ҚАЗАҚСТАН ГЕРАЛЬДИКАСЫНЫҢ БҮГІНГІ АХУАЛЫ
03.07.2023
1071
2

Таңба – әрбір елді танып, түстеп беретін белгі (код) болса, рәміз – кие (тотем). Кие – елдің шығу тегі, желеп-жебеп жүретін ата-баба рухы. Рух – ол ие! Қазақ «Ел иесіз, ер киесіз болмайды» дейді. Бабаларымыз жауға шапқанда, сапарға ат­танғанда, табиғат апатына ұшырағанда, елдік іске кіріскенде, т.б. жағдайларда иесіне жүгініп, күш-қуат сұраған. Не айбарлы жануар, не қаһарлы аң-құс кейпінде болады деп сенген. Балаларына Бұқа, Бұқабай, Өкіреш, Бура, Бурабай, Бурахан, Қаптағай, Түйебай, Қабан, Қабанбай, Жолбарыс, Шеріхан, Арыстан, Арыстанбек, Арыстанбай, Абадан, Қабылан, Қасқырбай, Көкжал, Бөрі, Бөлтірік, Бөрібай, Самұрық, Бүркіт, Ақсұңқар, Лашын, Қаршыға, Байбарыс, Барысхан, Барысбай, Алан, Барақ, Барақбай, Байбарақ, Төбет, Күшікбай, т.б. есімдер қойған…

 Ер Түріктің бесігі Түркістанда өткен (17.06.2023) Ұлт­тық құрылтайда өңірлік рәміздер жайлы сөз қозғалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бірінші мәселе. Мемлекет­тік рәміздерді жетілдіру қажет. Қазір кез келген елдің ықпалды болуына ұлт­тық брендтің әсері мол. Сондықтан оның танымалдығын арт­тыра түсу керек. Ол үшін бірыңғай дизайн-кодты, ортақ стандарт­ты сақтау өте маңызды. Рәміздеріміз бірегей ұлт­тық кодымызды нақты әрі айқын көрсетуі керек. Мен жақында Ассамблея сессиясында еліміздің Геральдика белгілерін жетілдіру қажет­тігі туралы айт­тым. Алдымен өңірлердің және қалалардың таңбасын бірыңғай үлгіге келтіру керек деп санаймын. Қазір олардың көбінің мазмұны және пішіні – әркелкі. Соған байланысты қоғамда жиі сын да айтылады. Бұл салаға мұқият талдау жасап, ортақ ұстанымдар әзірлеу қажет», – деді.
Бұл шын мәнінде бүгінгі Қазақ­стан геральдикасының ең өзекті мәселесі. Өңірлік рәміздер дамымай, Қазақ­стан геральдикасының туы биік болмасы анық. Өңірлік рәміздер деген – мемлекет­тік рәміздердің әріптес, қанат­тас өнегесі. Сондықтан ауылдық округ, аудан, қала, облыс және республикалық мәртебеге ие қалалардың өңірлік рәміздерінің идеялық, идеологиялық, көркемдік мазмұны, стандарты, жүйелілігі, геральдикалық сипат­тамасы, бейнелік, құрылымдық, пішіндік, т.б. шарт­тылықтары мемлекет­тік рәміздермен үндесе ме, Жаңа Қазақ­станның мемлекетшіл мүддесіне жауап бере ме – сол маңызды. Бірақ өкінішке қарай, қолданыстағы өңірлік рәміздерде аталмыш өңірдің ерекшелігін ескеру, негізгі деген белгілерді, бейнелерді алға шығару, таныстыру көрініс тапқанымен, мәнсіз, талғамсыз, кемшін тұстары да жетерлік. Олардың басым көпшілігінде «Ел бір, мемлекет­тік мүдде ортақ» екендігін айқындайтын ортақ идея көрінбейді. Рәміз бен идея арасында сабақтастық, үйлесімділік шашыраңқы. Шарт­тылықтар әркелкі. Жаңақазақ­стандық бірегейлікті нығайту мен дамыту жолында аумақтық-этникалық, тілдік-конфессиялық қауымдастықтарды біріктіріп, азамат­тардың патриот­тық санасын қалыптастыратын әлеуетке ие өңірлік рәміздер – Қазақ­станның әкімшілік-аумақтық бірліктерін тарихи-географиялық, этнографиялық жағынан сәйкестендіруді оңтайландырып, жергілікті билік пен халықты байланыстыратын идеологиялық құрал болып табылады. Алайда олардың стилистикасы, көркемдік, семантикалық мазмұны мемлекет­тік саясат пен ұлт­тық құндылықтардың басымдықтарын көрсететін элемент­терді құрамайды. Әр өңірдің өз рәмізі болуы – өскелең ұрпақтың жүрегіне туып-өскен өңіріне деген сүйіспеншілігі мен патриот­тық сезімін ұялатып, оның жарқын болашағына деген нық сенімін оятады.
Қазіргі таңда Қазақ­стандағы 17 облыстың 13-де, 3 мегаполис қаланың 3-еуі, 186 ауданның 137-де, 89 қаланың 33-інде өңірлік рәміздері бар (01.06.2023). Мәдениет және спорт министрлігінің 2015-2023 жылдары жүргізген мониторингтері Қазақ­станның әкімшілік-аумақтық бірліктерінің өңірлік рәміздерін әзірлеу, бекіту, қолдану және пайдалану жүйесінің дамымағанын көрсет­ті. Өңірлерде өңірлік рәміздерді мәдени-көркемдік безендіру, идеялық жетілдіру және нормативтік-құқықтық актілермен бекіту тәсілдерін регламент­тейтін әдіснамалық және заңнамалық база жоқ. Өңірлік рәміздерді бекіту – мәслихат­тардың шешімдерін, әкімдіктердің қаулыларын, әкімдердің өкімдерін, конкурстық комиссиялардың хат­тамалық шешімдерін қабылдау арқылы жүзеге асырылып келеді. Астана мен Алматы қаласын қоспағанда, жергілікті атқарушы органдар (әкімдік) мен жергілікті өкілет­ті органдардың (мәслихат) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерінің өңірлік рәміздерін бекіту жөніндегі заңнамалық өкілет­тіктері айқындалмаған. Қолданыстағы заңнамада да өңірлік рәміздерді әзірлеу, бекіту, қолдану және пайдалану – нормативтік-құқықтық актілермен рет­телмеген. Осыған орай, Жаңа Қазақ­стандық қоғамның саяси-әлеумет­тік, мәдени-рухани саласын қайта құру кезеңінде, гуманитарлық ғылым өкілдері, сәулет, дизайн, бейнелеу өнері мамандары күш біріктіріп, «Қазақ­стан геральдикасы» тұжырымдамасын жасап, дизайн, архитектура мамандықтары бар жоғары оқу орындарындағы тарих және өнер факультет­тері жанынан «Қазақ­стан геральдикасы» ат­ты элективті курс ашып, колледждер мен мектептерде стартап үйірмелерін ұйымдастырып, қазіргі заманғы даму реалийлері мен перспективаларын бейнелеу арқылы өңірлік рәміздерді әзірлеу, бекіту, қолдану және пайдалану жүйесінде заңмен бекітілген ереже мен әдістемелік нұсқаулықты енгізу қажет!

Астана мен Алматы қалаларының өңірлік рәміздері

Астана қаласының өңірлік рәміздері көркемдік шешім тұрғысынан алғанда, екі бейнені – бәйтерек пен шаңырақты біріктіру арқылы жасалған. Бәйтерек пен шаңырақ бейнесі заманауи Қазақ­станның өткені мен бүгінінен хабар береді. Екеуі де сары түсті. Төрткүл дүниені құшағына сыйғызған алып бәйтерек – өмір мен өркендеудің белгісі. Және дамып келе жатқан ғарыш кеңістігіндегі тірі ағза ретінде қабылданады. Бәйтеректің ұшар басындағы алтын жұмыртқаны шаңырақ бейнесі безендіріп тұр. Шаңырақ – отбасының ғарыш кеңістігімен ортақтастығын білдіреді. Шаңырақтың жиегінде уықтың бейнесі бар. Дөңгелек шеңбер пішінді өңірлік рәміз сыртқы және ішкі шеңберден тұрады. Сыртқы шеңбердегі қызыл жиек – от­ты қақпаның нышаны тәріздес. Бұл ой от­тың аластаушылық құдіретінен туған. Ежелгі түркілер от­ты туу, жетілу және даму ұғымымен байланыстырып, тіршіліктің тірегі ретінде бағалаған. Ошақтың отын күннің жылуына балаған. От­ты қақпадан өткен адам рухани тазарып, жаңа күшке ие болады деген ұғымды аңғартады. Өңірлік рәміздің сыртқы шеңберінде «бөрікөз» оюы бейнеленсе, ішкі шеңберінде «көгілдір аспан» бейнеленген. Сонымен қатар бұл ішкі шеңбер тәуелсіз Қазақ­станның жаңарған бейнесін және қаланың асқақтығын білдіреді. Бәйтерек негізінде аңыздағы Самұрық құстың самғауын танытатын сары түспен «құсқанаты» оюы өрнектелген (ұясынан ұшқан Самұрық құстың көлеңкесі Президент­тік саябаққа түседі). Өңірлік рәміздің төменгі жағында қызыл түспен «Астана» деген жазу бар. Әріптер симметриялы орналасқан. Алматы қаласының өңірлік рәмізінде қаланың жеті ауданын бейнелейтін жеті алма гүлінің бұтағын тістеген тау барысы бейнеленген. Барыс мойынын артқа бұрған қалпы, алға қарай сенімді түрде кетіп барады. Бұл қаланың дамуындағы ежелгі кезеңнен қазіргі кезеңге дейінгі сабақтастықты көрсетеді. Барыстың жоғарғы жағында Алатаудың қарлы шыңдары мұнартады. Дөңгелек шеңбер пішінді өңірлік рәміз сыртқы және ішкі шеңберден тұрады. Көгілдір түсті сыртқы шеңбер шаңырақтың сәндік бауларымен және уықтың ұяшықтарымен жиектелген. Алтын түсті ішкі шеңбер қызыл түсті ою-өрнекпен көмкеріліп, жоғарғы бөлігінде «Алматы» жазуына ұштастырылған.

Облыстардың өңірлік рәміздері

Жамбыл, Ақмола облыстарының өңірлік рәміздерінде табиғи ландшафтар (тау, дала, көл, т.б.) қамтылса, Қарағанды, Солтүстік Қазақ­стан, Қызылорда облыстарының төлтаңбалары кеңес дәуірінің геральдикалық элемент­терін (өнеркәсіптік объектілер, бидай баулары, жұлдыздар, вымпелдер, баннерлер) пайдаланған. Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақ­стан облыстарының өңірлік рәміздерінде қанат­ты барыс пен гриффиннің спиральды бейнесі сияқты мифтік жануарлар алынған. Жамбыл, Қостанай облыстарының өңірлік рәміздерінде флора мен фауна бейнелері басты элемент­тер ретінде көрініс тапқан. Алматы қаласының өңірлік рәмізінде Алматы қаласының сегіз ауданын білдіретін сегіз алма гүлінің бұтағын тістеп тұрған тау барысы бейнеленсе, Батыс Қазақ­стан облысының өңірлік рәмізінде халық музыкалық аспаптары салынған. Маңғыстау облысының өңірлік рәмізінде эпикалық жауынгер жылқы мінген садақшының жартас бетіндегі суреті көрініс тапқан (Сурет Кент баба қорымының 16-17 ғасырлардағы кесенесінің қабырғасындағы сурет­тер галереясында сақталған. Ол жақын және алыс қашықтықтағы шабуылдаушы қарудың әртүрімен қаруланған. Кейде сферокондық дулығада немесе бас киімде көрінеді). Жетісу облысының өңірлік рәмізі шеңбер ішінде орналасқан. Шеңбердің шеті қошқар мүйіз ою-өрнегімен көмкерілген. Ою-өрнек түсі мемлекет­тік тудың көк және алтын түсіне негізделген. Өңірлік рәміздің негiзі – шаңырақ мемлекет­тiң іргетасы, отбасының бейнесiн білдіреді. Оның ортасында Жетісу Алатауы, Талдықорған қаласындағы Жетісу монументі мен Ұлы Жібек Жолындағы Керуен көші (жеті түйе) бейнеленсе, жоғарғы жағында «Жетісу облысы» деп жазылған.
Су толқындарындағы сары және көк жолақтар – Жетісу жеріндегі жеті өзенді білдірсе, тамғалы петроглифтері мен ортекелер – Жетісу өңірінің тарихи-мәдени мұрасын айшықтайды. Ұлытау облысының өңірлік рәмізінде «Ұлытау облысы» сөздерімен қатар қазақ даласының киелі жануары – танымымызға жақын құлан бейнеленген.

Аудандар мен қалалардың өңірлік рәміздері

Алматы облысына қарасты Алматы қаласының өңірлік рәмізі көк түспен көмкеріліп, қызыл, көгілдір, ақ, қызғылт, сұр және алтын түстермен безендірілген. Ол дөңгелек шеңбер тәрізді үлгіде жасалып, шеңберді айналдыра шаңырақ уықтарының орнына ұқсас белгілермен қоршалған. Дөңгелене өрнектелген қазақы оюдың жоғарғы бөлігінде «Алматы» атауы жазылған. Ортаңғы бөлігінде алма ағашының сегіз бұтағын тістеп тұрған ірбіс (тау барысы) бейнеленіп, жоғарғы бөлігінде Алатаудың көрінісі берілген. Алматы облысындағы Түрксіб ауданының өңірлік рәмізінің ортаңғы бөлігінде Түркістан-Сібір теміржол магистралінің нышаны ретінде теміржол белгісі орналасқан. Көгілдір түстес белгінің төменгі бөлігі қызыл, жоғарғы бөлігі сары доғалдармен беріліп, қошқар мүйізбен өрнектелген. Ондағы қызыл фонға сары түспен «Түрксіб ауданы» деп жазылған. Алматы облысындағы Бостандық ауданының дөңгелек шеңбер тәрізді аспанкөк түсті өңірлік рәмізінің жоғарғы бөлігінде «Бостандық ауданы», төменгі бөлігінде «Алматы қаласы» деп жазылған. Бұл Алматы қаласының Бостандық ауданы екенін білдіреді. Ал төменгі бөлігінде шұғылалы күн нұрына бөленіп, тау барысының үстінде тікесінен тік тұрған сақ жауынгерінің бейнесі берілген. Алматы облысының Алатау ауданының дөңгелек шеңбер тәрізді аспанкөк түсті өңірлік рәмізінің жоғарғы бөлігінде Алатау ауданы деп жазылса, төменгі бөлігінде Алатаудың бейнесі салынып, «Алматы» деп жазылған. Бұл Алатау ауданының Алматы қаласы дегенді білдіреді. Алматы облысының Алакөл, Талғар аудандарының, Жамбыл облысының Байзақ, Жуалы аудандарының, Қостанай облысының Әулиекөл аудандарының өңірлік рәміздерінде табиғи ландшафт­тар (тау, дала, көл т.б.) бейнеленген. Атырау қаласының өңірлік рәмізінде өнеркәсіптік объектінің бейнесі пайдаланылса, Қостанай облысының Жітіқара ауданында ауданның тау-кен өндіру өнеркәсібінің нышандары (қайла мен балға) бейнеленген. Флора мен фауна бейнелері басты элемент­тер ретінде Атырау қаласының, Атырау облысының Қызылқоға, Мақат аудандарының, Алматы облысының Балқаш, Сарқан аудандарының, Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданының өңірлік рәміздерінде бейнеленген. Жамбыл облысы Талас ауданының өңірлік рәмізінде байлық пен амандықты бейнелейтін Алтын мүйізді қошқардың басы бейнеленсе, Қостанай облысындағы Лисаков қаласының өңірлік рәмізінде даналықты білдіретін және Лисаков қаласының атауын бейнелейтін қара түлкі бейнеленген. Алматы қаласының Жетісу, Наурызбай аудандарының, Алматы облысының Жамбыл, Райымбек аудандарының, Жамбыл облысының Жамбыл ауданының, Шығыс Қазақ­стан облысының Абай ауданының өңірлік рәміздерінде батырлар мен ақындар бейнеленсе, Алматы облысының Ақсу ауданының, Атырау облысының Құрманғазы, Махамбет аудандарының, Жамбыл облысының Қордай ауданының өңірлік рәміздерінде халық музыкалық аспаптары бейнеленген. Сондай-ақ Түркістан облысының Сайрам, Отырар және Бәйдібек аудандарының өңірлік рәміздерінде діни ғимарат­тарды (мешіт, медресе, т.б.) ішінара пайдаланған. Түркістан қаласының өңірлік рәмізінде екі әлемнің есігіне кіруді бейнелейтін «екі қақпа» элементі көрініс тапқан. Абай облысының орталығы Семей қаласының өңірлік рәмізінің шеңбер түрінде болуы мәңгіліктің нышанын айшықтайды. Мәселен, жасыл түс – табиғатпен үйлесімділікті, тепе-теңдікті білдірсе, күн өмір жолын сипат­тайды. Шаңырақ күлдіреуіштерінде кітап, қарағай, түйе және көпірдің сұлбасы бейнеленген. Кітап Семейдің рухани-мәдени орталық, Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды ұлы ойшылдардың Отаны екенін бейнелейді. Шаңырақтың сол бөлігінде орналасқан қарағай өңірдің табиғи бейнесінің ажырамас бөлігі. Түйе – ғасырлар жүгін арқалаған дала кемесінің белгісі. Жаңа көпір – заманауи жетістіктің көрсеткіші. Семей атауы алтынсары түспен жазылған. Алтынсары түс – әл-ауқат пен өркендеу нышаны. Түйемойнақ аралының стелласындағы жеті қарлығаштың бейнесі – қырық жылғы атом сынағының көрінісі. Қазақ үшін жеті саны киелі. Жеті қарлығаштың шаңырақты айнала ұшуы – бейбіт өмір тілегі.

Республикалық комиссия

Республикалық комиссия (толық атауы – Мемлекет­тік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссия). Қазақ­стан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі №155 Жарлығымен Мемлекет­тік рәміздер жөніндегі республикалық комиссия құрылған. Комиссия мемлекет­тік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелерімен айналысады. Сондай-ақ мемлекет­тік ту, елтаңба, гимнді орналастыру, ауыстыру ережелерінің бұзылмауын, орнатылған мемлекет­тік рәміздердің техникалық және басқа да талаптарға сай келуін қадағалайды. Комиссияға облыстардағы мемлекет­тік органдар мен ұйымдардың мемлекет­тік рәміздерді пайдалану стандарт­тарын сақтауы бойынша жүргізілген мониторинг нәтижелері ұсынылады. Облыс әкімдерінің мемлекет­тік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихат­тау жөніндегі баяндамалары, сонымен қатар орын алған кемшіліктерді жою шаралары туралы есептері тыңдалады. Республикалық комиссия отырысы жылына екі рет өткізіледі.

Сараптамалық кеңес

Сараптамалық кеңес (толық атауы – Мемлекет­тік рәміздер және геральдикалық белгілер мәселелері жөніндегі ғылыми-консультативтік орган). 2015 жылы Мәдениет және спорт министрінің 10 желтоқсандағы №380 бұйрығымен Мемлекет­тік рәміздер және геральдикалық белгілер мәселелері жөніндегі ғылыми-консультативтік орган – сараптамалық кеңес құрылған. Сараптамалық кеңес Мемлекет­тiк рәміздер мен геральдикалық белгілерді әзірлеу, пайдалану және жетiлдiру туралы ұсыныстарды әзірлеп, Мемлекет­тiк рәміздер мен геральдикалық белгілер мәселелері жөнiндегі нормативтік-құқықтық базаны жетiлдiреді.

Геральдикалық зерт­теулер орталығы

Геральдикалық зерт­теулер орталығы (толық атауы – «Геральдикалық зерт­теулер орталығы» республикалық мемлекет­тік мекемесі). 2021 жылы Мемлекет­тік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі Республикалық комиссиясының 10 маусымдағы отырысының хат­тамалық тапсырмасына орай, Үкімет басшысының 31 наурыздағы №195 қаулысымен Мәдениет және спорт министрлігінің «Геральдикалық зерт­теулер орталығы» республикалық мемлекет­тік мекемесі құрылды. Орталыққа жеке және заңды тұлғалардың мемлекет­тік рәміздерге құрметпен қарауды қалыптастыру және ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалардың геральдикалық сипат­тамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу жөніндегі функцияларды іске асыру міндеті жүктелді. Орталық Мемлекет­тік рәміздерді насихат­тау мен қолдануды және геральдика саласында мемлекет­тік стиль қалыптастыру бағытында жүргізілетін іс-шараларды жүзеге асырады. Геральдикалық зерт­теулер орталығы 2021 жылы Мемлекет­тік хатшы Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен, «Қазақ геральдикасы» ат­ты кітап-альбом шығарса, 2022 жылы Мемлекет­тік рәміздердің 30 жылдығына орай, Мемлекет­тік кеңесші Ерлан Қариннің қолдауымен, «Қазақ геральдикасы» фото-альбомын көпшілікке ұсынды. Аталмыш екі жинақ та геральдика тарихын көне дәуірлерден тартып, орта ғасырлық кезеңдерден өткізіп, кешегі хандық, еуропалық, ресейлік, алаштық, совет­тік кезеңдерге ұластырып, бүгінгі тарихпен жалғастыра білуімен құнды.
Сонымен Президент­тің бастамашылық миссиясы геральдика мамандарын ойлантып, Қазақ­стан геральдикасын сәт­тіліктерге жетелейді деп сенеміз!

Ұсыныс:

Заң бойынша, Қазақ­станның әкімшілік-аумақтық бірліктері (өңір, елдімекен) мемлекет­тің құрамдас бөлігіне жатады. Осыған сәйкес, ауылдық округ, аудан, қала, облыс және республикалық мәртебеге ие қалалардың өңірлік рәміздері мемлекет­тің мемлекет­тілігін айқындайтын геосаяси белгілердің бірі болып табылады. Осыған орай, ауылдық округ, аудан, қала, облыс және республикалық мәртебеге ие қалалардың өңірлік рәміздерін «төлтаңба» деп атауды ұсынамын. Мәселен, бөтен жұрт­тарда үй де, пеш те, елтаңба да тік төртбұрышты болса, біздің елтаңба дөңгелек шеңбер пішінді. Бұл – қазақ­стандық үлгі, киіз үй мен ошақтың бейнесі. Төлтаңбаның да осы үлгімен жасалғаны дұрыс. Төлтаңба – ауылдық округ, аудан, қала, облыс және республикалық мәртебеге ие қалалардың саяси-экономикалық әлеуетін, мәдени-рухани әлемін, тарихи-этнографиялық кеңістігін, әлеумет­тік дамуын, экологиялық флорасы мен фаунасын, табиғи пейзажын, қазба байлығын, географиялық орналасқан жерінің ерекшелігін, тұрғындарының жарқын болашаққа деген ұмтылысын бейнелейтін және жергілікті билік пен халықтың арасын байланыстыратын өңірлік рәміз болып табылады. Төлтаңба – ауылдық округ, аудан, қала, облыс және республикалық мәртебеге ие қалалардың жаңа даму сатысын айқындайды және сол өңірдің беделін арт­тырады. Енді бұл жерде бір мәселе ғана бар. Ол – төлтаңба терминін лингвистикалық тұрғыдан заңдастыру. Төлтаңбаның түбірі «төл» сөзі. Оның екі мағынасы бар:
1) Малдың төлі (тура мағынасы).
2) Меншіктік сипат (ауыспалы мағынасы). Түбір сөзге жалғаулар мен жұрнақтар жалғанып немесе басқа сөздер косылуы нәтижесінде меншіктік сипатқа ие жаңа сөздер туындайды. Мысалы, төлқора – төлдерге арналған қора. Төлқұжат – азамат­тың жеке басын куәландыратын құжат. Төлтаңба – белгілі бір өңірдің өзіне ғана тән таңбасы, т.б. Айталық, елтаңба – мемлекет­тік рәміз, төлтаңба – өңірлік рәміз!

Сурет­те: Семей қаласының және Жетісу облысының жаңадан қабылданған өңірлік рәміздері. Екі өңірлік рәміз де ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Сараптамалық кеңесінің талқылауынан өткен.

Айдын Рысбекұлы
геральдист

ПІКІРЛЕР2
Қонақ 13.10.2023 | 00:55

Барлық облыстар мен қала-аудандардың рәміздерінің суреттерін түгел беріп, ортақ сәйкестікке келтіру керек екен…

Қонақ 14.07.2024 | 15:37

Семей қаласының таңбасында қала тарихы терең зерттеліп қамтылғаны байқалады. Ал Жетісу облысынікі нені білдіреді?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір