Бигелді ҒАБДУЛЛИН: «Сталиндік лагерьлердің бассыздығы келмеске кеткен жоқ»
Биыл белгілі жазушы, публицист Бигелді Ғабдуллин «Мараль» атты романын жарыққа шығарды. Бұл шығарма күннен-күнге тек елімізде ғана емес, шетелде де үлкен танымалдылыққа ие болуда. Осыған байланысты біз роман авторымен әңгімелескен едік.
– Құрметті Бигелді Қайырдосұлы, жақында Мәскеуде «Мараль» романыңыздың тұсаукесері сәтті өтті. Одан кейін бұл шығармаңызды Астанадағы Халықаралық кітап көрмесінде оқырмандарға таныстырдыңыз. Осы іс-шаралардан қандай әсер алдыңыз?
– Кез келген маркетолог бірегей өнім ойлап тауып, оны жасап шығарудың аз екенін, бұған қоса оны сатуды да білу қажеттін жақсы түсінеді. Ол үшін оны дұрыс таныстырып, әлеуетті оқырмандардың назарын аудара білу керек. Бұл ереже барлық салада, оның ішінде, әдебиетте де қолданылады. Сондықтан кітаптың тұсаукесері бос әурешілік те, өзін-өзі мадақтау да емес. Бұл – таза маркетингтің ең жақсы көрінісі. Мәскеудегі тұсаукесер Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаевтың бастамасымен өткізілді. Ол «Мараль» романын алғашқылардың бірі болып оқып, тұсаукесер өткізуді ұсынды. Бұл шара АШЖК кешеніндегі «Қазақстан» павильонында жоғары деңгейде өтті. Оған жазушылар, журналистер, дипломаттар және жерлестеріміз қатысты. Қонақтар қатарында романның баспагерлері– Ресей сөз өнері академиясының академигі, «Художественная литература» баспасының бас редакторы Георгий Пряхин, «Роман-газета» журналының бас редакторы Юрий Козлов және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысып, жылы пікірлерін білдірді. Астанада өткен «СИЗО» мен «Мараль» атты кітаптарымның тұсаукесеріне де көп адам жиналды.
– «Мараль» романының тағдыры туралы айтып беріңізші. Мәскеудегі беделді баспа мен журналдарда оны қалай жарыққа шығардыңыз?
– Бұл романды мен арнайы қазақстандық «Меценат» байқауы үшін жаздым. Бұл байқаудың жеңімпазы өмірінің соңына дейін ай сайын 500 доллар көлемінде арнайы сыйақы алатынын көпшілік білмеуі мүмкін. Мен роман қолжазбасын байқау мерзіміне сай тапсырып үлгердім. Байқау шарты бойынша шығарма көлемі 150–300 мың таңба аралығында болуы тиіс еді. Бірақ менің романым 310 мың таңбадан тұратын. Қолжазбаларды жинап болған соң, ұйымдастырушылар талдауға кірісті. Бірінші күні-ақ жоба авторы Ерлан Асқарбеков маған қоңырау шалып: «Романның көлемі шартқа сай келмейтіндіктен, бәйгеден алып тастауға мәжбүрміз», – деді.
Мен бірден компромисс ұсындым: «Асып тұрған бар-жоғы 4-5 бет қана. Маған қолжазбаны қайтарыңыз, мен оны бір-екі сағатта қысқартып, қайта тапсырамын. Бұл – роман ғой! Роман үшін бірнеше бет маңызды емес. Керісінше, ұсынған шығармамның көлемі аз болып жатса, әңгіме басқа». Бірақ ол келіспеді. Сол сәтте мен жобаның басты және жалғыз демеушісі кәсіпкер Тимур Тұрловпен байланысқа шықтым. Ол «Қарастырамыз!» деген қысқа жауап берді. Сонымен қатар мен романымды Нью-Йорк қаласындағы әйгілі ақын Бақыт Кенжеевке жібердім. Ол ауыр халде жатса да, романымды оқып, ұйымдастырушыларға төмендегідей хат жазды:
«Құрметті Ерлан, Бигелді Ғабдуллиннің «Мараль» романының тек формальды себеппен (300 мың таңбаның орнына 310 мың таңба) байқаудан алынғанына қынжылып отырмын. Бұл маған асығыс және әділетсіз қабылданған шешім секілді көрінеді. (Кез келген тәжірибелі редактор 3%-дық көлемді 2 күнде қысқарта алады). «Меценат» сыйлығының басты құндылығы – қазақ әдебиетін тұтастыру мен дамыту. Әдебиеттің осындай жарқын өкілдерінің бірін байқаудан шеттету – болашақ үшін қауіпті қадам. Құрметпен Бақыт Кенжеев»
Келесі күні маған Т. Тұрловтан хат келді. Ол менің шығармашылығыма үлкен құрметпен қарайтынын, бірақ байқау шарттарын өзгерте алмайтынын жеткізді. Мен бұған ренжіген жоқпын. Сол күні-ақ романымды Мәскеудегі «Юность» журналының редакциясына жолдап жібердім. Қуанышқа орай, журнал қызметкерлері мен бас редактор Сергей Шаргунов романды жоғары бағалады. Сергей Шаргунов сөздің адамы екен, журналдың 2024 жылғы 12-нөмірінде «Мараль» романымнан үзінді жарық көрді. Қазақ айтатындай: «Әр істің бір қайыры бар». Кейінірек Шаргуновтан романым туралы «Художественная литература» баспасының бас редакторы Георгий Пряхин естіген. Ол маған Мәскеуден хабарласып: «Сіздің романыңызды басып шығарғымыз келеді», – деді. Осылайша, менің романым Ресейдегі ең беделді баспалардың бірінен жарық көрді. Бірақ бұл оқиға мұнымен де аяқталған жоқ. Көп ұзамай роман туралы «Роман-газета» журналының бас редакторы Юрий Козлов та хабардар болып, маған романды өз журналдарында басып шығаруды ұсынды.
– Оқырмандарға романыңыз туралы айтып беріңізші. Ол неліктен Мәскеудегі баспагерлерді қызықтырды деп ойлайсыз?
– Бұл – менің тәжірибемнен туған роман. Журналист ретінде, қоғам қайраткері ретінде, тіпті бір кезде тұтқын болған адам ретіндегі тәжірибемнен туған. Бірақ бәрінен бұрын сенімнен туған роман десек болады. Мен өзіме жасалған қастандыққа, соттар мен моральдық қысымға қарамастан, ар-намысымды сақтауым мүмкін екеніне сендім. Тіпті СИЗО-да. Тіпті ой еркіндігі жүйеге қауіп боп саналатын елде де.
Көпшілік Сталин заманының лагерьлеріндегі бассыздық келмеске кетті деп ойлайды. Өкінішке қарай, біздің түзеу жүйемізде сол кезеңнің қорқынышты іздері әлі де сақталған. Қазақтың талай арысын азаптап өлтіргендердің шекпенін бүгінгі кейбір полицейлер әлі де киіп жүр.
Кітапта жазылғандардың бәрі шындық. Бұл көркем қиял емес. Бұл – мен жүріп өткен жол. Адам мен жануар арасындағы шекара қай жерде деген сұраққа жауап іздеу. Тас қабырға, торлы терезе мен болашаққа деген үрейдің арасында не қалады? Міне, кітап осы жайлы.
– «Еркіндіктің қадірін тек еркіндігін жоғалтқан біледі» дейді ғой. Солай ма?
– Үрейімнің күшейген сәттері болды. Тып-тыныш түн. Құбырдан тырсылдап тамған судың дыбысы. Қабырғаның арғы жағынан естілген азап шеккен адамның ыңырсыған үні. Сол кезде адам өз ар-ожданымен бетпе-бет қалады. Мен қорықтым. Бірақ азаптан емес, жазадан емес. Өзімді жоғалтудан қорықтым. Айнадан адам емес, еңкіш тартқан, бәріне көнген көлеңкені көрем бе деп қорықтым. Сондықтан сөзді, ойды, камерада өзіме сыбырлаған өлең жолдарын қармадым. Осылайша, аман қалдым. Себебі ең басты нәрсені – өзімді жоғалтқан жоқпын.
Бұл кітапта өзім жайлы емес, біз жайлы жазғым келді. Себебі менің басымнан өткен жағдай кез келген адамның басына түсуі мүмкін. Тек Қазақстанда ғана емес. Бұл кітап басып-жаншу механизмінің қалай жұмыс істейтінін көрсетеді. Адамнан бәрін тартып алғанда, ар-намысты қалай сақтап қалуға болатынын баяндайды. Бұл кек алу немесе өзімді ақтау үшін жазылған жоқ. Бұл – еске салу үшін жазылған кітап. Біз бос кеңістікте өмір сүрмейміз. Әрбір сөз, әрбір әрекет өзгелерге әсер етеді. Әрбір адами ар-намыс көрінісі де солай. Егер бір ғана адамның өзі «Маральды» оқып, өзін жалғыз сезінбесе, бұл кітаптың бекер жазылмағаны.
Сұхбаттасқан
Еділбек Дүйсен