Жанұзақ Аязбекұлы: Смартфонға «еніп кеткен» буын кітап сатып алғысы келмейді
13.02.2024
278
0

Қазаққа қалам ұстатқан ұлы ағартушы, балалар әдебиетінің негізін қалаушы Ыбырай Алтынсаринді, тұңғыш романымызды жазған Алаш қайраткері Міржақыпты, Бейімбет­ті, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлын, Спандияр Көбеев, Сырбай, Ғафу, Қайнекей сынды қаншама қабырғалы қаламгерлерді тудырған Қостанай облысының қазіргі ахуалы қандай? Теріскейдегі қаламдас қауым рухани ортадан жырақтап қалған жоқ па? Әріптестеріміздің әдеби-мәдени өмірдегі өзгерістерге қалай баға береді? Осы мәселелер төңірегіндегі сауалдарымызға Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақ­стан Жазушылар одағы Қостанай облыстық филиалының директоры, әдеби ортаға танымал сыншы-жазушы, бірнеше кітаптың авторы Жанұзақ Аязбекұлы жауап берген еді.

– Жанұзақ Аязбекұлы, әдебиетсүйер қауымды жалт қаратқан «Бальзак неге жылады?» деген дүниеңіз болды. Хемингуэйдің «Килиманджаро қарлы тауында» «Тәңірдің тұрағы шыңының құзар басында мерт болған қабыланның мұздап, қатып-қурап қалған сүйегі жатыр. Осынау қарлы құзға қабыланды не айдап барғанын тірі жан білмейді» дейтін ой айтылады. Шендестіріп айтсақ, Бальзак та әдебиет­тегі бір биік шың. Сол биікке сізді алып келген қандай құдірет? Түйгеніңіз, түйіндегеніңіз? Басқа емес, неге Бальзактан бастадыңыз?
– Әлі есімде, бір күні «Жалын» баспасынан шыққан библиограф Б.Горбачевский дегеннің «Ариаднаның арқауы» деген кітабын қолыма алып, ақтарып отырып Оноре де Бальзак туралы аңызға ұқсас жазбаға көзім түсті. Онда қырық күн тапжылмай отырып роман жазып, соңғы нүктесін қоя салысымен туындысының басты кейіпкері «Горио әкесін» о дүниеге «өз қолымен ат­тандырған» 35 жастағы Бальзак еңіреп, есеңгіреп, орындығынан құлап түсіпті. Тағы бірде әдебиет­танушы Ф.Лот­т Оноре «Лала жазығы» шығармасын жазып біткен соң «терезенің алдына барып, көмейі­не тас тығылғандай өксіп, көзінен жасы парлай жөнелді» дейді. Кітаптанушылар: «Міне, асыл туындылар дүниеге осылай келген еді», – деп «диагноз» қояды. Дәл осы штрихтар мені қат­ты қызықтырды. Тіпті есімнен кетпей жүрді. Сөйтіп, Бальзак шығармаларына деген айрықша бір ынта пайда болды. Бірақ екінші бір ішкі дауыс: «Оған таңғалатын несі бар? Бальзакқа ұқсас мұндай хәл әлем әдебиетіндегі жампоздардың көбіне тән дүние емес пе?!» – деп әрі-сәрі қылды. Қалай болғанда ынтығым басылмады, осы тақырыпты қаузай бердім. Отыз жылдан аса уақыт­тан соң «Бальзак неге жылады?» жарыққа шықты.
– Кеңес цензурасы өз қаламгерлеріне ғана емес, шетелдік жазушыларға да шектеу салып отырды. Оноре ол құрсаудан қалай өтіп жүр?
– Кеңес цензурасы капитализмді қарғап-сілеген, буржуазияның ит терісін басына қаптаған жаhан жазушыларына айқара есік ашып қойды. Коммунистік саясат үшін Бальзак туындылары іздегенге – сұраған, көктен іздегені жерден табылғанмен бірдей еді. Өйткені ол капитализмді көк есекке теріс мінгізіп тұрып шенеді. Соған қат­ты ырза болған коммунизм ілімінің «атаманы» Маркстен бастап марксшіл-лениншіл дәуірмендері Бальзакты алақанға салып әлдиледі.
Десек те, сол Бальзактың туынды­ларын тағы бір оқып, ол туралы жазылған қыруар дүниемен танысқанда, ойың сан-саққа бөлініп, өзіңмен- өзің іштей ерегесіп, әлдебір мазасыз күйге түседі екенсің. Бүгінгінің көзімен қайта үңілсек, Бальзакты танытып та, табынтып та кеткен Кеңес империясына енді рақмет айт­қың келеді. Себебі қайта оқып, қайта салыстырып, қайта үңілген сайын төл әдебиетімізді көзге елестетесің, заман, адам, қоғам туралы ойланасың. Сан-сапалақ ойлар масадай ызыңдап тынышыңды алғанда бірде – күйініп, бірде – сүйініп, Бальзакқа берген Құдайдың құдіретіне, шынымен-ақ, таңғаласың.
Небәрі 51 жыл өмір сүрсе де, 20 жылдың ішінде романдардан бастап, әр алуан хикаят­тар мен новеллалар, пьесалар, ұзын саны 98 кітап жазып, 2000 кейіпкер (кейбіреулері 3000 дейді) сомдаған. Бұл деген құдірет емей немене? Оның құпиясы неде? Осы тақырып әлі күнге дейін әдебиет­танушыларды қызықтырумен келеді. Қанша көп жазса да, сан сапаға әсер етпеген. «Горио атайына» (қазақшалаған Ә.Ахметов осылай атаған) дейін ол «Шуандар» (1829), «Жұмбақ шедевр» (1831), «Шегірен былғары» (1830-31), «Евгения Гранде» (1833) туындыларымен бүкіл Еуропаны дүр еткізген! Бұл тақырыпқа келуім –
Бальзакты тілге тиек ете отырып, төл жазушыларымыздың әлеуетіне, ұлт әдебиетінің көкжиегін барлаудан туған ұмтылыс болатын.
– Бұл сөзіңізге қосыламын. 2001 жылдары, шалғай ауылда істейін десең – жұмыс жоқ, жабырқап жүргенімде «Үзілген үміт­терді» оқып, кейіпкерлері жаныма жақын туысқанымдай боп кетіп еді. Содан ба, француз әдебиеті басқалардан гөрі қазаққа әсірежақын сияқты көріне береді. Енді өзімізге қарай ойысайық, «Бальзакқа келуім де – төл әдебиетіміздің әлеуе­тін барлау» деп қалдыңыз. Қазіргі сынға қалай баға бересіз?
– Сын – мехнаты көп шаруа. Әдеби сын дегеніңіз – ең алдымен сол әдеби әлемді түсіну, оқу, тұшыну, безбенге салу. Том-том кітаптарды ақтару, мерзімді газет-журналдарды қалт жібермей, көркем әдебиет хақындағы жазбалардың бәрін де қадағалау, аузы дуалы, сөзі уәлі білімпаздармен пікірлесу, қайсыбірін айтайын, айтып та тауыса алмайсың. Қаншама уақыт, қаншама ынта, қаншама жан тері керек. Қазір әдебиет­тің маңайында жүрген ерінбеген екінің бірі «сын жоқ» деп айта салатын әдет пайда болды. Бірақ солардың ешқайсысы әдеби байсалды сын жазуға бармайды. Себебі ол – маңдай терлету, жан азабы… Хирург секілді ота жасар алдында бір толғанасың. Жазып шығу да бір жанкештілікті қажет етеді. Ал енді соншама күш-қуатыңды сарп еткен еңбегіңнің өтеуі бар ма? Әдеби қауым лайықты түсініп, әділ қабылдай ала ма? Бағасын бере ме? Жоқ, әлде байыбына бармай, тіпті толық оқымай-ақ мұрын шүйіріп, менсініңкіремей, селсоқ пейіл таныта ма? Тіпті кейде сенің жазғаныңа емес, аты-жөніңе, шыққан жеріңе қарап-ақ тон піше салатыны бар.
– Сіздер әдеби ортамен араласа бастаған сонау жетпісінші жылдармен салыстырғанда, бүгінгі ахуалда айырма бар ма?
– Қазіргі кез­де де әдеби ортадағы көрініс – сол бұрынғыдай. Бесенеден белгілі, аға ұрпақ өзінен кейінгі толқынға тітіркене, ашыныңқырап отырады, көңілі толмайды. Орта буын болса алдыңғысын да, артқысын да менсініңкіремей, мойындамай кеудесін жоғары көтереді. Ал кейінгі буын сарт мезіретке салып, алдыңғы аға ұрпақты амалдың жоғынан сыйлағансып, жеме-жемге келгенде олардың әдебиет төрінен ертерек кетуін тілейді, тезірек ром-модульге айналып кетсе, өкінбейтін секілді.
Мен әдеби сынды көп жазғаным жоқ. Бірақ кезінде айтарымды айт­тым. Оларды мерзімді баспасөздердің сол кез­дегі сарғайған бет­терінен табуға болады.
– Екі қоғамда еңбек ет­тіңіз, ащы-тұщысын көрдіңіз. Руханият­тағы жағдайды бір адамдай білесіз, «неге бұлай істемеске» дейтін тұстарыңыз бар ма? Көңіліңіз неге алаңдайды?
– Көңілдегі алаңның қайсыбірін айтып тауысасың. Тіл тағдыры ше? Біздің солтүстікте қанша жерден беті бері қарады дегенмен көше, түрлі басқосулар, сауда-сат­тық, бизнес – бәрі сол ресми тілдің еншісінде. Қазақ мектептерінің балалары әлі күнге үзілісте орысша сөйлессе, мұғалімдер түлектерге оқушылардың аты-жөнін «-ович», «-евна» деп жазып беріп, айғайлап тұрып тапсырады. Оқушылар арасында «ң-ға» тілі келмейтіндер жылдан-жылға көбейіп бара жатыр.
Ал осы тіл дегенде латынға көшу дегенді доғара тұрған жөн. Не емлесі, бір ізге түскен ережесі жоқ латын қарпіндегі әліпбиді әр жерде маңдайшаға жазып, шатысып-бытысып былықтырғандар көп. Біздің өңірдегі орыстілді кириллицамен оқитын қалың қазақ балаларына латын қарпі десең, «ол не» деп тұрады.
Кітап турасына келейік. Басқа жақты білмеймін, біздің өңірдегі кітап дүкендерінде қазақша кітаптар бар. Тіпті сөрелерде сіресіп тұр. Сіресетіні ешкім қолына алып, парақтамайды. Ол кітаптардың дені қазақ әдебиетінің классик­тері. Смартфонға «еніп кеткен» буын кітап сатып алғысы келмейді. Меніңше, қазақ классиктерінің кітаптарын қайта-қайта басып шығаруды доғару керек. Шынын айтайық, бүгінгі ойы ұшқыр оқырманға сол танымалдардың жазғандарының ішіндегі ортаңқол дүние­лерінің пайдасы шамалы. Қыруар қаржы босқа шығындалуда. Оның орнына әдебиетіміздің жауһар туындыларын іріктеп, таңдамалы етіп ұсынсақ, ұтарымыз анық.
Екінші бір алаң – көркем аударма. Түпнұсқадан аударылып жатыр, қуанайық дейміз. Бірақ көбінің сапасы сын көтермейді. Көркем шығарма көркем тілмен тәржімалану керек емес пе? Бұрынғы аудармаларды қайта басып шығарып жатырмыз, бүгінгі талғамға лайық па? Несімен құнды? Тұнып тұрған мәселе. Өз алдына жазатын бір мақала осы болмақ.
Руханият­ты қолдау бұл мемлекет дәрежесіндегі нақты іс-шарамен негізделмесе, ілгері баспайды. Меніңше, ұсыныс – Президентіміз елдегі қалталылардың басын қосып, үлкен бір кеңес өткізсе. Онда ақын-жазушылардың шығармашылығына демеу көрсетіп, жазғандарын кітап етіп бастыртып, қалың оқырманға жеткізіп беруіне дейін­гі қыруар істің нақты тетіктерін анықтап алуға серпін берсе. Сонда басқа елде жоқ бір алабөтен бум болар еді. Сонда жылына 50 мың машина шығаратын Қостанайдағы кәсіпорын басшысының қазақша 50 автордың кітабын шығарып берсем деген ойынан кетпей жүрер еді деп армандаймын.
– Аға, Би-ағаң негізін қалаған облыстық газет­ті 100 жылдыққа жеткізіп, лайықты атап өтіп, қызмет­ті жастарға бердіңіз. Бірақ әлі де ат­тан түсіп тұрған жоқсыз. Қостанайдағы Қазақ­стан Жазушылар одағы филиалының тізгіні қолыңызда. Өңірдегі ақын-жазушылардың хәлі нешік?
– Орташа. Әркім өз кітабын өз ақшасына шығарып жүр. Республикалық байқауларда жүлделі орын алғандар сол қаражатпен «жүрек жалғайды». Әзірге облыс басшылығы ақын-жазушыларымызға жылы шыраймен қарайды. Демеу, қолдау көрсетеміз деген уәделері бар, соған кәдімгідей-ақ малданып жүрміз. Үмітіміз зор.
Өңірде Одаққа мүше 12 қаламгер бар. Соңғы жылдары 6 адам қабылданды. Бәрі де – сүзгіден өткен талант­ты қаламгерлер. Өзің бастаған, Әбутәліп Әмірұлы, Нұрқанат Құлабаев, Жандос Жүсіпбеков, Батырлан Сағынтаев, Дәулет Жадырасын секілді авторлардың берері көп. Жанна Ерекина, Аслан Қанғожин, Балғын Рәш, Ернағыз Жанатқан есімді қыз-жігіт­теріміз де өнімді еңбек етіп жүр.
– Аға, жетпіс деген белестің төбесі көрініп тұр екен. Бұл өзі қандай биік?
– Бұрын жетпіс деген зәулім биіктей көрінетін. Енді, міне, табалдырығына келгенде, кәдімгі жұмырбасты екінің біріне бұйырса, шығып қарай алатын өр екен. Өткенді қайтара алмайсың, алда ой тазарып, сана сілкініп қалар белес болса деп үміттенем. Өйткені көп білген сайын білмейтінің қопарылып шыға береді. Әйтеуір Жаратқан иемнен тілейтінім, әр қазақтың ғұмыры ұзақ болсыншы.
– Лайым солай болсын, әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Абылай МАУДАНОВ,
Қазақ­стан Жазушылар
одағының мүшесі,
Қостанай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір