НАҒЫЗ АҚЫН
Ақ қағазды шимайлап, ұйқастың құлы болып, ұялмай-қызармай өзін- өзі ақынмын деп кеуде керіп жүргендер қанша ма? Олар ақындық жолдың азапқа толы екенін, жүрекке, миға ауыр салмақ түсеретінін, ар-ұжданына үлкен жауапкершілік жүктейтінін, суреткерлік, ақындық құдірет әркімге дари бермейтінін, оның сырын түсіну үшін рухани кемелдік керек екенін білмейді, білсе де мойындамайды. Нағыз ақын үнемі ізденіп, өмірден көп мехнат шегетінін, күйреп, құлап қалмас үшін жанкешті өмір сүретінін алдын ала болжап, соған тәуекел етеді, тәуекел етуі керек.
Оның бар мақсаты – адамдарға жаңа ой, жаңа сезім, сұлулық сыйлап, оларды рухани байыту. Ол үшін нағыз ақын табаныма кірген тікен маңдайыма қадалсын деген ұстаныммен әрдайым сөз майданының алғы шебінен табылады. Сондай ақындарымыздың бірі – Бауыржан Жақып. Оның «Қарауылтөбе» өлеңі ұзақ жылдан бері санамда сақталып, ұмытылмай келеді. Неге? Бұл сұраққа жауапты талдау барысында берелік.
«Қарауылтөбе» – құрылысының жаңалығмен, философиялық тың ой тереңдігімен, сазды әуезділігімен жан дүниеңді бірден баурап алар мінсіз туынды. Сөзіміз жалаң, жадағай болмас үшін дәлелдер келтірелік. Өлең:
– Қарауылтөбе, Қарауылтөбе,
Көзіндейсің даланың көне.
Жазықты салып алақаныңа,
Қариядай болып қарадың төне, –
деген жолдар арқылы ақын жансыз табиғатқа жан бітіріп, нағыз суреткерге тән тапқырлық танытады. Бауыржан ұғымындағы Қарауылтөбе – жай төбе емес, жазық-өмірді мекендеген перзенттерінің әр қадамын қалт жібермей қадағалап, әр құбылысты сын тезінен өткеріп, ойға шомған қария-тарих тектес төбе. Оның «даланың көне көзіндей» бейнесін барынша құдіреттендіре суреттеген ақын:
– Асау бұлттарға бұғалық салып,
Асыл тұлғаңнан Күн алып шабыт.
Тұрдың сен бір кез үнсіз, қажыға,
Құнанбай шалды шығарып
салып, –
деген жолдардағы тың теңеулерді сәтті қолдана отырып, қария-тарих бейнесін сомдауға ден қояды. «Әр азамат туған жерінің табиғатына тартып туады» деген қағиданың дұрыстығына көңіл бөлсек, асау бұлттар – мұң-қайғыға толы қиындықтар, оны жеңген асыл тұлға – Қарауылтөбенің «Күнге шабыт сыйлауы» тегін бе? Ол оңай шаруа ма? Осындай алып күш иесінің Құнанбай шалды қажыға шығарып салған сәті көңіліңді еріксіз қимас сағыныш, мақтаныш сезіміне бөлейді.
– Ұзатып көзбен арғымақ Айды,
Тосқансың талай таңды да жайлы.
Сабырлы қалпы күтіп алғансың,
Семейден қайтқан балғын Абайды.
Бұл жолдар жан дүниемізге қозғау салып, Қарауылтөбеге деген ризалық, алғыс сезімімізді оята түседі. Әсіресе «ұзатып көзбен арғымақ Айды» деген жалғыз жолда қаншама сыр жатыр десеңізші?
Ақын мұнымен де шектеліп қалмай:
– Қол бұлғап бір кез сағымың
белден,
Қара сөздердің ағынын көргем, –
деп Қарауылтөбе қойнауының сұлулыққа, ақындық толғанысқа, рухани байлыққа толы екенінен хабар бере келіп:
– Қарауылтөбем – қасиетті төбем,
Қара өлеңімнің тәңірін берген, –
деген тұжырым жасайды. Егер ақын «қол бұлғап бір кез сағымың белден, қара сөздердің ағынын көргем» деген жолдарсыз бірден «Қарауылтөбем – қасиеттім, қара өлеңімнің тәңірін берген» десе, ол ешқандай әсерсіз, жалаң сөз тізбегі болып шығар еді.
Табиғат көріністеріне түйме де, ине де, пышық та, түйе де, адам да, шыбын-шіркей де, қысқасы тіршілікте бар нәрсенің бәрі жатады. Бәрі бізге қызмет етеді. Мысал келтірелік. Расул Ғамзатовтың: «Кішкентай халыққа үлкен қанжар керек» дегенін «кекшіл болу керек» деп түсінген бір сауатсыз қаламгеріміз «Алматы ақшамы» газетіне «кекшілдік ұлтқа өте қажет» деп жазды. Кек пен намыс екеуі екі басқа екенін, ұлттық намыс жақсылықты қорғайтынын, кектің түбі қан төгіспен аяқталатынын, оның жеке адамды да, халықты да орны толмас өкінішке ұшырататынын ол түсінбеген.
Расул Ғамзатов – дүниежүзіндегі миллион ақымаққа бергісіз дана ақын. Ол «кішкентай халыққа үлкен қанжар керек» дегенде біреуді өлтіру үшін емес, екі жүзді қанжардай өткір, өжет ұлдар керек, ұрпақ керек дегенді айтқан. Біздің қаламгерсымағымыздың ақын сөзінің астарын түсінбей, ойланбай, «ұлтқа кекшілдік өте керек» дегені не сандырақ?! Ол ұлтын сақтау үшін кімнен кек алмақшы? Мен оны қаламгер деп есептемеймін. Өйткені ойы, ісі адамгершіліктен жұрдай. «Кекшіл болуымыз керек» деген сөзінің өзі оның кім екенін айқайлап айтып тұр.
Кекшілдік – қанішерлік. «Әкеңді өлтіргенді өлтіруің керек» деу – қанға – қан, жанға – жан ал дегендік. Ол мұндай кекшілдікпен ұлтының ғана емес, қара басының намысын сақтай алмайды.
Әлгі қаламгерсымағымыз: «Кекшілдіктің ең үлкен үлгісін еврей халқы көрсетті. Олар Гитлердің қылмысын мойындатып, қолды болған бұрынғы зауыттарының, жер иеліктерінің құнын түгелдей қайтарып алды», – дейді. Қазақта «жеңілген жауға қатын ер» деген сөз бар. Халықаралық адам құқығында: «Жау конституциялық заңға қайшы әрекетке барып, жеріңді күшпен басып, не тартып алса, оны қалпына келтіріп қайтаруға тиіс», – деп жазылған. Өткен өтісін төлетіп алу – кекшілдік емес. Оның еврейлер кекшілдік жолмен өтісін қайтарып алды дегені – барып тұрған сауатсыздық. Қаламгердің дүниетанымы жан-жақты әрі жоғары болуы керек емес пе?
Нағыз шығармашылық иесі табиғат көріністерінің сырын оқып, жіті танып ғана қоймай, оны өз мақсат- мүддесіне шебер пайдалана білуі тиіс. Өйткені ол үшін табиғат – жанды бейне. Керісінше, жай, қарапайым жандарға Қарауылтөбе күнде көріп жүрген жансыз, қимылсыз, үнсіз жатқан төбе ғана секілді. Шын мәнінде шығармашылық иесі үшін ол – тұңғиық құпия сырға толы төбе, әкелі-балалы Құнанбай мен Абайдың қамқор тілеулесі, тілеулесі ғана емес, мұсылмандық пәк дүниеге – Меккеге сапар шегіп бара жатқан рухани қазынамыздың тірі куәсі.
– Жарық күн көктің
жанарында еріп,
Жайнаған елдің жамалын көріп.
Ұқсайсың кейде қара шалыма,
Халқына тұрған қарауыл болып.
Ақын суреткерлік қиялының құдіреттілігімен Қарауылтөбенің ұмытылмас жанды бейнесін жасау арқылы ұлы дала ұлылары Құнанбай мен Абай бейнесін барынша биіктетіп, жанымызға жақын ете түскен. Сондықтан Қарауылтөбе жалғыз ақынның ғана емес, барлық қазақтың қимас, сырласына айнала алған. Ақындық суреткерлік шеберлік деп осыны айтсақ керек.
Бауыржан Жақыптың суреткерлігі, сұңғыла сезімталдығы «Қарауылтөбе» туындысында ерекше жарқырап танылды. Санамызда сақтап қалуымыздың да, ең үздік шығарма деп тануымыздың да басты себебі, Қарауылтөбенің ұмытылмас абыз бейнесін сомдай алуында дер едік.
Мамытбек ҚалдыбайұЛы,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының иегері,
бауыржантанушы
Туған күн
Құдіретті Алла шешімін,
Орындап, қосқан дүбірге.
Мен аштым дүние есігін,
Сәуірдің тәуір күнінде.
Өмірге келдім көктемде,
Көкірегімді ашып саумалға.
Күн нұрын көктен
төккенде,
Аспаннан жаңбыр жауғанда.
Тұңғышы едім әулеттің,
Күлімдеп әжем қуанды.
Іңгәлап алғаш әндеттім,
Үкілеп тақтым тұмарды.
Кеудесін жарып қуаныш,
Жайраңдап әкем жар салды.
Жан анам тауып жұбаныш,
Жап-жарық дүние
қарсы алды.
Жиналып көрші қолаң мен,
Ағайын-туыс алқалап.
Тудым мен тұнық жанармен,
Өз тағдырымды арқалап.
Анамның ерек құшысы,
Бар құрмет мендей балаға.
Ауылдың үлкен-кішісі,
Жиылды шілдеханаға.
Сол күні азан шақырып,
«Бауыржан»қойды атымды.
Сөз етті бәрі отырып,
Аңыз қып Баукең батырды.
Қазақтың бәрі білетін,
Жайылған даңқы жаханға.
Сөзіне ел құлақ түретін,
Айналсын деді Атанға!
Тілегі көптің көл деген,
Қосылдым келіп қатарға.
Семсер боп жауға сермеген,
Аттандым, сөйтіп сапарға.
Өлеңнің түстім жолына,
Өмірдің күйін шертермін.
Қаруын емес қолыма,
Қаламын алып Баукеңнің.
Бауыржан ЖАҚЫП
Ағалар лебізі
…Бауыржан Жақып ақын ретінде кеңінен танымал. Оның поэзиясы тазалығымен және мөлдірлігімен өзіне тартып тұрады. Ол (бұрынғы Семей) қазіргі Абай облысының тумасы ретінде туған жерінің, өскен өлкесінің әсем табиғаты мен қасірет-қайғысын терең сезінеді. Бұл оның «Жан дауысы» атты айрықша шеберлікпен өрілген дастанында ядролық сынақтарды мүлдем тоқтатуға ашық қарсы шығып, киелі жерден шыққан ұлы тұлғалар монологымен, тіпті тау, өзен, тас, тоғай, жел сияқты табиғаттың атынан сөз алады.
Міне, осынысымен де ақын көптеген оқырмандардың қолдауына ие болған.
Олжас Сүлейменов,
Қазақстанның халық жазушысы,
Қазақстанның Еңбек Ері
…Қазіргі ізденісіне қарап, іздеп оқитын екі жас ақынымды, «салған бетте стилін саралай қоймады» деп, атамай өткенім ақиқатқа қиянат болар. Қалың оқырманға толық танылмағанымен, алдындағы ақын ағаларын елең еткізген екеудің бірі – Бауыржан Жақыпов та, бірі – Әбубәкір Қайран… Бұлардың өр мінез, өжет байламдары, тақырып таңдаудағы талғампаздықтары мен тілге жауапкершілігі келешегінен көп нәрсе дәмелендіреді…
Жарасқан Әбдірашев
Табиғи таланты мен әдеби біліктілігі сай өсіп толысқан Бауыржан Жақыптың бабына келген, бауырынан жараған жүйріктей сүйрік поэзиясын айтатын кез жетті.
Бауыржан – қазақ жырының ұлы мектебінен өткен, білімді дарын. Дәстүр жалғасы. «Қолтаңба» кітабында үздікпеген үздік жырлары бар. Бауыржанның «Абайдың Қасқабұлағы», «Қолтаңба», «Үш тал үкі», «Қылует» өлеңдері – ұзақ жасайтын өміршең сөз.
Асқар Егеубай,
Қазақстан Ленин комсомолы
сыйлығының лауреаты,
филология ғылымының докторы,
профессор, ақын, сыншы
ЖҰЛДЫЗДАРДАН АҚТАРЫЛҒАН СӘУЛЕЛЕР АҒЫНЫ
Батыр Бауыржан – біреу, ақын Бауыржан – бірнешеу: бірақ бұлардың арасында ақындық қуатымен елге тұтқа болу былай тұрсын, есікке тұтқа болуға жарамайтын қаламгерлер де жоқ емес. Ал Бауыржан Жақыптың жөні бөлек. Ол топтан оза шауып, көзге ерте түсіп, талантын таныта білген тұғырлы ақын.
Табиғат адамның да бел баласы,
Жоқ па әлде соны айтатын ел ағасы?!
Өртейтін табиғатты крематорий
Секілді Аспан менен Жер арасы.
Ал керек болса! Ақыл-ойға сүйенбей суық қаруға иек артқан адамзат баласы ар-ұяттан жұрдай болып, осынша азып, құлдырап, жауыздыққа біржола ден қойып, табиғатты өртеп, Аспан мен Жер арасын ұлан-ғайыр алып крематорийге айналдырады деп кім ойлаған?!
…Адамзаттың қолынан жараланып,
Қайда жерім, барасың домаланып?!
Ғалам кезіп келесің үндеместен,
Үстіңдегі қаптаған моланы алып.
Бұндай ордалы ойды айту үшін де ақынға үлкен жүрек керек шығар. Бауыржан туған елі мен жерін өртеніп сүймесе дәл осылай өлеңді де өртеніп жазбаған болар еді.
Ғасырдың сұмдығы мен ойраны жүрегінің үстінен өтіп жататын Бауыржан – аспан асты, жер үстінің тағдырын толғаған тарлан талант. Күрделі өмірдің күркіреген ақыны. Бауыржан жыры – жарылыс, сынақтардан да өлмей өмір сүріп, кесір-кесапаттың бәріне майдан ашып, болашаққа жол тартқан ажалсыз ата қазақтың асқақ рухы, жеңіс салтанаты.
Бауыржан жыры – жұлдыздардан ақтарылған сәулелер ағыны.
Ақ шырағданның жарығында жетпіс түрлі сәуле болса, Бауыржанның өлеңдерінде де сондай жетпіс түрлі бояу, өрнек бар екені көзі қарақты кісілерге бұрыннан белгілі. Бұл – ақынның ақынына ғана бұйыратын Тәңір сыйлығы…
Айбоз ақынға жұлдызыңның ағыны толастамасын деп ізгі тілек білдіргім келеді. Жұлдыз бар жерде сен де, сен жазған жыр да жасай береді. Ләйім солай болғай.
Рафаэль НИЯЗБЕК,
ақын, І.Жансүгіров атындағы
сыйлықтың және Шешенстан
Мемлекеттік сыйлығының
лауреаты
Бауыржанда өтірік көз жасы жоқ, жас балаша таңырқау мен масайрау қайғы-мұңды көміп кететіні бар. Өлең ырғағына жасанды нәрсені жұқанадай болсын жолатқысы жоқ тәрізді. Арқаның сауырында өскен баланың континенттік қоңыржай ауа-райын сүйіп суреттей беретіні рас. Табиғат пен жыл мезгілдерін көп жырлаған қазіргі қазақ ақындарының бірі. Мұнда өмірсүйгіштік сарын үстем. Бауыржанның күні де, түні де, таңы да ақ һәм ару болатыны содан болса керек.
Тамшылар, толқындар, нөсер, бұлтты ақын сан алуан сұлулығымен көреді. Бауыржан Жақып бұлтқа ода жазған. Қазақ болып туған соң, ақын қаздардың қаңқылынан бұлттардың жазған жазуын оқиды, содан халқының шежіресін ұғады. Негізінде осынау әсіре тәрізденер поэтикалық суретте ақиқат шындықтың нәрі бар, ғылым куә: әлем жадына жазылатын ақпарат атаулы су тамшыларында болады екен. Су – дерек сақтаушы табиғи қордың көзі. Ал көктегі бұлт – су тасушы, судың алтын ордасы ғой. Адамның өзі тегіс дерлік судан тұрады. Ақын жаны тіршілік көзі суды риясыз сүйеді: «Су да – кен ғой» десе, «Судың да сұрауы бар» дегенді көшіп-қонған ұлы бабасы айтқан. Оның көшпелі бұлты төрт түлікпен кейіптелген: «Аруана – бұлт», «Шөкімдей ақ бұлт – менің жырым деп ойлағын», періште-бұлт, жыр-бұлт, бұйра бас бұлт, бұлт-ойларым, бұлт өртенді, бәдәуи бұлттар көші, «Ақ бұлттан кигізіпті далам бөрік», «Қорғасын бұлтпын балқыған», «Қара бұлт – қара сәйгүлік тауға қонады», «Ақша бұлт сонау аппақ ән», найзағай төпей қамшылаған құлын бұлт, «Түннің алтын кебісі – Айды ұрлады қара бұлт». Қазақ ертегілерінде алтын құйрық құлынды ұрлайтын қара күш жадымыздан өшпейтіні рас. Фольклорлық санасы терең халықтар әлемде аз қалды. Өлеңнен айрылғанның бәрі есеңгіреп, материалдық құл дүниенің шырмауықтай торына әбден тұтылған, өзін жоғалтқан.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА
Оның жүрек
айнасы тап-таза…
Байтақ елінің әр таңының арайланып атқаны – автордың ақындық танымында баға жетпес асыл қасиет. Байтақ елінің әр таңының арайланып атқанынан баға жетпес қасиет тауып, соны ардақ тұтып, соған қанағат ету – құтты білік. Мұндай білік – болмысы асыл, жүрек айнасы тап-таза ақын үшін ғана құт. Бауыржан Жақып – Тәуелсіз Қазақстанның болмысы асыл, жүрек айнасы тап-таза ақыны.
Байтақ елінің бір жұтым ауасы мен бір түп жусанын, содан соң бір уыс топырағын бар байлығына балап, дүние жалғанға бой алдырмай, ақындық өмірдің ашық аспанында жұлдыз жандыруға талпынған, елінің өсер өркеніне айтарын аспай-таспай айтуға, айтып үлгеруге ұмтылған ақын адамзаттың досы, бауыры болуға лайықты.
Жанғара Дәдебаев,
филология ғылымының
докторы, профессор
ҚИЯЛҒА ҚАНАТ БІТІРЕР БОЯУЛАР
Біздің қазақ «измдерден» қашатын бір балаң аурудан құтыла алмай жүр. Бұл дұрыс емес. Әр дүние өз орнымен бағалануға тиіс. Сол «изм»-дердің бірін, яғни, «импрессионизмді» қазақша сөйлетсек, «әсершілдік» деген сөз шығады екен. Ал осы «әсершілдердің» атақтыларының бірі Клод Моненің «Бұлбұл қалай сайраса, мен де суретті солай саламын» деген қанатты сөзі бар. Бұл сөз сурет өнерімен ауылы қашанда көрші қонып келе жатқан поэзияға да ортақ десек, оның бір айғағы тағы да Бауыржан Жақып шығармашылығынан табылады. Мысалы, ақын «Бояулар» атты өлеңінде былай толғайды:
Өзендер ағады, мұхитқа құям деп,
Таулар тұрады, бұлттарды жиям деп.
Бұлттар көшеді, жаңбыр боп жауам деп,
Даланың төсіне тамшы боп тамам деп.
Көлдер тұнады, аспанды көрем деп,
Түнде құс жолынан жұлдыздар
терем деп.
Ормандар шулайды, жапырақ бұлғайды,
Әнін бұлақтың гүлдер тыңдайды.
Самал еседі шалғынды билетіп,
Құстар сайрайды ән-жырды үйретіп.
Түндер сыйлайды Айды әкеліп,
Таңдар атады, Күнді көтеріп,
Тасқа тіл бітеді қызыл қына боп,
Дала жатады бәріне куә боп.
Мұны енді поэзиядағы «импрессионизмнің» үздік үлгісі емес деп қалай айта аласыз!? Көз алдыңызда туған жердің табиғаты, оның қиялға қанат бітірер тылсым бояулары тұнып тұрған жоқ па!
Әмірхан БАЛҚЫБЕК
***
Тұла бойың
Мейірім мен қайырымға
Тұнып тұрған
жайсаңсың.
Жұмсақ емессің!
Арыңды ластап,
Намысыңа тисе
Қақыратып жарып жіберер
Қайсарсың!
Ондай кездерде,
Сен, Бауыржан,
Жан беріп, жан аласың.
Садақтан ұшқан
Қозы жауырынды
Кекті жебедей
Діттеген жеріңе
Зірк етіп қадаласың.
Сенің өмірің
Шыңғыстаудың
Қастерлі тасына
Қайта- қайта қайралған.
Бір кезде
Білте шамның жарығы
Бүгінде
Лапылдап жанатын
Жалынға айналған.
Бауыржан,
Сенің жырың
Жүрек пен жан жыры.
Сенің тағдырың
Туған елің мен
Туған жеріңнің тағдыры.
Сен өйткені
Тағдырдың не екенін
Көп жұрттан
Бұрын ұққансың,
Абыралы жерінің
Ойран-ботқасын шығарған
Алапат жарылыстың
Алып саңырау
құлақтарының
Демі мен лебін
жұтқансың!
Өн бойыңнан
Қазір де
Сол жылдардың
Аязы мен үсігі ұрады.
Күрсінсең,
Қайғы мен қасіреттің
Демі мен лебі шығады.
Бауыржан.
Сапарымыз оң болса,
Ертеңге бірге жетеміз.
Сол бір зұлмат заманнан
Сенің аман қалғаныңа
Шүкіршілік етеміз.
Алпысың құтты болсын!
Темірхан Медетбек,
ақын,Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
***
Жақсыны да –
Көрдің,
Сен.
Жаманды да –
Көрдің,
Сен.
Бәрін –
Көріп,
Мен –
Білсем:
Қатқан –
шемен-Шерсің,
сен.
Сендей –
Жастай…
Дерт еміп –
Жапа-шеккен,
«Кім» —
Бар-ды:
Туған Жерің –
Өртеніп,
Өскен Елің –
Уланды…
…«Жыр-Сәлде» —
Орап…
Басыңа,
Ой –
Бағасың,
Ұдайын:
«Пайғамбардың –
Жасына»,
Келіп –
Қалған,
«Сыңайың».
Бейне
Жанды –
Құлып-Тас,
Ғадауатқа –
Салауат:
Әнет-Бабамен – рухтас,
Ақтамберді-Жыраумен –
Жамағат…
Көзің –
Жұмылмай…
Суынбас,
Жүрегіңдегі –
От-Тасқын:
Ұлы Абаймен –
Рулас,
Момышұлымен –
Аттассың…
Ар-Иманың –
Қорғаны,
Түп-Тамырың –
Тереңде:
Тәуелсіздік –
Алғалы,
Талант-Тейің –
Тәуенде.
«Бекерге –
Шыққан,
Бекердей»,
Тағдыры –
Тәрк…
«Тұл-Кедей»:
Иран-Ғайып –
Көкеңдей,
«Ішіп» —
Кетіп…
Жүрмегей.
Табар,
Жеткен –
«Инсанға»,
Күллі Әлеммен –
Жарасым:
Түсіп –
«Тылсым-Құрсанға»,
Жырмен –
Жаз,
Жан –
Жарасын.
…Уай,
Қанымның –
Тасқаны-ай,
«Айта» —
Бермей…
Тоқтайын:
Шайырлықтан –
Басқалай,
Өмір-Жолың –
Жоқтайын…
Иран-Ғайып,
ақын,
Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты