Батыр жасау бизнесі
Ит сатып көрдім. Ит дегенің он теңгеден «оптом» алып, бытырлатып он бес теңгеден сататын (шіркін!) шемішке емес екен. Шыр жұқпады. Иттерімде кінә жоқ, итше күшіктеуін күшіктеді. Бірақ та шайдан қалған шайындым олардың қорегіне жетпеді. Ақыры, иттей болып жүріп ол шіркіндерден құтылып тындым. Ең соңғы қалған тұқымды төбетімді сүйек-саяқ сатып алып тұрған қасапшыға қарызымның өтеуіне төледім. Бит сатсам деп ойланып көрдім. Бит деген жарықтық сары ауруға таптырмайтын дәру ғой. Осыны қанша айтсам да қаншырдай қатқан қатын құрғыр түсінбеді. Аяқ астынан пысықтығы ұстап, тотыдай таранып, әлеке тазыдай жаланып, бит дегенде ит көрген ешкі көзденіп ежірейіп шыға келді. Атасы астаудағы суға тұншығып өлгендей бес баламды бауырына қысып, ваннадан шықпай жатып алғаны. Ваннадан шықпаған байғұсқа бит құрғыр қай бетімен тақасын. Өртенген қопадай бес тал шашы бар жарғақ басым бұл бизнесті өркендетіп жарытпады.
Ақыры ойласа келе елде жоқ бизнесті өмірге әкелдім. Бизнестің түпкі мақсаты – табыс табу. Ал мен ештеңе сатпай-ақ көл-көсір пайда таба аламын. Және жұрт сияқты кәсіп айналдырғаным үшін не үкіметке, не мемлекетке бір тиын салық төлемеймін. Өйткені менің бизнесім – елде жоқ бизнес, яғни «батыр жасау бизнесі». Әрине, табысы шаш етектен болғанмен, бұл ретте де біраз еңбектенуге тура келеді. Текке отырғанша бейімі барларға бизнесімнің қыр-сырын баяндай отырайын.
«Батыр жасау» бизнесін қолға алмас бұрын ең бірінші беделді бір руға «барлау» жасайсың. Ол рудың ішінде кеңестің кезіндегі «комонес», егемендікпен бірге есін жиып, тегін түгендеп жүрген бір-екі «самопал» молда, сосын бір-екі биліктің тізгінін ұстаған атқамінер әкім, бес-алты банкир, бизнесмен болса – Құдай тілеуіңді берді дей бер.
Мысалы, рудың аты Шауыпкел болсын делік. Бірінші аудандық газеттің бетіне «Шауыпкел атамыздың есімін шаң басып қалғаны ма?» деген сықпыттағы көлдей мақаланы «ұрып» жібересің. «Есте жоқ ескі замандағы әлдебір хан-патшаның бас батыры болған Қырыпкел батырдың шөпшегі еді, ескерусіз қалғаны сүйекке таңба… кешегі «келмеске кеткір» кеңес өкіметінің солақай саясаты бабамыздың атын әдейі айтқызбады… енді есімін ескеріп, ерлігін насихаттамасақ, елдігімізге сын» деген «намысқа шабар» сөздерді тықпалауды ұмытпасаң, іс бітті! Келесі күні әлгі «көмөнес-молдаларың» табалдырығыңды тоздырмаса, маған кел! Олардың қолында төрт атасына барып тірелетін шалағай шежіре болады. Осы «шежірелердің» бәрін асықпай жинап, бесінші, алтыншы, жетінші бабасын өзің ойлап табуыңа тура келеді. Оларды апарып Шауыпкел-бабаның кіндігінен таратасың. Әлгі әкімдер мен бизнесмендер шыққан аталарды міндетті түрде текті жердің қызы, аталы тұқым бәйбішеден туғызасың. «Еттің бәрі қазы емес, иттің бәрі тазы емес», ру ішіндегі жарлы-жақыбайларды тоқалынан таратқаннан келіп-кетер қауіп жоқ. Осылай «шежірені» бір шегендеп алғасын, қалған жұмыс – «мақала» жазу. Аудан газетінің бас редакторына бір шиша құйып қой да, «ертегілер» циклін шұбырта бер. Әдетте «әпсаналардың» тақырыбы былай болып келеді: «Шауыпкел батырдың Бөгенбаймен белдесуі», «Қабанбаймен қалжыңдасуы», «Шақшақ Жәнібектен шақша сұрауы», «Райымбекті райынан қайтаруы», «Қарасаймен қарсыласуы», «Қалмақты қырғаны», «Жоңғарды жойғаны», т.с.с. Осымен сенің шаруаң бітеді де, қалғанын ру ақсақалдары өздері-ақ тындырады.
Нәтижесі – газетке шыққан көлдей мақалаларың шалдардың шалдыр-шатпағымен «толығып», республикалық баспадан түрлі-түсті болып «жарық көреді». Сенің көрсетуіңмен баяғы көп совхоздың бірінің ең шеттегі нүктесінің қозы суаратын жасанды су қоймасы, бұдан былай «Шауыпкел шоқысы» деп аталатын (революцияға дейін солай аталған деп қоясың) жерге барып ас беріледі. («Тап осы жерде атамыз қалмақтың жеті батырын жер жастандырған екен» деп қойсаң, халықтың саған деген құрметі еселене түседі). Астың соңында «атамыздың аруағын тірілткен тарлан-тарихшы, шынайы шежіреші» ретінде саған Шауыпкелдің банкир шөпшегі автокөліктің кілтін табыстап, бизнесмені қажылыққа жолдама беріп, ауылдағысы ат мінгізбесе, «тіпу» деп бетіме түкір. Ол ол ма, қалыңдығынан сөре қайысатын сере кітаптарыңды тай болмағанмен тайыншаның құнына сатасың да отырасың. Кемі он жылдық азық. Ең ғажабы, осы «шаруалардың» бәрі біткенше әлгі рудан шыққан әкімдердің есігі айқара ашық. Теуіп кіріп, үкіметтің жеңілдігі ретінде орталықтан ойып тұрып төрт бөлмелі пәтерді тегін аласың. Ал Шауыпкел батырға көше беру идеясына ауданның «құрметті азаматы» есебінде қол қойсаң, жарап жатыр, ондай мазасыз жұмыспен бас ауыртып қажеті жоқ. Алда-жалда ескерткіші ашылып жатса, «мұның бәрі – еркіндіктің арқасы» деп екі сағат «есіріп» қайт, ештеңең кетпейді. «Шауыпкел батырдың 300 немесе 200 жылдығына (келтірген «деректеріңе» қарай мерейтой датасы өзгере беруі мүмкін) арналған ақындар айтысының» бас қазысы болатыныңды «бонус» деп түсін.
Обшым, бұл бір «құпиясын» ашатын дүние емес еді, бірақ ит сатып, бит сатып жүрген байғұстарды көріп жаным ашығасын жария еттім.
Құрметпен, пайдасы белшеден, батпан құйрық бизнесті өмірге әкелген автор Абылай Мауданов.
Жасасын жемқорлық!
«Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» дейді. Дәл осының дұрыс сөз екеніне білдей бір университеттің журналистика факультетінің студенті атанған күні көзім жеткен еді.
Сөзімнің сықпытына қарап біздің әкейді дөкейлердің бірі екен демеңіз. Жоқ, әкем әліпті таяқ деп білетін шығар, бірақ саналы ғұмырының 4 жылын қозы бағуға, қалған 44 жылын қой бағуға жұмсаған шопан-тұғын. Баяғы сапқоздың көп қойынан тігерге тұяқ қалмай жұрт айға қарап қалғанда, әкем пайға балап жүз тоқты алды. Жүз тоқты бас-аяғы бес жылда он есеге өсіп, дүркіреген директорлар тезек теріп кетуге шақ қалғанда, біз тіліне тікенек кіргір «Көктүйнек» ауылының айтуынша «миллионер» болып шыға келдік. Ауылға кім келеді, мың болғыр аудан әкімі жетелеп Көктүйнекке, Кәрібай шалдың қарақосына сүйрейді. Аудандық «Арайлы аймақ» пен «Өскелең өңір» газеттері нөмір аралатып әкем мен шешемді, ағам мен жеңгемді, немере-шөберелерін кезек-кезек беріп тұрады. Несін айтасың, атақ жөнінен апам Алла Пугачевадан, көкем Киркоровтан кем түспейтін болды. Сөйтіп жүргенде, «шалғайдағы шаруасы шалқыған» Көктүйнекке облыстық газеттің тілшілері келе қалмасы бар ма?! Атқосшысы – аудан әкімінің орынбасары.
Ауданнан келген тілшіге тоқты сойып үйреніп алған әкем облыстың тілшісіне қашар бауыздауға қомсынып, бие сойсын! Қобыланды қыз Құртқаны әкелгенде, Тоқтарбай да мұндай той жасамаған шығар. Не керек, әлгі тілшіміз жәй тілші ғана емес, университетте деканның орынбасары, газетте ай сайын айқара бетке өлеңі шығып тұратын ақын ағамыздың өзі екен. Келесі күні құла биенің құлыны қоса сойылып, еті аудан әкімінің «Волгасына» теңделіп, деканның орынбасарының үйіне қарай дедектеді. 11 жылдықты «әні-міні» бітіремін деп, «айы-күні тақалып отырған» мен «журналистика» факультетіне түсетін болдым. Судыратып мақала жазбақ түгілі, жәй сөзді былжыратып әрең жеткізетін жазған басым, сөйтіп, журфактың студенті атандым.
Құдай дес бергенде, қасымдағылардың көбі өзім сияқты иіс алмастар екен. Біреуі түйе, біреуі бие, қайсібірі қой беріп түскен кілең «дөкейдің» балалары болып шықты. Сабақ үстінде «қотыр ат пен соқыр ат, қасынысып отыраттың» кері, оқып жарытқан жоқпыз. «Қазақстандық БАҚ-та жұмыс істеуде қиындықтар болдырмаудың теориялық негіздерін қалыптастыру» сабағында, баяғы ақын ағамыздың өмірден көрген құқайы мен трагедияға толы тағдыры жайлы өлеңдерін тыңдаумен өткізетінбіз. Өлең нәрсіз бе, болмаса менің өлеңге деген қабілетім әлсіз бе, әлгі сабақтан үнемі қашып-пысып жүрдім.
Есесіне, әкейдің тарапынан «сыйлық» ретінде сессия сайын семіз құлы нның еті декан мен «замының» балконынан табылып тұрды. Оқу сапасының төмендігіне налып, кәріне мінген декан басқаларды жерден алып, жерге салып жатқанда, маған тура қарап сөз айтып көрген емес. Қайта, «Кәрібаеч, қалың қалай? Жатақханаң жайсыз тиіп жүрген жоқ па?» деп жымиып сала беретін. Декан демеген балаға «дені сау» ұстаз бірдеме деп көрген бе?! Әне, «жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» деген сөздің ақиқат екеніне сонда-ақ иланғам.
Алайда біздің әкейдің шапағаты 40 жыл емес, 4 жылдан аспай қалды. Журналист деген табақтай дипломды алып, салып ұрып теледидарға бардым. Бала күнімде қошқар сүзген қисық тұмсық алдымнан кесе көлденең шықты. Желпілдеп радиоға жеттім. Дарылдаған дауысымды ұнатпады ма, дүрдиіп отырып алды дикторың. Газетке бар дегендерге безектеп: «Мақала деген пәлені атама!» – дедім. Ақыры, әкейдің араласуына тура келді.
Бастығының босағасына көк биені көгендеп, ақыры Шегірткеге қарсы күрес басқармасының баспасөз хатшысы болып шікірейіп шыға келдім. Содан бері көресіні журналистерден көрдім. Қит етсе болды, «пресс-релиз» сұрап шыға келеді. Ақ тер көк тер болып оны да жазасың-ау. Бір әрпі қисаймай келесі күні газет бетінде тұрады. Оқуға өзім ұяламын.
Өткен жолы қалалық «Жарқын заман» газетін бір топ қасқа бас «боршалап» отыр екен. Жалма-жан құлағымды салбырата қойып едім, құлағым құрғырдың құбылаға батып бара жатқан күннен бетер қызарғаны-ай.
«Шегірткемен күресте шыдамды болайық» деген тақырып бола ма?!» – деп ақырып тұр бір қасқабас. «Өй, мына сөйлемді қара, – деп өңмеңдейді өгіздей біреуі. – Тыңдаңдар, қызығы алда: «Біздің шегірткеге қарсы күрес басқармасы мемлекеттік мекемесі, ұжым басшысы Сақтапберген Салпаңқұлақовтың арқасында өткен жылы саранчаның санын сегіз процентке азайттық. Зиянкестердің тұқымын тұздай құрту мақсатында шегірткелер шауып жүрген шабындықтардың бәрі өртелді. Ал «шегірткеден қорықсаң егін екпе» деген емеурінді елемеген дихандардың өз обалы өзіне…»
Қасқамның тоқтайтын түрі жоқ. Кабинеттің іші гу-гу.
«…Жалпы, шегірткемен күрес – жауапты міндет! Оған мемлекеттік деңгейде назар аударылуы қажет. Зиянкестердің саны аспанда жұлдыздан, жерде жемқордан көп десе де болғандай. Жемқорлардың жегенін желкесінен шығарып, шегірткелерді шетінен шыбынша қырмай, еліміздің болашағы өркендей қоюы екіталай. Ендеше, ағайын, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп атам қазақ айтпақшы, жемқорлар мен шегірткеге қарсы шынайы күресте шыдамды болайық! Бұл ретте айтарымыз, шегірткенің Отаны – шабындық болса, жемқорларды жемдейтін – пара беруші. Олай болса, жемқорлықпен күрес басқармасына айтар кеңесіміз мынау, әріптестеріңізден үлгі алып, біз шабындықты өртесек, сіздер алдымен пара берушіні пара бермей тұрып, тұтқындаңыздар. Сонда ғана…»
Шекемнен суық тер бұрқ ете түсті. Сыртқа атып шықтым. Өйткені мақаланың соңында «материал Шегірткеге қарсы күрес басқармасының баспасөз хатшысының мәліметіне сүйенді» деген баттиған жазу тұр еді. Оны да қойшы, көп болса жұрт күлер де қояр. Әй, өзім де байқамай жаза береді екем ғой. Бәрін айт та бірін айт, парасыз өмір бар ма? «Крышамның» балконындағы көк биенің еті бітсе менің күнім не болмақ…. Осы пара болмаса мен оқуымды бітіре алар ма едім… Құдай сақтасын!
Жасасын жақсы әкелер!
Жасасын жемқорлық!
Абылай МАУДАНОВ