ӘРІ КЕТКЕН ӘН, ӨЛЕКСЕ ӨЛЕҢ – ҰЛТҚА, ҰРПАҚҚА ЗИЯН
Ең алғаш радиодан ән деп беріліп жатқан осы бір әуенді, оның сөзін естігенде мынау біреуді келеке қып айтып жатқан қалжың шығар, дені сау адамның сөзіне ұқсамайды ғой деп едім, жанымда отырған сапарлас қыз бала: Жоқ аға, бұл ән қазір хит болды ғой, – деді. Не дейді? – деппін бар айтқаным. Кейін осы ән-сымақ айтылып, кейбір үп-үлкен қатын-қалаш пен әп-әйдік еркек қосыла әндетіп, билеп жатқанын көргенде, апыр-ай ұлттық азғындыққа ұшырамасақ болар еді деп мына заманнан бір сәт түгел түңіліп кеткенім рас.
Қараңыз:
Кездестік біз сол кеште, тойда
Дедім бірден «Она моя!»
Жүрмейді екен жүрекке айла
Құдаша қыз, молодая.
Билеп шықтым ортаға қарай
Құдашаға құшақ жая
Ей, қарындас есімің қалай
Доро-гая
Қайырмасы:
Есімің – Балқадиша емес, Балқия
Құдаша билейікші кел, бір партия,
Бақытты болуыңа мен га-рантия
Балқия, Балқия.
Балқия қыз ерінің балдай
Махаббатқа жүрегім мас.
Бара жатыр теңеуім қалмай,
Алма мойын, қиылған қас.
Сері сүйсе Балқадишаны
Сені сүйдім Балқияжан.
Сыйға тарттым ән падишаны,
Танцуй, мадам!
Баж еткіштер баж етсін, бірақ осы әнді жеке той-томалақ емес, әжептәуір әлеужеліден естігенде апыр-ай, Қазақстанда аралас мектеп аталатын орыс-қазақ мектептері ашылып, кім көрінген аралас тілді фильмдер шығарып жатқаны аз болғандай енді аралас тілді әлдекеш ән-сымақтар шығару жолға қойылған ба дейтін болдық.
Бір таңданарлығы сол – теледидардан түспейтін бұл «жұлдыздар» айтып жүрген әлдекеш-әндерде бар болса, бір-екі нота ғана бар. Болмаса, ол да жоқ. Бірақ солар өздері әлдеқандай қып, «оранжировка» деп атайтын даңғыр-дұңғырдың үні ғаламат! Олар ән деп салып тұрған ызы-шудан бірауық ойыңызды бөліп, енді солар айтып тұрған мәтінге құлақ түрсеңіз, оны поэзия немесе ән мәтіні дегеннен гөрі есуастау адамның елірмесі екен деп қалуыңыз әбден мүмкін. Сенбесеңіз қараңыз:
Біз екеуміз жолықтық тым кеш
Бір болуға қорықтық мүмкін емес
Арамызды бөліп тұр бір белес
Өткенді қайталау мүмкін емес.
Жолыққан күнді қайтарсам деймін
Қасыңда қалып сені жылытсам деймін
Көз жасымды көрсетпеуге
тырыстым-ақ
Сеніміңнің биігіне барам құлап.
Сезімім күйіп барам,
Жүрегім жылап барам,
Жүрегім жылап жанар
Шыдайды жүрегім, кетпе сен
Сенсіз ол соқпай қалады
Сүйемін, сүйіп күйем
Сенікін, тіпті, үзіп келем
немесе
Сенсіз ол күйіп қалады
Жүрегім от боп жанар
Бұл ән-сымақты Әйгерім Қалаубаева деген қыз орындайды. Ал енді осыны мәтін, өлеңнің сөзі, оны дені сау, ақыл-есі дұрыс адам жазған дей аласыз ба?
Оны өзіңіз біліңіз… Әлде өзі сөзді түсініксіз қып айтуды сән көре ме, әлде бары сол ма қайдам, осы әнші қарындасымыз ән салып тұрғанда, оның сөздерін түсінудің өзі бір қиямет.
Иә, елірме, лақпа, ақыл-есі аумалы-төкпелі біреу жазған сияқты осындай «өлеңдер» бұл әнге ғана емес, жалпы бүгінгі қазақ әндеріне тән ауруға айналды. Оған қалың қазақтың еті өліп, құлағы да, көзі де үйреніп кетті. Үйреніп кеткені былай тұрсын осындай әлдекеш-әндер мен өлексе өлеңдер той-томалақта, теледидарда орындалып жатқанда залда, студияда отырған қыз-келіншектер, әп-әйдік апалар мен әжелер, әсіресе жалпы әйел қауымы қос алақанын бір-біріне соғып, теңселіп мәз боп отырады. Осының өзінен-ақ біз, яғни бүгінгі қазақ ұлты өзінің ұлттық өнері мен мәдениетінен әбден алшақтап, ұлттық таным, ұлттық талғам-талап, қаттырақ айтсақ, ұлттық бет-бейнесінен айрылып қалғанын айқын көруге болады. Ал ұлттық өнерінен, ұлттық ерекшелігінен айрылып, ол қасиеттерін сақтамаған адамда ұлттық намыс деген болмайды. Ұлттық намысы жоқ адамда адамзатқа ортақ ар-ұят деген болуы мүмкін емес.
Енді өзін-өзі 200-ден астам әннің авторымын дейтін Нұрлан Еспанов деген жігіттің мына ән-сөзіне қараңыз:
Аялаған назым,
Құлпырған гүлім,
Саялаған бағым
Шуақты күнім
Алаулаған жалын
Жанымды кернеп,
Көңілім алып-ұшып,
Таппайды тыным
Көңілім толқиды
Сен-сен-сен
Құралай мүсін,
Сен-сен-сен
Сен мені түсін
Сен-сен-сен
Кінәлаймысың
Сүйгенім үшін
Асыл күмісім
Құралай мүсін.
Өнерден, жалпы мәдениет атаулыдан, азды-көпті ұят пен ар-намыстан хабары бар адам осындай не басы, не аяғы, не ортасы жоқ, сөздерді өлең деп жаза ма? Оны екінші біреуі ән қып айта ма? Қазақта «құралай көз», «ақ күміс», «қақтаған ақ күмістей» деген қалыптасқан сөз тіркестері бар. Бірақ мемлекет құрғанына бүгінде алты ғасыр болып отырған қазақтың сол алты ғасырда бір рет «құралай мүсін», «асыл күміс» дегенін естісек, құлағымызды не қылсаңыз да өз еркіңіз. Ал алдыңғы және осы екі елірмені өлең дегеннен гөрі қазақ поэзиясының маңдайына біткен кесапат деудің еш артықшылығы жоқ.
Абай Бегей деген жігіт өзінің ғашықтық сезімін:
Әдемісің айдай сұлу елігім,
Көрген сайын қардай (?) ерідім.
Мен өмірлік болсам деймін серігім,
Аңсағаным
Жүрегімді жылатпашы кел, жаным
Жаныма кеп тұрақташы,
бұлбұлым, –
деп ақтарады. Осыны ұялмай-қызармай өлең деп ар-намысыңыз болса айта аласыз ба? Елік қалай айдай сұлу болады? Еліктің сұлулығын есі дұрыс ғашық Айға теңей ме? Және елікті көріп, көрген сайын қардай ерісе несі қалады? Тіпті, қанша ғашық болып қалса да біреуді бұтақтан-бұтаққа ұшып-қонып жүрген бұлбұлға теңегенді, оған сен енді менің қасыма кеп тұрақташы дегенді ол қыз қалай түсінеді, тыңдарман сіз қалай түсінесіз?
Әдетте ең ақылды адам – өзі білмейтін нәрсенің басын қозғамайтын адам. Өйтпесең, бет қарай алмайтындай ұятқа қаласың.
А.Тарғын деген жігіт:
Мариям арман едің
Жұлдыздай жанған едің.
Ғашық боп қалған едім, –
деп тұрғанда дәл осы қағида еске түседі. «Апыр-ау, қазақ әніне ерте заманда Иса пайғамбардың күтушісі болған Мария Магдаленаның не қатысы бар? Бұл әнімен әншіміз не айтқысы келеді?» деген де ойға қаласыз.
Иә, бүгінгі қазақтың эстрадалық әндері туралы сөз қозғай бастасаң-ақ, біз бір-екі мысал келтірген соншалықты орайсыз, соншалықты қолайсыз осы бір кесірлі жағдаят ең алдымен еске түседі. Әннен – репет, сөзден – берекет қашты. Ал әні мен сөзінен мұндай қасиет қашқан ұлттың ертеңі не болмақ деп ойлайсыз? Дүнияда ең жаман нәрсе – өнерде, әдебиетте тыпырлаған тұғырдан – тұлпар, қарқылдаған қара қарғадан – сұңқар жасау. Бұл – ел болашағына, ұрпақ болашағына деген қастігерлік, қастандық. Бұндай әнсымақтар ұлттық өнерді өрге сүйреудің орнына, ілгері басқан аяғын кері кетіретінін ескерсек, ән мен мағынасыз мәтінге шығарылған тумай туа шөккір «туындысымақтардың», олардың «жұлдыз авторларының» күндіз-түні телевизиядан дәріптеліп жатқанын қалай түсінуге болады? Бұл ұлттық сананы құлдыратудың бір жолы ғой, біле білген адамға!
Тағы бір мысал: мамандығы сазгер болмаса да композитор, сазгер атанып жүрген Бейбіт Оралұлы деген жігіт өз білместігімен тұрмай, сазгер деген сөзді келеке қылды. Ол баспасөзге берген сұхбатында сазгер деген сөзді саз балшықпен шатастырмақ болғанын оқығанда оның мына біліксіздігіне қатты қайран қалдық.
«О, Вольтер! Қайда Қапан Сатыбалды,
Сатыбалды баласы жатып алды,
Жатып алды аққудай ақын атын
Атып алды, тарихта аты қалды, –
деп Қасым Аманжолов айтқандай, адам жанын елжіретіп, көңіл мұзын ерітер алып бара жатқан әні болмаса да (бұл – өз ойым!) композитор атанып жүрген бұл жігіт жалпы түркі жұртында «саз» деген сөз әннің, әуеннің баламасы екенін, тіпті бірсыпыра түркі халықтарында саз деген аспаптың да бар екенін білмейтін болғаны-ау, ә?!
Сөздің ұтыры келген соң айта кетейік: Осы күні қазақтар ананы да, мынаны да «ойбай, бұл термин сөз! Оған тиісіп, қазақшалауға болмайды» деп қызылөңештеніп жататын болды. Бейбіт Оралұлы айтып отырған «композитор» деген сөз де оншалықты киелі сөз де емес, термин де емес. Ол бар болғаны «композиция», «құрастыру», «құрастырушы» деген ғана мағынаны береді.
Иә, нағыз ән өзіне жазылған мәтін сөзімен қабысып, үндескенде ғана өзі жанындай сүйген жан-жарын, өмірлік сыңарын тауып табысқан сұлу қыздай көріктене, көз тарта түседі, бірде жаныңды тербеп, бірде сергітіп, енді бірде қайдағы-жайдағы өткен-кеткен күндеріңді еске түсіріп, сай-сүйегіңді сырқыратады. Өксігі болса да тәтті бір мұңға бөлейді. Не шалқар-шаттыққа, қарһәлләзи қуанышқа қарық қылады, кенелтеді. Құдайға шүкір, бүгінгі қазақ әні ондай қасиеттіліктен, ондай киеліліктен кенде де емес. Ол қасиет пен киені айтқанда бір ғана ақын Мұхтар Шахановтың сөздеріне жазылған әндерді, әсіресе алдымен атар едік. Қараңыз:
Сен бар жерде терезем тең сияқты,
Тең сияқты, керегем кең сияқты, –
дей келіп,
Дәл сен құсап мені ешкім еркелетіп,
Өкпелете алмаған сен сияқты.
Келешекке қатарласа аяқ басқан жас жұбайлар, қос манақ осылайша бір-біріне назы мен базынасын бірге айтып-айтып келіп, «Енді сәулем бәрі де әділетсіз, бізді бақсыз, баянсыз дегендердің» – деп алдағы асуы мол, әрі таусылмайтын асқар армандарға қанат қармай ұша жөнелгені көз алдыңызда көлбең қағады. Қосылғаныңа қырық жылдан асқан, Құдай қосқан кәрі қосағыңды сен де дереу қолынан алып, бақытқа бет алған, қиял мен қияға қанат қақан мына жас жұбайлармен қосыла қалықтай жөнелгің келеді.
Ал «Ақ бантик» әнінің мәтіні ше? Осы әнді сонау бір жылдары жас та, жасамыс та қолтықтасып тұрып, қол ұстасып, дөңгелене билеп жүріп, тербеле, тебірене шырқағанда, бүкіл әлем өткен шақ туралы сағынышқа толып кеткендей болатын еді ғой.
Осымен тоқтайық. Біздің бүгінгі әңгімеміздің арқауы қазақтың қазіргі ән өнеріне қатысты талай жамағаттың жанын жеп, «осы бетімізбен кете берсек, ұлттық өнеріміз, әсіресе ән-өнеріміз нендей аянышты күйге түсер екен» деген көңіліндегі қаяуын ортаға салу ғана болды. Қайталап айтар болсақ, егер біз ұлттық ән-өнерімізді дәл бүгінгідей әнші болмаса да әнші атанып, ақша табудың көзіне айналдырған «жұлдыздардың» еркіне беріп қойсақ, бұның түбі орны толмас өкінішке айналары сөзсіз. Ән мен оның сөзіне мән бермей кім көрінгенді сахнаға шығарып, қыруар ақша төлеп, тойымызға шақырып, соларды байыту, ол аз болғандай оларды күн сайын теледидарға шығарып насихаттау – ұлтымыздың рухани құлдырауына әкеп соғады. Ал ұлттық өнері құлдыраған ұлттың бүкіл сана-сезімі құлдырайды. Ұлттық сана-сезімі құлдыраған ұлт жойылады. Ендеше, әніміз бен оның мәтінінің сөзіне де көбірек көңіл бөлетін кез келді, ағайын!
Мырзан КЕНЖЕБАЙ