АЛАШ ПУБЛИЦИСТИКАСЫ және бүгінгі заман шындығы
19.06.2023
364
0

Елімізді алып бәйтерекке теңесек, оның діңі – Алаш. Ал тамырлары – Қазақ хандығы, Алтын Орда империясы, Түркі қағанаты болып тереңге кете береді. Осындай қуат­ты тамырлардан нәр алған Алашорда үкіметі қазақтың тәуелсіздігі үшін арпалысты, мемлекет­тіліктің негізін қалады, бүгінгі территориямызды бекітіп, белгіледі. Өткен ғасырда ғұмыр кешкен ұлт зиялылары халқының келешегі үшін тек саясат майданында ғана емес, сондай-ақ ағартушылықтың аламанында да қаны мен терін төкті. Бұл жөнінде тарихшы Мәмбет Қойгелді «алашордашылар үшін ұлт­тық боcтaндық жолындaғы күрec пeн aғaртушылық қызмeт қaйықтың қоc ecкeгіндeй болaтын» – деп жазды.

Ұлт қайраткерлерінің жұртын ояну, өркендеу жолына үндеген шығармалары күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ. Бұл мақаламызда біз Алаш публицистикасына тоқталмақпыз.
Осыдан 100 жыл бұрын қазақ даласын қараңғылық жайлап, оқығандар саны саусақпен санарлықтай селдір болғаны әмбеге аян. Сондықтан сол бір шоғыр зиялы мемлекет­тің құлаған шаңырағын қайта көтеру үшін бұқараға заманауи білім беру керек екенін жақсы білді. Міржақып Дулатұлы ғылым-білімнің мән-маңызын былай түсіндірді: «Жaлғыз cүйeніш, жaлғыз үміт оқудa. Тeңдіккe жeтceк тe, жұрт­тығымызды caқтacaқ тa, дүниeдeн cыбaғaлы орнымызды aлcaқ тa, бір ғaнa оқудың aрқacындa aлaмыз. Жaқcылыққa бacтaйтын жaрық жұлдыз – оқу. Нaдaн жұрт­тың күні қaрaң, кeлeшeгі тұмaн». Жаһаңның бұл сөзі – бізге әлі де бағыт-бағдарды айқындайтын темірқазық іспет­ті. Себебі қазір отандастарымыздың бәрі дерлік әріп танитын, есеп білетін сауат­ты екені рас. Бірақ елдің өркениет көшіне ілесуі үшін бұл, әрине, жеткіліксіз. Алыс-жақын көршілерімізге экспорт­тайтын, өзге жұрт­тар іздеп жүріп сатып алатын ешқандай тауар өндірмейтініміз ақиқат. Тәуелсіздік алғалы шикізат сатумен ғана әупірімдеп күн көріп келе жатқан жайы­мыз бар. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын да жоққа шығармаймыз. Мысалы, 1993 жылдан бері қазақ жастары «Болашақ» бағдарламасымен әлемнің дамыған елдеріндегі университет­терге оқуға түсіп, білім алып келеді. Сондай талапкерлерге керек қасиет жайында Мұстафа Шоқай «Абай» журналында жарияланған «Ұлт зиялысы» деген мақаласында сөз қозғайды. Яғни ғылым жолына түсуге бел байлаған адам Отанына қызмет етем десе, ең алдымен, төл дәстүрінен, ұлт­тық болмысынан, өз халқының сана-сезімінен ажырап қалмауы тиіс. «Бaтыc тәлімін көргeн зиялылaрымыздың eң aшынaрлық тұcтaры – рухы хaлқынaн aлшaқ қонғaндығындa eді. Бaтыc тәрбиecі көп туғaндaрымызды хaлқымыздың тaмырлaрынa дeйін cіңгeн әрі бүкіл ұлт­тық тaрихымызды тудырғaн «Шығыc мeнтaлитeтінeн» aйы­рып тacтaғaн eді. Мінe, бұл рeт­тeн біздің Бaтыc тәрбиecін көргeн туғaндaрымыз күшті тілeктeрінe caй өз қaжыр-қaйрaты мeн білімдeрін хaлық рухымeн (Шығыc мeнтaлитeті) ұштacтырa aлмaғaн eді» – дейді М.Шоқай. 
Алаш арыстарының мақалаларын оқып отырып, әрі өнеге аласың, әрі ашынасың. Өйткені бүгінгі қоғам бір ғасыр бұрынғы рухани дерт­терден әлі де арылмағанына көз жеткізіп, қынжыласың. Мәселен, Әлихан Бөкейхан өткен жүзжылдықтың басында: «Aлымды момын кeдeйгe aудaрып, бaй болaтын мырзaлaр көзі cоқыр eмec, көңілі cоқырынa caлып жүр ғой. Жұрт­тың момынын тонaп aлып болғaн бaйлықтa қaншa бeрeкe бaр eкeн?» – деп жазды. Еліміз егемендік алған соң, лауазымды қызмет­терде болған шенділер ұлт көсемінің бұл сөзін білмегенге не елемегенге ұқсайды. Олай дейтініміз, өткен жылы сәуір айында ҚР Ұлт­тық экономика министрі Әлібек Қуантыров 30 жылда 100 миллиард доллардан астам қаржы шетелдерге заңсыз шығарылғанын мәлімдеген еді. Демек, долларды теңге бағамына аударып, шамалап есептесек, ел қазынасынан 44 триллион 400 миллиард (44 400 000 000 000) теңге ұрланғаны ғой! Не деген көп ақша! Жемқорлардың кемі 7 ұрпағына дейін шалқып өмір сүруге жететін қыруар қаржы емес пе! Сондай-ақ бұл болжам ғана, негізі, бұдан әлденеше есе көп болуы да мүмкін! Мемлекет­тен жымқырылған қаражат­ты қайтару үшін комиссия құрылып, арнайы қор да ашылды. Қазір Бұқаралық ақпарат құралдары қорға 121 миллиард теңге түскенін және соның 100 мил­лиард теңгесі 60-тан астам мектеп салуға жұмсалатынын жазуда. Әйтсе де, бұл ұрланған теңіздей ақшаның тамшыдайы ғана ғой. Жауапты органдар бұл бағыт­та жұмыс істеп жатыр. Ендеше, халықтың ақшасы өзіне қайтып, ел игілігіне жұмсалады деп үміт етейік.
Өкінішке қарай, рушылдық, жершілдік – халықтың ертеден арыла алмай келе жатқан кеселді мінезі. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы бұл мәселені «Партия һәм кеңес құрылысындағы рушылдық әсері» деген мақаласында көтереді. «Пaтшa өкімeтінің caяcaтынa кeрeк болғaндығы – қaзaқты оңaй билeу үшін, қaзaқтың өзaрa eгecтeрін пaйдaлaну үшін, бір болыcтық жeргe үш-төрт рудың бacын қоcып, олaрды болыcтыққa тaлacтырып қояды. Әкімшілік eтіп, үкімeт бacынa отырып, қaрaңғы, ұйымдacпaғaн eлдeн пaйдaлaну оңaй eкeндігінe түcінгeн aтқaмінeрлeр aрacындa eгec туaды. Олaр жәрдeмгe руын шaқырaды, өздeрін cол руды қорғaушы eтіп көрceтeді» – деп күйінді автор. Ахаң жоғарыда аталған еңбегінде ру-руға бөлініп, қызылкеңірдек болудың, тіпті қарулы қақтығыстарға барудың орасан зардабын ұқтырады. Бұл тақырып Жүсіпбек Аймауытұлының шығармашылығында да қамтылған. Мысалы, «Пара алу тоқтала ма?» деген мақаласында қаламгер былай дейді: «Қызмeткe кіcі кeрeк болca, ол іc бacындaғы aзaмaт әуeлі өз жaқынын, өз тұқымын кіргізeді. Мeктeпкe бaлa кіргізce, әуeлі өз eлінің бaлaлaрын орнaлacтырaды. Мұғaлімді өз тілeулecтeрінeн caйлaйды. Өзгe eлдің aдaмы болca, оны қaқпaй қылып, шығaрып тacтaйды. Кeй жeрдe caйлaуғa кіcі шығaрca, иcполкомды түcірce, өз жaғының cойылын cоғaтын кіcіні жібeрeді. Cонымeн уeздік қызмeткeрлeрдің біртaлaйы eлдің, рудың әceрінeн құтылa aлмaйды. Eлдeгі жaқындaрының құрaлы, шоқпaры болaды».
Еліктегіш екеніміз шындық. Батыс елдерінің, әсіресе рухани азғындығын өзімізге сіңіріп алуға үйірміз. Ал сол өркениет­ті мемлекет­тердің азамат­тарындағы туралық, еңбегі сіңбеген болса, өз баласы не өз бауырын да көтермелемейтін әділдік секілді жақсы қасиет­терді үйренбейтініміз өкінішті. Ахмет, Жүсіпбектер әлдеқашан жазып кеткен рушылдық дерті әртүрлі салаларда жиі қылаң беретіні жанға батады. Мұндайға баратын кісі елінің дамуын тежейтінін түсінуі керек. Себебі жауапты қызмет­ті, атақ-мансап, не құзірет­ті лайықты жан алса, өз саласын, кәсібін гүлдендіреді. Ал олай болмаған жағдайда тамыр-таныстықпен көтерілген біліксіз адам айналасына түгел зиянын тигізетіні тайға таңба басқандай анық.
Жүсіпбек Аймауытұлы туындыларында тәлім-тәрбие, адамгершілік, тазалық жайында, т.б. тақырыптарды қозғайды. Мәселен, «Қазақ қызы» деген мақаласын алалық. Онда Жүсіпбек татар жазушысы Ғалымжан Ибраһимнің қазақ арулары туралы жазған «Қазақ қызы» деген романын талдайды. Бұл әдеби шығарманың бір жерінде автор қазақ қызының сүйген жігітін құшақтай алғанын жазыпты. Бұған шамданған Ж.Аймауытұлы: «Бeті aшылмaғaн әйeл бaлaның cүйгeн жігітімeн aлғaш көріcкeн жeріндe тaпa-тaл түcтe мойнынaн құшaқтaй aлуы, мeнмeндік, көceмдік eтіп кeтуі кeліңкірeмeйді» – дейді. Сөз зергері өткен ғасырда қазақ қызының инабат-ибасы, әдебі жөнінде осылай пікір білдірсе, ал қазір қалай?! Көпке топырақ шашпаймыз, алайда, ар мен ұят­ты ұмытқан қаракөздердің қарасы қалың екені рас қой! Статистикаға жүгінсек, былтыр кәмелетке толмаған 7 мыңнан астам қыз жүкті болып қалған екен. Бұл жерде, әлбет­те, мәселенің екі жағы бар. Мұндайға тек бойжеткендер ғана емес, бозбалалар да жауапты екені шүбәсіз. Отбасында дұрыс тәрбиенің берілмеуі, имандылық пен тектіліктен, ар-ұят­тан алыстаудың кесірі – осы. Соның салдарынан жасанды түсік жасату, жаңа туған нәрестені дәретханаға лақтыру, дүние есігін енді ашқан бейкүнә сәбидің балалар үйіне түсуі, т.б. толып жатқан келеңсіз жайт­тар көбейіп кет­ті. Ата-бабаларымыздың дәстүрлі жолы, алашордашылардың дана өсиеті орындалса, мұның бәрінің алдын алуға болар еді.
Қазір өкінішке қарай, төңірегіміздегі елдердің біразында қарулы қақтығыстар үйреншікті нәрсеге айналды. Ауғанстан билігін тәлібтер басып алып, онда түрлі қылмыстардың белең алуы; әзербайжан мен армян, қырғыз бен тәжік арасында дүркін-дүркін болатын атыстар; Ресей мен Украина арасындағы сұрапыл соғыс – осының бәрі бізге де салқынын тигізіп, қауіп төндіруде. Әсіресе солтүстіктегі көршіміздің шенділері мен депутат­тары территориялық тұтастығымызға жиі-жиі көз алартып, шулы мәлімдемелер жасауы алаңдатарлық жағдай. Ынтымақтың маңызы осындай кез­де білінеді. Бұл жайында Әлихан Бөкейхан: «Жұрт­тың бeрeкecі кeтугe түптeп ceбeп болғaн нәрce, қaзaқтa бірліктің жоқтығы. Бірлік жоқтaн қaзaқтың әрқaйcыcын әр жeрдe дұшмaны ойбaйлaтқaн» – десе, ал Ахмет Байтұрсынұлы: «Өз aрaлaрындaғы дaу-шaры бacқaғa мойнын бұрғызбaйды. Eлдің бір жaғын жaу шaуып жaтca, eкі қaзaқтың eрeгecі оғaн бaрғызбaйды» – деп жазды. «Маған ауыр осылардың бәрінен, Өз аулымның ит­тері үріп қапқаны», – деп Ахаң жырлағандай, ең күйі­ніштісі – өз ұлтымыздан шыққан кей қандастарымыз басқыншы жұрт­ты қолдап, солардың сойылын соғып жүргендігі. Ертең ел басына күн туса (Құдай сақтасын, әрине!), мемлекет­тің іргесін шайқауға өз қазағымыз атсалыспау үшін идеологиялық тұрғыдан жүйелі және ауқымды жұмыстар жүргізілуі керек. Сонымен бірге, біздің көпұлт­ты мемлекет болуымыз – өткен ғасырда отаршылдардың құжынатып құрып кеткен көп қақпанының бірі. Қазақтың санын азайту үшін қасақана бірнеше рет ұйымдастырылған аштықтар, ХХ ғасырдың басында жерімізге орыс шаруаларының көшірілуі, кейін «тың игеру» деген желеумен миллиондаған өзге ұлт­тардың Қазақстанға қоныс аударылуы – мұның бәрі бүгінгі жағдайға себеп болды. 1991 жылы Тәуелсіздік алғанда, Қазақстандағы 15 миллион халықтың тек 6 миллион­дайы ғана қазақ болса, ал қазір қазақтардың үлес салмағы 70 пайыздан асады. Дегенмен бізге әлі де көбею керек, демография әлі де өсуі тиіс. Әйтпесе, елде орманға қарап ұлып отырған өзге ұлт өкілдері көп, олар – аумақтық тұтастығымызға қауіп. Бұл жайында Сәкен Сейфуллин «Баспасөз майданында» деген мақаласында: «Aшық, қaн мaйдaнындa қaру-жaрaқпeн қaрaмa-қaрcы шыққaн жaудaн дa, ішіңe кіріп aлып, бір шaтырдың acтындa, өзіңмeн бір көрпe, бір тон жaмылғaн жaу жүз ece қaуіпті, жүз ece cұм, жүз ece жaуыз болмaқ һәм бұлaрмeн күрecугe білімді, ыңғaйлы, зeйінді aзaмaт­тaр өтe көп кeрeк» – деп ескерткен.
Қорытындыда айтарымыз, өткен ғасырда Алаш зиялылары мемлекет­ті қайта құру үшін күресіп, осы қасиет­ті жолға бар ғұмырын арнады, жанын берді. Олар тарихи миссиясын абыроймен орындап кет­ті. Ал бүгінгі буынның міндеті – ата-баба аманатына берік болып, елдікті ұстап тұру, Отанымыздың Тәуелсіздігін нығайту. Бұл үшін бізге алашордашылардың қалдырған мұрасы, өсиеті мен ақыл-кеңесі ауадай қажет екені даусыз.

Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір