Байырғы басылымның бүгінгі тынысы
Алдымен сөзімізді сол байырғы басылым – «Абай» журналының арғы тарихынан бастағанымыз жөн болар. Аталған басылымның тәуелсіздіктің елең-алаңында, хакім Абайдың 150 жылдық тойы қарсаңында қайтадан жаңғырып шыға бастағанына биылғы жылы отыз жыл болып қалған екен. Ал арғы тарихқа үңілсек, көзі ашық оқырмандарға таныс осы басылымға қатысты оқиғалар ойға оралады.
Тегінде даланың дара да дана данышпанының өлмес, өшпес мұрасы мен алдына қойған биік мақсат-мұратын қалың қазағына жеткізу – елім, жерім деп еміренген Алаш арыстарының әу бастан асыл арманы болған. Оны айғақтайтын дүдамалсыз дәлел баршылық. Айталық, сол Алаш арыстарының көшбасшы көсемі Әлихан Бөкейхан Абай қайтыс болған соң оның өмірбаянын орыс тілінде жазып, Семейде шығып тұрған «Семипалатинский листок» атты газетке 1905 жылы жариялаған. Арада екі жыл өткен соң, нақтылып айтқанда 1907 жылы Әлекең әзірлеген Абайдың өмірбаяны фотосуретімен «Записки Западно-Сибирского Императорского русского географического общество» деп аталатын кітапта және жарық көрген.
Ал арада тағы екі жылдан соң тағы да Әлекеңнің ұйытқы болуымен Абайдың алғашқы өлеңдер жинағы Ресей империясының сол кездегі астанасы, сонау бір қиырдағы Петерборда басылып шыққанын исі қазақ жыл келгендей жаңалық ретінде қабылдаған. Бұдан кейінгі жерде Абайдың өмірден өткенініне он, жиырма жыл толғанда атаулы даталарын елеусіз қалдырмай аталып өтуіне себепші болған да Алаш арыстары еді. Ал он жыл демекші, 1914 жылы жоғарыда айтқандай Абай сөзін, асыл мұраттарын халқына жеткізу мақсатымен «Абай» журналын шығару мәселесі күн тәртібіне қойылады. Бірақ өкінішке қарай, сол жылы басталып кеткен бірінші дүниежүзілік соғыс оған мүмкіндік бермеген. Бір жақсысы сол, осы мақсат одан кейінгі жерде де Алаш қозғалысының басты идеясына айналады. Кейінде патшалық империя, бұдан соң өздерінше ең әділ қоғам орнаттық деп мәлімдегенмен, кеңестік империя да асыл текті Ырғызбай әулетін қуғындап, бордай тоздырады. Жаңа өкімет мұнымен де шектелмей, 1918 жылы Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов негізін қалаған «Абай» журналының тамырына балта шапты. Солайша осы бір жыл ішінде он екі нөмірі шыққан журнал жабылып тынады. Сол шақта ат жалын тартып, атқа қонған Мұхтардың жасы жиырмадан енді ғана асқан болатын. Ал бұған түрмеде бірге жатқан Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтың «ендігі жерде Абайды жарыққа алып шығу үшін сен халыққа керексің» деген мақсатпен жаңа өкіметтен кешірім сұратып, басына азаттық алып беретіні кейінгі әңгіме. Халқымыздың тағы бір аяулы ұлы Әлімхан Ермеков те сол жолы осындай жақсы ағаларының ақылымен төбесінен төніп тұрған зұлматтан аман қалған.
Содан кейін бұл мәселе жетпіс жылдан астам уақыттан соң, сөз басында айтылғандай бұдан отыз жыл бұрын өз шешімін тапқан еді. Соған орай осы тұста семейлік азаматтардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білгендігін айтпасқа болмайды. Әйтпесе, 1992 жылғы елдің әлеуметтік жағдайы баршамызға мәлім. Бірақ шешінген судан тайынбайды дегендей, осы бір игілікті шаруаға бірден-бір ұйытқы болған есімі республикаға белгілі қайраткер журналист Ырысхан Мұсаұлы жергілікті қаламгерлермен бірге, сыртта, әр жерде жүрген танымал абайтанушы ғалымдарды тездетіп, ортақ іске ұйыстыра білді. Осындай ұйымшылдық нәтижесінде көзі ашық кәсіпкерлеріміз де қал-қадірінше хакім ақын журналына қаржыдай көмек жасаудан сырт қалмаған. Ал журнал редакциясының ішінен құрылған «Парыз» шығармашылық тобының құрметті төрағалығы абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановқа сеніп тапсырылған-ды.
Бүгінгі күні ол кісі өзіне артылған сол сенімді артығымен орындады деуге жарқын мысал көп. Соның айқын дәлеліндей, қайта жаңғырып шығып жатқан журналда абайтану мәселелерімен бірге, сол шақта енді ғана ақтала бастаған Алаш арыстары туралы деректі мақалалар ең алдымен аталған басылымда үздіксіз жарияланды. Қайым абыздың өз басы осы тұста тек мұны ғана қанағат тұтпай, Абайдың Шәкәрім, Көкбай, Әріп, Әсет сынды, тағы басқа ақын шәкірттері туралы түбегейлі зерттеу мақалаларын алдымен аталған басылымға ұсынды. Көп ұзамай, хакім ақын шәкірттері туралы төрт томдық еңбек оқырмандар қолына тиді. Мұның сыртында ол сол дүбірлі той қарсаңында қолға тиген «Абай» энциклопедиясының өз дәрежесінде жарық көруіне қосқан елеулі еңбегімен республикамыздың Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Солайша Кәкеңнің әкесі Мұхамедхан ана заманда «Абай» журналының жарық көруіне қаржыдай демеушілік танытса, өзі ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында қайтадан жаңғырып шыға бастаған басылымның бастауында тұрды.
Енді аяңдап, басылымның бүгінгі басшысы Мұратбек Оспановқа тоқталатын болсақ, ол бұл ортаға көшеден келіп қосылған көлденең көк аттылы емес. Яғни бұған дейін аудандық, облыстық басылымдарда, ал одан кейін сатылап, республикалық «Лениншіл жас» газетінде шыңдалған, мұның сыртында ақпа ақындығымен ел көлемінде танылып, отызында орда бұзуға талпынып баққан жас жігітке жаңадан жаңғырып шыға бастаған журналдың штабы, яғни жауапты хатшысы қызметі сеніп тапсырылған еді. Мұратбек болса, өзіне жүктелген жауапты міндетті абыроймен атқарып шықты. Соның айғағындай, оның сол жылдары Семей мен Алматының арасында тыным таппай шапқылап жүретінін көзіміз көрді. Себебі журнал материалдары Семейде дайындалғанмен, басылымның өзі Алматыда басылатын-ды. Мұнымен қоса сол жылдары республикалық Абай қорының атқарушы директоры қызметін атқарған Балташ Ерсәлімұлы ағасымен ғалым Қайым Мұхамедхановтың жоғарыда айтылған «Абайдың ақын шәкірттері» атты төрт томдық кітабын шығарысуға да бір кісідей атсалысқанын жақсы білеміз.
Мұратбек сөйте жүріп, шығармашылық талпыныс пен ізденістен де сырт қалмады. Яғни әдеби ортадан алыстап кеткенмен, бейнелеп айтқанда күндіз журналист, ал түнде ақын ретінде ойланып, толғана білді. Ұйқысыз өткен бұл күндері де ескерусіз қалған жоқ.
Міне, хакім ақынға арналған басылымның шыға бастағанына да, ақын журналистің осы басылым басшыларының бірі болып қызметке кіріскеніне де содан беріде отыз жыл сырғып өте шығыпты. Отызында орда бұзған жігіт қырқында қамал ала алды ма деген сұраққа жауап іздесек, қиналып көп тосылмаймыз. Айталық, ол жасы қырықтан енді аса бергенде Абай атасының журналына бас редактор болып тағайындалды. Абай ауданының құрметті азаматы атанатыны да, Алматыдағы ғалымдар үйінде шығармашылық кеші өтетіні де осы тұс. Ал ердің жасы елуге келгенде «Айна» деп аталатын таңдамалы жинағы Новсібір қаласынан жарық көрді. Мұратбек көрпені тек өзіне ғана тартпай, семейлік талай қаламгерлердің әдеби туындыларын орыс орманының бір түкпіріндегі аталған қаладан үздіксіз шығарып тұрды.
Журналистикадағы ұстазы Ырысхан Мұсаұлы үлкен аманатпен табыстап кеткен «Абай» журналының екі тізгін, бір шылбыры соңғы оншақты жылдан бері Мұратбектің қолында. Осы екі аралықта бұрын кәсіпкерлердің күшімен, ал одан кейінгі жерде салалық министрліктің қамқорлығымен шығып келген журналдың соңғы жылдары далада қалғандай болып қиын шақты бастан кешіргені де шындық. Рас журналға Семей қалалық әкімшілігі тарапынан көмек, қолдау жоқ емес. Дегенмен республикалық басылым болған соң соған лайықты деңгейде қаржылануы қажет деп ойлаймын. Ішімізде жүрген осы бір түйткіл-түйінімізді ұлы Абайдың 175 жылдық тойы қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты тұғырнамалық мақаласында айнадан қарағандай айтып бергенін баршамыз білеміз. Осы мақалада абайтанудың тың көкжиектері де көрініс берген болатын. Сол жылы журналға салалық министрлік тарапынан қолдау көрсетілген екен. Арада бір жыл өтпей жатып тағы да баяғы таз қалпына түскенін журнал редакторы қынжыла баяндаған еді.
Енді бүгін жаңа Қазақстанның басқаша бағыт алған бастамаларына қарап байырғы басылымның тамырына қан жүгіреді деген үлкен үмітіміз бар. Ұлы ақын есімін еншілеген жалғыз журналдың өрісі кеңейе беруін қалаймыз. Биылғы жылы «Абай» журналының шыға бастағанына 105 жыл толып отыр. Ал Хакім ақынның бас шәкірті Шәкәрім қажының туғанына 160 жыл. Соның бәрін кеңінен насихаттап келе жатқан журнал ұжымына шығармашылық табыс тілейміз.
Дәулет Сейсенұлы,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты