Детектив және фантастиканың бүгінгі ахуалы
Қазақстанда детективті шығармалар жазатын жазушылар кемде-кем. Қалам ұстаған көптеген жазушы осы жанр бойынша жарияланған байқауларға орай әлдене жаза бастайтыны бар. Ал жүйелі түрде жазатындар қатарында Жазушылар одағының мүшелері Бағдат Қалаубай, Ғабдул-Сәбит Юсупов, Зияш Төлеуова, Темірболат Ахметовтерді атауға болады. Осы аталғандардың ішінде, мысалы, Темірболат Ахметовтің орыс тілінде жазылған «Детективное агентство «Барс» атты шығармалар сериясы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызы бар түрлерін басып шығару» айдарымен жарық көріп келеді, бүгінде сол серия бойынша он кітап жарыққа шықты. Сондай-ақ ресейлік маркетплейстерде сатылу мүмкіндігін беретін «Ридеро» әдеби алаңында «Агентство «Барс» кітабы жарияланған.

2024 жылы шыққан жазушы Ғабдул-Сәбит Юсуповтың «Эх, зона, зона…» жинағына детектив жанрындағы осы аттас романы мен бір әңгімесі және түрлі тақырыптағы әңгімелері мен мақалалары топтастырылыпты. Біз тек роман туралы аз ғана сөз етпекпіз. Романның кейіпкерлері Коля-Косой да, Марат-Марко да, тіпті сұлу қыз Мнира да жетімдік көрген немесе тұрмысы нашар отбасында өскен. Сөйтіп, бұзақылық жолға түсіп, есейгенде нағыз рецидивист-баукеспе, одан әрі қылмыс әлемінің авторитеті деңгейіне дейін көтерілгендер. Бұлардың бастан кешкен оқиғалары романда біршама тартымды беріледі. Романның соңында үшеуі де оққа ұшып қаза табады. Әрине олардың тағдырлары аянышты. Сонымен қатар автор алдағы уақытта ескерсе екен деген ниетпен бірер мәселені атап өткіміз келеді. Мысалы, автор өзі тәуір көретін кейіпкерлеріне жаны ашитынын, ал жақтырмайтын кейіпкерлеріне наразылығын (авторлық көзқарасын) «сахна» сыртында ашық білдіріп отырады. Сол сияқты, кейбір оқиғаларды ұзағырақ баяндап кететіндіктен, кейбір сөйлемдердің мақала сарынымен берілетіндігі де байқалады. Ал тұжырымдап айтқанда, автордың аталмыш жинағы жеңіл оқылып, алғашқы беттерден-ақ оқырманды өзіне баурап алады.
Өткен жылы жазушы Бекен Ыбырайымның «Іздер құпиясы» атты романы жарық көрді. Халқымыздың тұрмыс-тірлігіне әсер еткен қым-қуыт тарихи-саяси жағдайларға, олардың себеп-салдарына алаңдаған қаламгер осы шығармасына Семей атом полигонының зардабы сияқты ел өмірінің күрделі шындығын арқау етіпті. Жазу барысында жас оқырмандардың көркем ойлау қабілетіне ықпал етуді діттеп образдардың шынайылығына, өзі көзімен көрген таңғажайып табиғаттың жанды суреттелуіне баса мән бергені байқалады.
Былтыр «Заң газеті» жариялаған байқауда жазушы Бағдат Қалаубайдың «Көрші қақысы» деген әңгімесі ынталандыру сыйлығын иеленді. Онда Суат есімді кейіпкер баласының жоғалу себебін араз тұратын көршісі Айбардың ұлы Қалдардан көреді. Сөйтіп, оны қаматады. Бұл қылмысқа Қалдардың қатысы жоқ екенін, оны жасаған мүлде басқа адамдар екенін ізкесуші адвокат Бұлан Еркеұлы дәлелдеп, Қалдар қамаудан босатылады.
Аталған байқауға мен де қатысып, «Жаркент-Арасандағы шытырман оқиғалар» және «Бастау» деген әңгімелерімді, орыстілді «Закон» газетіне «Бумеранг» атты әңгімемді ұсындым. Олар газеттерде жарияланды, жуырда оларға өзім телефон шалып, «рақметімді» сұрап алдым.
Кеңесіміз жұмыс істей бастағалы біз атағы шыға қоймаған жаңа екі жазушыны аштық. Оның бірі – Манарбек Қарекенов Шекара әскерлері департаментінің баспасөз хатшысы. Манарбектің баспадан жарық көрген «Киберқасқыр» атты кітабына балаларға арналған детективті және шытырман оқиғалы әңгімелері енген. Қазіргі уақытта автор келесі кітабын жазу үстінде. Манарбек Қарекенов біздің шақыруымызбен кеңесіміздің құрметті мүшесі атанды.
Келесі автор – Азат Баттақов, Қарағанды қаласының тумасы, қазіргі сәтте АҚШ-та тұрады. 2022 жылы Алматыда Азаттың «Первичное зло» атты кітабы жарық көрген. Онда өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында әрекет еткен қанішер кісі өлтірушілер бандасының қалай әшкереленіп, құрықталғаны рет-ретімен баяндалады. Бұл қалада автордың өзі Қалалық милиция басқармасында жұмыс істегендіктен, оперативті жұмыс пен қылмыскерлер ортасының ерекшеліктерімен кәсіби тұрғыдан жете таныс. Сондықтан роман өте нанымды, қызықты, әсерлі және танымдық туынды болып шыққан. Бұрынғы оперативті қызметкер ретінде, мен бұл кітапты банда құрамындағы қылмыстарды ашу бойынша өзіндік әдістемелік құрал, сыныптан тыс оқуға арналған оқу құралы ретінде пайдалану қажет деп санаймын. Сол себепті автордың арнау сөзі жазылған 5 дана кітапты Алматы ІІМ академиясы мен Алматы ІІ департаментіне апарып, тарту еттім.
Сондай-ақ 2024 жылы Алматыда Азат Баттақовтың «Гибель ирбиса» кітабы жарыққа шықты. Менің ойымша, бұл экшн-романмен бүкіл Алматы қаласының тұрғындары танысуы тиіс. Сюжет бойынша, қазан айының ызғарлы бір түнінде Алматыда 11 балдық жер сілкінісі болады. Соның салдарынан ғимараттар ғана емес, мыңдаған тағдырлар да талқандалып, бүлінеді. Осындай сындарлы сәтте адамдардың бет-пердесі сыпырылып, өздерінің шын бейнесін көрсетеді: біреулер өз өмірлерін, өз бастарын қатерге тігіп, қолдарынан келгенше басқаларды құтқарып бағады; енді біреулер аласапыран сәтті пайдаланып, оңай олжа таппақ мақсатпен ауқатты азаматтарды тонап, талап, өлтіре бастайды. «Осылай болуы мүмкін-ау» деген ой біздің көпшілігіміздің басымызға да келмеген деп топшылаймын. Автор мұның жай-жапсарын жақсы білгендіктен, қандай жағдайда қалай әрекет ету керегін егжей-тегжейлі сипаттап, құтқару қызметтері қазірдің өзінде қала тұрғындарына ұсынатын іс-шаралар мен нұсқаулардың маңыздылығын баса атап көрсетеді: атап айтқанда, пәтердегі қауіпсіз орындарды алдын ала белгілеп қою, азық-түлік, су, жылы киім қорлары, қолшам, байланыс және хабарлау құралдары салынған «Дабыл чемоданын» дайындап қою. Бір сөзбен айтқанда, аталмыш шығарма – көпшілік үшін өте пайдалы болмақ.
Азат Баттақов дарынды жазушы екені даусыз. Сондықтан біз онымен АҚШ әдебиетіндегі детектив жанрындағы үрдістерді қадағалап, зерттеп отыру туралы келісім жасастық. Келешекте Азат Баттақовты ҚР ЖО мүшелікке ұсынуды жоспарлап отырмыз.
Фантастика жанры бойынша:
Детектив жанры және фантастика кеңесінің мүшесі Людмила Лазарева есептік жылы екі томдығын басып шығарды:
1-том. «По следам звёздных драконов»;
2-том. «Мир фантастических звёзд» деп аталады.
Станислав Малозёмов «Нечеловеческий фактор» атты қызықты оқиғалар романын жарыққа шығарды (онлайн басылым).
Александр Мендыбаев өз қаламынан шыққан «Квартиранты» атты мистикалық хоррорды жариялады. Аталмыш туынды қазақстандық Qara Production фильм продакшн-студиясы арқылы экранға шығарылды. Фильм Бостондағы Ғылыми-фантастикалық фильмдер кинофестивалінде бірінші орынды иеленді.
Сөз соңында Қазақстанда көршілес Ресейдегідей нақты бір автордың бірде-бір детективті сериясы жоқ екенін айтқымыз келеді. Кітапханаларымыздың сөрелерінде Шыңғыс Абдуллаев, Борис Акунин, Александра Малинина және тағы басқалардың сериялары толып тұр. Сондықтан біз өз детектившілеріміздің кітап серияларын басып шығаруға дайындап отырмыз. Атап айтқанда, Бағдат Қалаубай (5 том), Ғабдул-Сабит Юсупов (5 том), Зияш Төлеуова (5 том), Темірболат Ахметов (5 том). Осыларды басып шығару үшін Жазушылар одағының атынан түрлі қорларға, солардың ішінде ең бірінші кезекте Кемел Тоқаев қорына, сондай-ақ мәдениетімізге бей-жай қарамайтын кәсіпкерлер мен бизнесмендерге жүгінсек деген ойдамыз.
Темірболат АХМЕТОВ,
Детектив және фантастика жанры кеңесінің төрағасы