Семей қаласының тарихи мәртебесі
10.06.2025
190
0

Астана қаласында «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қоры, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Шәкәрім атындағы Семей университетінің ұйымдастыруымен Смағұл Сәдуақасұлының 125 жылдығына арналған «Алаш қаласы – Алаш автономиясының астанасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұмысына еліміздің белгілі тарихшылары, ғалымдары мен қоғам қайраткерлері қатысты.

«Қаhармандар» республикалық қоғамдық қорының президенті, Жобалық кеңсе басшысы, заң ғылымдарының кандидаты Сабыр Қасымов конференция жұмысын ашты. Аталған ғылыми конференция­ның мақсаты – Семей қаласының, Алаш астанасының тарихи-саяси рөлін зерт­теу, ғылыми тұрғыдан талқылау және қоғамға жеткізу. Жыл соңында осындай ғылыми конференцияны Алаштың Батыс бөлімінің орталығы болып саналатын Жымпитыда өткізу жоспары бар екенін, өйткені онда да әлі ашылмаған, зерттеуді қажет ететін мәселелердің көп екені айтылды.
Ғылыми жиын барысында Алаш қозғалысының тарихи мұрасы жан-жақты қарастырылып, бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Атап айтқанда: Алаш қаласының Алаш Орда үкіметінің астанасы ретінде таңдалу себептері; Алаш зиялыларының Семей өңіріндегі қызметі; қазақ пен татар халықтарының рухани байланысы; ұлттық автономия идеясының жүзеге асу жолдары мен оның қазіргі тарихи маңызы кеңінен сөз болды. Сонымен қатар Алаш қайраткерлерінің Кеңестік билікке қарсы жүргізген күресі, ХХ ғасыр басындағы саяси оқиғаларға қазақ зиялыларының ықпалы, Алаш партиясының Қырғыз жеріндегі филиалы, Алаш мұрасын лингвистикалық тұрғыда зерделеу мәселелері де ғылыми тұрғыда талданды.
Семей қаласының ақсақалы, белгілі ғалым, ф.ғ.д., профессор Арап Еспембет «Абай және Алаш» атты тақырыпта баян­дама жасап, Абай мұрасы мен Алаш идея­сының сабақтастығына тоқталды. Мәселен, Алаш зиялылары ұлы Абай Құнанбайұлының шығармаларын толықтай игеріп, оның ой-пікірлерін ары қарай дамытып, жаңғыртқанын атап, Абай ХІХ ғасырдың аяғындағы қазақ қоғамының әлеуметтік, рухани мәселелерін терең ашып көрсетсе, сол кезеңде егілген ойдың дәнін кейінгі Алаш қайраткерлері ары қарай дамытып, жаңа сипат беріп, халықтың мүддесімен ұштастырып, жалғастырғанын жеткізді. Абайдың ұлттың рухани ұстазы ретіндегі рөлі мен идеялары Алаш арыстарының еңбектерінде дамытылып, ұлттың болашағына арналған үлкен мұраттарға қызмет етті.
Танымал алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай «Алаш – Алаш аталғанда» тақырыбында баяндама жасап, өзекті ойларын ортаға салды. Семейдің ұлт­тық тарихтағы орнына тоқталып, Алаш қозғалысының бастау алған жері ретіндегі рөліне ерекше мән берді. Семей – барлық ұлттық идеяның ұйтқысы болған орталық. Дәл осы қалада 1917 жылы Алаш автономиясы ресми түрде жарияланды. Смағұл Сәдуақасұлының Семей обкомының құрылуындағы және 1922 жылы Сібір ревкомының таратылуындағы маңызды рөлін атап өтті. Егер С.Сәдуақасұлы ол кез­де Сібір ревкомын таратпағанда, бүгінде Ақмола облысы, Көкшетау, Павлодар, Қарағанды сияқты қалалар Сібір құрамында қалу мүмкіндігі туралы баяндады. Алаш автономиясы жарияланған үйдің қазіргі жағдайына тоқталып, қазір бұл ғимарат монашкалар тұратын монастырь болып отырғанын қинала айтты.
Конференция барысында Семей қаласына кешенді көзқарас қажеттігі көтеріліп, жаңа «Алаш» шағынауданының құрылысы жоспарланып жатқанын жеткізді. Жалпы, баяндамашының ойын­ша, Семейдің тарихи рөлін ұмытпай, оның мәдени мұрасын сақтау – қазіргі ұрпақтың басты міндеті.
ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов «Қазақ байлары – Алаш Орда үкіметінің негізгі тірегі» атты баяндамасында, байлардың дәстүрлі қазақ қоғамындағы рөлі, олардың Алаш қайраткерлеріне ұйымдастырушылық, әлеуметтік және материалдық көмегі, сондай-ақ Алаш қозғалысына көрсеткен қолдауын деректер негізінде кеңінен баяндалды.
Кеңестік билік кезеңінде байларға қарсы жаппай қуғын-сүргін жүргізіліп, олардың мүліктері тәркіленіп, отбасыларымен бірге жер аударылды. Семей өңіріндегі байлардың тағдыры осы қасіретті кезеңнің айқын көрінісі болып есептеледі.
Сондай-ақ конференцияда ҚР ҰҒА академигі, алаштанушы, ф.ғ.д. Дихан Қамзабекұлы да өз көзқарасын ортаға салды. Ол «Алаш мүддесі және Смағұл Сәдуақас­ұлы» атты тақырыбында баяндама жасап, қайраткер Смағұл Сәдуақасұлының Семей қаласындағы қоғамдық-саяси қызметіне, аласапыран жылдарда қазіргі Қазақстанның солтүстігіндегі бірқатар облыстарды Сібіревком құрамына өтіп кетуден сақтап қалған қазақ зиялыларының жанкешті еңбегіне ерекше тоқталды. Профессор Мұқтарбек Кәрімов «Алаш туы тігілген қала» атты баяндамасында, ұлт мүддесі жолында құрбан болған Қазы Нұрмұхамедұлының есімі Семей қаласында көше атауына берілмей отырғанын айтып, бұл мәселеге қоғам назарын аудару қажеттігін алға тартты. Семей қаласынан арнайы келген ф.ғ.д., алаштанушы Қарлығаш Әубәкірова Алаш кезеңіндегі қазақ пен татар халықтарының мәдени-рухани байланыстарын талдады.
Бішкектен онлайн түрде қатысқан т.ғ.д., профессор Зайниддин Құрманов «Алаш партиясының Қырғыз филиалы мен Орталығының өзара қарым-қатынасы» атты баяндамасын жасап, Қырғыз жеріндегі Алаш партиясы филиалының қызметіне тоқталып, оның идеялық негіздері бүгінгі Қырғыз Республикасының қалыптасуына әсер еткенін атап өтті. Алаш мұрасын лингвистикалық аспектіде зерттеуші, ҚР ҰҒА академигі, белгілі ғалым Шерубай Құрманбайұлы «Абай мен Әлихан: рухани және тіл үндестігі» тақырыбындағы баяндамасында ХХ ғасырдағы қуғын-сүргін тек тұлғаларды ғана емес, қазақтың сөзін де нысанаға алғанын айтып, тіл мен ұлт тағдырының тұтастығына ерекше мән берді.
Конференцияда Абай облысы Мемлекеттік архивінің басшысы Болат Мусин «Семей қаласы мен Абай облысы аудандары архивтеріндегі Алаш партиясына қатысты беймәлім деректер» тақырыбында баяндама жасады. Ол Абай облысы Мемлекеттік архивінің құжаттық қазынасына ерекше мән бере келіп, архив қорларындағы 89 ашық және 10 жабық қор негізінде 372 құжат анықталғанын дәйектеді. Бұл құжаттардың ішінде Алаш Орда үкіметінің қызметі, Семей қаласының «Алаш» атауын иеленуі, Алаш әскери жасағының құрылуы туралы мәліметтер, 18 болыстан шақырылған 430-дан астам азаматтың тізімі бар екен. Автор архив деректерінің Алаш қозғалысы тарихын зерттеудегі маңыздылығын да ашып көрсетті. Архив қорларында Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Х.Ғаббасов, Р.Марсеков, М.Тынышбаев, А.Қозбағаров сияқты Алаш қайраткерлерінің қолтаңбасы қойыл­ған құжаттар сақталған.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к. Қайырбек Кемеңгер «Алаш қаласы – Алашорда автономиясының астанасы: тарихи-географиялық, сая­си-экономикалық себебі» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Ғалым өз баяндамасында Алаш қаласының таңдалуына негіз болған тарихи, географиялық және саяси алғышарттарды нақты деректермен дәлелдей отырып, Семей қаласының Алаш Орда үкіметі үшін неге орталық ретінде таңдалғанын жан-жақты көрсетті. Қалада өзен порты, теміржол торабы, әкімшілік және сауда орындарының болуы, сондай-ақ интеллигенция мен баспасөз ошақтарының шоғырлануы ұлттық автономия құруға қолайлы орта қалыптастырғаны айтылды. Алаштанушы ғалым Дәметкен Сүлейменова «Алаш Орданың Батыс бөлімі мен Орталығының өзара қарым-қатынасы», Семей қаласы, ­М. ­Әуезов­ атындағы педагогикалық колледжінің директоры Шағангүл Жанаева «Алаштану тарихы һәм Алаштың тұңғыш білім ордасы», т.ғ.к., Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты Астана қаласы филиалының директоры Құралай Сәрсембина «Алаш қаласының тарихи маңызы» атты тақырыбында баян­дамалар жасап, мазмұнды ойларын ортаға салды.
«Қаhармандар» республикалық қоғамдық қорының президенті, Жобалық кеңсе басшысы Сабыр Қасымов өз сөзінде: «Әрине, Семейдің «Алаш» қаласының тарихи тағдыры ІІ Жалпықазақ съезімен тығыз байланысты. Бүгінде жалпы мойын­далып келе жатқан тарихи шындық 1917 жылдың желтоқсан айында Орынбор қаласында өткен Екінші Жалпықазақ съезін­де Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген делегаттар қазақ халқының және қазақ жерінде тұрып жатқан өзге де ұлт өкілдерінің ортақ, біртұтас ерік-жігерін білдіре отырып, ұлттық мемлекеттілікті – республикалық басқару үлгісіндегі «Алаш» Автономиясын заңды әрі легитимді түрде қайта жаңғыртқаны болып табылады. Сонымен қатар дәл сол съезде тарихи әділет­тілік орнап, заңды және легитимді түрде Алаш Орда үкіметі сайланды, яғни «Алаш» Автономиясы жаңғырған қазақ мемлекеттілігінің астанасы болып Семей қаласы тағайындалды. Бұл шешім қазақ халқының еркін білдіруінің нәтижесінде және олардың заңды өкілдері арқылы қабылданғандықтан, ең жоғары саяси заңды күшке ие.
Бұл – ерекше тарихи жағдай. Басқаша айтқанда, Қазақстанның XX ғасырдағы алғашқы астанасы ретінде Қазақ автономиясының астанасы – Алаш қаласын атау керек. Бұл шындық мектеп және жоғары оқу орындарының оқулықтарында да көрсетілуі, сонымен қатар Қазақстан тарихының дайындалып жатқан 5 томдығында да көрініс табуы тиіс. Осы идея біздің конференция резолюциясында өз көрінісін табуы қажет», – деген ғылыми тұжырым жасап, Семей қаласының тарихи мәртебесін көтеріп, оны ұлттық деңгейде мойындау қажет екенін нақтылады.
Алаш – бұл біздің рухани қазынамыз, патриотизмнің, Отанға және туған халқымызға қызмет етудің асқақ үлгісі. Бүгінгі таңда Алаш идеясы Қазақстанның мемлекеттік және қоғамдық-саяси өмірінде бағдаршам іспетті болуы тиіс. Архивтік деректер мен жаңа ғылыми зерттеулер негізінде ұсынылған баяндамалар Алаш қозғалысын қазіргі заманның рухани жаңғыру үдерісімен сабақтастыра зерделеуге мүмкіндік берді.
Конференция барысында Семей қаласының тарихи мәртебесін ресми түрде бекіту, Алаш қайраткерлерінің еңбегін мемлекеттік деңгейде толық мойындау және зерттеу – қазіргі таңдағы маңызды міндеттердің бірі екені айрықша мақсат болып саналды.
«Алаш» идеясы – ұлтымыздың рухани діңгегі, тарихи тағдырын айқындаған ұлы мұра.

Н.ШОМАНОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих
және этнология институтының
Астана қаласындағы филиалының қызметкері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір