Нағыз қазақы ортаның бизнесі
Құмар ЖҰМАХАН,
жас кәсіпкер
Есік қағып, қызмет іздейтін, жұмыс сұрайтын, қызметін көңілсіздеу атқарып, жалақы күтумен күні өтетін, бір-біріне «әкеңнің жұмысы емес қой, сонша өлерменденіп не көрінді?!» – деп қалжыңдайтын қазақ түсінігіндегі мал табу мен дүние жию туралы түсінік көп жағдайда «дүниеқоңыздық» деген сүйкімсіз сөзге келіп тіреледі. «Өкімет өлтірмейді», – деген сеніммен күн кешіп келген жалпақ ел КСРО ыдыраған жылдары қайтерге білмей, жан далбаса базар жағалап кетпеп пе еді! Еті тірі дегендері мәліш саудадан тапқан азғантай тиынымен бала-шағасының күндік ас-суын қамдай алғанына малданды. Ал көпшілігі дүрмекпен бірге «базарға барып, бағын сынағаннан» арыға бара алмады, – жалданды, жүк тасыды, ілдалдамен күн көрді. Қазақ қоғамы бір-ақ күнде нарыққа құлап түскен.
Арада ширек ғасыр озды. Жалданып үйреніп қалған қазақтың арасынан да «жылы-жұмсақты қашанғы инвесторлар ала береді?!» – деген жанайқай естіле бастады. Қазақ жерінің иесі – қазақ қана, жанашыры да – сол. Бұл – жас кәсіпкер Құмар Жұмаханұлының мақаласын оқығаннан соңғы түйген ойымыз.
Бізге бабадан қалған «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген керемет сөз бар. Бұрынғы қазақтың дүние, ақша туралы түсінігі осындай болған. Ол кездің байы ел-жұрттың ең абыройлысы, ауыл-аймақтың асыраушысы, биі, көсемі болған. Атымтай, жомарт, мәрт деген үлкен образдарға сыйдырған. Әдебиетте айтылатын «Қарынбайлар» бейнесі ұрпақты дүниенің құлы емес, биі болуға талпындырудан шықса керек.
Ұлттың, мемлекеттің, саяси жүйесінің, өмір салтының өзгеруіне байланысты ондағы көптеген құндылықтар да өзгеріске ұшырайды. Соған байланысты қазіргі қазақтың ақша туралы көзқарасы да өзгеріп келеді. Ата-бабаларымыз үшін ақша – ол мал-мүлік, алтын-күміс, бағалы заттар болса, біз үшін банк, есепшот немесе қолдағы қағаз ақша. Мәселен, ата-әжелерімізге ақша табу қиын сияқты көрінеді, қолынан келетін нәрсе оңай, ол кісілер туысқанының немесе ауылдасының тойына атан-өгіз сыйлай салуы мүмкін, солай беріп үйренген, ал, 1000 теңге ақша беруге ойланып қалады.
Қазір бізде нарықтық қоғамға, бүгінгі күннің экономикалық жағдайында бейімделу үрдісі жүріп жатыр. Шешем айтып берген бір қызық жағдайды баяндайын. Біз тұратын ауылда тоқсаныншы жылдар шамасында бір кісі дүкен ашып, сонда іш киім, байпақ, тарақ сата бастады.Соны көріп, ауылдың адамдары:«еркек басымен әйелдердің іш киімін сатып жатыр, ұялмайма!» – деп сөз қылып жататын дейді. Бұл – мұнда ғана болған оқиға. Біз сондай түсініктен арыла алмай жүрген, малы көп адамды бай деп жүрген кезден біраз уақыт бұрын біреулер мерседес мініп, ұшақ ұшырып, корпарациялар құрып жатқан.
Бізге бизнесі қара озып кеткен мемлекеттердің деңгейіне жету үшін көп тер төгуге тура келеді. Солай болуына бір себеп осы біздің ұлттың ақшамен жақындығы жоқтықтан ба деп ойлаймын. Мемлекет қазір көптеген бағдарламалар дайындап, кәсіп бастап, ақша табуға алғышарттар жасап жатыр, бірақ соған талпынып жатқан қаракөздердің қатары сирек. Керісінше тепсе темір үзетін жігіттер таксист болып, қара жұмыс істеуге жақын. Мен кәсіпкерлікке байланысты көптеген курстарға барамын. Тек орыстар, басқа ұлттар, арасында соларға жақын орыстілді қазақтар жүреді. Бұның өзі ескі әдеттің бойдан арыла қоймағанның дәлелі. Тек соңғы уақытта ғана Қазақстанда кәсіпкерліктің үлкен насихаты басталып, қазақтілді бизнес-тренерлер пайда болды, әлеуметтік роликтер, университеттердің аясында кәсіпкерлік жобалар, мемлекеттік гранттар бөлінуде, «Атамекен»ҰКП, әкімшіліктерде кәсіпкерлік басқармасы құрылуда. Бұның бәрі жайдан-жай болып жатқан жоқ, қоғам өзінің ішкі қажеттілігінің арқасында туындатты. Енді басталған осы үрдіс үдей түседі деп айта аламын. Бара-бара бәсекелестік артады. Талпынатындардың да қатары көбейеді.
Біз қазір кәдімгідей ақшаға жақындап, дүниеге деген көзқарасымыз айқандалып келеді. Өмірдің мәні ақшада емес, әрине, дегенмен, дұрыс тірлік жасап табыс табу, жақсы жерде тұру, жақсы жерде білім алу, жақсы көлік міну – ол керек. Тағы бір айтатын мәселе, біз мұсылманбыз, біздің дінде дүниеден алыс болудың насихаты қаттырақ жүреді. Соның өзінің белгілі деңгейде ықпалы бар. Иә, бәріміз әлмисақтан мұсылманбыз. Адам көзінің бір түйір топыраққа тоятынын жақсы білеміз. Бірақ дүниеге жетпей жатып жиіркенішпен қарағанша, жетіп алып алыстағанның пайдасы жақсы ма деймін, өзін, отбасын, ата-анасын, туыс-туғанын, ел-жұрттың нәпақасын табуға ықпал етеді, діни насихат та солай құрылса деген көзқарастамын.
Қазақ халқының тұтас тіршілігі пәлсапаға толы, өміріне қатысты әр нәрседен мән іздеп отыратын халық. Біз осыдан біраз бұрын славян тектес халықтарға ортақ бейнелеу өнерінің туындысы хохламаны салып, автожабу шығардық, бірақ соған қызыққан ешбір орыс болмады. Соған ұқсас ою-өрнекке біздер ерекше ықыласпен қараймыз. Мынау сендердің тарихи оюларың десең, көпшілігі білмей бетіңе қарайды. Олардың сонда көп нәрсеге аса мән бере бермейтінін байқадым. Ал біз де көп нәрсеге деген түсінік өзгешелеу. Мәннің ішінен мән іздеп тұрамыз, балаға ат қойсақ та нені білдіреді деген сұрақ маңызды орында тұрады. Ақшамен ара-қатынасымызда осындай көзқарастар маңызды рөл ойнап кеткен.
Қазір енді ақша туралы түсінігіміз түбегейлі өзгерістерге ұшырап жатыр. Ақша табуды және жоспармен жаратуға дағдыланып жатырмыз. Олай жасамасақ жағдайымыздың қиын болатынын түсіндік. Қазір тек компаниялар, коммерциялық ұйымдар емес, қарапайым отбасылардың өзі жоспарлы ақша жарату ісін қолға алып жатыр. Мен бұны нақтылыққа бетбұру деп санаймын.
Жоғарыда атап өткен бай, Атымтай жомарт, мәрт, қолы ашық деген сөздердің қатарын қазір іскер деген сөз толықтырды. Қазіргі уақытта мемлекеттің өзін іскер адамдардың өзгертетіні белгілі болып отыр. Мен, әрине, қазақ ежелден дүниеден алыс өмір сүрген, мал табуға жоқ деп айтудан аулақпын, бұрында болған, қазір де құдайға шүкір, ақша мен дүниенің биі болып жүрген қазақтарымыз жетерлік, бірақ олар өте азшылықты құрайды. Іскерлер аз болғасын, нарықтағы бостықты өзгелер келіп, толтырып жатыр, қазақ баласына тиесілі ырыздық-несібенің біразы өзгенің қолында кетіп жатыр. Бірақ мен бұлай ұзақ тұрады деп санамаймын, қазір жаңа буын, жас қазақ тебіндеп өсіп келеді. Олардың өмірге, дүниеге деген көзқарасы мүлдем бөлек. Шет елден білім алған, кәсіпкерліктің үлкен тәжірибесін көріп, бойына дарытқан жастар көп нәрсені өзгертетініне сенімдімін.
Қазақстанда ақша табу туралы өте қасаң, жабайы түсінік қалыптасқан. Кей адамдар үшін байлар, кәсіпкерлер ақшаның соңынан кеткен, дүниенің құлы, халықты, мемлекетті тонаушы. Ал мен үшін олар – көп жұмыс жасап, аз демалатын, салық төлеп, азаматтарға жұмыс беріп, елдің экономикасын арттыратын мемлекетке ең керек адамдар. Бізде «сындыру» синдромы ақша табудың айнымас бөлігіне айналып кеткен, қатардағы қарауылдың өзі бірдеме дәметіп үйренген. Адамдарда солай, бір танысым бір жеке компанияда жұмыс істеп жүр, табысын сұрадым, «90000, қосымша «былай» табыстармен 150 000-ға жеткізіп жүрмін», – деді. Қазақ кәсіпкерлігінің алдында көлденең жатқан кедергілер осындай дүниелердің жиынтығынан тұрады.
Бұрынғы өмір мен бүгінгі өмірдің материалдық құндылығының арасында үлкен алшақтық бар. Бұрын дүниеге деген соншалықты қажеттілік болмады, ұзақ уақыттық стратегиялық жоспарсыз-ақ бәрі ретіне келе беретін, бар жиған-тергенін баланың несібесі деп қарап, еншіге үлестірсе, қалғанын қажетіне жарататын. Қазір сол қалыппен қаржылық болашағын жоспарламайтын адамдар қысылып өмір сүріп жатыр, қанша жерден жүрекке дүние түспеген адам болып сөйлегенімізбен, қысылып күн кешу – тұтас өмірдің бір бөлшегіне айналып кетті. Жекелеген адам емес, мемлекеттің де қуаттылығы ашығын айтқанда, азаматтарының қалтасының қалыңдығымен өлшенеді. Нарық заманы қысқаны қысқан, тарыла береді, тарыла береді. Соған кім бейімделеді, сол адамдар кез келген салада өз орнын табады. Қазіргі қоғам мал табуға салғырт қарайтын жандардың бетіне қарайын деп тұрған жоқ. Кәсіпкерлігі қатты дамыған, экономикасы мығым кей елдерге барсаңыз, кәсіпкерлік, табыс табу өнер ретінде бағаланатынын байқайсыз. Біз де қашан сондай кәсіпкерлердің ақшаның соңынан кеткен адам емес, өнер иесі екенін түсінеміз, экономикалық жағдайымыз бұдан да жақсара түседі.
Ауылда тұратын, болмысына қаланың жылтыр өмірінің салқыны тие қоймаған кей қарттарымыз бар, дүниеге деген көзқарасы барынша шынайы, барын базар қылып, жоғын жамап, көмектесуге тиісті адамдарға көмектесіп жатады. Ал көбімізді олай дей алмаймын, өзімізге өзіміз сенімсіз, дүниеге жаттықты тілдің ұшына қондырып алып жүрміз. Кәсіп қылып жүргендер мен көрмегендердің арасындағы әңгіме бір нүктеде түйіспейді. Шындығында, бір кәсіпті ұстап, ақша айналдырудың өзі өнер, үйтіп-бүйтіп келген адам немесе «молшылыққа» ие болып қалған адамның айналымнан шығып қалатыны анық. Қазір «Сөзіне қарап иесін емес, иесіне қарап сөзін алатын» заман туды. Осының бәрін материалдық түсінік қалыптастырып жатыр. Қоғамдағы мұндай құбылыстардың, мал табудың өте нашар образдардың қалыптасуы қынжылтады, әрине. Дегенмен, өмірдің шын бетпердесі сол.
Өзім кәсіпке араласқалы бір нәрсеге көзім жетіп келе жатыр, нағыз қазақы ортаны қамтыған үлкен бизнестер аз. Нақты секторда, шынайы кәсіптер шетелдіктер, өзге ұлттар, орыс тілді қазақтар көп жүреді, біздің болмысына жөргектен қазақылық дарыған азамттардың көбісі кәсіпкерлік әлемінен басқа бір жақта өмір сүріп жатыр. Дегенмен, білім беру, медицина, ішкі істер, қорғаныс саласында қандастар көп, соның жемісін жейтін кезіміз келеді. Дүниеге деген ұстанымы берік, іскер, кеудесінде ұлтқа деген махаббаты бар қазақтардың мал тапқыш болуы ұлт үшін, мемлекет үшін аса тиімді болатын еді. Тепсе темір үзетін, ақыл-есі дұрыс, он екі мүшесі сау қыз жігіттердің табыссыз өмір сүруі ұлттық мысын басатын жағдай. Өз қаракөздеріміздің еңсесі тік, табаны нық жүруі үшін кәсібі, нәсібі болуы керек. Ұлттық тәрбиеде өскен ұл-қыздың ақшаға деген көзқарасы барынша ашық, шынайы болуы шарт. Қарап тұрсаңыз, кез келген сала кәсіпкерсіз, табысты адамдарсыз алға баспайды.