Арманда кеткен ару
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ
Арал өңірінде күй мен жыр жақайымдарға (ру аты) түстенген, үрім бұтағы бәйімбеттерге (тайпаның аты) конған деген аңыз-әңгіме бабалардан аталарға, олардан балаларына, одан немере-шөбере-шөпшектеріне дейін үзіліссіз айтылып келеді. Халық бекер айтпайды ғой, жыршы-жыраулар мен күйшілердің басым дені шынында бәйімбеттерден толқын-толқынымен шыққан. Дегенде олардың есімдері де, өнері де уақытында қағазға түспеген-діктен ұмыт болған. Бір ғажабы, Арал жыршы-жырауларының біразы Сырдарияның аяғында ертеде ел қоныстанған алақандай ғана Мырзас деген жерден шыққан. Сол ұзандардың бастауында ұлы жырау Жақайымның бәйімбетінен Еспенбет тұр. Заманында Арал аймағынан шыққан жыршы-жыраулардың сейісі болған атақты ақтангер ақын Нұртуғанның арғы атасы – осы Еспенбет Дәулетиярұлы (шамамен 1827-1870 жылдар аралығында ғұмыр кешкен деп айтады). Артында ұрпақ қалмай және жанашыр жоқ-таушысы болмай арманда кеткен ұлы ұзан.
Еспенбет заманында «қадірімді балық білер, балық білмесе халық білер» деп нақыл айтқан қарақалпақ шайыры Бердақпен наз-наласы орайлас дос болыпты. «Мен – қазақ Еспенбетпін, сен – қарақалпақ Бердақсың, қазаққа келген қонақсың. Менімен құрдассың, бірақ айтар сөзге келгенде шорқақсың» деп бір орайда қалжыңдаған әзілі бізге жеткен. Анасынан ақын болып жаратылған Еспенбет өлең-жырды қас пен көздің арасында түйдек-түйдегімен төгіп-төгіп жібереді екен. Заманында Қашағанмен айтысып жеңген көрінеді. Төртқарада (ру аты) «Сексеннің жорғасы» (бір тайпа ел) атанған Шегір жырауды да ұтып кеткен. Айтқанын айтқандай қағазға түсіріп отырмағасын кейбір қадау-қадау үзіктері болмаса, айтыстарының дені алаңсыз ұмыт болған. Еспенбет арғы дәуірде өткен ғой, ал кейін бергі советтік дәуірде ғұмыр кешкен Жаңаберген Бітімбайұлы (1889-1946), Жәмет Сайымбайұлы (1895-1967), Дәріқұл Өмірқұлұлы (1908-1956) және басқа да таңдайы тесілген кереметтеріміз болған. Солардың бірде-бірінің тірі дауыстарын радиоға жазып алу ескерілмеген. Біздің бір осалдығымыз, осындайды уақытында ескере бермейтін аңғыртпыз. Бұл атадан балаға жалғасып келе жатқан қасиетіміз.
Еспенбеттің жыр-киесі жан дегенде жалғыз қызы Қадишаға дарыған. Жасынан күйді де күмбірлетіп, жырды да күңірентіп өскен, ажарына ақылы сай, алғыр да зерделі болып бойжеткен. Бірақ басы байлаулы, аяғы тұсаулы. Бес Бәйімбеттің бір баласы Андағұлда (бір тайпа ел) боқан Тілеуқұл атамыз (Сүйеуқұлдың әкесі) Қадишаны баласы Қамитқа атастырып, Дәулетиярмен бесік құда болыпты. Еспенбет әкесінің ұйғарымына қарсы шыға алмаған. Еркін өскен Қадиша қыз салтанатын құрған аз күндік дәуірінде Қамитты менсінбеген. Бұл махаббат деген сүйіспеншіліктің сиқыр күшін қойсаңшы. Бір күндері бәйімбеттер еліне бір арда топ қасқалар мен жайсаңдар, сал-серілер ошарылады. Солардың қатарында Қажы-Тархан жағынан (Аштархан) бір шеркеш жігіт те ел аралап, қыз таңдап жүреді екен. Сол серінің көңілі Қадишаға ауады, қыз да кетәрі болмайды.
Сонымен ғашық-машықтың ақыры, қыз Қадиша неде болса тәуекел, бағымнан көрермін деп бір түнде ұзақ жол, беймәлім сапарға бел буады. Бәрекелді! Қажы-Тархан қайда, Мырзас қайда…
Иә, сонымен жігіт қызды алып қашады. Алайда, қырсығына қарай махаббат жорығының жүрімі ұзаққа бармайды. Сал-серілермен бірге түнделетіп жасырын шығып кеткесін ұлы жолда қалың тұман түседі. Содан олар тығыз тұман арасында бірнеше күн адасып жүріп алады. Әбден сусіңді болып шаршап-шалдыққанда күн көзі ашылып, тұман ыдырап сейіледі. Сөйтіп, бұл бір қисыны кеткен іс болған. Қос ғашықты бастап шыққан серілер Мырзастан алыс ұзап кеткенімен соқыр тұман арасында бір атырапты айналып жүре беріпті.
Ел емес пе, қалың малын өткізіп қойған құда жағы қыз кетіп қалыпты деп қарап отыра ма, қуғыншыларын шығарады. Бәйімбеттің андыздаған сойыл соғарлары тастай түйіліп атқа қонады. Олар ғашықтарды қуып жеткен жерде екіге жарылған. Қадишаның зарына жандары ашып құлақ асқандары обалына қалмайық, аман-есенінде еркіне жіберейік десе; басқасы біз қоя бергенмен соңыра бәрібір өтірігіміз мәлім болады. Қуып шықпауымыз керек еді, қуып шыққан екенбіз, салбырап қалай бос қайтамыз…– деп көнбеген. Содан амал жоқ, шеркеш жігітін басы аман еліне шығарып салып, аттандырып жібереді. Қызды жылатып, еңіретіп кері алып қайтады.
Тілеуқұл атамыз тілі ащы болғанмен аршыл, ақылды тентек екен. Намыстан жарылардай болып жынына мініп алған жарықтық қыздың аяғы жерге тиісімен «бүгіннен қалдырмай ұзатсын» деп, ауылдың шаңын қағады. Ендігісі – еріксіз ұзату. Келіннің бетін ашып болуына: «Кәне, қашақты алдыма алып келіңдерші, көрейін» деп ақырған. Алдына алып келеді. Иіліп сәлем берген Қадишаның албыраған сұлу жүзіне жанарын суық қадап: «Мынау басқа ғой! Менің келінім үрдің қызындай еді. Бұл менің келінім емес. Алып кетіңдер!» деп теріс айналыпты.
Ал ақиқатында Қадиша нағыз үрдің қызындай сұлу болған. Атасының әлгі сөзі келініне көңілі қатты қалғандықтан айтқан қиқарлығы деседі. Мүмкін. Ал шынтуайтында Тілеуқұл атамыз баласын менсінбей жерге қаратып кеткен қыздың азарын кешіре алмай кек тұтқан. Содан Қадиша сол беті ашылған күннен бастап ашулы атасының қаһарына ұшырайды. Сыртқа отауынан аттап бастырмаған, домбыра тартқызбаған, ән мен жырға тыйым салған. Тек бес уақыт намазын ғана қаза қалдырмаған. Содан Қадиша ішқұса болған. Оның аяғы махаббат дертіне шалдыққан аяулы жан ішқұсалықтан бала көтермейтін сұмдыққа ұшыраған. Қамит пайымды жігіт болса керек, келіншегінің зарлы-мұңды жанын сол ғана түсінген. Қадишаның «әнтек» қадамын кешірген. Әкесі ауылда жоқта қатар құрбыларының қолқалауымен келіншегін түнемелік алыс оңашаға алып кетіп, әбден құмарлары қанғанша жырлатады екен. Дегенде Қадиша көкірегінде булығып, күйдіріп-жандырған қызыл желді сыртқа шығарып, бойы жеңілдеп, бір сергіп қалатыны болмаса, сүлесоқ сырқаттан арыла алмайды.
Содан күндердің бір күнінде атасы дүние жарықтан баз кешкелі төсек тартып жатып қалғасын келінін алдына шақыртып алып, домбырасын серік етуіне ұлықсат етіп, батасын береді. Бірақ бәрі де енді кеш еді. Және: «Мен өлгенде жоқтайсың ба?» депті. Қадиша іркілместен: «Жоқтаймын!» дейді. Сонда, атасы: «Не деп жоқтайсың?» деген екен. Келіні тағы да іркілмей: «Алла аузыма нені салса, соны айтамын, басқа не деуші едім» депті қатуланып. Атасы: «Олай болса, жоқтауыңды осы қазір баста, біле кетейін» десе керек.
Неше жыл қысастықтан қорланып жүрген Қадиша неден тайсын, атасының қарсы алдына отырып алып, қоңыр домбырасын бабына келтіріп, өзі шығарды ма, кім білген, бір күйді ышқынтып зарлатты дейді. Содан кейін, Қадиша-мұңлық күй тартып отырғанда ойланып алған да болар, көкірегінде қордаланған запыран зарын ақтарыла толғап бір берген. «Жоқтауын» бір Алла деп бастап, ата-баба аруағына сыйынып, алапат екпінмен төккен дейді жосылтып. Ақ тілеулі екі жастың махаббат отын өшіріп, аңсаған арманын тұншықтырғанын, келін болып түскесін де райынан қайтпай, ащы тілін тартпай, орайын келтіріп кекетіп-мұқатып жас жанын жәбірлегенін, ән салдырмай, домбыра тартқызбай, жыр айтқызбай өмірін өксіткенін, ғашықтарды Алланың да қолдайтынын, ал бұл кісінің ақылын ашуға жеңдіріп құдайына қарсы шыққанын, атақты Еспенбет жыраудың үкілеген жалғызын келін тұтпай келсапқа айналдырып қорлық бергенін, ақырында қайғыдан қан жұтып ауру тапқанын айтып-айтып келіп, енді аққа мойныңды бұрып, соңыра Алланың алдына барғаныңда, ей, Тілеуқұл, не деп жауап бересің?! – деп, атасын нөсерлеткен сұрақтың астына алып, сұңқылдап боздап аңырығанда, жиналып қалған жұрт тегісінен Мырзастың аспанын күңіренткен.
Сонда дейді-ау, пендешілікпен ашындырып тілін шығарған келінінің топандатқан кекті сөзі атамыздың өңменінен өтіп кеткен болса керек: «Болды! Болды! Тоқтат! Тарт тіліңді! Өшір үніңді! Мына тілі кесілгірді алып кетіңдер!» деп, өзі де еңкілдеп жылап жіберген көрінеді, иманды болғыр.
Сондағы сол оқиға елден елге жеткен.
Ішқұсалықтан не сау емес, не ауру емес, біртүрлі ілеге тап болған Қадишаның жүрімі де көп ұзамаған. Атасының артынан қыршын кеткен. Өкінішке қарай Қадишаның сондағы «жоқтау» зары ешкімнің есінде қалмапты. Әкесі Еспенбет жыраудың да, өзінің де қайда жатқаны белгісіз. Не айтатыны бар. Ұлы жүздің ақын қызы Ұлбике мен Кіші жүздің ақын қызы Қадиша екеуі қалай тағдырлас болған десеңші?! Ол да, бұл да Тәңірден дарыған асыл қазынасының қызығын көре алмай көктей солған.
Апам марқұм Қадишаның «Шеркештің ердім жанына, Мырзастың шықтым басына» деп басталатын толғауының есінде қалған үзік-үзігін талай айтып берген-ді. Ең болмаса соны қағазға түсіріп алсамшы. Не нәрсені де дер уақытында ескермей, кейін болары болғасын бармақ тістеп өкінетініміз қанымызда бар ғой. Әттең…