Құрметті сөздің алғашқы әсері
13.01.2017
2199
0

«Тіл өнері – дертпен тең…». Ғазиз жүректің терең талқысынан өтіп, ақыл мизанында неше рет өлшеніп барып айтылған осы сөздің ақиқаттығына ғана емес, махаббатына көбірек бас ұрасың. Сөзді сүюдің алдында түсіну мен ынтызарлықтың тұрғанын іштей бағамдап үлгергеніңмен, соны өз деңгейіне шығара алмай зәре-зап күйге түсесің. Жақсы сөзді бәрі сүйеді. Бірақ көбі айта алмайды. Түсінбей һәм махаббатсыз айтылған (жазылған!) дүниенің бәрі – қызылсөзге айналады. Сөз – құрметті, асыл. Қызылсөз – бағасыз. Осы аралықтың бар айырымын сезіне алмай, нашар өлең жазып: «Осының қай жері нашар?» деп сұраған замандасқа не деп жауап береріңді де білмей қиналасың. Поэтикалық қуатын айтып, түсіндіруді артық көріп, «деңгейі төмен» дейсің. Бір байқалатыны, олар сөзді сүйеді. Сол үшін жазады. Бірақ түсіну мен ынтызар хәл жоқ. «Баяғыда Мұқағалиды да осылай түсінбеген» дейді сосын көңілі қалып… Ақынның жолы бәріне ортақтай.

Мұхтар Әуезов дүниеден озғанда: «Ат тұяғын тай басар деген өнерге жүрмейді. Өмір күнде мереке емес, ренжіткен жеріміз болса, кешір» деген дегдар Ғабит Мүсіреповтің сөзі замандасын мойындау, сол уақыттарда кемел жазушыға жасалған қиянаттар үшін ғафу өтіну ғана емес, өнердің – сөз өнерінің дерті мұрагерлікпен берілмейтіндігін шегелеп айту еді. Рас, Әуезовтің тағына одан кейін де ешкім иелік етпеді. Жазушының жолы, мінезі, тілі, сөзі кейінгіге там-тұмдап жұққан да шығар, бірақ дәл сондай рухани биікке көп адам көтерілген жоқ. Мүсіреповтің осы сөзінен кейін жазушыны жазушымен, ақынды ақынмен салыстыруды, жарыстыруды қою керек шығар деп ойлайсың. Әркім өзіне шақ талантпен сөзді сүйеді, түсінеді. Соған орай жазады. Оқырман да өз талғамынша таңдайды, оқиды. Ал әркімнің жолы өзінше – дара…
Ақын-жазушылар өз айналасындағы құбылысты жазып, әрқандай күйге баға бергенде оқырмандары: «тура менің ойымдағыны айтыпты» деп жатады. Ол соны айту үшін де ақын-жазушы ғой. Оқырман ақынмен бірдей ойлағандығы үшін онымен теңесіп кетпейді. Ақын не жазушы сияқты айта алмағаны үшін – оқырман. Қаламгер көптің көңілінің пернесін тура басқаны үшін – ақын-жазушы. Қанша шығармаларды оқып, өзімізді көріп, болмаса жанымыздағы адамдарды танып: «мынау тура Бейімбеттің Мырқымбайы, Арыстанбектің Мұқышы ғой» дедік екен. Өзін жазып қояр деп Чеховтан қорыққан қанша замандасы оған дейін өз тұстастарын жазушы шығармаларынан көріп үлгерді екен. Князь Мышкин Фердыщенкомен алғаш танысқан кезінде, жүріс-тұрысын, сөзін бағамдап: «Өзінің тапқырлығымен, көңілді болмысымен жұртты таңғалдырғысы келетін, бірақ онысы сәтті шықпайтын адамдар болады, мынау сондай екен» деген тұжырымынан соң, жұрттың көңілін тапқымыз кеп, жағымпаздана сөйлейтін сәттерді ойға алып, мырс еткенбіз. Гогольдің Пироговы сияқты дүние білімінен түк хабары жоқ, бірақ өзін асқан білімді санайтын адамдар қанша. Әйтпесе біздің қазіргі қоғамдағы бір байлыққа қолым жетіп, рахат өмір сүрсем дейтін пиғылды жиі байқаған сайын Гоголь жазған орыс қоғамы, «полковник, генерал шенін алсам» деп армандайтын лейтенант пен капитан кейіпкерлері еске түсе береді.
Қоғамның айнасына айналған жазушы шығармаларының қатты әсер етіп, өз әлеміне тарта жөнелетіні ерте кезден-ақ қалыптасып қалатын сияқты. «Мөлдір махаббатты» оқыған кезде жиырмасыншы ғасырдың басына барып қалғандай күйге түссең, «Абай жолымен» Бөжей асына қызмет еткендей елпілдеп, күйіп-жанасың. Петербор қаласын көрмесең де, тап сол қаланың көңілсіз кешінде, жаңбыр жауып тұрғанда, әлдебір поручиктің есігін қағып тұрғаныңды елестетіп көресің. Бәлкім, генерал Епанчиннің сұлу үш қызымен танысып та үлгересің. Сол махаббатыңды «Аңыздың ақырындағы» сәулетшінің махаббатқа талпынысы сияқты бір ерлік жасап, көзге түскің келетін әсері де аз болмайды.
Бала кезімізде оқыған әлем ертегілерінің екі томдығындағы үнділердің маймылдар әлемі туралы әпсаналары қазір терезеден маймыл кіріп кетердей күйге түсіретін. Болмаса грузин ертегісіндегі әкесінің ақшасы отқа түскенде үндемеген бала, өзі еңбекпен тауып келген ақшасын әкесі отқа тастағанда жалаң қолымен оттан жұлып алған көрінісі «еңбектің наны тәтті» деген мақалмен бірдей екен ғой дегізген. Өзіміз қашан жұмыс істеп ақша табар екенбіз деп армандадық. Бала кездің қиялы балаң болғанымен, кейде дұрыс түйін жасауға да ырық беретін. Мектепте жүргенде ҰБТ-ны сәтті тапсырып, оқуға түссек деп тілейсің. Университетте жақсы оқып, жұмысқа тұруды армандайсың. Соны бәрі бітпейтін мазасыз ойға жетелейтін. Оданша ақыры тынымсыз тіршілік болғаннан кейін, бірден үлкен өмірге араласып, тұрмыстың қамытын тезірек кисем деп ойлаушы едім. Алдыңдағы өткелдер өмірден де қиын көрінетін кез. Соның бәрі артта қалғанда түк қайғыратын нәрсе емес екен ғой деп күліп, еске алғанмен, нағыз түпсіз уайымның нақ шағы еді. Қазіргі оқуға түсер талапкерлерге қойылған талаптың жылдан-жылға күшейіп бара жатқанын естіген сайын, солардың уайымына уайым қыласың.
Сонымен баланың жанын ата-атамен бірге әдебиет қосылып тәрбиелейтініне көз жеткізбей тұрғанда, сөзге «атаң сөзшең, шешен болған» деген әже сөзінен кейін атамызға тартқымыз кеп, өлең жаттап, оны мақтана оқып жүруді балалықпен қызық көрген кезіміз болашағымызға себеп болыпты. Әлдеқалай бала күнімізде жаттаған туған жер туралы Әбу Сәрсенбаев пен Қасым Аманжоловтың өлеңдері алғаш рет нағыз поэзияның қасиетін сездірген сияқты әсер береді қазір. Сол өлеңдерді оқып тұрып, қаншама арманға қанат бітірдік десеңші.
«Уа, туған жер,
топырағыңнан жаралдым,
Алабыңнан арманыма нәр алдым.
Тұнығынан жүзіп іштім сендегі
Алтын арай таңғы
жұпар самалдың…».
(Әбу).
***
«Шықшы тауға, қарашы кең далаға
Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға
Ол шетi мен бұл шетiне жүгiрсең
Шаршайсың ба, құмарың бiр қана ма?

Уа, дариға, алтын бесiк туған жер
Қадiрiңдi келсем бiлмей кеше гөр.
Жата алмас ем
топырағыңда тебiренбей
Ақын болмай тасың болсам мен егер…».
(Қасым).

P.S. «Әдебиет – күрес қаруы» (Пьетри). Бұл сөз алғаш Латын Америкасының әдебиетінде испандардың отарлауына қарсы айтылған сөз болса да, тек басқыншылықпен ғана емес, жамандықпен, зұлымдықпен, надандықпен күрестің қару екенін адамзат баласы ертеден-ақ түсінгендей. Жер-Ана жаратылғалы қаншама мәдениет пайда болып, жойылса да, солардың артында аңызы, ертегісі, жыры қалған. Дүние тіршілігінен сырт жатқандай көрінетін сөз өнерінің адам өміріндегі маңызды тетік екенін сезінген сайын «…Күрес қаруың» мықты болса екен деп тілейсің.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ.


Қанат Тілеухан

Жазудың қызығы

10 сыныпта оқып жүргенімде ең алғаш рет «Кім жазықты?» деген әңгіме жаздым. Ата-анасы ішкілікке салынып кеткен қыздың өлімі туралы шимайым болатын. Жансүгір кентіндегі «Ақсу өңірі» аудандық газетіне жолдап, оным араға көп уақыт өтпей жарық көрді. Шешем қатты сүйсініп, редакцияға алып-ұшып барып, ондағы азамат­тарға алғысын да айтып келгені әлі есімде. Әкем марқұм болса  әңгімемді оқығанымен аса жаратпады. Мектепте «жазу­шы бала» деген атым шықты.  Ана пейілі мен мұғалімдердің мақтауы мені қанаттандырып жіберсе керек, тағы да бір-екілі дүниелерім сол басылымға жарияланды. Мен сол кезде Алматыны Мұқағали сынды бағындырам деп ойладым. Сол Мұқаңдай соңыма аңыз қалдырып, дәл 45-де өмірден озамын деп сендім. Қазір бұным өзге түгілі өзіме де күлкілі. Бірақ мен соған кәміл сенген едім. Осындай зор сенім мені жетелеп ҚазҰУ-не апарды. Алғашқы  шығармашылық емтиханнан өтпей келген ізіммен қайтадан ауылыма қайттым. Сол кезде жазуымның нашар екенін алғаш түсіндім. Бірақ менің «талантыма»  тамыр-танысым жоқ бөтен қалада қысастық жасалды деп өзімді-өзім ақтап алған едім. Екінші жылы тағы да жолым болмады. Алайда, ағайындарымның көмегімен ақылы бөліміне түстім. ҚазҰУ-де өзінше бір әдеби орта болған-ды. Б.Халиолла, Н.Бердалы, Ж.Әбсадық,
Т.Тұр­лыбаева сынды қыз-жігіттердің аты ұстаздар мен студенттер арасында жиі аталатын. Менімен бірге көршілес факультетке түскен Б.Сарыбайдыңда аты екінші семестрден кейін шыға бастады. Бауыржан бастағын мықтылар университетті аяқтағасын біздің де атымыз жазармандар қатарына ілінгендей болған еді. Кейін оқуды аяқтаған соң тұс-тұстан ақындық пен жазушылыққа таласы бар жастар Алматыға ағылды. Мен олардың арасына кірігіп кете алмадым.
Т.Таңжарық, Ұ.Нұрғалымдардың өлеңдеріндегі сөз саптауларды көргенде өзімнің соншалықты қабілетсіз екенімді іштей әрең мойын­дадым. Филология факультетінде оқысақ та көп оқып, ізден­бегенімізге өкіндік. Содан болар, қазір тәуірлеу дүние оқысақ соны жаһанға жар салғымыз келіп тұрады.
Әдебиет үлкен еңбекті талап етеді. И.Буниннің «О Чехове» атты мақаласында А.Павловичтің  әңгімеңнің басы мен аяғын сызып тас­тап қайта жаз деген өсиет сөзін оқығаным бар. Басқа да  ұлы жазушылардың жазуға қатысты айтқандарын естіп, оқып жүрміз. Бі­рақ олардың тілін алғымыз келмейді. Тамсанып қана қоямыз. Бас­тысы, әдебиетпен айналысу үшін бойдағы жалқаулықты жеңу керек сияқты. «Мен жайлы кім жылы сөз айтып жатыр екен» деп тың-тың­дауды тиюға қарекет етіп көрген дұрыс-ау. Қазақ табиғатынан ақын емес, айтыскер болса керек. Мен де сол болмысыммен бірден ойлаған дүниемді суырып-салғандай «төгіп-төгіп» тастағым келеді. Кейін қайтара оқығанда сол өзіңді «сүйетіндіктен» кемшілігіңді көрсең де ақ­тайсың. Өзіңді жеңе алғанда шама-шарқыңша түзеткен боласың. Жаны ашиды-ау деген сөз танитын адамдарға жазғаныңды көрсетіп ала­сың. Біреудің жұмысын істегендей «шедевріңді» қайта қарап, кей­бір жерлерін толықтырасың, аласың. Бірақ бұл үнемі бола бермейді. Өйткені, жалқаулық жеңдіре беретін осал жау емес екен. Жазудан рахат алатындай жазудың асқан шебері болмағасын  үстел үстіндегі жұ­мыс­тан ләззат аламын деп айта алмаймын. Егер шығармаң жарық көр­генде талғампаз қаламгерлер тарапынан бағаланса, жазудың қы­зығын сонда ғана көресің.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір