Қазақтың төл әні және бүгінгі жас буын
13.01.2017
3902
0

Бүгінгі жасөспірім мен бозбала-бойжеткеннің әрқайсысының  құлаққап киіп музыка тыңдап жүретіні белгілі. Олардың қазақтың халық әнін тыңдап жүрмегені тағы рас.  Бұл мәселе жалғыз қазақ халқының басында ғана емес, алыс-жақын жұрттың көбі бетпе-бет келіп отырған үлкен проб­лема. Жас ұрпақта кінә жоқ.

Бұрынғы заманның балалары секілді емес, бүгінгі бала тәрбиенің көбін қоғамдық ортадан, теледидар мен интернеттен алады. Ал телеарналарда жаппай эстрада әндері насихатталады. Әр жиіліктегі әуе толқынынан да көпшілік жеңіл-желпі әндерді тыңдауға дағдыланып кетті. Мектеп қабырғасында да қазақ музыкасының ірі өкілдерін жақсы біліп, олардың шығармаларына терең бойлай алмайды. Өйткені, музыка пәні жай мектептерде 6 сыныпқа дейін ғана оқытылады. Буыны қатпаған бала Г.Потанин «Маған бүкіл қазақ даласы ән са­лып тұрғандай көрінеді», – деп бейнелеген қазақ әнін 12-13 жасқа дейін толық сіңіріп ала алмасы анық. Халық әндері, тұрмыс-салт жырлары, жыраулар жазып қалдырған жыр-термелер, сал-сері атанған дала композиторларының әндері, бертінгі халық композиторлары әндерінің барлығы жеке-жеке тоқталатын, әрқайсысының ірі өкілдері бір-бір тақырып болатын құнды қазына. Мұның бәрін қалай қиюластырса да 6 сыныпқа дейінгі оқу бағдарламасына толық енгізу мүмкін емес. Қазіргі мектеп оқушылары қазақ музыкасының тарихын да, жанрларын да, ерекшеліктерін де білмейді десек, артық айтпаған болар едік. Олар мектеп қабырғасында қазақ музыкасының тек әліппесін оқумен шектеледі. Қазақтың музыка өнеріндегі ірі-ірі өкілдердің бір-екеуінің өмірбаянын естерінде сақтайды. Халық музыкасы мен айтулы қазақ композиторларының әндерін ұдайы тыңдамаған соң жас ұрпақ электронды ақпарат құралдары үздіксіз ұсынатын эстраданы тыңдап өседі. Тіпті қазіргі жасөспірім халық әні, тұрмыс-салт жырлары, халық композиторларының әндері дегенді бір-бірінен ажырата біледі дегенге сену қиын. Ән тыңдап ойлануға, мағынасына қарай ел басына күн туған алмағайып кезеңді тануға, тіпті ән айту арқылы іштегі шерді шығаруға болатынын ұға бермейді. Әсіреқызыл әуенге елітіп үйреніп кетті. Сөзі қазақ тілінде жазылған, әуені әр халықтың әуезінен құралған әндер қазақтың төл музыкасын тасада қалдырып барады.
Бұдан біраз уақыт бұрын жақсылыққа жайылған дастарған басында 30-дың ішіндегі азаматтардың аузынан: «Бұрынғы әндердің сөздері қандай тамаша еді, бір-екі рет айтсақ, жаттап алатынбыз. Қазіргі әндерді қанша тыңдасақ та есте қалуы қиын. Мақпал Жүнісова апайдың суреті бар «Ауыл кеші көңілді» деген көк кітап болушы еді ғой. Сол кітаптың ішіндегі әндерді барлығымыз жиналған сайын айтып шығатынбыз», – дегенді естіп ек. Қазақ музыкасының өзіне тән қасиеті мен бояуын сақтаудың жүйелі жолы осы «Ауыл кеші көңілді» кітабымен бірге үзіліп қалғандай әсер қалдырады. Бүгін қауырт тірліктен бір сәт дамылдап, дастархан басына жиналатын отбасылардың ішінде ән айтатындары сирек. Отбасында қазақы нақышта ән айтылмайды, теледидар мен радиодан дәстүрлі ән берілмейді. Эстрадалық әндер ұлттық әуеннен, ұлттық танымнан тым алшақ кетті. Бесік жырын айтатын ата-ана да некен-саяқ. Қазақ музыкасын жас ұрпаққа насихаттаудың бір орны мектеп десек, оның өзі баланың есі кіре бастағанда музыка пәнін шорт кесіп тоқтатады. Қайтпек керек? Өзге халық қазақты әні арқылы таныса екен деп мақсат етеміз. Алайда, төл ұрпағымыз өз әнімізді толық танымай өсіп келе жатқандай… Бұл тақырыпта оқырманның ой-пікірі қандай екен, өнертанушы мамандар не дейді? Құнды ойлар мен нақты ұсыныстар болса редакцияға жолдауларыңызға болады. Бүгінгі пікірді Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің оқытушысы Ықылас Ожайұлы айтты.

– Әр халықтың әні оның ұлттық ерекшелігін танытып, таным-түсінігінен хабар береді. Қазіргі қазақтың әніне қарап осылай деп айтуға бола ма?

Ықылас ОЖАЙҰЛЫ,
ақын, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің аға
оқытушысы:

– Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынов «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген еді. Бұл ғажайып сөз. Сөздің өзі де үн емес пе?.. Саз бен сөз апалы-сіңлілі адамдар іспетті, екеуін бірінен-бірін бөліп қарауға мүлде болмайды. Ілгеріде Аристотельдің Энтелехия деген ұғымын талдаған едім. Содан түйгенім, бір әріптің өзгеруі бір ұлттың антропологиялық бет-пішінін толығымен өзгертіп жіберуге жеткілікті екен. Демек, ұлттың тілі өзгерсе, оның түрі де өзгеріп кетеді деуге толық негіз бар. Осы орайда мына бір мәселені де айта кету керек. Бізде миссионерлік деген тек дінде ғана болады деген жаман түсінік бар. Ал шындығында миссионерлік дегеніміз – дінде ғана емес, тілде де, үнде де бола береді. Қазір шоқындыру процесі қазақтың тілінде де, үнінде де жүріп жатыр. Толық шоқынып кеттік деуден аулақпан. Бірақ қазақ музыкасы дәл осы шоқынудың аз-ақ алдында тұр. Ілкіде Абай «…Қобыз бен домбыра алып топта сарнап, Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап…», – деген еді. Кешегі ХІХ-ХХ ғасырдың өн бойында осы қобыз аспабы домбырамен қанаттаса, қатар жүрді. Абайдың «Қобыз бен домбыра алып…» деп отырғаны сол. Ал бүгінде қобызбен ән толғайтын адам некен-саяқ, тіпті жоқтың қасы десек те болады. Қобызды аспап ғана деп түсінсек, қатты қателесеміз. Қобызбен қазақтың небір терең танымы мен бозжусан болмысы бірге кетті. Қобыз – қазір ансамбльдік аспаптың біріне ғана айналып, қағаберісте қалды. Домбыра – ешқашан да қобыздың орнын баса алмайды, ол көтерген жүкті әманда көтере алмайды. Қазақтың әр аспабының артында үлкен тарих, зор таным жатыр. Қадыр Мырза-Әлі «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» дейді. Осы сөзде алапат ақиқат жатыр. Домбыра – қазақтың генетикалық коды мен әуездік бейнесі. Домбыра – қазақтың өзі секілді қоңыр, дәл өзі секілді парасатты. Бүгінде біз осы қоңыр дауыстан күн санап алыстап барамыз. Қазақ әнінің өз болмысы мен мінезінен ажырауы осы домбырамен тікелей байланысты деймін. Кейінгі жылдары домбыраның беташарда ғана қолға алынуы жаныңды мұздай қариды екен. Осылай кете берсе домбыра тыңдаған ұрпақтың соңғы өкілі сіз бенен біз болуымыз әбден мүмкін. Одан біздерді құдай сақтасын делік. Осы орайда отарлау жайынан да азғантай сөз шығындап кетейін. Қазақ музыкасы не көрмеді дейсіз. Отарлау саясаты қазақ музыкасының небір қадыр-қасиетін отап кетті. Мысалы, біз мектепте баянның сүйемелдеуімен ән шырқап өстік. Ал баян – орыстың аспабы ғой. Бұл ұрпақты домбырадан ажыратудың жойдасыз жоспары еді. Ұлт қандай болса оның үні мен уілі де сондай болады. Гармон мен балалайка орыстың өзі секілді көңілді, өзі секілді жеңілтек деуге болатындай. Әр ұлттың аспабы сол ұлттың мінезі мен менталитетінен хабар береді. Қазір де мектептерде бұл мәселе өз шешімін таба алмай отыр. Мектеп қабырғасында әдебиет қаншалықты оқытылса, ән мен күй де солай оқытылуы керек деген ойдамын. Ән мен күйге жеңіл-желпі қарауды доғару керек. Қазақ ән өнерінің қадір-қасиетін, Біржан мен Ақанның, Қазанғап пен Құрманғазының музыкалық өресін баланың алпыс екі тамырына әбден сіңіру қажет. Ол үшін музыка пәні мұғалімдерінің сауаты жоғары болуы тиіс. Өзге дүниеге еліктеуге қарсы тұратын бірден-бір иммунитет әзірше осы ғана. Адамның не ішіп, не жегеніне қарай кім екенін танимын деген тәмсіл бар. Тура осы сөзге адамның көргені мен тыңдағанына қарап кім екенін тануға болатынын қосар едім. Яғни адамның көрген дүниесі мен тыңдаған әуеніне қарай танымы қалыптасады. Мысықтың мауыққанындай мынадай: «Алло, бұл кім?…», «Аспанға қараймын, жұлдызды санаймын», – деген секілді «әндермен» біз ұлт ретінде ұзаққа бара алмаймыз. Бұл ұлттың сапасын құлдырататын қауіпті індет. Бұған мемлекет тарапынан тосқауыл керек. Мен қазақтың халық әндерін «дәстүрлі ән» деп атауға келіспеймін, мұны классикалық ән деп айтуымыз керек. Ал классикалық әнді түсіну үшін классикалық сана керек. Италия өзінің ән өнерін әлемдік деңгейге көтере білді. Біз қазір қазақ күресін «Қазақстан барысы» арқылы ептеп әлемге танытып жатырмыз ғой. Қазақ әніне де дәл осындай мемлекеттік жоба керек. Қаржылық көмек болатын болса, қазақ әнін жоғары деңгейге көтеруге әбден болады. Оның композициясы да, тынысы да италия әнінен артық болмаса, бір мысқал да кемдігі жоқ.
Қазақ әнінің бет-бейнесі жайлы дерек Әсеттің «Қысмет» атты өлеңінде тұр. Мен осы «Қысмет» ұғымы нендей мағына беретінін түсіндірме сөздіктен еш таба алмадым. Бұл өлеңде қазақ әнінің бояуы, табиғаты, мінезі толығымен айтылған десем, еш қателеспеймін. Әншінің «Шапшытып, шүмектетіп, нөсерлетіп, Талдырып, талықсытып, тамылжытып» дегені түсінікті. Ал «Серпілтіп, сумаңдатып, сексен ырғап» дегені не? «Қырық қарып, тоқсан толғап, бес өрлетіп», – дейді тағы да Әсет. Мұның бәрі қазақ музыкасының әуездік өлшемдері мен төл терминологиясы ғой. Әрине, мұның бәрі жеке-жеке талдануы керек. Алла жеткізсе алдағы уақыттарда бұл жайында кеңінен толғап жазатын боламыз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір