БҮГІНГІ ҰРПАҚ – ЕРТЕҢГІ ЕЛ ТІРЕГІ
Түркістан қаласында «Балаларға қатысты зорлық-зомбылық» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен өткен ауқымды шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева және халықаралық ұйым сарапшылары мен құқық қорғау орган қызметкерлері қатысқан.
«Мемлекет басшысы жуырда Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайда ұрпақ тәрбиесі, балаларға қатысты зорлық-зомбылық, әлімжеттік, отбасы құндылықтарын сақтау мәселелерін көтеріп, тиісті тапсырма берген еді. Дидары өзгерген дүниеде қазақ қоғамын ілгері жетелейтін – замана көшінен қалмай келе жатқан өскелең ұрпақ деп білеміз. Десе де, соңғы уақыттағы келеңсіз жағдайлар қоғамда алаңдаушылық тудырып отыр.
Қоғамдағы стигматизация, осындай фактілердің жылы жабылуы, ашық айтылмауына байланысты ресми дерек пен шынайы көрсеткіштің арасы алшақ болуы да ықтимал. Нақты дерек-дәйек анық болмаған соң, мәселемен күресудің механизмдері де тиімді болмайтынын ескеруіміз керек.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын-алу жөніндегі 2023 жылғы өткізілген жаппай сауалнамасының нәтижесінде, отбасындағы зорлық-зомбылықтың салдары ретінде бірінші орында жаман әдеттер (алкоголизм, нашақорлық, ойындарға құмарлық) тұрғанын атап өтуге болады. Күрделі мәселелер бір-бірімен жалғасып жатыр, оны министрлік жан-жақты зерделеп, өз құзіреті бойынша тиісті шара қабылдап келеді», – деген Дархан Қыдырәлі жиынның маңыздылығы жайында кеңінен тоқталып өтті.
Сонымен қатар министр министрліктің статистикалық деректерді, қылмыскердің келбетін, ата-анаға кеңестер мен көрші, туыс пен куәгерге деген ұсынысты қоса алғанда, осы салаға байланысты негізгі аспектілерді қамтитын «Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын-алу жөніндегі нұсқаулықты» дайындап шығарғанын да тілге тиек етіп: «Бұл балаларды оқыс жағдайдан қорғауда кез келген адам үшін құнды ресурс болады деп ойлаймыз. Одан бөлек биыл Қоғамдық даму институтының сарапшылары «Балалар мәселесін БАҚ-та қалай қауіпсіз жариялауға болады» деген тақырыпта практикалық нұсқаулықты жариялаған еді. Балалар тақырыбы туралы жазғанда да ақпарат алаңында мұқият болғанымыз абзал», – дейді.
Қоғамдағы зорлық-зомбылыққа қарсы шараларды күшейтіп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың балалалық шағын алаңсыз өткеруіне жағдай жасау – әр азаматтың айнымас борышы екенін ұмытпау қажеттігі де басқосудың басты критерийі болды.