құрманбай Мұздыбаев, Әбікей Сәтбаев, Әбіш Хасенов, Биахмет Сәрсенов, Ахметолла Барлыбаев, Имам-ағзам Әлімбеков, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Сейітбат­тал Мұстафин, Әлімхан Ермеков, Халел Ғаббасов, Тайыр Жомартбаев, Ғалиақпар Төребаев, Мәннан Тұрғанбаев, Ахат Шәкәрімұлы, Шырақбек Қабылбаев, Шәкен Айманов, Әзілхан Нұршайықов, т.б. есімдері арқылы әр қазаққа ардақты бола түспек. Бүтіндей бір елдің қаншама буын ұрпағын тәрбие­леп шығарған киелі қара шаңырақтың ел тарихындағы алатын орны ерекше.
Биыл туғанына 135 жыл толып отырған қазақ әдебиетінің классигі, Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытов­тың жастық шағы – осы оқу орны тарихының жарқын бет­терінен саналады.
Шәкірт Жүсіпбек Аймауытов әдеби-творчестволық еңбекпен шындап айналысуды осы семинария қабырғасында бастаған, болашақ суреткерлік биік тұғырдың алғашқы ізі, қадам жолы осы Семейде салынған. Жас Жүсіпбектің елдің әлеумет­тік өмірінің түйінді мәселерін шешуге өзінің күш-қуатымен де, қалам-қайратымен де жалындап үлес қосатын шағы – осы кез.
Жүсіпбектің әлеумет­тік һәм азамат­тық рухани болмысының әбден толысып, талант­ты жанның сан-салалы шығармашылық дамуы мен шарықтау тұсы да осы кез – өмірінің Семей кезеңі.
Өткен ғасырдың басындағы еліміздегі бірегей, үздік білім ұясы, өзіндік дәстүрі қалыптасқан салиқалы білім ошағы туралы белгілі жазушы Медеу Сәрсеке: «Мұғалімдер семинариясы Семейдің теріскей тұсында, қаланың даламен шектелетін қиыр шетінде орналасқан. Көшесі де сол себепті «Степная» аталған. Семинария үйі сол күннің өзінде қаладағы ең еңселі, іші-сырты ою-өрнектермен безендірілген, тіпті қақпа, шатыр жиектеріне дейін неше түрлі нақыштармен көркемделген екі қабат­ты тас ғимарат­тардың бірі еді. Тү-у баста – 1902 жылы іргесі алғаш қалана бастағанда ол «діни семинарияның оқу корпусы болады» деп жобаланған-ды. Бірақ генерал-губернатор кеңсесі әлдеқандай себеппен оны сол қарсаңда ашылған
(1903 ж.) мұғалімдер семинариясына береді», – деп баяндайды. Семинарияның білім берудегі деңгейі, ұстаздардың үлгі-өнегесі турасында оқу орнының қазақ педагогикалық техникумы тұсындағы түлегі, ғалым Әлкей Марғұлан: «Бұл семинария қыр округіндегі оқу орындарының бір тәуірі болатын. Кейін революцияға қатынасқан қазақ жастарының көбі осы семинариядан оқып шықты (Бұл пікір 1969 жылы Кеңес Одағы кезінде жарияланғандықтан автордың «революцияға қатынасқан қазақ жастары» дегенін біз «Алаш партиясының жас қайраткерлері – алаштық жас семинаристер» деп қабылдаймыз. Ш.Ж.). Семинарияда қазақ жастарына білім беруді шын жүрегімен мақсат еткен бірнеше прогрессшіл, саңлақ оқытушы: ағайынды А.Н.,В.Н.Белослюдовтар, Н.Я.Коншин, Н.П.Ильминский, В.И.Попов, Н.А.Сулима-Грудзинский, С.Г.Сироткин, К.Н.Моргайлик, т.б. болды. Оқушы жастарға олар әдебиет­тен, тарихтан, географиядан осы күнгі пединститут­тар көлемінде білім беріп, олардың ой-санасын аса байытып шығаратын», – дей келе оқытушылардың Томскіден, Омбыдан, Қазан университетінен, Москва, Ленинградтан келгенін, шетінен оқымысты ұстаздар болғанын еске алады.
Ж.Аймауытовтың 1928 жылғы қаңтарда Смағұл Сәдуақасовтың берген сұрақтарына «1914 жылы Семейдің учительский семинариясына барып түсіп, 1919 жылы мұны бітірдім» деген жауабы – қаламгердің Семейге келген жылы мен семинарияда оқыған уақытын нақтылайтын мәлімет.
Қолымыздағы архив деректеріне сүйенсек, Ж.Аймауытов 1914-1915 жылдары Семей мұғалімдер семинариясының дайындық класына қабылданған, ары қарай төрт жыл негізгі класында оқыған, 1914 жылдың 1 шілдесінен шәкіртақы – Земство стипендиясын алған. Кластағы 26 оқушының (орыс) ішінде екі қазақ – Жүсіпбек Аймауытов пен Қаныш Сәтбаев.
Ж.Аймауытовтың Семей семинариясындағы оқыған жылдарына қатысты ҚР Орталық мемлекет­тік архивтен тапқан құжат­тарымыз – табельдері, ведомостьтары, тәлімгердің тоқсандық есептері. (ҚР ОМА 503 қор, 1-тізбе, 21,22 -іс.)
1. Дайындық класында оқыған 1914-1915 жж. табелі, № 2, 34 бет;
2. 1 класс. 1915-1916 жж. №2, 70 бет;
3. 2 класс. 1916-1917 жж. №2, 107 бет;
4. 3 класс. 1917-1918 жж. №2, 149 бет;
5. 4 класс. 1918-1919 жж. №2, 176 бет.
Архив құжат­тары – Семей мұғалімдер семинариясы директорының 1916 жылғы 3 қаңтардағы №5 (ҚР ОМА 15-қор, 1-тізбе, 490-іс.), 1916 жылғы 4 маусымдағы №628 (ҚР ОМА 15-қор, 1-тізбе, 490-іс.) Семей облыстық басқармасына жазған хат­тары семинарист Аймауытовтың Земство стипендиясын алып оқығанын растайды. «Қыс оқысам, жаз елге шығып, бала оқытып, қаражат жинадым», – деп қаламгердің өзі еске алғанындай, жаздың күндері ел ішінде бала оқытып, мұғалім де болған. «Қазақ» газетінде «Семей семинариясында жүрген Жүсіпбек Аймауыт баласы 15 ауғысқа шейін қазақ ауылында қымыз ішіп, орысша балаларын оқытпақшы. Керек қылған кісілер тез мынау адреспен хабарлассын: Семей қаласы, мұғалімдер семинариясы, Аймауытовқа» деген шағын хабарлама берілген.
Семинарияның педагогикалық кеңесінің 1917 жылғы 3 наурыздағы №6 хат­тамасында семинаристерді сәуір айында көктемгі дала жұмысына көмектесу үшін үйлеріне босату мәселесі қаралған. Хат­тамаға 2-класс оқушысы Ж.Аймауытовтың өтініші тіркелген. Өтініште отбасында сегіз адам бары, әке-шешесінің жасы 80-де, екеуі де кәрі, бір ағасының денсаулығының нашарлығын, бір ағасының ғана көктемгі егіс жұмысына жарамдығын жазған. Сол себепті семинария әкімшілігінен отбасына қолғабысын тигізу үшін оқудан босатуын өтінген.
Жүсіпбек Аймауытовтың Семей семинариясында оқыған жылдарына байланысты архивтегі тағы бір құжат – Семей губернаторының 1915 жылы 17 наурыздағы Семей мұғалімдер семинариясы директорының атына жазған хаты (ҚР ОМА 503-қор, 1-тізбе, 26-іс, 10 қайырма парағымен). Хат­та Н.Құлжанованың ұйымдастырған кешінен түскен қаражат­тың жартысы Петербордағы мұсылмандарға ашқан соғыс ауруханасына аударылғаны, жартысы шет жерде оқитын 12 қазақ студентіне берілгені, оның ішінде 10 сом Ж.Аймауытовқа тиесілі екені жазылған.
Педагогикалық кеңестің 1917 жылы 22 наурыздағы №8 хат­тамасында семинария оқушысы Аймауытовтың 2-кластан 3-класқа көшірілгені туралы мәлімет­ті кез­дестіреміз. Бұл құжат­та Жүсіпбек Аймауытовтың оқу үлгерімі, босатқан сағат саны туралы есеп берілген, тұратын пәтері сипат­талған. Семинария оқушыларының білім сапасы балмен есептелген. Оқушы Жүсіпбектің сабақ үлгерімі жоғары балды құрайды – 3.8 балл. Тәлімгердің 1915-1916 оқу жылының 3-тоқсанындағы есебінде оқушы Жүсіпбектің тұрып жатқан пәтерінің сыз, өте қолайсыз екенін, семинария директорының рұқсатымен бірден жаңа пәтерге ауыстырылғанын жазған.
«Абай облысының мемлекет­тік архиві» КММ-де Жүсіпбектің Семей мұғалімдер семинариясын бітіргені жөніндегі куәлік көшірмесі сақталған. Куәлік 1919 жылы 5 маусымда толтырылған, «Бастауыш училищелердің мұғалімі» атағы берілгені семинарияның сол жылдардағы директоры К.Моргайликтің қолымен, мөрмен расталған. Тағы бір құжат – семинария директоры К.Моргайлик 1919 жылғы 2 июльде Семей облыстық Земство Басқармасының Халық ағарту бөліміне жазған №444 хатына 1918-1919 жж. семинарияны бітіріп отырған Земство стипендиаты Жүсіпбек Аймауытовтың №375/268 куәлігін қоса тіркеген (415-қор. 1-т. 1-іс. 98-99 б.). Бұл құжат­тар Жүсіпбек Аймауытовтың Семей мұғалімдер семинариясында оқыған жылдарын анық айқындайды.
Ж.Аймауытовтың туған жылына байланысты әртүрлі деректер келтіріледі, қаламгердің Семей семинариясында оқыған жылдарына қатысты архив құжат­тары – табель, ведомость, тәлімгердің есептерінде туған жылы – 1892 жыл 30 қараша деп көрсетілген.
Қазақтың талант­ты жастары оқыған Семей мұғалімдер семинариясының қазақ тілі пәнінің оқытушысы Нұрғали Құлжанов пен жары, қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш журналист, аудармашы, қайраткер Нәзипа Құлжанова сол тұстағы қазақ халқының мәдени өмірінде елеулі орын алған алғашқы ойын-сауықтарды ұйымдастырып, қазақ топырағындағы сахналық өнердің көшін бастады. Шәкірт­терін өнерге баулыған қос ағартушы, ерлі-зайыпты зиялылар Нұрғали-Нәзипа Құлжановтар ұйымдастырған сондай мәдени шараның бірі – 1915 жылдың 13 ақпанында Абайдың туғанына 60 жыл толуына арналып Семейдің приказчиктер клубында өткен мәдени-этнографиялық қайырымдылық кеші. Кешке талапты да талант­ты қазақ жастарымен бірге семинария шәкірті Жүсіпбек Аймауытов пен Қаныш Сәтбаев та белсене қатысады. Сол уақыт­тың «Айқап» (1915 ж, №5), «Қазақ» (1915 ж, №110), «Семипалатинский телеграф» (1915 г. №24), «Сибирская жизнь» (1915 г. №52) сынды белгілі басылымдарында ол кеш туралы мақалалар жарияланған.
Осы кеште Жүсіпбек Аймауытов Ы.Алтынсариннің «Балғожа бидің баласына хаты» өлеңін, «Жай сөздерді» (надандық жайларынан) оқып, мандолина, балалайка аспаптарында ойнап, домбыраның сүйемелдеуімен халық әні «Ғалияны» орындаған.
Сауықтың бірінші бөлімі – «Біржан мен Сара айтысы». Айтысты сахналық жүйеге түсіріп, қойған режиссер – семинарист Ж.Аймауытов. Осы спектакльде Біржанның рөлін орындаған әнші, домбырашы, бесаспап өнер иесі де семинария оқушысы Жүсіпбек Аймауытов еді.
1915 жылғы «Қазақ» газетінің 28 наурыздағы №114 санына «М.М.» (Мұстақым Малдыбаев) – деген бүркеншік атпен жарияланған көлемді мақаласында автор: «13 февральда Семейдегі саудагерлер клубында қазақтың жас талапкерлерінің ыждаһатымен мұсылман атынан жаралыларға деп ашылған науқасхананың һәм қазақ мұқтаж оқушыларының пайдасына болған қазақша әдебиет кешінде болғандарды жазбақшымын, – дей келіп: – Жұртшылықтың «біз әдебиет кешінің мұндай қызықты болып шыққанын білмейміз десті…», – деп жазған еді. Бұл қойылымды қаз-қалпында қағазға түсірген Мұстақым Малдыбаев «Қазақша бастапқы ойын» деген мақаласында: «…Сценаның төріне қазақ салтынша масаты кілемдер төселіп, оюлы отаушатыр құрылған. Залдың бір жағынан қолында үкілі домбырасы, торғын шапанды, ақ камзолды, орта бойлы, дөңгелек кішкене қара сақалды, кәмшат бөріктің шоқпардай үкісін бұлғақтатып айғай сала ән шырқап Біржан сал шыға келді. Біржан болған – семинарияда оқитын шәкірт Жүсіпбек мырза Аймауытов Біржанның өлеңін өзіндей болып-ақ айт­ты», – деп осы спектакльде Біржанның рөлін орындаған Ж.Аймауытовтың әншілігі, домбыраны еркін тартатынымен қоса, актерлік қабілетінің де зор екеніне жоғары баға берген. Қойылымнан кейінгі концерт бағдарламасына, әншілерге тоқтала келіп автордың: «Әсіресе Жүсіпбектің «Ғалия» деген әнге салғанына жұрт қат­ты сүйсінді», – деп жазғаны да бар. Семейде ерлі-зайыпты Нұрғали-Нәзипа Құлжановтардың жетекшілік етуімен семинарист Жүсіпбек Аймауытовтың соны бастамасымен өткен қазақша бастапқы ойын Семейдегі театр өнерінің тууына ұйытқы болды.
1915 жылы еуропалық үлгіде қойыл­ған «Біржан-Сара» спектаклімен қазақ сахарасында алғашқы сахналық театр өнері өмірге қадам басты. Театртанушы ғалым Бағыбек Құндақбаев «Біржан-Сара» спектаклінде Сара рөлін ойнаған Тұрар Қозыбағаровамен кез­десуіндегі естелігін былайша баяндайды: «…Семинарияда оқитын қазақ жастарының мәдениет­тілігін, білімділігін, ынтымағын баса айт­ты. «Қаладағы ойын-сауықтың ұйытқысы да – солар. Нәзипа мен Нұрғали Құлжановтар соларға тапсырма беріп, нені қоюды айтып отырады. Ол ойынды дайындау жұмысына Жүсіпбек пен Мұхтар жүретін. Сахнаны көркемдеп, қалай ойнайтынымызды, қалай өлең айтатынымызды, кімнің қай жерден кіріп, қайдан шығуын Жүсіпбек ерінбей айтып түсіндіретін еді. Ал кімді шақырып, нені кімге орындату, сахнаны безендіру жағында Мұхтар жүретін».
Бағыбек Құндақбаев 2008 жылы «Әдебиет айдыны» газетінде басылған мақаласында: «…Қазақ топырағындағы тұңғыш спектакль 1915 жылы 13 ақпанда Семейде қойылды. Сахнаға қоятын пьеса болмағандықтан мұғалімдер семинариясының студенті Ж.Аймауытов әйгілі «Біржан-Сара» айтысының Қазанда басылған нұсқасын сахнаға бейімдеген (инсценировкалаған) ұлт­тық тақырыпта көркемдік талапқа толық жауап берген тұңғыш спектакльдің қойылуы – ерекше мәдени рухани құбылыс. Бұл – ұлт­тық сахна өнерінің туған күні», – деп ресми пікірін білдірді. Б.Құндақбаев Ж.Аймауытовтың алғашқы пьесалары Семейде қойылғанын айта келіп, М.Әуезовтің: «Театрды қызықтап, өзімізше оқып-үйреніп жүрген шағымызда бәріміздің табынып, ұстаз тұтқанымыз – Жүсіпбек болатын және төрт-бес жас үлкендігіне қарай өнерге бәрімізден бұрын араласты. Сөзге шешен, орысшаға да жүйрік, көп оқып, көп білетін. Оның үстіне домбыра, мандолинаны шебер тартып, әдемі әншілігімен де оқшау, пьеса қоюда режиссураны әдемі меңгерген шебер», – деп еске алғанын жазады.
Семейдегі татар труппасының ұзақ уақыт жетекшісі болған Хакимов Әміржан сол жылдарды еске алады: « …Олар бір жарасымды, көрсең көз тоймайтын келісті де талант­ты қазақтың от­тай жайнаған жастары еді. Солардың ішінде, әсіресе Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, бұлардан кейінірек қосылған Жұмат Шанин қазақ өнерінің жарық жұлдыздары болды».
Жүсіпбек Аймауытовтың режиссерлік һәм драматургтық қабілет-талантының қалыптасуы Семей семинариясындағы шәкірт­тік кезеңінен бастау алатынын атап айтамыз.
Ж.Аймауытовтың өмірі елдікке, теңдікке ұмтылған рухани буырқаныстар заманында өт­ті. 1917 жылғы февраль буржуа­зиялық ревалюциясын Жүсіпбек те өз замандастары қатарлы шын мәніндегі «бостандық төңкерісі» деп қабылдады. Патшаның тақтан құлауына қуана отырып «Тұр, бұқара! Жиыл, кедей! Ұмтыл, жастар!» деген мақаласын жариялады («Сарыарқа» газеті, 1917 жыл, 19 маусым). Ол бұл мақаласында қазақ жастарына: ­­
«…Жасыратын қылық жоқ, бостандық, теңдік күштіге, жемқорға келген теңдік емес, бұл өзі – қара бұқараға, кедейге келген теңдік, қолы жете алмай жүргендерге берілген бостандық», – деп түсінік беріп, алдағы күндерде бостандық, теңдікті пайдалану, бұл салада қандай жұмыстар істелу керегін баяндайды.
Жалынды жас Семей мұғалімдер семинариясында оқыған кезінен қазақтың ұлтшыл зиялылары, ұлт-азат­тық қозғалыстың саяси көсемдері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсыновтармен идеялас болады. 1917-1919 жылдары «Алаш» партиясының құрамында болды, Семей облыстық қазақ комитетіне мүшелікке кандидат болып қабылданады. Семей облыстық қазақ сьездеріне қатысады. 1917 жылы ақпан төңкерісінен кейін Семейде құрылған «Жанар» ат­ты мәдени-ағарту қоғамының мүшесі болды.
«Сарыарқа» газетінің 1917 жылғы 30 қазаны мен 13 қараша күнгі сандарында ақын С.Торайғыровтың «Әлиханның Семейге келуі» ат­ты репортаж жазбасы жарияланған. Алаш қозғалысының көсемі Ә.Бөкейханов 1917 жылдың қазан айының 21-і күні Омбыдан Семейге келгенде қарсы алған жұртшылықтың алдында жастардың атынан семинарист Жүсіпбек Аймауытов: «Қараңғыдан қан жылап қаңғырған күнде басын да Алаш жолына құрбан қылған ағамыз, асқар тауымыз! Сізді көргендегі жүректің қуанышын тіл айтып жеткізерлік емес. Өмірің, жүрген жолың – біз сияқты інілеріңе жағып қойған шамшырақ! Жасасын, сүйіктісі Алаштың! Жаса, сабазым!» – деп жүрекжарды тілектестігін білдірген.
Семей мұғалімдер семинариясының шәкірт­тері І Алаш ат­ты әскер полкі құрамына кірген. Алғашқы шағын топты қазақ жасағын құрғандар сол кез­де Семей қаласында оқып жүрген семинария оқушылары, әртүрлі орындарда қызмет етіп жүрген жастар болған. Ол жөнінде «Қазақ» газетінің №262-санында (1918 ж.) жарияланған «Алаш құрбандары» деген мақалада кеңінен жазылған. Солардың қатарында Ж.Аймауытов. Қ.Нұрмұхамедов, т.б. болды. 1918 жылы Алаш жасағын әскери жат­тығуға дайындап жүрген семинарияның 2-класында (дайындық класынан түскен) оқып жүрген Қ.Нұрмұхамедов қызыл әскерлер қолынан оққа ұшады. Сәл шегініс жасасақ, Семей мұғалімдер семинариясында Қазы Мұхтар Әуезовпен, Ахметбек Сейсембаевпен – бір класта, Жүсіпбек пен Қаныштан бір класс төмен оқыған. Қазының 1917-1918 жылғы ведомостындағы 2-тоқсанның қорытындысы жазылатын бөлікте «убить» деген жазу жазылған. Қ.Нұрмұхамедовтың жаназасында семинарияда оқыған жолдасы Ж.Аймауытов еңіреп тұрып: «Жан бауырым, жолдасым! Қош бол, жасаған алдыңды – өзіңе, артыңды бізге қайырлы қылсын! Талаптандың, талпындың, оқып, қатарға кірдің. Бұл күнде мынадай мезгілсіз қазаға душар болдың, өкінбе. Ұлтың үшін туып едің, ұлтың үшін өлдің… Қош, бауырым, жолдасым, қош!» – деп қоштасу сөзін айт­қан.
Жүсіпбек Аймауытовтың ұлт­тық ой-санасының кемелденуі, өжет рухы мен дарынын, қажыр-қайратын ел мүддесіне арнап қызмет қылуы, қайраткерлік бітімінің қалыптасуы қаламгер өмірінің Семей кезеңімен тікелей байланысты.
Жүсіпбектің шығармашылықпен әуес­тенуі де Семейде оқып жүрген кезінен басталады. Жас қаламгер өлеңдер, газетке арнап шағын мақалалар, көркемөнер үйірмелеріне бір актілі пьесалар жазумен шұғылданады. Жазушы: «1916 жылғы қазақтан жұмысшы алудың артынан пьеса жаза бастадым. Алғаш жазған бес перделі пьесам (Нұрғали Құлжанов ұнатпаған соң) жарыққа шықпады, оған жалғас «Рабиға», «Жебір болыс» («Мансапқорлар»), «Қанапия-Шәрбану» – 1916-1917 жылы жазған пьесаларым, кейін түзетіп баспаға бердім», – дейді. Бұл – Жүсіпбектің пьеса жазумен семинарияның 2-класында оқып жүрген кезінен шұғылданғанын дәлелдейді. Ол кез­де Жүсіпбек пьесалары қолжазба күйінде тарап, көркемөнер үйірмелерінде қойылған. Пьесаларының бәрі де Семейдегі губерниялық, кейін «Ес-аймақ» деп аталатын труппадан бастау алып, Семей сахнасында қойылған. Сол кез­дегі баспасөз деректеріне жүгінер болсақ, Семей қаласында 1917 жылы 17 желтоқсан күні оқушы жастардың әдебиет кеші болып, онда Жүсіпбектің «Ескі тәртіппен бала оқыту» ат­ты бір перделі комедиясы мен «Рабиға» ат­ты бір перделі драмасы қойылған. Осы екі пьеса қойылымында атақты әнші Әміре Қашаубаев ойнап, жұртшылық қошеметіне бөленіпті. Жүсіпбектің пьеса жазуына семинарияда оқып жүрген уақыты – 1915 жылы «Біржан-Сара» қойылымының сахнада ойналып, көрсетілуі, Біржан салдың рөлін сомдауы игі әсер еткені, үлгі-өнеге бергені сөзсіз.

Аймауытовтың сая­си-қоғамдық қызметке белсене араласуы осы Семейде басталды.
Жүсіпбектің «Абай» журналын шығарып, «Сарыарқа» газетінде қызмет­те болуы, «Алаш» газетінде де мақалаларының жариялануы семинариядағы оқыған жылдарымен тұстас келеді. «Сарыарқа» газеті 1917-1919 жж. Семей қаласында шығып тұрған. Газет­те жарық көрген жазбалары туралы қаламгер: «Ең алғаш баспа жүзіне шыққан сөздерім – 1917 жылғы «Сарыарқада». Бірінші нөміріндегі «Сарыарқаның сәлемі» деген өлең, екінші нөміріндегі «Тұр, бұқара! Жиыл, кедей! Ұмтыл, жастар!» деген кедейшіл бет­тегі мақала сияқтылар», – дейді. Семинарист Жүсіпбектің «Сарыарқа» газетінің 1917 жылғы 25 маусымдағы №3 санында – «Партия», «Мемлекет құрылысы», №15 санында «Азық-түлік жайы» мақалалары мен 20 желтоқсандағы №26 санында «Ескі тәртіппен бала оқыту», «Рабиға» ат­ты пьесалары жарияланған.
«Алаш» газетінің 1917 жылғы 8 ақпандағы №10 санында – «Жазушыларға», 16-ақпандағы №11 санында – «Не қып жатыр?», 24 ақпандағы №12 санында – «Отағасы», 30 нау­рыздағы №16 санында «Ах-ха-ха-хау» (мысқыл) мен «Қазақтың өзгеше мінездері» мақалалары басылған. Мақала соңында: «Семей семинариясында оқитын: Аймауытов һәм Әуезов», – деп қол қойылған. №19 санында «Ұршық» өлеңі жарияланған.
Семинария шәкірті Жүсіпбек Аймауытовтың қаламы ысылып, адымын ашқан басылым – «Абай» журналы. Журналдың алғашқы саны 1918 жылдың 4 ақпанында жарық көрген. Жауапты шығарушы – бас редактор, Семей мұғалімдер семинариясы 3-класының оқушысы Жүсіпбек Аймауытов, ал оның орынбасары әрі журналдың ғылыми бөлімін басқарған – семинарияның 2-класс оқушысы М.Әуезов. Ай сайын 2 рет шығып тұрған журналдың 12 саны жарық көрген. Ж.Аймауытов: «Семей семинариясында оқып жүргеннің өзінде әдебиетпен, жазумен айналыстым. 1918 жылдан бастап «Абай» журналына редакторлық жасадым», – дейді. Ж.Аймауытов пен М.Әуезовтің «Абай» журналында бірнеше мақаланы бірлесіп жазып, «Екеу» деген бүркеншік атпен жариялайтын тұстары да – осы уақыт. Журналдың №2, №4 сандарында жарияланған «Абайдың өнері һәм қызметі», «Абайдан соңғы ақындар» ат­ты мақалалар – Жүсіпбек Аймауытовтың Абай тақырыбында жазған алғашқы еңбегі. Демек, Ж.Аймауытовтың Абай шығармашылығын зерт­теу бағытындағы алғашқы талпынысы Семей мұғалімдер семинариясында оқып жүрген кезеңінде басталған.
«Абай» журналы – Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылық қадамын, көзқарас-танымын қалыптастыруына үлкен тағылым мектебі болғанын оның журнал бетінде жарияланған мақалаларынан байқауымызға болады. Журналдың әр санында жазушының 1-2 мақаласы үзбей жарияланып тұрған. Семинарист Жүсіпбек Аймауытов сол кезеңнің көкейкесті ірі қоғамдық-әлеумет­тік мәселелерін сөз етеді, ұлтының мұң-мүддесін толғайды.
Жазушы С.Мұқанов «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» ат­ты (1932 ж.) зерт­теу еңбегінде Жүсіпбек Аймауытовтың «Абай» журналында басылған шығармалары туралы төмендегідей пікір білдіреді: «Біздің білетін мәліметіміз бойынша, Жүсіпбек «Абай» журналынан бастап қана жазушылық атын алуға тиіс. Семейдегі алашорда жастары шығарған «Абай» журналында Жүсіпбек Аймауытұлы мен Мұхтар қатар шықты. Сая­си мақалалар жазумен қатар, «Абайда» жазушылық, ақындық бетін ашты. Сонымен қатар «Абай» журналының жауапты құрастырушысы болды.
«Абайдың» бірінші санында Жүсіпбек «Ұран» деген өлең жазды. Осы өлең алашорданың «Интернационалы» болды. Алаш әскері осы өлеңнің әр шумағының аяғына «Ұраным, қорғаным, сен, Алаш» дегенді қосып айт­ты. Мектептерде осы өлеңді ұран сияқты қып айтып жүрді. «Абайда» Жүсіпбектің пролетариат үстемдігіне қарсы шыққан сөздері толып жатыр. Жүсіпбектің төңкеріс дұшпаны екені осыдан да айқын көрінеді. Жүсіпбек Кеңес өкіметіне де­йін нағыз алашордашыл, нағыз пролетариатқа қарсы, нағыз дұшпан жазушы болды. Пролетариатқа дұшпандық ретінде Жүсіпбектен басым болған жазушы болған жоқ. Мағжандардан да Жүсіпбек асып түсіп отырды».
Жүсіпбектің «Абай» журналының 1918 жылғы 4 ақпандағы №1 санында «Журнал туралы», «Тәрбие», «Байлық, кедейлік» мақалалары мен «Құсбегі», «Шажамай», «Кенжем ат­ты» ат­ты шағын әңгімелері мен «Ұран» өлеңі – нау­рыз айындағы №3, мамыр айындағы №5 санындағы – «Әдебиет», 8 көкектегі №4 санында – «Бетім-ау, құдағи ғой!» әңгімесі, 19 маусымдағы №6 санында – «Қазіргі сая­си хал» мақаласы мен «Әскер марсельезасы» ат­ты өлеңі, 1 тамыздағы №8 санында – «Қазір екі нәрсе керек», 25 қыркүйектегі №10 санында – «Уақ қарыз серіктігі», 2 қазандағы №11 санында «Ұлт­ты сүю» ат­ты мақалалары басылды. Журналдың №12 санында «Көшу» ат­ты өлеңі жарияланды.
«Алаш» партиясы таратылғаннан ке­йін Ж.Аймауытов кеңес дәуірінде қоғамдық-сая­си, әдеби-творчестволық және педагогикалық қызметін жалғастырады, жаңа өкімет­тің сая­си-әлеумет­тік өміріне белсене араласады. Жазушы бұл жылдардағы өмірі туралы: «19 жылы семинарияны бітірдім. Колчак өкіметі құлағаннан ке­йін Семейдегі төңкерісшіл губерниялық комитет­тің басшылық бөлімінің меңгерушісі болдым әрі «Кедей таңы» ат­ты жаңа газет­тің редакторы болып белгілендім», – деп жазады.
Жүсіпбек Аймауытовтың Кеңес өкіметі жұмысына қай уақыт­тан кіріскенін «Список на жалования служащих в инородческом подотдела Обревкома» деген архивтік құжат­та «с какого времени на службе» деген сұраққа: «1919 жылдың 24 желтоқсаны», – деп жауап бергенінен айқындауға болар. 1919 жылдың 28 қаңтарда РКП(б) қатарына өтуге өтініш берген (ф.2.оп.1.д.6). Партия қатарына 1920 жылы қабылданып, 1922 жылы РКП(б) қатарынан шығып қалады. «Шымкент қаласы Түркістан облыстық мемлекет­тік архивіндегі» «Сырдария губерниялық Халық Ағарту бөлімі» құжат­тарынан деректер келтірсек: «Жауапты тұлғалардың жеке парақтары. Сырдария Қазақ педагогикалық техникумы курсант­тарының тізімі, техникум­ға қабылдау туралы өтініштер» деп аталатын қордағы Ж.Аймауытов өз қолымен толтырған жеке парағында «бұрын қандай партияларда болған (қай уақыт­тан бастап)» деген сұраққа: «1920 жылдан 1922 жылға де­йін Компартия қатарында болып, механикалық түрде шығарылдым», – деп жауап жазған. Бұны қаламгердің «1920-1922 жылдары РКП(б) мүшесі болдым, өзгедей партияға енгенім жоқ» деген 1929 жылғы 16 мамырдағы тергеуде берген жауабы да нақтылай түседі.
Жүсіпбек Аймауытовтың 1920 жылдары Семей губревкомында жұмыс істегені туралы мәлімет­тер «Абай облыстық мемлекет­тік архиві» КММ қорында көп кез­деседі: «Протокол №73. Заседания Губревкома от 3 апреля 1920 года.», «Протокол №126. Заседания Губревкома 31 июля 1920 года.», «Протокол №127 заседания Семипалатинского Губревкома 2 августа 1920 г.», «Протокол №128 совместного заседания Губревкома и Губбюро 4 августа 1920 года.», «Протокол №129. Заседания Губревкома 6 августа 1920 года.», «Протокол №130. Заседания Губревкома 8 августа 1920 года.», «Протокол №131 заседания Семипалатинского Губревкома совместно с Губбюро 14 августа 1920 года.», «Протокол №133. Заседания Губревкома 25 августа 1920 года.», «Протокол №134. Заседания Семипалатинского Губревкома 6 сентября 1920 г.», «Протокол №137. Заседания Губревкома от 16/IX-1920 г.», «Протокол №140. Заседания Губревкома от 5 октября 1920 года.», «Протокол №141. Заседания Губревкома от 2 октября 1920 года.», «Протокол №142. Заседания Губревкома от 15/X-1920 года.».
«Абай облысының мемлекет­тік архиві» КММ қорында сақталған құнды құжат­тың бірі – Жүсіпбек Аймауытовқа Семей Губерниялық Революциялық Комитетінің мүшесі екенін дәлелдейтін 1920 жылдың сәуір айында берілген мандат пен сол жылдың 28 шілдесінде №272 нөмірмен берілген куәлік.
1920 жылғы 21 ақпанда Семей қаласында ұйымдастырылған 9 айлық педагогикалық курс қызметкерлерінің тізімінде Ж.Аймауытов 12 болып тіркелген. «Жасы 28-де, Семей мұғалімдер семинариясын бітірген, 4 жыл еңбек өтілімі бар», – деп көрсетілген.
«Выписка из протокола №135 заседания Губревкома от 10 сентября 1920 г.» деген құжат­та М.Әуезовтің оқуға кетуіне байланысты уақытша қазақ бөлімінің меңгерушілігіне Ж.Аймауытовты тағайындау туралы жазбаны кез­дестіреміз.
Жүсіпбек Аймауытов 1920 жылы 4 қазанда Орынбор қаласында өткен ҚАКСР кеңестерінің Құрылтай съезіне делегат болып қатысады. Қазақ Атқару комитетінің мүшесі, Республиканың Баспа істері жөніндегі мемлекет­тік комитет­тің редколлегия мүшелігіне сайланады. Семей губерниялық сотының қорында Ж.Аймауытовтың 1920 жылдың 20 қазанында Губерниялық қазақ бөлімінің меңгерушісі ретінде Губерниялық халық сотына жолданған «Әйелдер мәселелері жөнінде ұсыныстар» деп өз қолымен орыс тілінде жазған үш бет­тік жазбасы сақталған (266-қор.1-тізбе.).
Жүсіпбек Аймауытов 1921 жылы Халық ағарту комиссариаты комиссарының орынбасарлығына тағайын­далып, Орынборға ауысады. Осы жылы «Еңбек туы» («Егемен Қазақ­стан») газетінің редакторы қызметін де қоса атқарған. Бірақ бұл қызмет­те ұзақ тұрақтамай, Семейге қайтып келген. 1921 жылдың мамырында Семей губерниясының Батыс Сібірден Қазақ АКСР-ға толық қаратылуы себепті Губревком таратылып, Семей губерниялық атқару комитеті құрылғанда Жүсіпбек Семейге қайтып келіп, Губатком мүшесі және Семей губерниялық қазақ оқу бөлімінің меңгерушісі қызметінде болады. 1921 жылғы 12 тамыздағы «Из протокола №1 организационного заседания пленума Губисполкома» деген құжат­тың «О распределении членов Губисполкома по отделам» деген екінші бөлімінде «назначить Завгубнаробразом Аймаутова» деп жазылған. 1921 жылы ноябрь айынан Семей мұғалімдер семинариясының негізінде ашылған Губерниялық Халыққа білім беру институтында қазақ тілінен сабақ бергенін айғақтайтын архив мәлімет­терін кез­дестірдік.
1922 жылы ашаршылыққа душар болған Торғай уезі қазақтарына Семей қаласында сол кез­де қызмет­те болған біраз қазақ зиялылары – Міржақып Дулатов, Әбікей Сәтбаев, Жүсіпбек Аймауытов халықтан азық-түлікке мал жинауды ұйымдастырады. Олар ҚазОАК-тің рұқсатымен Семей губерниясынан аштарға жәрдем үшін екі ай бойы мал жинайды. Жиналған малды Торғай уезінің ашыққан қазақтарына жеткізу Жүсіпбекке тапсырылады. Жол бойы көптеген қиыншылықты жеңе отырып, Торғайға жетіп, халықты аштықтан құтқарғандай болады. Жүсіпбектің, осы іске ат салысқан азамат­тардың еңбегі кезінде баспасөзде кеңінен жарияланып, халық алғысын алады. Бірақ жалақорлардың арызынан Жүсіпбектің үстінен РСФСР Жоғарғы сотының Қазақ бөлімі қылмыстық іс қозғайды. «Торғай соты» деген атпен тарихта қалған бұл сот ісі 1924 жылдың 22 мамыры күні басталып 1926 жылдың жазында Жүсіпбектің ақталуымен бітеді.
1923 жыл – Ж.Аймауытовтың қоғамдық қызмет­тен біржолата қол үзуге бекемделген, таза шығармашылық жұмыспен, оқу ісімен айналысуға бағыт­талған уақыты. Жүсіпбек жауапты қызмет атқара жүріп, жазу жұмысынан бір сәт қол үзбеген. Жазушы, журналист, публицист ретінде түрлі тақырыпта жазғандары «Қазақ тілі» газетінде үздіксіз жарияланып тұрған. Семейде Кеңес өкіметі орнай сала (1919 ж. 4 желтоқсан) шыға бастаған тұңғыш кеңес газеті «Қазақ тілінің» алғашқы редакторларының бірі де – Аймауытов. «Письмо редактора газеты «Қазақ тілі» заведующему отделом управления Семипалатинского губревкома от 5 марта 1920 г.» деген архив құжаты – Әуезов пен Шикібаевтың редакцияда қызмет атқармайтыны туралы хат­тың соңында «редактор Аймауытов» деп қол қойған.
Іскер, жұмысқа қабілет­ті Ж.Аймауытов бұл қызмет­те де зор абыройға ие болғанын «Қазақ тілі» газетінің бес жылдығына арналған «Қазақ тілінің еңбеккерлері» ат­ты көлемді мақалада: «…Жүсіпбекті киіз түндікті қазақ елінің көбі білетін шығар. Жүсіпбек – өзінің өткір қаламымен қазақ тұрмысының нелер түрлі-түрлі сурет­терін түсірген шебер драмашы. Мәннан ағай осы «Қазақ тілін» құрастырып, қаз тұрғызса, содан кем еңбегін сіңірмеген. «Қазақ тілін» жетектеп жүргізіп, ел қатарына қосқан азамат­тарымыздың бірі – Жүсіпбек…», – деген пікір жазылған. («Қазақ тілі» газеті, 1924 ж. 5 желтоқсан).
Жүсіпбек Аймауытовтың «Қазақ тілі» газетінің 1922 жылғы 15 нау­рыздағы санында – «Жаңа батырдың» қалай ойналғаны, 25 қаңтардағы санында – «Театр кітабы туралы», «Тілшілерге», «Төңкеріс жемісі һәм әлеумет қызметкері», «Тәлкөшке шешендері», «Қазақ партиясы туралы», «Мал бас садақасы ма, бас мал садақасы ма?» фельетоны, «Ауылдарда», «Қызыл әскер жайынан», «Қазақ жұмысшылары», «Халықтың досы қай үкімет?», «Мұғалімдер курсы туралы», «Мырзаларға» тыю салынады», «Зорлық қайтсе тыйылады?», «Бияш» (М.Тұрғанбаевпен бірлесіп жазған), «Қалыңмал тоқтала ма?», «Ашаршылықтан құтқару лажы», «Мекемеде қазақ тілін жүргізу», «Ашыққан ел һәм Семей азамат­тары», «Ұғыну керек», «Сөзден – іске», «Атқа мін, азамат!», «Халық ағарту ісі», «Кеңес сайлауы», «Жауап», «Күдіріс» ат­ты шағын әңгімесі, «Сот­тар жайы», «Қылжырбай Кейіс», «Емілені өзгертуге жоба» ат­ты мақалалары жарияланған. Газет­тің 1923 жылғы 29 маусымдағы №52 санында – «Қазақ партиясын жою туралы бір-екі ауыз сөз»,16 шілдедегі №62 санында «Мысыққа – ойын, тышқанға – өлім» әңгімесі, 18 тамызда – «Сауатсыздықты қалай жою?», 13 қарашадағы №108 санында «Қазақ тілін іске асыру қамы» мақалалары жарық көрді. Қаламгердің қоғамдық-сая­си, тұрмыстық-әлеумет­тік, шаруашылық және оқу-білім жайы­нан жазылған мақалалары қоғамдық өмірдегі жаңалықтардан, төңкерістен ке­йінгі сая­си ахуалдың күрт өзгерістерінен мол мағлұмат береді. «Қазақ тілі» газетінде қаламгердің ұзын-ырғасы жүз шамалы дүниесі жарық көрген.
«Абай облысының мемлекет­тік архиві» КММ қорынан Семей семинариясы негізінде құрылған қазақ педагогикалық техникумының 1925-1926 оқу жылындағы жылдық есебінен оқу орнында 35 адамнан құрылған драма үйірмесі жұмыс істейтіні туралы мәлімет кез­дестірдік. 18 бет­тен тұратын есептің мазмұны төмендегідей: «Годовой отчет о состоянии Семипалатинского казахского педагогического техникума за 1926-1927 учебный год». «… 4 декабря была поставлена одноактная пьеса «Сылаң қыз». В 1926-1927 учебном году учащие­ся драматического и хорового кружков приняли непосредственное участие в проведении празников и годовщин, программы проведения которых следущие:
Десятилетие Октябрьской революции пьеса Аймаутова «Қанапия-Шәрбану»;
Годовщина техникума – пьеса Аймаутова «Рабиға», «Ел мектебі»;
23 февраля – в годовщину красный Армии пьеса Аймаутова «Ел қорғаны»;
8 марта – в день женщины пьеса Аймаутова «Мансапқорлар»;
8 марта – день МОПРА пьеса Аймаутова «Октябрь мейрамы» (415– қор. 1-тізбе)», – деп қойылымдар тізімделген. Осы тізімдегі «Октябрь мейрамы» пьесасын қаламгердің шығармалар тізімінен кез­дестіре алмадық.
Жүсіпбек Аймауытов Семейде болған он жылға жуық мерзімде қала өмірінде театр мен драматургияны дамытудағы жетекші тұлға болды.
1920 жылдың күз айында Семей губерниялық ағарту бөлімінің Жаңасемей қаласындағы кітапханасының жанынан тұңғыш ағарту қоғамы құрылады. Бұл жайында осы қоғамның байырғы мүшесі Ғалиақпар Төребаев былай деп еске алады: «Қоғамды «Ес-аймақ» деп атаған еді. «Ес-аймақ» қазақ аймағын социалистік мәдениетке бастап, үлгі-өнеге көрсету, халық арасында мәдени-ағарту жұмысын ұйымдастыру, елге эстетикалық тәрбие беру мақсатын көздеді». Ж.Аймауытов «Ес-аймақ» халық-ағарту қоғамын құруда, ке­йіннен оның Семей губерниялық қазақ драма труппасы аталуына зор үлес қосқан. Ұлт­тық сахна өнерінің қайталанбас тұлғалары Ә.Қашаубаев, И.Байзақов, Ж.Шанин, Қ.Байжанов, Ж.Елебеков, Қ.Жандарбеков, Қ.Байсейітов, Ш.Айманов, Ш.Мусиндер алғашқы сахналық қадамын осы өнер труппасынан бастаған.
«Ес-аймақтың» қала сахнасында қойған ойындары М.Әуезовтің, Ж.Аймауытовтың қолжазба күйіндегі пьесалары. 1921 жылы ақпан айында М.Әуезовтің «Ел ағасы» «Сибирский бурлак» клубының сахнасында қойылған. Сол жылы 14 нау­рызда М.Әуезовтің «Бәйбіше-тоқал» пьесасы сахнаға шығарылыпты. Бұл қойылымдардың барлығында да Жүсіпбектің режиссерлік қолтаңбасы бары анық.
Драма труппасының Семейде 1922 жылы 30 желтоқсанда сахналаған М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы да, 1926 жылы қойған «Қарагөз» пьесасы да көрерменге Жүсіпбектің режиссерлігімен ұсынылған. Бұл жөнінде қазақ мәдениетінің жанашыры Әшірбек Бектасов өзінің белгілі қоғам қайраткері Ілияс Омаровқа қазақ мәдениеті мен әдебиеті турасында 1964 жылы жазған ұзақ хатында Ж.Аймауытовқа арнайы тоқталып: «…Марқұм Аймауытов қойған Мұхтардың «Қарагөзін» дәл сондай етіп, ешкім де қоймас. Ойын біткен соң Шымкент­тен әдейі «Қарагөзді» қоюға келген Жүсіпбекті ол замандағы Луначарский атындағы қазақ театр клубының төріне шығарып қойып, шапалақтаған алақанының дауысы менің осы күнге де­йін құлағымда сияқты болады да тұрады…», – деп толғайды.
Жүсіпбек Аймауытов өмірінің Семей кезеңі дегенде айтылар тағы бір жағдай оның отбасына қатысты. Жүсіпбектің екінші ұлы – Жанақ 1920 жылы 18 ақпанда Семей қаласында дүниеге келген. Жүсіпбек Аймауытовтың бірінші некесінен ұлдары Бектұр мен Жанақ туған, олардың анасы Волкова Вера Александровна туралы дерек жоқтың қасы. Жүсіпбек Аймауытов Семейге 1914 жылы келіп, арасында бірер жыл үзіліспен 1923 жылдың соңын ала Семейден кеткен.
Ж.Аймауытовтың Семейдегі алғашқы шығармашылық, қайраткерлік еңбегін қамтитын «Жүсіпбек Аймауытов өмірінің Семей кезеңі» тақырыбы – аса ауқымды тақырып. Ж.Аймауытовқа қатысты зерт­теу еңбектерінде бұл тақырыптың әлі де тереңдеп қарастырылуы қажетін баса айт­қымыз келеді.
Жүсіпбек Аймауытовтың шәкірт­тік жалынды жастық шағы өткен, бүгінде М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжде қайраткер тұлғаның өмірі мен шығармашылығын насихат­тап ұлықтау мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Колледжде «Тағзым» бағдарламасы негізінде атаулы кабинет­тер жұмыс істейді, әр кабинет­те кіші ғылыми зерт­теу орталықтары құрылған. Осындай атаулы кабинет­тің бірі Жүсіпбек Аймауытовтың атында. Бұл – болашақ мұғалімдердің Ж. Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығын танып-білуде, зерделеуде зор ықпал ететін тәрбие жүйесі.
Мақаламызда Жүсіпбек Аймауытов өмірінің Семей кезеңіне қатысты – Семей мұғалімдер семинариясындағы шәкірт­тік кезеңінің, алғашқы шығармашылық ізденістерінің, оқытушылық еңбегінің, қайраткерлік қызметінің айғағы боларлықтай мұрағат құжат­тарын, ғалымдарымыздың еңбектерін зерделеп, біршама жинақтап беруге тырыстық. Мұндағы мақсатымыз – жазушының оқу орны тарихына қатысты өмір жолын, осы тұста жазылған шығармашылық еңбектерін жүйелеу һәм Семей қаласының Жүсіпбек Аймауытовтың қайраткер ретіндегі ықпалын айқындау. Алаштың айбынды арыстарына айналған озық ойлы сандаған қазақ жасына сапалы білім берген, заманына сай тәлім мен өнеге дарытқан ежелгі оқу орны тарихының Жүсіпбек Аймауытов есімімен байланысын ел жадында қайыра бір жаңғыртуды мақсат тұтқан бұл мақаламызды біз Аймауытовтың тағдырына тағзым, аруағына мінәжат деп білеміз.

Шағангүл ЖАНАЕВА,
ф.ғ.к., «М.Әуезов атындағы
педагогикалық колледжі»
КМҚК директоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір